(Денсаулық сақтау және жұқпалы науқастар туралы жазылған алғашқы қазақ кітаптары)
Қазақтың ұлттық автономиясы Алашорда үкіметі таратылған соң алаш зиялылары халық ағарту ісіне баса мән берді. Алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарын құрастырып, жазды. Бірінші кезекте ағартушылық жұмыспен қатар, денсаулық сақтау, жұқпалы аурулардан сақтануды дұрыс жүргізуді дәріптеді. Денсаулық жайында көптеген кітаптар аударып, оларды қазақ тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп қайтадан жазды. Авторлар қатарында: Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, доктор Халел Досмұхамедұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Біләл Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы, Міржақып Дулатұлы, Рақым Иманбайұлы т.б қазақ білімпаздары болды. Жұқпалы аурулар мен олардан сақтану және алдын алу үшін қалам қабілеті жеткенше қажетті кітаптар шығарып, ұлт істерін өркендетуге өз үлестерін қосты. Оба, шума, шешек, сүзек, мерез, соз, таз-теміреткі, теңге қотыр, трахома (көз ауруы), көксау (туберкулез), безгек, құтыру, без аурулары және т.б жұқпалы науқастардың пайда болуы, жұғуы, олардан сақтану туралы жазған ең алғашқы қазақша кітаптардан 30 астамы бізге белгілі. Кітаптар Мәскеудегі «Күншығыс баспасы» , Орынбор мен Қызылордадағы «Мемлекет баспасы», Ташкенттегі «Мемлекет баспасы күншығыс бөлімі» арқылы мыңдаған тиражбен басылып, кең байтақ қазақ даласындағы жалпы жұртқа тарала бастады.
Төменде Алаш оқығандарының денсаулық сақтау, жұқпалы науқастар жайында жазылған бірнеше кітаптарына шолу жасап, 30 астам кітаптың тізімін жаза кетуді жөн көрдік.
Халел Досмұхамедұлының 1923 жылы Ташкенттен басылып шыққан «Шәкірттер саулығын сақтау» кітабы қазақ тілінде жарық көрген денсаулық сақтау туралы жазылған алғашқы оқулықтардың бірі. Шағын кітапша 1925 жылы қайта басылды.
1923 жылғы алғашқы басылым «Шәкірттер саулығын сақтау» кітапшасында 23 ескертпемен қысқартылып жазылған болса, 1925 жылғы «Оқушының саулығын сақтау» деген нұсқаларда 53 түрлі ескертпе жазып, толықтырылып берілді.
«Қазақ - қырғыз мектептерінде саулық сақтау жұмысының нашар екеніне күйініп, тілімізде саулық сақтау туралы еш бір құралдың жоқтығын ескеріп, осы кітапшаны аударып басуды мақұл көрдік» - деп, алғы сөзін өзі жазып, қазақ-қырғызға ортақ кітап дейді.
Денсаулық үшін жеке тазалыққа мән беруді ескертеді. «Ауру адам мен, саулығы күмән адам мен табақтас болма, еш кімнің сарқытын ішіп, жеме. Ас саймандарыңды өзіңе меншікті бөлек қылуға тырыс» («Оқушының саулығын сақтау». Халел Досмұхамедұлы. Т. 1925. 18-19 б).
Мәскеудегі Нәзір Төреқұлұлы басқаратын «Күншығыс баспасында» Әлиханның 1922-1927 жылдары жұмыс жасауы, Мәскеу төңірегіне бір топ қазақ білімпаз жастарының шоғарлануына себеп болды. Әлихан Бөкейхан «Күншығыс баспасы» баспасынан көптеген ұлт мұрасына қатысты кітаптар, жаратылыстану ғылымдары бойынша оқулықтар, әдеби салада аудармалар аударып, құрастырып басып таратты. Басқарма атынан кейбір кітаптарға алғы сөз жазып, сын берді. Сол кезеңде кітаптар мен оқулықтарға ең көп сын жазғандардың бірі - Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Ұлт саулығын басты орынға қойып, өзі де бастамашы болып денсаулық тақырыбында «Денсаулық сақта» (1926), «Жамандат - топалаң» (1926) кітаптарын қазақшалап оқырманға ұсынды. Өзге де қазақша жұқпалы аурулар жайындағы кітаптарға сын беріп, алғы сөз жазды. Мысалы, Жұмағали Тілеуліұлы «Көз ауруы - трахома» (1924), Тұрағұл Абайұлы «Жұқпалы ауруды ұсақ жануарлар таратады» (1927), Біләл Малдыбайұлы «Құрт ауруы» (1927) кітаптарына басқарма атынан алғы сөз жазып, сын берді.
