Қилы заманның қыспағында қамалып, танымы мен ақиқаты көркем дүниенің езгісінде жаншылған алмағайып-аласапыран кезеңде отарлаушы елдің боданына айналып, діңгегінен біржола мансұқ етіле жаздаған мехнатты дала дәуірінде темірдей қатаң тәртіп орнатып, ғаділдікті ту еткен дара дана ұлттық рухани өркениетті асқақтатып, ел еңсесін аспандатқан, тарихи тілмен айтқанда, феодалдық кезеңде ғұмыр сүріп «қарадан шығып хан, айырдан шығып нар болған» ұлы даланың дара ділмары атанған Құнанбайға әдеби және тарихи тұлға ретінде берілген баға өз заманының арыстандай қайраткер екендігін таңбалайды. Сынағы мен зауалы запыранға айналған заманда цензураның оғына ұшырап, шытырманның шырғалаңына айналып, образы барынша бұрмаланған кейіпкер екендігі тағы бар. «Мұхтар романын шын түсінем деген кісінің қолына романның кілтін де берген. Бірақ үстірт қарасаң, ол кілтті таба алмайсың. Ол кілт мынау: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты өтсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда Абайдың жолы – «Қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда болады да, Құнанбайдың жолы – «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі көтерілу, бірі түсу-төмендеу жолы. Үшінші, бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы» [8, 167-168 б].
Сайын даланың төсінде Алаш аманатын мойнына арқалаған, иманына берік тұлға, ескінің жамап жасқаушысы, жаңаға жау болып елге мүлде басқа қырынан келуі – тарихи танымның емес керісінше көркем әлемнің еншісі еді. Бұл заңдылыққа кінәлі Әуезов емес екендігін де жұртшылық білуге тиіс. «Отар елдің тарихын, отарлаушы ел жазады» (Жавахарлал Неру). Астарлы сөздің сырына Нерудің сөзімен емеурін білдіру арқылы ойымызды ұштай түселік ендеше.
Арғы-тегі бабалардан бертін келе адалдықты ішкен асынан артық көріп, жанын арының садағасы еткен өресі биік Өскенбай би, одан әрмен қарай Кеңгірбайдан бері билік үзілмей шыншылдықты шамшырақ қылған тамыры мен танымы терең бабаларының көсегесін көгерткен ұлы сенімі мен сәуегейлігін мызғымас серігіне айналдырды. Тамыры терең танымнан өзіндік нәрін бүкіл адамзаттың дүниетанымына бойлаттырған ділмәрлық дәнін дүниеге әкелдірді. Ол дән – Абай еді. Алашына нұрын шашатын жаңа заман жолында ұлы әке арман тілегін Абайының жолында құрбан етті. Алайда Абай бар мақсат-мұратын адамзаттың пайым-парасаты арқылы әке аманаты деп ұғынғандай.
Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім [13,204 б],
деп, - Абай ұлы Әбішке (Әбдірахман) айтқан жоқтауында өзін әке орынбасары һәм Құнанбайдың жұрнағы етіп дәріптейді. Ал Мұхтар Әуезов өзінің қолжазбасында: «Мен өз жұмысымда, сөз жоқ өзіміздің совет жазушыларының тәжірибесін пайдаландым» деп оқырманға түсінік береді де «бұл ретте мен қоғамдағы ескі мен жаңаның күресі туралы айтқан И.В.Сталин пікірлеріне барымша зер салдым... Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар» [7,108 б]. Бұл оқиғаның негізгі темірқазығы. Эпопеяда жазушы бұл көзқарасты Құнанбайдың өзінен табады: «...Кезек менен өтті, сендердің жастық дәуренің келеді. Соларыңда қасиет табыңдар. Мен сендердің тірлігіңе, бәйгеңе жол берген жанмын. Қуыс шатты ең соңғы мекені еткен кәрі арқардың келте соқпағындай аз тірлігім қалды» [3,10 б] деген өмірлік тізгінді көркемдік шешім тұрғысында Әуезов Құнанбай арқылы Абайға табыстайды. Асылында бұл ойдың түбін көздесеңіз, әкенің ұлы көрегенділігін ақылдың көзімен анық көруге болады. Жазушының түпкі мақсаты – әке мен баланы бір-бірінен аластату емес-ті. Мұхаңның жоғарыдағы сөзі – «социалистік реализм» бағытында қолданған негізгі қаруы (мәжбүрліктен туған дүние). «Соцреализм» демекші, осы бір термин XX ғасырдың интелегенциясын қалтыратқан қару болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Омарханның Мұхтарына шынжыр болған осы бір ұғым нені білдіреді? «Соцреализм» анықтамасын білу үшін аздап кітап ақтарып көріп едім. Мардымды, тұщымды жауап таба алмадым десем артық айтпаған болар едім. Бұған жауапты ұстазым Ақжол Қалшабектің «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты еңбегінен таптым. «Социалистік реализм. З.Қабдолов «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбегінде «Социалистік реализм – әдеби дамудың лениндік жолы, совет жазушыларының шындыққа барар жолы» деп айтқан. Қазіргі ақиқат бұл пікірдің уақытша айтылған, негізі жоқ тұжырым екендігін дәлелдеді. Ия, заман бір орнында тұра бермейді. Кешегі шындық деп айтылған нәрселер бүгінгі күні өкінішке орай кейде өтірік болып жатады. Кеңестік дәуірде көкке көтеріп дәріптеген социалистік реализм ақиқатында шындықтың жолынан шетке шығарар соқпақ болып шықты» [14, 162 б]. Міне, «соцреализм» хақында айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Сөзімізге қайта оралайық ендеше. Осынау қитұрқы кеңестік идеологияның ырқынан шыға алмаған жазушы Құнанбай тұлғасын манағы айтқандай шындықтан шеткері шығаруға лажсыздан құлық танытты. Мұнымен Құнекеңнің бейнесі түгелімен терістеліп кетпейді әрине. Яғни Асан қайғының сөзімен айтқанда: «таза мінсіз асыл тас, су түбінде әлбетте жатпайды». Ал біздің мақсат қалған дүдәмалдың түйінін қал-қадерімізше өздеріңізге жеткізу.
