Қасым жыры – рух байрағы

Уақыты: 2021-05-26 Көрлімі: 597 Сипаттама

Өзінің өмірлік мұратын, әдебиет әлемінің алдындағы парызын «Нартәуекел» өлеңіндегі: Ж...



Өзінің өмірлік мұратын, әдебиет әлемінің алдындағы парызын «Нартәуекел» өлеңіндегі: Жығылсам да жүгірумен өтемін, Аяңшылдың ақылын мен не етемін. Жығылармын, алқынармын, шаршармын, Барар жерге бұрынырақ жетемін, – деген жолдармен жеткізген Қасым қазақ поэзиясының көгіндегі санаулы жарық жұлдыздардың бірегейі екені дау тудырмаса керек.

Қасым Аманжоловтың туғанына ғасыр толған салтанатына орай 2011 жылы өткен дүбірлі мерекеде пікір біл­дірген жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Қасым – ұлы ақын... Қазақта көрнекті ақындар көп, ал ұлылар – санаулы. Ұл­тымыздың ұлылар көшін Абай бастайды. Одан кейін Мағжан, Сұлтанмахмұт, Қасым... Санасаң, бір қолдың саусағы жететін ғана ұлылар бар. Сондықтан Қасымды «көрнекті» деп төмендетуге, оның тұғырын аласартуға болмайды. Қасым – онсыз да қоғамнан қағажу көріп, бүгінгі күнге дейін шын мәнінде дәріптелмей келген ақын... Түсінген жанға Қасым – ұлттық рухымыздың байрағы. Қасымды дәріптеу арқылы біз ұлттық рухымызды жаңғырттық», деген еді. Шын мәнінде, ұлттық бірегейлік, салт-дәстүр мансұқ етіліп, кеңестік-ком­мунистік идеология тобырлық мә­де­ниеттің туын көтерген қоғамда: «...Кең пейілді, кең далалы қазақпыз. Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз. Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын кескілеспей бермейміз, Сертің осы – азат жігіт, азат қыз!» деп жырлау үшін ақкөз ерлік қана емес, салқын сана мен зерек ақыл да керек. Зер салған оқырман осы өлеңінің өзінен Қасымның Алаш арыстарымен үндестігін, Жүсіпбек Аймауытов пен Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы» сарынын аңғарады. Поэзия есігін 1940 жылы: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!» деп, серпе ашып келген Қасым Аманжолов аз уақыттың ішінде сол кездегі қазақ әдебиетінен өзіне лайықты орын алды. Перзенті Дариғаға арнаған күнделігінде: «1945-1946-жылдары мен қазақ ақын­дарының ішіндегі нағыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойын­дады, өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындық қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді. Ақын адамның борышын түсіне де білдім. Қара бас қамы емес, халықтың хамы, әдебиеттің дағдыры менің өз ісіме айналды» деп жазған екен (ақынның жазу стилі сақталды). Бірақ таланты қанша мойындалғанына қарамастан, тұрмыстың, әсіресе баспанасыздықтың ауыртпалығын қатты тартады. Сол тұс­та Алматы қаласының басшылығы да, Жазушылар одағының жетекшілері С.Мұқанов мен Д.Снегин де ақынға жағдай туғызу үшін тұяғының ұшын қимылдатпаған екен. Тек, кейінірек, науқасы дендеген шағында ғана Қазақ­стан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Ілияс Омаровтың көмегімен пәтерге ие болады.

Қасым тұрмыс таршылығын кешіп жүрсе де түрлі жанрда өндірте жазады. Оның «Туған жер», «Көктем», «Алтын айна алдында», «Домбыра», «Ай астында алтын тау», т.б.лирикалық, «Құпия қыз», «Боран» (аяқталмаған), «Сырттан» сынды эпикалық, «Қорлығайын», «Аң­қау Жүсіп», «Досымның үйленуі» тә­різді драмалық шығармалары осы 8-9 жыл­дың жемісі.

