Қазақтың батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы туралы бірнеше кітаптың авторы Мамытбек Қалдыбайдың жазбаларының бірін "Егемен Қазақстан" газеті жариялапты. Аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Орынды жауап
Баукең темекі түтінін үрлей отырып:
– 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» пен «Жонарқа», «Помкомвзвода Николай Редин», тағы басқа шығармаларымды алып бардым. Бұларды орыс тілінде жаздым, – деді сұрағымды ескерген сыңай танытып. – Ол кезде жазушы ретінде атым шыға қоймаған еді. Басқа қандастарым танымал. Танымал болғанда бәрі аударма арқылы танымал.
Менің шығармаларым туралы тоғызы мақтап, екеуі жамандап, барлығы он бір адам сөйледі. Талқылауды Алексей Александрович Сурков басқарып отырды. Ол кісі ең соңында:
– Бауыржан, сөйлейсің бе? – деді.
Мен сөйлеуден бас тарттым. Мұхаң, Мұхтар Әуезов төралқада отырған. Ашуланса, мұрнын тартып, созғылай беретін. Дәл солай етіп, жиналыс аяқталғанда:
– Әй, Бауыржан, ана жақтан такси ұстармыз. Жүр. Екеуіміз оңаша сөйлесуіміз керек, – деді Мұхаң КСРО Жазушылар одағы мәжіліс залынан сұп-сұр күйде шығып. Москва көшесінде жаяу келе жатырмыз.
Жолда Мұхаң маған ашуланып, ренжіді. Мен үндемей төзіп келем.
– Сурков: «Мынауың қалай? Түсінбедім. Сөйлесін, ойын айтсын деп едім, бас тартты деді», деп ұрсып келе жатыр. Менде үн жоқ. Екеуіміздің арамызда жүз пайыз түсініспеушілік орнады. Қонақүйге дейін 15-20 квартал ма жер еді. Сол аралықты байқамастан жаяу жүріп өтіппіз. Такси ұстау да естен шығып кетіпті. Бұрын Мұхаң екі квартал жаяу жүрмейтін. Ондай әдет менде де жоқ еді. Екеуіміздің көңіл күйіміздің қандайлық дәрежеде болғанын осыдан-ақ біле бер.
Қонақ үйге ендік. Менің бөлмем төменгі қабатта еді. Мұхаңды жоғары қабатқа шығарып салмақ болдым. Ол кісі «шығарып салма» деген көзқараспен қарады. Сондағы бір сөзі әлі есімде.
– Сен, Бауыржан! – деді зілмен. – Бұл кесапаттығыңды қойғын!
– Мұха, мәжілісте өзіңіз отырдыңыз, мен де отырдым.
– Әй, не дер екен деп Сурков әдейі сыйлап сөз бергенде, «жоқ, сөйлемеймін» дегенің қалай? Білсең, Сурков кім болса соған сөз бере бермейді, сөйлесе де қоймайды! – деп Мұхаң тағы айқайлап ұрысты. Астапыралла- а! – Немене сонша?! Ана екі «сыншыға» қарсы бір-екі ауыз сөз аузыңа түспей қалды ма? – деп мұрнын созғылап қойды.
– Мұха, қалай түсінсеңіз олай түсініңіз. Бәрін естіп отырдым. Қандай күйде болғанымды өзіңіз байқаған шығарсыз. Мен айтарымды айттым ғой. Соны сіз аңғармапсыз ғой?
– Сен не айттың?! – деп тағы айқайлады.
– Әлгі мені жамандап сөйлеген: «Сіз полковник, дивизия командирісіз, ұстазыңыз Николай Редин старшина. Неге бұлай?» – деп мені сынағанда:
– Ұстазым Рединді старшина, мені полковник, дивизия командирі еткен Кеңес өкіметі. Сұрағыңызды Кеңес өкіметіне қойыңыз? – деп тастадым ғой. Одан кейін сөз шығын етудің қажеті қанша?
– Солай дедің бе? Мен саған ашуланам деп байқамаппын.
– Ол екі сыншыны менің «қамқоршыларым» күні бұрын дайындаған. Мұха, сыңаржақ пікірге сіз неге тойтарыс бермедіңіз?
– Шынымды айтайын ба? – деп Мұхаң күлді.
– Шыныңызды айтыңыз?
– Олар менің де «қамқоршыларым» ғой. Мен де сөзімді қор еткім келмеді.
Екеуіміз де дауыстай күлдік.
«Браунинг» пистолеті
Мұхаң (Мұхтар Әуезов) әзіл аралас сөзіме:
– Жоқ, Бауыржан, тіпті де олай емес, – деп келіспеді.
– Егер жоғарыдағы сөзім ұнамаса, өмірді сүйсеңіз еркекше сүйіңіз деп өзгертейін. Келісесіз бе?
– Бәлі, Бауыржан, о не дегенің? Келісем, – деп Мұхаң жас балаша жадырай күлді.
– Мұха, артық кетсем кешіріңіз. Сізге соғыс даласынан алып келген суық қару – «Браунинг» пистолетін сыйға тартқаным есіңізде ме?
– Әлбетте есімде.
– Оны сізге не үшін сыйладым?
– Ой, Бауыржан, ол жөнінде тіпті ойланбаппын. Өтінем, жауабын өзің айтшы.
– Сізге барлық істе де еркектік қасиет серік болсын дедім.