1.Ескендір, Темір, Шыңғыстай – мұсылманда атақты
«...Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлеген Құнанбай осы үйде әркімге қарамайды»
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді
Құнанбай қажы Өскенбайұлы 1804 жылы Шыңғыстаудың бөктерінде Ақшоқы қыстауындағы Өскенбай бидің шаңырағында дүниеге келген. Яғни тышқан жылы. Бір қызығы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректеріне сүйенсек, қажы қой жылында туылған екен.
Анасы – Зере. 1785 жылы туған. Өскенбай бидің бәйбішесі. Азан шақырып қойған есімі – Тоқбала. Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген екен. Зереден – Құттымұхамбет (жасында дүниеден озған),Құнанбай, Тайбала атты 3 сәби дүниеге келеді. Зере ананы Ырғызбай жұрты, барша ауыл адамдары «кәрі ана» деп атаған көрінеді. Көз көрген замандастары Зере ананы: «өте сөзге шешен, қисса-дастандарды жатқа білетін, әңгіменің ажарын келтіретін жан еді» деп сипаттайды. Әуезов өз естелігінде «...Зере мінезге бай, таза жанды, жылы шырайлы, байсалды адам болған; бір жағынан, ол кісі өзін семья ішінде өктем, артықша адам санапты. Оның жөні де бар: Зере бір кезде бес әйелдің бірі болғандықтан, өз баласының төрт әйелінің бірі Ұлжанның жайын жақсы ұғып, келінінің көп реттерде шарасыз, мүскін қалпын ақылды, табиғатында адамгершілігі мол сезімтал әже аянышпен қабылдапты» [7,111 б]. Осындай мейірімді дана анадан қалайша Құнанбайдай бала туылмасын?! Кейбір деректер бойынша кемеңгер ана 88 жасында дүние салған екен.
Әкесі – Өскенбай Ырғызбаев. Жастайынан зерек, есті болып өседі. Кеңгірбай би Ырғызбай жастай қайтыс болған соң, інісінің орнына осы баласы Өскенбайды сүйеніш еткен-ді. Қартайған кезінде жол өз баласы Ералынікі болса да, батасын беріп, Өскенбайды би сайлапты деген деректер айтылып қалып жатады. Ел аузында:«Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген сөз осының айғағы болса керек. Өскенбайдың дүние салуы жайлы Мәшһүр-Жүсіп атамыз да өз жазбасында: «Құнанбай Өскенбайдан өзі жалқы. Әкесі Өскенбай қыс күнінде өлген. Онда қазақтың киіз үйімен қыстан шығатұғын күні. Әкесі Өскенбай дүйсенбі күні өлген. «Келер дүйсенбі жаназасы!» - деп, кісі аттандырған. Жаназашыға арнап жетпіс үй тіктірген. Сол үйлерге кірген жандардың күтулі болғаны сондай: бір үй бір үйден керек қылып көмір де сұрап алмаған. Жаназаға жиылған жан басына бір-бір кез жыртыс бердірген: «Жайнамаз қылып алсын!» - деп. Өзге шығарған малдан бөлек, «Жаназақы» - деп, төр түйе байлаған» [12, 259 б] деген фактілерді алға тартады. Адалдығымен, еліне деген сүйіспеншілігі арқасында бұқара халықтың қошеметіне бөленген Өскенбай қарт 1850 жылы 72 жасында қайтыс болған екен.
Құнанбай қажының бір бойында астасып жатқан өнері, қайраткерлігі, шешендігі, ақындығы, данышпандығы тектілер тұқымының жалғасы екендігін айқын аңғартып береді. Қажы жасынан жауырыны жерге тимеген балуан, найзагер және қатал да әрі әділдігі арқасында әкесі Өскенбай бидің ел билеу ісіне араласады. 1834 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланып 1856 жылға дейін билік жүргізуіне тізгін береді. Халықтың игі істері үшін жанын аямай қызмет етуімен қатар иман жолында, Алла жолында көптеген сауабты істердің басын қайырады. Әсіресе, аға сұлтандыққа сайланған соң, ойлаған ұлы армандарын жүзеге асыра бастайды. Ол – қазақ балаларын жаппай сауаттандыру. Аға сұлтандыққа дейін 1845 жылы Құнанбай шекара басқармасына хат жазады. Өз хатында қазақ балаларын сауаттандыру үшін училище ашуды сұрайды. Шекара басқармасы өз рұқсатын бергенімен, бірнеше тілді меңгерген ұстаз таба алмайды. Бұл сөзімізге төмендегі құжат дәлел бола алады.
Сібір қазақтарын
Шекаралық басқару мекемесіне Қарқаралыдағы сыртқы
округ приказынан
РАПОРТ
Кішік-Тобықты болысын билеуші старшын Құнанбай Өскенбаев биылғы жылғы 3-қаңтарда жазған рапортында өзі басқарып отырған болыс қазақтарының ортақ игілігі мен пайдасын көздеп балаларды және өз перзенттерін орысша және азияша сауаттандырып, оқыту үшін училище құрмаққа рұқсат сұрай отырып, бұған азияша тәржімасын да білетін орыс мұғалімін жолсапарға жіберуді сұрайды.
Қарқаралы округтік приказы бойынша осыны мағлұмдап, Шекара басқармасының ықтиярлық ырқына жеткізуді мерей көреді (аға сұлтан Таукиннің мөрі басылып, бірнеше заседательдерінің мөрі қойылған).
Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде (374-қор, 1-тізбе, 501-іс, 590-бума, 1-2-б) сақталған бұл құжат 1845-жылғы қаңтар айының 12-де Қарқаралыда жазылып, №151 дейтін реттік белгісі соғылыпты.