Қасым – сан қырлы талант. Ол музы­­калық аспаптардың алуан түрінде ойнағаны, тап-тамаша ән шырқап, өз өлеңдеріне музыка шығарғаны белгілі. Оның «Дариға, сол қыз!», «Өзім туралы», т.б. еңбектері халық арасына төл әуенімен таралған. Сонымен бірге Қасым өлеңдеріне тән тағы бір ерекшелік – олардың ішкі ырғағының, әуезділігінің музыкаға бейімділігі, әнге сұранып тұратындығы. Қазақ музыка өнерінде айшықты орны бар композитор Ғазиза Жұбанова мынандай жазба қалдырыпты: «...жаным сұлу болсын десе, әдемі болсын десе, Отанды сүйем десе, жарын сүйем десе, әр адамның алдында Қасым Аманжоловтың өлеңдері тұруы керек... Мен үйде балаларыма: «Қасым Аманжоловтың өлеңдерін білмесеңдер, оқымасаңдар, сендер тек поэзия ғана емес, музыканы да білмейсіңдер, музыканы да естімейсіңдер» деп айтам».

Міне, осындай ұлы ақын, қазақ хал­қының рухани өмірінде ерекше сонар жол қалдырған Қасым Аманжоловтың жарық дүние есігін ашқанына биыл 110 жыл толады. Оның есімі Қарағанды жұртына айрықша қымбат болуының үлкен себебі – кіндік қаны осы облыс аумағында, Қарқаралыдағы Кент тауының бөктерінде тамуы. Осыған орай, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті аталған жоғар­ы оқу орнының гуманитарлық және әлеу­меттік-экономикалық бағыттағы ғы­лыми-зерттеу жұмыстары гранттық қар­­жыландыру конкурсына түскен «Қа­сымтану мәселелері» атты жобаға қолдау білдірді. Жұмыс істеу мерзімі бір жылға шақталған жобаны жүзеге асыратын топ осы уақытта Қасым Аман­жолов шығармашылығын заманауи көзқарас, оқырмандардың бүгінгі сұ­ранысы тұрғысынан қайта зерделеп, кезінде қасаң қағидалар тұрғысынан үстірт қаралған мұраларына объективті баға беруге тырысады. Соның ішінде, кеңестік идеология қыспағындағы қа­­зақ әдебиетінің, әсіресе, поэзия жанр­­ларының әлемдік классикалық стильде жаңарып, жаңғыруына теңдессіз үлес қосқан Қасым туындыларын 1930-1960 жылдардағы әдеби даму үрді­сімен сабақтастықта талдауға, оның поэзиясындағы туған жер, атамекен архетипі жырлануының генезисі мен ти­пологиясын саралауға, романтизм әдісіндегі поэмаларының поэтикасын байыптауға, аударма саласындағы ең­бектерін және эпистолярлық мұрасын қа­растыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қ­асым поэзиясының формалық, жанр­лық әралуандығына қазіргі заман тұр­ғы­сынан әдеби-теориялық талдау­лар жасау да назардан тыс қалмауға тиіс. Оның әлем поэзиясындағы сонет, романс, баллада жанрларын қазақ әде­биетіне тыңнан орнықтырудағы жа­ңашыл ізденістерін айқындау керек. Кеңестік идеологияның, өктем жүйе­нің қысымына ұшыраған тұста шы­ғар­машылық еңбегінде орын алған іркілістердің себеп-салдарын, көңіл күйін­дегі жүдеушілікті байыптау – дербес мәселе. Қысқа қайырып айтқанда, күн тәртібінде – қасымтанудың кешегі және бүгінгі мәселелерін жаңаша әдіс­намалық танымда саралау тұр.

Жоспарланған жұмыстарды атқа­ру үшін жобаға қатысушылар биыл Қасымның «жүрген жолдармен» жүріп, Семей, Орал, Алматы қалаларындағы мұ­­рағаттар материалдарын жинасты­руды, «Қасымтанудың қа­зіргі мәселелері» атты дөңгелек үс­­тел ұй­ым­­дастыруды, жыл ішінде Қасым Аман­­жолов өмірі мен шығарма­шы­лы­ғының библиографиясын әзірлеуді, «Қасым Аманжолов тағылымы» әдеби-сын ма­қалалар мен зерттеулер жинағын шығаруды, жыл соңына қарай «Ей, тәкап­пар дүние, маған да бір қарашы!..» деген тақырыпта студенттердің респуб­ликалық мүшәйрасын өткізуді белгілеп отыр.

Адам болмысының ажалсыздығын асқақ шабытпен тебірене толғаған Қа­сымның қасқа жолы жер бетінде қазақ деген халық барда, оның телегей-теңіз әдебиеті барда жасай беретіні, жалғаса беретіні күмәнсіз.

 

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

Мәдениет қайраткері

Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Таңбалыдағы таңғажайыптар
    Зобалаң жылдар запыраны

    Ұқсас тақырыптар