– Ол ниетіңе бек ризамын, Бауыржан, – деп Мұхаң тағы мәз бола күлді. – Енді сен мені тыңдағын. Бағанадан бері сөзіңді бөлмей төздім ғой. Мен махаббат мәселесінде чемпионмын, гроссмейстермін.
– Онда, Мұха, мен сізге тартқан екенмін.
Екеуіміз де дауыстай күлдік. Осы кез ішке Валентина Николаевна еніп, дастарқанға шақырды. Мұхаңның үйінен түнгі екіде таксилетіп қайттым.
...Ой құшағында отырмын. Шіркін, Мұхаң мен Баукең өмірге көзқарасы, ішкі әлемі үйлескендіктен етене жақындасқан екен ғой. Түнгі сағат екіге дейін араларында біз білмейтін қандай сыр айтылды? Білер ме едік деген ойға берілдім. Өкінгенмен амал жоқ, ол бізге жұмбақ...
«Оның сақ болғаны орынды»
1943 жылы майданнан Алматыға емделгелі келіп, Қазақ КСР ғылым академиясында 31 сағат лекция оқығанымда Мұхаң (Мұхтар Әуезов) лекцияма басынан аяғына дейін қатысып, айтқандарымды конспект ретінде жазып отырыпты.
– Мінеки, әкемнің сондағы конспектісі, ал мынау Бауыржан ағаның хаттары, – деп Мұхаңның қызы Ләйла Мекемтасқа жинаған материалдарының шет жағасын көрсетіпті.
– Маған беріңіз, мен оқып шығайын.
– Жоқ, болмайды. Әлі ерте. Бұл ерекше папкі, – депті Ләйла.
Соны Мекемтас маған көңілі қалғандай айтты.
– Әй, қой, ол өзінше дұрыс істепті. Әзір сен оған араласпа. Неге десең, сен музейге қызметке жақында ғана қабылдандың. Ләйла сені жөнді білмейді. Сол себепті оның сақ болғаны дұрыс, – дедім.
Атаққұмарлық
– Сені шақырған жоқпын, өзің келдің. Кейде менің орысша сөйлеп жіберетін де әдетім бар. Оны қазақшалама. Олай дейтінім, қазақтардың сексен пайызы орысшаны жақсы біледі. Қазақтар түсінбейді дегенді қойыңдар. Мысалы, Лев Николаевич Толстой французша ойлап, французша жазды. Сенбесең, тексер. Немене, ол сеніңше орысша жазуды білмеді ме?
Әр тілдің ырғағы, әуезі бар. Орыс тілінде бейнелі ой-пікір келіп қалады. Оны қазақшалаймыз деп бүлдіресіңдер. Шолақ аударма кімге керек?
Домбыраға лайықты күйді басқа аспаппен орындасаң, күй, тақырып бір болғанмен үн бөлек. Сол себепті орысша айтқанымды қазақшалама. Неге десең, өзі келді. Оны аударсаң, ырғағы, әуезі, үні бұзылады. Бұл ерекшелікті ескерген жөн.
Оқырманды тануларың, құрметтеулерің керек. Сендер оны танымай тұрып қалай құрметтейсіңдер? Әйтеуір қазақша болса екен деп шалағай аудармамен бүтін нәрсені бүлдіресіңдер. Атаққұмарсыңдар.
– Атаққұмар болған жаман ба?
– Атаққұмарлықты мен мүлде теріске шығара алмаймын. Оның да күнгей, көлеңке жағы бар. Екеуі екі айырық жол тәрізді. Біріншісі – ізгілікке, жақсылыққа, екіншісі – күншілдікке, жамандыққа бастайды. Меніңше, бірінші жолға түскендер адаспайды, адаспауға тиіс...
Кеше Ғабең (Ғабит Мүсірепов) телефон соқты.
– Әй, Бауыржан, Тәжікстанда қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтпек, бізбен бірге жүрсеңші? – деді.
– Рақмет, Ғабе, денсаулығым көтермейді.
– Бауыржан, жақсылап ойлан да, дұрыс жауабыңды бер. Сен бізге портрет ретінде керексің, – деді. Мұнысы – әлемге атың шыққан кісісің, оттамастан бізбен бірге жүргін дегені ғой.
Сен менің біреу айтты дегенге көнбейтінімді, әр нәрсеге өз көзқарасым барын білесің. Тұтқиылдан қауіп-қатер төнген сәтте бойын, ойын тез жиып, дұрыс шешімге келген адам ғана ерлік жасай алатын жағдайды басымнан сан рет өткергем. Ғабеңнің ұсынысын неге қабылдамағанымды түсінерсің. Ол кісі ренжіп:
– Атыңның шыққанына қарсысың ба? – деді.
– Ғабе, мақтауды кім жек көреді дегеннің ауылынан мен әлдеқашан кеткен адаммын. Ел аузына түскеніме қырық жылдан асты. Орынды мақтағандарға рақмет, орынсыз мақтағандарға ренжи білем. Мен кәсіби әскери адаммын, қатардағы емес, әскери профессормын. Мені мақтау үшін де, даттау үшін де әжептеуір білім керек, – деп тастадым. Бұл атаққұмарлық па, атаққұмарлық емес пе?
– Атаққұмарлық емес.
– Түсінгеніңе рақмет.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ
Jebeu.kz