Осы келтірілген бумада қатталған екінші бір құжат (374-қор, 1-тізбе, 5051-іс, 590-бума, 3-4-б.) аталған жылғы 16-ақпанда Омбыда, шекара басқармасы бастығының атынан жазылыпты. Онда былай делінген:
«Сібір қазақтарын
Шекаралық басқару мекемесіне
Болыс басқарушы, старшын Құнанбай Өскенбаевтің өз болысында қазақ балаларын орысша және азияша сауаттандырып, оқыту үшін училище ашу хақында ниетін бек пайдалы деп қараймын, бірақ қарамағымда орысша һәм азияша жетік білетін кісім болмағандықтан, оның бұл қажетіне мен орыстардан мұғалім тағайындай алмаймын, осы мәселе жақында оның осы айдың басындағы мағлұмдамасына орай, старшын Өскенбаевқа балаларды сауаттандырып, оқыту үшін пайдасы тиетіндей бос адамды өзі тауып алуына ықтиярлансын, яки болмаса приказ Тобықты болысындағы тілмаштың қызметтен қолы бос уағында балаларды ақы-пұлсыз оқытуына жарлық етсін» [11,161-162 б].
Сөйтіп, арада біраз уақыт өткеннен кейін, 1851 жылы Тобықты елінің ішіндегі «Есентайдың қызылы» деген жерден училище (медресе) ашылады. Қазіргі таңда бұл оқу орнының орны ғана сақталған. Құнекең медресе салумен шектеліп қана қоймай, мұнан соң елді иманға шақыратын Алланың жердегі үйі – мешіт салуды ойға алады. 1849-1852 жылдары Қарқаралыда аға сұлтандық қызметте жүріп, тағы да шекара басқармасына хат жазады. Соның негізінде мешіттің құрылысы 1850 жылы 7 қаңтарда басталып, 1851 жылдың 11 тамызында аяқталады. Бұл мешіт қазіргі таңда да жамағаттың иманына тірек болып асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына қызмет етіп келе жатқан жайы бар.
*** *** ***
Ел еңсесін керегедей керіп, ұлтына әкесіндей қамқор бола білген, Жаратушысына «адалдықтан таймаймын» деп серт берген Құнанбай қажы бұл фәниде ажалмен де бетпе-бет келген тұстары да аз болмаған, бір емес екі рет. Халқы басшысын сүйсе, басшысы халқын сүйресе, нағыз ұлттық болмыс-бітімнің ұйысқаны тұсы осы деп ұғарымыз сөзсіз. Сол сияқты Құнанбай да халқының сүйіспеншілігіне бөленген жан еді. Екі рет ажалдың адуыны алқымына тақалғанда елінің Тәңірге жалбарынып тілеген тілектері қабыл болып аманат жаны аман қалған деседі. Оның бірін көрнекті филолог, Абайтанушы ғалым Тұрсын Құдагелдіұлы «Құнанбай» атты кітабында былай баяндайды: «Құнанбайдың денесіне көкшешек қаптап шығып, екі көзін аштырмай, кірпігі қимылдаумен өлім аузында жатады. Аранын ашқан ажал оны буындырып, жанын алқымына әкеледі. Құнанбайды оңаша үйге салып, ата-анасы бағып отырады. Ол жатқан үйді халық қоршап, ажалға қарсы тұрады. Кемпірлер күндіктерін, шалдар кіселерін мойындарына салып, еркек-әйелдер еңіреп, Құдайдан Құнанбайдың жанын қалдыруды сұрап тілек тілейді. Айтылмаған көк қасқа, Ақсарбас қалмайды» [4,53 б]. Міне, осындай ел тілегі бірнеше күнге созылып, Құнанбай тәуір болады. Ал екінші ажалдан қалуы былай болса керек: «Құнанбайдың қайын атасынан қолқалап алған «Торшолақ» атты тұлпары болыпты. Бірде ел шетіне жау тиіп, Құнанбай ауылының жылқысы барымтаға түседі. Торшолағына мініп, барымташылардың соңына түскен жалғыз қуғыншы – Құнанбайдың кеудесіне жау найза қадаса да атынан аударып түсіре алмапты. Соңынан жеткен халқы найзаның орнынан судай сорғалап, шапшып жатқан қанды тоқтатып жарасын таңады. Құнанбай немересі «Шаһкәрімге» бұл оқиғаны былай баяндап берген екен: «Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, қаным кеуіп барады екен. Бір аяқ айран шалапты дем алмай бірақ жұтып, аз демалып айналама қарасам төңірегім толған адам. Бәрінің көзінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, Алладан тілек тілеп, менің жанымды аман қалдыруын сұрап тұр екен. Егер елдің сол тілегі болмағанда, мен өлген адам едім. Көп тілегі көп болып, көптің тілегін Құдай қабыл етіп, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыстаудың сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде, алдымнан кәрі аталар, қарт-аналар, қатын-балалар шулап, «а, құдайлап» шыққандағы олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің, ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар» [4,58 б]. Қараңыз, қажы өзінің ажалдан аман қалуын, халқының махаббатына бөленгендігінен, жасаған игі жақсылықтары мен ел тілеген тілектері һәм ыстық ықыластарынан деп түйген-ді.