Әлихан Бөкейхан денсаулық сақтау үшін ең бастысы халықты ағарту ісінің маңызын атап өтеді. Денсаулықтың басты кепілі, адамның жеке бас тазалығы. Жұқпалы науқастардың денсаулықты кемітетін және ауру жәндіктердің тасымалдайтынын айта келе, көшпелі қазақ тұрмысындағы тазалық мәселесін сынайды. Су және сабынмен жуынып тазалану керектігін ескертеді.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы кейбір салттар мен ырым-тиымдардың тазалыққа кері әсерін тигізіп, жұқпалы аурудың өршуіне себеп болатынын да айтады. «Біздің ел кісіден тақиа, бөрік, тымақ сұрап алады. Қарағым деп топ қатын баланы жабыла сүйеді» ( «Денсаулық сақта». Қыр баласы. М. 1926. 13-14 б).
Ахмет Байтұрысынұлының тапсырмасымен мектептер үшін алғашқы қазақ тіліндегі «Гигиена» оқулығын жазған Жұмағали Тілеуліұлы еді. 1926 жылы Мәскеудегі «Күншығыс баспасынан» басылып таратылған «Жұқпалы науқастар - оларға қарсы қолданылатын шаралар» кітапшасында - Оба науқасы және одан сақтану жолдары көрсетілген. Карантин енгізу, науқас білінген аумақты оқшаулау мәселесі айтылады. Обадан сақтану шаралары бүгінгі күнгі әлемді алаңдатқан COVID-19 вирусынан сақтану шарасына сәйкес келетіндіктен толық жаза кетейік:
(«Жұқпалы науқастар». Жұмағали Тілеулин. М. 1926. 63 бетіндегі ескертулер)
«Оба науқасы бар кезінде барлық жанға сақтану шарасын қолдану міндет:
1) Мас қылатын ішімдіктерден сақтану керек. Себебі мас қылатын ішімдіктер қарынының саулығын жояды. Мас болғандықтан ақымақтық пайда болып, сақтану құныт қылмай кетеді.
2) Ұйқы қалдырып мезі болып талығу, шаршағанша жұмыс қылуды қалдыруға керек.
3) Жан қиналғанша істелетін жұмыстарды тоқтату.
4) Қарынды ашырмай тамақтанып отыру. Қарынды тым толтырып ас ішпеу. Бұл екеуінен де қарыннан шығатын ащы су азайып бактерияға әлі келмей қалады.
5) Оба науқасы бар шақта, ел қыдырып қонақтауды қалдырып, осы секілді өлікке бата қылып, жиылыс қылуды тоқтату.
6) Науқастың маңайында болған нәрселерді, науқастың артынан шүперек заттарын сақар мен қайнатып алып, аяусыздарын өртеп жіберу.
7) Ағын судың бойында отырған елдің шетінен оба кірсе, сол судың бойындағы барлық елге тегіс тарайды. 1921 жылғы оба біздің Есіл бойындағы елдерге тегіс тараған.
Мемлекет көлемінде обадан сақтану ретінде оба жайылған жерді басқа сау ауданнан қоршап, қатынасу тиіп үкімет шара қолданады. Карантин бойынша ауру бар жерден сау ауданға қатынасу тоқталады. («Жұқпалы науқастар». Жұмағали Тілеулин. М. 1926. 63 б). Жұқпалы індет обадан - жеке адамдар мен мемлекет көлемінде қалай қорғану мәселесін түсіндіреді.
Ахмет Мамытұлы денсаулық сақтау саласында кітап жазу оқыған қазақ азаматтарының тарих алдындағы борышы деп қарап, қазақ білімпаздарына үндеу жасайды. «Жұқпалы аурулардан сақтану шараларынан жиі-жиі сөз қозғап елдің құлағына сіңдіру пайдалы, зиянды жолдарын көрсетіп тұру «мен азамат» деген санаулы адамдардың мойнындағы санаулы үлкен борыштарының бірі» («Теңге қотыр мен соз». Ахмет Мамытұлы. Т. 1926. 7-8 б) - деп, елдің денсаулық сақтау саласы басты орында болуын, ол саладағы ізденіске жағдай жасау және қолдауды мемлекет те өз мойнына алу керегін ескертеді. Оқыған азаматтарды тарих алдындағы жауапкершіліктен қашпай, ұлт үшін аянбай еңбек етуге шақырады. Ұрпақ алдындағы тарихи борышын еске салып, ағарту мен денсаулық ісіне өзін арнауға үндейді.