Сонымен қоса сол кездегі көшпелі қазақ қоғамының тыныш өмірін бұзған, Абай туардан ілгерірек және қазақ сахарасында, елдің жағасын ұстатарлық тарихи трагедия болған-ды. Бала Абайдың жүрегіне оқ боп тиген бұл оқиға, әкеге деген өшпенділік сезімін ұлғайтып, ащы кермектің дәмін жүрекпен татқаны эпопеяда былай баяндалған: «Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық өне бойымен өзіне қарай құлата тартқан бір өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биіктің басына шыққанда, бір сәт ойға қарай құлап кеткің келетін сияқты, өзіне тартқыш, ұғымсыз күш. Бала жүрегінде бұл шақта көп сезімінің алай-дүлей құйыны соққандай» [2,43 б]. Иә, автордың «мұндайды» дегені – «Қодар менен Қамқаның» жайы ғой. Осыншама теке-тіреске түскен тағдырлы құздың бір ұшында – Абай, бір ұшында – Құнанбай. Селдіреген, ескінің ғана жоғын жоқтайтын, жаңаға жау болған, тамыры солғындаған ескі заманға бір қарап: «Неге өлмейсің тынышыңмен сен! Заман сенікі емес, менікі!.. Нең бар?» [3,236 б] деп, - бет қаратпаған дауылды толқынға ерік бермеймін деп таласады, тармасады. Дегенмен көркем дүниеге осыларды ойқазық етіп тұрған уақиға ол әлбетте – келін менен ата арасындағы мәселе. Бұл жағдай кейіннен басқалай өрбіп, қалың оқырманға көркемдік шындық тұрғысында бұрмаланып («Абай» романы арқылы) берілді. Ол – «Қамқа мен Қодар» оқиғасы. Ел аузы: «Қамқа мен Қодар» зинақорлыққа барған деседі. Қамқа – келіні, Қодар – атасы. Қодардың Құтжан атты ұлы болған, күндердің күнінде бұл баласы ауыр індетке ұшырап о дүниелік болады да кейіннен халық арасында: «келіні мен атасы қосылып жүр» деген сыпсың сыбыстың өрті тұтанады. Құнанбай Қодардың қыстауына астыртын жорға Жұмабай секілді шабармандарын жіберіп бүгінгінің тілімен айтқанда барлау жүргізеді. Мәселенің ақ-қарасы ашылғаннан кейін Құнекең Семейдегі имамдардан шариғи фәтуа сұрайды. Бір ойландыратыны жазушы эпопеяда екі кейіпкерге жағылған қараны ақтамайды. «Тегі, жиын ішінде бүгін екі сөз ауыздан-ауызға көшкен тәрізді. Екеуі де Қодар сөзі деп айтылған. Біреуі бұрып алған сөз де, біреуі дәл өз сөзі. Соның алғашқысы Қодарды кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал жазаның дәлелі, тірегі. Ол: «Құдай маған қылса, мен Құдайға қылам!» депті деп, өлтірушілердің қайта-қайта айтатын сөзі» [2,42 б]. Романдағы күрмеулі ойды Шәкерімнің «Қодардың өлімі» дастаны да қуаттайды:
Арғы атамыз Олжайдан үш болар,
Айдос, Қайдос, Жігітек – міне осылар.
Қайдостың бір баласы Борсақ деген,
Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.
Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,
Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.
Жесір қалған келінін Қодар алып,
Қылмайтын істі қылған Құдай құлы.
Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –
Құдайға ерегісіп қылды мұны.
«Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,
Қане, ата ғой деп қылдым» - дейді осыны [9,133 б], -
деген жолдар келтірілген. Бұл оқиғаның негізі романда былай басталады: «Бірақ әнеугіні Құнекең мына Сыбан ішіне топқа барса, сонда Солтабай төре осыны бетіне салық қыпты. Мына кісі төреге насыбайды тастасаңшы дегенде, анау: «Мен насыбайымды тастайын, бірақ Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сенде тыйсаңшы!» деп, бетінен алыпты дейді. Соған намысы келіп, Құнекеңнің қатуланып отырғаны әлгі ғой, - деді» [2,26 б].
Кітапта: («Абай» романында) «Қодар мен Қамқаның» жақындығы төмендегідей суреттелген: «Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім – берік. Сол қайғы үстінде күндегі бір-біріне мұң айту, күрсіне отырып зарларын шағу, екеуін әбден келін мен ата халінен кетіріп, ортақ қайғыдағы ене менен келіндей немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам боп танысып, табысқан-ды» [2,31 б]. Аталмыш кейіпкерлерді эпопея бойынша кеңестік кезең бейшара, әділетсіздіктің бейкүнә құрбандары етіп бейнелеп беріп отыр. Ал Құнанбайды қатыгез, шариғат үкімдерін жамылып алып, жазықсыз жандардың жанын қиған зұлым, діни фанатизмің жақтаушысы етіп көрсеткен. Ал бұл оқиға романда Абай қаладан Шыңғысқа қайтып келген уақытта 13 жасар бала кейпінде куә болады. Түптеп келгенде бұл оқиға Абайдан ілгерірек заманда болған екен, шамамен 1834-1840 жылдары. Романды оқып отырсақ, бұл деректердің тарихи шындықпен жанаспайтындығын көреміз. Тағы бір айта кетерлігі, жазалау үстінде Қамқа елдің көзінше: «Қодарды бір сүйгіз» деген арсыздыққа барған деседі. Бұл тұрғыда Шаһкәрімнің де айтқаны да бар:
Анау жартасқа апарды елден таса,
Терең құз Хан өзенге құйған аша,
Қатын сонда Қиялға жалыныпты:
«Қодарды бір сүйгіз, - деп тым болмаса»,-деп [9,137 б]
ақын Қамқаның арсыздығын осы арада анық беріп отыр. Оқиғаның негізгі идеяларын Мұқаң кейіпкерлерге бөліп береді. 1 томның 33 бетінде «Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйіп отырып: - Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. Кәпір өтсем де енді кәрінен аянарым жоқ. Құдай маған қылса, менің Құдайға қыларым сол... – деген. Иә, оқырман астағфиралла деп жұмбақ ситуациядан жаға ұстауы мүмкін. Мұның жауабын Жексен шалдың ойы арқылы Мұқаң былай береді: «Осыны Жексен өз бетімен топшылап, «бұл Құдайға не қылады?» деп жүріп-жүріп кеп, ақыры: «Мұнысы келіні болды!» деп байлаған-ды» [2,33 б]. Қош, арсыздық майданында азғырушы сайтан жеңіске жетті делік. Десек те сүйекке таңба, ұрпақтың бетіне салық болмасын деп, – Құнанбай шариғат шешімімен жаза кесіп, ежелден қаны таза қазақты жамандық пен жиіркеніштен аман алып қалғаны әмбеге аян ғой. Сондай-ақ романдағы «Әмір мен Үмітей» атты екі жастың махаббаты да назарға ілікпей қалмайды. Эпопеядағы бұл оқиғаның түбіне үңіліп қарар болсақ, жүрек жарасының қанын судай сорғалатар көргенсіз махаббат бұл. Біржан сал Абай ауылында қонақ болған тұста осы екі кейіпкер бір-біріне ынтық болып, жүректеріне махаббат ұшқынын ұялатқан сезім саңылауы «Әмір мен Үмітей» арасында пайда болады. Осы жағдайды естіген Құнанбайды романда қалай бейнелеген? Ызаның ырқына жіпсіз байланған буындарын ашу байлап, қатыгездіктің апанына еніп барып, қос қолын құбылаға бұрып теріс батасын береді. «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда...Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мынау екеуі. Жаратқан ием, я кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім, ақ тілегім со болсын. Ал мынау екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда жой көздерін, жоғалғырлардың!» [3,237 б] деп қажының бұлқынысқа түскенін анық білуге болады. Осынау сөздердің астарына үңілсеңіз, Құнанбай сөзінің дұрыстығына бір қадам жақындай түсесіз. Мәселен: «Бәдбәхіт нәсілдерім» деген ұғым бұл өзімнен шыққан «қаным», «жақыным» деген ұғымдарға саяды. Қысқасы, Әмір – Құдайбердінің баласы, Ал Үмітей – Ысқақтың қызы, екеуі де Құнанбайдың нәсілдері, немерелері. Бұл уақиға туралы Әуезовтің қолжазбасы не деп сыр шашар екен?! «Құнанбай Меккеден келген соң дүние әрекетінен бойын аулақ салып, жөніне жатқан сияқтанады. Бірақ ол қарап жатпайды. Ілгері басқанды өрмекшідей шырмап, керек кезінде алыс-жұлысқа қайта шығады. Енді ол мораль сақтағансып, Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады. Абай оның бұл әрекетіне ызамен күйіп келіп, «дәуірің өтті, тек жат» дегендей қатал байлауын ескертеді. Бұл арадағы әке мен бала тартысы – ірі қоғамдық сипаттағы әлеуметтік тарихи күрес» [7,121 б]. Ал романдағы бұл тартысты автор Абайдың сөзімен былайша қағытады: «Аузыңда Алла, шеңгеліңде қан! Тағы қан!..Бір кезек сол шариғат жолы деп бір нахақ қан төгіп ең... Абайдың он үш жасында жүрегіне оқ боп тиген Қодар өлімі, қазір ғана болған әке қылмысындай көз алдына сап етіп кеп еді. – Енді шариғатқа қарсы, тағы да өлім жұмсадың ба? Үнсіз, сопысып жатқаның құлшылық емес, сұмдық үшін, осындай сұмдық жыртқыштық үшін бе еді?..» [3,236 б]. Әрине көркем әдебиеттің де өз заңдылықтары бар. Оның үстіне пысықтап кетерлігі Әуезов бұл жерде тарихи тұлға «Құнанбай» емес, әдеби кейіпкер «Құнанбай» туралы сөз қозғап отыр. Ал тарихи Құнанбай ол өзінше бір әлем, даналыққа толы кеңістік іспетті.
Айналып келгенде қажының ілімге құштарлығы, дінге беріктігі жөнінде де қолымыздағы ақпарларды өздіріңізге білдіргенді жөн көріп отырмыз. Абайдың екінші анасы Айғыздан туған Халиолла оқуда жүргенде Абай оған хал-жағдайын сұрап хат жазады. Сол хатында Құнанбай жөнінде де біршама мағлұматтар берілген:
Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиулла мырзаға, бізден – ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық.
Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәләмәтпыз.
Сізден бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.
Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары Алла Тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды.
Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әр түрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім. Жаңа Семейге мағлұм еткен уақытыңызда Құдай Тағала қаласа ат тағайындармыз. Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан Құдай Тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді.
Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп осы хатты жаздық. Һардайым таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы – ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз.
Тағы да көп-көп сәлем.
1866 жыл, 8 наурыз [1,171 б].
Ақылмен аңдар болсаңыз, бұл хаттың өзі қаншама тарихи сырды ақтарып отыр. Абай Халиоллаға «Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан Құдай Тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді», - деген жолдардың өзі әке Құнанбайды, тілекші Құнанбайды, қамқор Құнанбайды һәм ғылымға жанашыр тұлғаны көрсетіп отырғанын дәлелдейді. Ендеше қажы қақында ой суыртпақтағанда көркемдік таразыға салып емес, Абай мен Шаһкәрімның шығармаларына сүйеніп қорытынды шығарған дұрыс сықылды. Өйткені қажы:
Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты [13, 207 б].
2.Сыр ақтарған жазбалардан
Қазақ сахарасында есімі көкжалдардың қатарына енген, бізге қатыгез деген қаржаулы мінезімен мәлім болған, далалық дәуірдің ділмар данасы Құнанбай Өскенбайұлы туралы ғылыми жұмысымызды қолға алып, шамамыздың жеткенінше қалам тартып жүрген уақытта қолымызға поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» атты еңбегі түсті. Аталмыш еңбекте Янушкевичтің қажы туралы біршама жазбалары бар екенін білгеннен кейін сол дүниелерді өздеріңіздің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Аягөз. 11 маусым. Г.З.-ге хат
Ташкенттік бұхарлықтар мен қазақтар арасындағы істі шешу үстінде мен дала руларының ішінде жарық жұлдыздай жарқырап көрінген екі кесек толағай тұлғаға тап болдым. Мен енді саған Барақ сұлтан мен Құнанбай би жөнінен бірер ауыз әңгіме қозғамақпын.
Дала атақтыларының бірі Құнанбай бидің жасы Барақтан шамалы ғана үлкен. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да әр қиырдағы ауылдардан келіп жатады.
Тобықты руының сеніміне ие болып, ол болыстық қызметке сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, оны бар қайрат-жігерімен сарқа төгіп атқарады, иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады. Кезінде ол көрікті-ақ болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бірақ шығара жаздаса керек. Қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол шешіліп сөйлеп кетсе, бетіндегі кемшілігі жоғалып кететіндей. Қатерлі дерттен қалған бұл белгі жерлестерінің Құнанбайды мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын әлсін-әлсін есіне түсіріп отырады. Осының өзі-ақ, оның қызметіне мағыналы мән де беретін көрінеді.
– Мен өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанда, – деп ол маған тебірене әңгіме бастап кетті, – жерлестерім, зар еңіреп, ақыл-естері шығып, үйімді қоршап тұрды. Солардың көз жасы мен тілегі болар, мені өртеп бара жатқан оттан аман алып қалды.
Өркениетті Еуропаның бір елінде Құнанбай секілді әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлық-зомбылықтарына қарсы бірде семсер, бірде қалқан болған, от тілді, орақ ауызды бір шешеніне халқы қанша ілтипат көрсетсе де, оны ажал аузынан алып қала алды ма? Ол елдің тілеуі жанбай, әйтеуір, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамына Пантеон орнатумен тынды ғой.
Бүгін он шақты сұлтан мен бес-алты мырза бізбен бірге шай ішуге шақырылды. Осы дала билеушілеріне қарап отырып: «Пацқа сарайы сай, сарайына Пац сай», - дейтін біздің поляк мәтелін ойыма түсірдім. Барақтың қасында ақсүйектер (сұлтандар) ақсүйектер емес, сұр сүйектер болып көрінеді. Ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін де кигізуге жарамайды [10,67-70 б].
Аягөз, 12 маусым. Г.З.-ге хат
...бүгінгі елді алаңдатып отырған толғақты мәселе айналасында шебер қиюластырған соң жас Орынбай (біздің өлеңшінің есімі), енді жаңа аға сұлтан Бөленді, Қарқаралы шешені Құнанбайды біраз уақыт мадақтады. Бұдан кейін жиналып отырғандардың ішіндегі атақтыларына ол кезек-кезек өлең шумақтарымен сәлем берді [10,74 б].
18 маусым
...Біз жалпы алғанда 342 шақырым жол жүріп күн бата межелі жерге жеттік. Генерал Құнанбайдан Алатау көрінісі қалай, ұнай ма деп сұрағанда ол былай жауап берді:
–Құдіреті күшті тәңірім! Қалай жаратқансың? Тау басында адам суықтан үсіп өледі. Ал оның етегінде ыстықтан қаңсиды. Тағы бірде ол былай деді: «Барлығыда көрікті-ақ! Ат пен малға бәрі де бар. Бірақ бәрі бөтендікі болған соң не шара? Жылан да көп екен». Мұның бәрін ол: «Бұлт ішіне қашан кірерміз?» – деген ақын шабытын шалқыту қажеттігі үшін айтты [10,93-94 б].
3 шілде
Орта жүзден 800, Ұлы жүзден 150-ге жуық салт атты қазақтар келді. Оларды бір-біріне қарама-қарсы отырғызды. Ал екі ортаға жайылған кілемге молда келіп жайғасты. Ақырында жасы алпысқа келгенімен қайраты қайтпаған Әлиді ертіп Виктор келді. Содан кейін генералға сәлемдесу болып өтті. Жүргізілген әңгіменің тиісті жеріне келгенде, генерал жиыннан кетіп қалды. Дұға оқылған соң (оны алдымен Құнанбай, кейіннен біздің адамдар тоқтаттырды, өйткені онда Орта жүз ауызға алынбаса керек) Ұлы жүздің қазақтары Ресейге адалдықтары үшін ант берді. Генерал Әлиге әскери атақ беру жөніндегі патентті оқуға бұйырып, оның мойнына медаль кигізгенде, сырнай тартылып, зеңбіректен алты дүркін оқ атылды [10,114 б].
Сапар күнделігінен үзінділер. 5 шілде
Байқау аяқталарда Барақ өз мылтығынан оқ атты. Бұл үшін ол генералдан кешірім сұрады, өйткені өздерінің салты осындай екен. Шатыр астында көзі жайнап Құнанбай тұр. Сүйік генералдың қасында. Генерал биге алтын жалатқан темекі сауыт беріп еді, ол патша үшін, генерал үшін дұға қайырып, алғыс білдірді [10,123 б].
8 тамыз
Қазір іші қатты ауырып жатқан баласына (бұл бала Абай) Құнанбай мынадай емді қолданды. Қара ешкіні сойып оның көк майын белбеуге жағады да, онымен баласының ішін айналдырып байлайды. Бұл маймен денесін де сылайды. Бақсы-балгер, емшілерді шақыруға болмас па екен деген сұрағыма, Құнанбай оларға пәлендей сенбейтінін айтты.
Ол Қарқаралы адамдарының қонақжайлылығын мақтады. Екі-үш қонақ келгеннің өзінде олар бір қой сойып тастайды екен. Ал қырдың қазақтарында мұндай мырзалық бой көрсетпейді дейді [10,175 б].
15 тамыз
Құнанбай тек сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз ақтарыла береді. Сәт сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша аңқылдап кетеді. Оның есінде сақтау қабілеті таңқаларлық, үкіметтің барлық жарлықтары мен нұсқауларын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады [10,185 б].
17 тамыз
Күн батар алдында Виктор екеуіміз Ақбастаудың ең биік басына көтерілдік. Көз алдымызда ұшы-қиырсыз жазық, көсіліп жатқан кең дала. Етекте қатарласа тізе бүгіп, Аллаға жалбарынып, намаз оқып жатқан қазақтар көрінеді. Құнанбай намазды өз адамдарынан оқшау оқыды. Бір рет алға шығып, аспанға қолын жайып, ұзақ отырды. Ала шапандар, ағылған жұрттың біркелкі қимылдары, оның үстіне шөлейт даланың селт етпеген тыныштығы бізге қатты әсер етті [10,196 б].
Міне, Янушкевич жазбаларындағы Құнанбайдың аты аталған жерлерінің ұзын-саны осы көлемді қамтыпты. Сондай-ақ революционердің хаты мен қойын дәптерлері арқылы қажының көзі көрген мінез айшықтарын достарына жолдап отыруы, сірә, «Абай» романындағы Құнанбай мен хатқа түскен жазбалардағы Құнанбайдың айырмашылығы осы тұстардан анық аңғарылса керек.
3.Ғалымның хаты өлмейді
Құнанбай қажының тұла бойында астасып жатқан көп қасиетінің бірегейі – оның нақыл сөздерінде, аузымен құс тістеген шешендігінде. Иә, Құнекең талай қара тілді сөзшеңдердің өзін жырмен түйреген. Оның бір мысалы: Мәшһүр Жүсіптің әпсаналарына сүйенсек, қажы нағыз суырыпсалманың семсері, нағыз от ауызды, орақ тілді шешен, сен тұр мен айтайынның өзі болған. Ел аузында: Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып, үйленіп Құнанбайдың үйіне кіріп барғанында Құнекең Балтаға қарап:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау арсыз мұндар
деп, – Балтаны семсердей жауһар сөзімен сергелдеңге салған көрінеді.