Ахмет Мамытұлы өзі бұл ұстанымынан айнымай, қуғынға ұшырағанға дейін көптеген кітаптар, оқулықтар аударып жазады. Олардың қатарында денсаулық саласы бойынша жазғандары: «Денсаулық жолында» (1930), «Балалардың саулығын сақта» (1930), «Соқырлық себептері»(1932), «Теңге қотырдан сақтану» (1932), Трахома (Көз ауруы) (1935) кітаптарын жазып, денсаулық саласындағы қазақ тілді кітаптардың алғашқы қатарын толықтырды.
Жұқпалы науқастар туралы қазақша алғашқы кітаптар жазған авторлардың бірі – Біләл Малдыбайұлы. Мәскеудегі «Күншығыс баспасынан» шыққан алғашқы қазақ кітаптарды таратуға белсенділік танытып, Көкшетаудағы таратушысы болды.
Біләл Малдыбайұлы «Құрт ауруы» деген кітабына басқарма атынан Қыр баласы сын беріп, кітаптың тұрмыстағы маңызы туралы тоқталады.
Қыр баласы: «Тамақ тоқ тән таза, көңіл шат болса, құрт аурудың құрты бұғып жүре береді де, адамды ауыртпайды. Жүк ауып кетсе, қаптаған біздей тесіп шыға келеді. Осы күні біздің елді аралаған дәрігердің бәрі қазақтың бәрі құрт деп келеді. Мұны өзге сөзге аударса, бұл қазақтың бәрі аш, лас деген болады. Өткен ұлы қырғын соғыста 4 жылда бір миллион 7 жүз мың кісі соғыстан өлді. Сол төрт жылда 2 миллион кісі құрттан өлді.
Құрт ауруы жұққыш, аш, лас адамның ажалы. Бұл кітапта құрт ауру туралы білім жазылған. Тілі анық, түсінікті, хат білетін қазақ кітапты жаттап алса, құрттан құтылуға шарау табылады» («Жаңа мектеп». № 3-4. 1927.).
Сонымен қорыта келе, қазақ тіліндегі алғашқы денсаулық жайында жазған оқулықтар мен аударма кітаптар ең азы 2000, ең көбі 10 000 дана тиражбен басылып Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына 100 мыңдап таратылып, жұқпалы аурулардан сақтанудың үгіт-нәсихат құралына айналды.
Қазақ білімпаздарының денсаулық тақырыбында жазған алғашқы кітаптары:
1, Қалел Досмұқамбетұлы. «Шәкірттер саулағын сақтау». Ташкент. 1923 ж. 20 бет..
2, Қалел Досмұқамбетұлы. «Оқушының саулығын сақтау». Ташкент. 1925 ж. 23 бет. Тираж - 5000 дана. Бәсі 12 тиін.
3, С. Жандосұлы. «Қызылша». (Орысшадан аударылған). Орынбор. 1923 ж. 20 бет. Бәсі 6 тиін.
4, Жұмағали Тілеуліұлы. «Денсаулық». Орынбор. 1923 ж.
5, Доктор Муралевич. «Мерез ауруы». (Сплис) аударып өңдеген: Жұмағали Тілеуліұлы. Мәскеу. 1924 ж. 58 бет. Бәсі 20 тиін.
6, Жұмағали Тілеуліұлы. «Гигиене». Орынбор. 1924 ж. 167 бет. Бәсі 75 тиін.
7, Доктор Глоба. «Көз ауруы - трахома». Аударушы: Жұмағали Тілеуліұлы. Мәскеу. 1924 ж. 24 бет. 3000 дана. Бәсі 12 тиін.
8, Доктор Гориев. «Денсаулық негізі тазалық». Аударушы: Біләл Малдыбайұлы. Мәскеу. 1926 ж. 27 бет. Бәсі 12 тиін.
9, Ахмет Мамытұлы. «Теңге қотыр мен соз». Ташкен. 1926 ж. (Қазақстан саулық сақтау комиссариятының тазалық ағарту бөлімшесі) 2047 дана. 47 бет. Тегін кітап.
10, «Денсаулық сақта». Жазушы: Қыр баласы. Мәскеу. 1926 ж. Алақандай 15 беттік кітапша. Бәсі 2 тиін.
11, Жұмағали Тілеуліұлы. «Жұқпалы науқастар». Мәскеу. 1926 ж. 84 бет. Бәсі 40 тиін.
12, Жұмағали Тілеуліұлы. «Қотыр науқасы». Мәскеу. 1926 ж. 32 бет. Бәсі 20 бет.
13, Мольков А.В. «Суы таза ауыл – сау болады». Аударған: Рақым Иманбай немересі. Самарқанд-Ташкент. «Өзбекстан мемлекет баспасы». 1926 ж. 20 бет. (Қазақстан саулық сақтау комиссариятының тазалық ағарту бөлімшесі). 1047 дана.