Сонымен қатар белгілі Құнанбайтанушы Бейбіт Сапаралының еңбегінде Құнанбай айтты деген бірнеше жолдар берілген. Зерттеуші қажының бұл өлеңдеріне «Жұлдыз» №6, 1987-жыл, 197-198 б деп сілтеме берген. Соларға зер салып көрелік:
Шаруаң оңына айналғанда:
Мінген атың жүреген болады,
Асыраған итің үреген болады.
Қатының қадірлі болады,
Қызың ажарлы болады,
Малың базарлы болады,
Ұлың білімді болады.
Құлың сенімді болады.
Шаруаң солға айналғанда:
Мінген атың шабан болады,
Асыраған итің жаман болады,
Қатының сараң болады,
Қызың ажарсыз болады,
Малың базарсыз болады,
Шөбің шығымсыз болады,
Малың жұғымсыз болады.
Ұлың білімсіз болады,
Құлың сенімсіз болады.
***
Бұл дүниенің баласы,
Алды-артыңа қарашы.
Ата-анаңның ақылы
Қазылған қара жолмен тең.
Ағайының көп болса,
Ұлы әскер қолмен тең.
Қарсы келген кәрілік
Жайып қойған тормен тең.
Жақсының бәрі сұм болса,
Қазып қойған көрмен тең.
Орнын білмес жаманға,
Есік те болса төрмен тең.
Жаттан болса алғаның
Маңдайға біткен сормен тең.
Жақсы ағаң бар болса,
Алдыңда асу – белмен тең.
Жаманға айтқан ақылың,
Соғып өткен желмен тең
Қайғы ойлаған жаманның
Алды тұйық жармен тең.
Байларда қайыр жоқ болса,
Шөпті, сусыз шөлмен тең.
Саясы жоқ бәйтерек
Сазға біткен талмен тең.
Қайырып салса ақ сұңқар,
Қаз ілмесе қарғамен тең.
Жақсылардан сабақ ал,
Алуа, шекер, балмен тең.
Пайдасыз байға жалынба,
Асау семіз малмен тең.
Жетесі жаман бозбала
Қатын алса қай күні
Қадам шықпас үйінен,
Тоқсанға келген шалмен тең.
Еліңде болса жомарт бай
Қарындағы маймен тең.
Кей адамның мінезі –
Жарлы да болса баймен тең.
Кей адамның баласы –
Ақылы болса данасы,
Көкірегі саналы
Бұлтсыз туған аймен тең.
Кей адамның баласы –
Бойында ақылы болмаса,
Ербиіп тұрған бір байғұс,
Өлі жүнді таймен тең.
Жүрген жері жақсының,
Күнде базар, мереке,
Күндіз-түні қой сойып,
Ат шаптырған тоймен тең.
Көп жаманның ішінде
Бір жақсысы болмаса,
Қарап тұрсаң қалпына
Серкесі жоқ қоймен тең.
Білген кісі азар ма,
Тәубесінен жазар ма,
Білгенін түзу кім айтса,
Оның өзі мұңмен тең.
***
Өсиетім байларға:
Көп қуанба малдарға,
Кетеріне келгенде
Киімнен жуған кірмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Гауһар шырақ-шаммен тең.
Жақсының берген үлгісі.
Сарғая атқан таңмен тең,
Жамандар тыныш жүрмейді,
Айтар сөзін білмейді,
Ұлық алдына келгенде
Ажалы жеткен аңмен тең.
Алыс пенен жақынның
Таразысын тең тартса,
Қара да басы ханмен тең.
Бір адамды қор тұтып,
Бір адамды зор тұтып,
Төреге берген қазы бар
Арам өлген малмен тең.
Атадан жақсы ұл туса,
Айналасыз бір туса,
Жақсыны жалғыз демеңіз
Бір топ туса онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең.
Жүз боп туса мыңмен тең.
Атадан жаман ұл туса,
Айналасы мың туса,
Мың да болса жүзбен тең,
Жүз де болса онмен тең,
Оң боп туса бірмен тең.
Атадан жақсы қыз туса,
Бір болғанмен онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең,
Замандасын құрметтер,
Қыз да болса ұлмен тең.
Атадан жаман қыз туса,
Жамандықты көп қуса,
Есіктегі күңмен тең.
Балдан тәтті ғазиз жан,
Бір күні шіріп қалар тән.
Шыбын жанның шығуы,
Батып кеткен күнмен тең [11,118-121 б]!
4.Меккеде уақып үй салған
Хаким Абай: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» [13,339 б]депті. Сол айтқандай Жаратқанның парызын өтемек ниетпен, Құнекең ғұмыры соңына таяғанда Аллаға бет бұрып, Пайғамбардың жолымен ораза тұтып, намаз оқуымен қатар 71 жасында мұсылмандардың қасиетті ордасы – Меккеге сапар шегеді. Қасына өзінің асырап алған, іні есебінде қадірлеп-сыйлаған жанашыр бауыры Ізғұттыны ертіп, жолдан Қаракесек Байбөрі руынан шыққан, бұрындары Меккеге бірнеше рет барып қайтқан қажы Өндірбай халфеге айтып, сол кісіні жолбастаушы ретінде ертіп кетеді. Абай Меккеге барар жолдың картасын сызып, жүретін жолды ұқтырып, қағазға бар қажеттіліктерді жазып берген екен. Бұл сөзімізге романдағы мынадай үзікті ойлар да дәлел бола алады: «Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып еді, Құнанбай бұны тізесінен алақанымен ақырын басты да: - Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші, балам! – деді. Абай қалтасынан сиямен жазылған бірталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып: - Менің тапқаным бәрі осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – деді. Абай Ызғұттыға осы қағазын беріп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаһарлардың атын тағы бір рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлді Қарқаралыдан қосылатын Өндірбай қалпенің өзі біледі деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейін қазақ ішімен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергені Самарқан, Мәру, Мешһед, Асфаһан, Абадан еді. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса, тіпті жайлысы, кемемен айналып жүріп отырып, Меккенің өз тұсынан апарып түсірмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесін атағанда, көп кітаптан Абай байлаған жол сорабы осы еді. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердің өзгеше тірліктерін, географиялық жағдайларын, кәсіп, шаруа салттарын көп-көп әңгімелеген болатын. Құнанбай оның бәрін тыңдай отырып, Абайға іштей ырза болып еді» [3,10-11 б]. Ал осыған ұқсас жағдаяттар естелік кітаптарда былай баяндалады: «Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып, пойызға мініп, Қара теңізден пароходқа отырып, көп еждиһат көріп, бір айдан асқанда Меккеге жетеді» [5,142 б]. Құнанбай барған соң қажы болуға барған қазақтар саны тым аз-ды. Барлық үш жүздің баласынан барушылар саны 7-8 ғана адам болған деседі. Бұлар барғанда, бұрын барған қажылар орналасып қойғандықтан, қазақтарға жататын орын табылмаған соң, Құнанбай арабша білетін бір тілмәшті жалдап алып, қаланың басшысына барып, хал-жайын айтып, жатар орын сұраса:
– Басшы: «Сіздер қандай халықсыздар»? - дейді.
– Біз қазақ деген халықпыз десе,
– Басшы: «бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағбаны тауап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз», - дейді.
– Құнанбай қайтып жолдастарына қатты қапаланып келеді. Мәнісін сұрағанда, манағы басшының сөзін айтады.
– Жер жүзінде біздің қазақтан қор халық жоқ екен. Барлық мұсылманның ұйытқысы болған Мекке бастығы аты-жөнімізді білмеді, – дейді. Сол қазақтан барған қажылардың ішінде кіші жүз Мырқы деген адам бар екен. Сол кісі:
– «Құнанбай, сен босқа налыма, қазақ елінің атын шығарам десең, кейінгі қазаққа мұра болып қаларлық бір қонақ үй салғыз, не дайын үй сатып ал, пұл менен болсын, еңбек сенен болсын», – депті. Соған уәде байласып, өзге қажылар еліне қайтқанда, қазақ тәкиесі, яғни қонақ үйін салғызбақшы болып Құнанбай Мекке қаласында қалады. Оған Мырқы бір мың сом қаражат береді. Өзге қажылар да шамасынша көмек беріседі. Қоштасарда Құнанбай Мырқыға қарап былай деп үн қатады.:
– Мен тірі болсам, бұл жұмысты орындамай қайтпаймын, осы қонақ үйді сіздің атыңызға жаздырамын десе, Мырқы:
– Олай емес, мен мал бердім, сен жаныңды қиып салдырдың. Мал қымбат па әлде жан қымбат па? Малын салғанның атына емес, жанын салған адамның атына жаздыр, – дейді. Сөйтіп Құнанбай бірнеше айлар жатып 100 адам сиятындай, (бір деректерде 12 бөлмеден тұратын) қонақ үй салдырады. Иә, тарихта бұл «Құнанбайдың тәкиесі» деген атпен қалды. Абайша айтқанда:
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты [13,208 б].
Осындай тектілігімен, Жаратқанның рақымына бөленіп, ел қамын жеген Құнанбай қажы мұсылман игілігі үшін қияметке дейін өзінің өшпейтін ізін қалдыра білді.
***
Әлбетте, Құнанбай қажы туралы не айтсақта ұлы Абайдан асырып айта алмасымыз анық. Шындығына келсек Абай да, Шәкәрім де Құнанбайдың салған тағылымның арқасында ұлттық болмыс бітім мен рухани жаңашылдықтың негізін қалады. Бала Абайдың, дана Абай болып қалыптасуына Құнанбайдың сара жолы мен дара даңғылы, мейірім-шафқаты орасан екендігін ел білсе дейміз. Құнанбайдың дариядай парасатының өзі бала Абайдың жанында «аспанмен пара-пар таудай емес пе?» Биікке мықтап, мінбелеп тұрған сол тау әманда көркімен баурайындағыларды өзіне тартып тұрады. Адамзатта сол биік шыңға қарап, биіктеп бірте-бірте дамылдап бой түзейді. Ойымызды қаңтара келе айтпағымыз:
Қарамықтың дәні болғанша,
Бидайдың сабаны бол.
Жаман қауымның жақсысы болғанша,
Жақсы қауымның жаманы бол.
Иә, бұл Абай хакімнің ұлы ұстанымы. Әке Құнанбай берген тәрбие. Тәмам!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Абай шығармаларының екі томдық шығармалар жинағы (екінші том) Алматы: Жазушы, 1986. – 200 б
2.Мұхтар Әуезов «Абай жолы» 1 том Алматы: Жазушы, 2002. – 376 б
3.Мұхтар Әуезов «Абай жолы» 2 том Алматы: Жазушы, 2002. – 432 б
4.Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» Алматы: Алаш, 2004. – 400 б
5.«Жүрегімнің түбіне терең бойла» Құрастырғандар: З.Ахметов, С.Қирабаев, М.Мырзахметов, Т.Ибрагимов, Қ.Мұхамедханов, Ж.Ысмағұлов, Б.Байғалиев. Алматы: Жазушы, 1995. – 296 б
6.«Әуезов және Архив» Құрастырғандар: З.Ижанов, Ғ.Исахан, М.Сандыбаева, Ж.Сатаева. Алматы: Атамұра, 1997. – 130 б
7.Мұхтар Әуезов 12 томдық шығармалар жинағы (он екінші том) Алматы: Жазушы, 1969. – 532 б
8.Ғабит Мүсірепов Бес томдық шығармалар жинағы (төртінші том) Алматы: Жазушы, 1975. – 554 б
9.Шәкәрім Құдайбердіұлының Шығармалар жинағы, Құрастырған: Г.Мұқышева. Алматы: Өлке, 2013. – 416 б
10.Адольф Янушкевич «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» Астана: Аударма, 2003. – 264 б
11.Бейбіт Сапаралы «Құнанбай қажы» Алматы: Ер-Дәулет, 1995. – 288 б
12.Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағы 9-том. – Алматы: Ел-шежіре, 2009. – 352 б
13.Абай Құнанбайұлы «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Раритет, 2008. – 384 б
14.Ақжол Қалшабек «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» Астана: Фолиант, 2016. – 208 б
Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындығы ОҚМУ-нің
2-курс магистранты.
Дереккөз: Abaialemi.kz