14, Доктор Шанс. «Безгек». Аударушы: Біләл Малдыбайұлы. Мәскеу. 1927 ж. 32 бет. 5000 дана. Бәсі 15 тиін.
15, Доктор Б.Броннер. «Жегі аурулар». Аударушы: Біләл Малдыбайұлы. Мәскеу. 1927 ж. 5000 дана. 46 бет.
16, «Гигиена». ІІ-нші басқыш мектептер үшін. Қызылорда. «Қазақстан мемлекет баспасы». 1927 ж. 143 бет. 3000 дана.
17, С.Е.Незлин. «Құрт ауруы». Аударушы: Біләл Малдыбайұлы. Мәскеу. 1927 ж. 96 бет. Бәсі 45 тиін.
18, Д.М.Рассиский. «Жұқпалы ауруды ұсақ жануарлар таратады». Аударушы: Абайдың Тұрауылы. Мәскеу. 1927 ж. 48 бет. Бәсі 20 тиін.
19, Сухарников. «Құтыру ауруы». Аударған: Рақым Иманбай немересі. Ташкент. Өзбекстан мемлекет баспасы. Бастырушы: Қазақстан саулық сақтау комиссариятының тазалық ағарту бөлімшесі. 1927 ж. 12 бет. 3000 дана.
20, Мадияр. «Шума қандай ауру». Қызылорда. 1927 ж. 11 бет. Тегін кітап.
21, Ы.М.Бик. «Тәуіпті қу, доғдырды шақыр». Ташкент. 1927 ж. 23 бет. Тегін кітап. Бастырушы: Қазақстан саулық сақтау комиссариятының тазалық ағарту бөлімшесі. 4000 дана.
22, Броннер. «Теміреткі мен таз туралы». Аударушы: Байтасов. Мәскеу. 1927 ж. 5000 дана. Алақандай 15 беттік кітапша. Бәсі 2 тиін.
23, Сухарников. «Қайталама кезік»(сүзек). Аударған: Рақым Иманбайұлы. Ташкент. «Өзбекстан мемлекет баспасы». 1927 ж. 10 бет. Бастырушы: Қазақстан саулық сақтау комиссариятының тазалық ағарту бөлімшесі. 3000 дана.
24, Е. В. Глотова. «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын науқастар». Аударушы: Жұмағали Тілеуліұлы. Мәскеу. 1927 ж. 48 бет, Бәсі 25 бет.
25, Сухарников. «Көксау ауруы» (Туберкулоз). Орал: Губерниялық орын шаруашылық бөлімі баспаханасы. 1928 ж. 12 бет. 30000 дана.
26, Штифин. «Құтыру деген немене?». Қызылорда. 1928 ж. 16 бет. Бастырушы: Қазақстан денсаулық комиссарияты. 7000 дана.
27, Ахмет Мамытұлы. «Денсаулық жолында». Қызыл-Орда. «Қазақстан баспасы». 1930 ж. 108 бет. 5000 дана.
28, Фалькнер В.Н. «Балалардың саулығын сақта». Аударған: Ахмет Мамытұлы. Қызыл-Орда. «Қазақстан баспасы». 1930 ж. 28 бет. 5000 дана.
29, Ахмет Мамытұлы. «Соқырлық себептері». Қызыл-Орда. «Қазақстан баспасы». 1932 ж. 21 бет. 10 000 дана.
30, Ахмет Мамытұлы. «Теңге қотырдан сақтану». Қызыл-Орда. «Қазақстан баспасы». 1932 ж.17 бет. 10 000 дана.
31, Ахмет Мамытұлы. «Трахома» (Көз ауруы). Қызыл-Орда. «Қазақстан баспасы». 1935 ж. (Колхозшылардың саулық сақтау кітапханасы №5). 10 000 дана.
Алаш зиялылары қазақ тіліндегі алғашқы жұқпалы аурулардан сақтану туралы кітаптар жазып, ел арасындағы жұқпалы індеттен сақтануға үндеді. Бұл кітаптар денсаулық саласындағы қазақ тілді алғашқы кітаптар қатарына енді. Ескеретін жәйіт: кітапта қолданған терминдер туралы да арнаулы зерттеуді қажет етеді.
Алаш зиялыларының еңбектерінде айтылған, жұқпалы аурулардан сақтану және алдын алу шараларын еске ала отырып, бүгінде әлемді алаңдатқан жұқпалы індеттен бірге сақтанайық!
Өткен тақырыптар:
Алаш зиялылары індетпен қалай күресті?
Қазақ халқы шума індетін қалай жеңді?
Абай Мырзағали
Дереккөз: Abai.kz