ҚР Парламенті Сенатында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» үш томдық жинағы таныстырылды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайммыз.
Үш томдықта Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру тарихын баяндайтын мыңнан астам архив құжаттары жинақталған. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған.
«Ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болды. Тіпті осы алапат қасіреттің салдарынан халықтың жартысына жуығынан айырылып қалдық. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталғанын жақсы білесіздер. Президентіміз ашаршылықтың әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келе жатқанына және құрбандарының саны туралы ортақ пайымның жоқ екеніне назар аударды. Соған байланысты Мемлекет басшысы тиісті тарихи құжаттарды жинап, мәліметтерді аса мұқият зерделеуді тапсырды», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев кітаптың тұсаукесерінде.
Сенат төрағасы Кеңес үкіметі тұсында ашаршылыққа қатысты құжаттар мен деректердің мемлекеттік құпия саналып, ғалымдар үшін қолжетімсіз болғанын атап өтті.
«Тәуелсіздік алған соң ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен тарихымыздың соқтықпалы-соқпақты жолдарына ерекше көңіл бөлінді. Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тиісті зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде ашаршылық бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес сол кездегі тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екені ашық айтылды. Дегенмен әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар. Сол үшін аталған тақырыпты зерттеп-зерделеу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Оның үстіне биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл, ал отызыншы жылдардағы екінші кезеңіне 90 жыл толып отыр. Осындай маңызды даталар аясында өткенімізді жүйелі түрде сараптап, тарихтан тағылым алудың терең мәні бар. Бұл бізге ең алдымен, Тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет», - деді М. Әшімбаев.
Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нұртөре Жүсіп бұл жұмыстардың Мемлекет басшысының аштық тақырыбын зерттеу, тарихи мәліметтер мен құжаттарды жинақтау туралы тапсырмасы екенін айтты.
«Жинаққа енген деректердің 60-70 пайызға жуығы – бұрын жарық көрмеген жаңа мәліметтер, архивтерде шаң басып жатқан құжаттар. Жинақты құрастыру барысында Орталық мемлекеттік архивтен, Президент архивінен, кеңестік кездегі күштік құрылымдардың директивалары, бұйрықтары, сол кезеңнің шынайы және ащы қасіретті шындығын қамтитын көптеген құжаттар жинақталып, бірінші рет үлкен үш томға біріктіріліп отыр. Әр кітап 250-300 тарихи құжаттан құрылған. Бұл – тек қана бастамасы, тәуелсіз ел ұрпақтарының тарихи кезеңнің ақиқатын біліп-сезінуі үшін, қазақ халқы басындағы қасіретті оқиғаның қалай болғанын жан-тәнімен сезінуі үшін жасалған үлкен жинақ. Менің білуімше, жалпы Кеңес кезеңін қоса алғанда және Тәуелсіздіктің 30 жылдығында дәл осындай мазмұнды көлемді жинақ жасалмаған. Әр жерде архив құжаттары шашылып жатыр. Өңірлердің архивтері көптеген құжаттар осындай іріктеуді күтіп жатыр. Бұл тарих саласымен айналысатын мамандар үшін, жас зерттеушілер үшін де пайдалы болмақ», - дейді Нұртөре Жүсіп.
Спикердің айтуынша, жинақта Абайдың ұлы Тұрағұлдың да жазған өтініштері бар: «Мен қазір орта шаруадағы адаммын. Бұйрық бойынша байларды қудалауға 350 малы бар адамдар ілінуі керек. Менің 16 ғана малым бар. Мен тіпті орта шаруа қатарына да жатпаймын» деген жанайқайлары бар.
«Негізгі құжаттар еш өзгеріссіз, түзетусіз берілді. Ондағы протоколдар, бұйрықтар, жоғарыдан түскен нұсқаулар, іс-қағаздың барлығы орыс тілінде жүргізілген. Оны неге қазақ тілінде толтырылмаған деп айта алмаймыз. Бұл – Совет кезеңінің мұрағаты, түпнұсқа құжаттар. Сондықтан, жинақты құрастыру барысында оның бәрін аударуды қажет деп таппадық. Енді жеке зерттеушілер оны аударып, өзінің ғылыми еңбектерінде қазақ тілінде қолдануға болады», - деп түсіндірді Н. Жүсіп.
Үш томдық жинақ үш айда құрастырылған және мың дана таралыммен шыққан. Кітаптың сыртқы мұқабасы да қасіреттің белгісіндей сары түсте, сарғайған ескі парақтар секілді безендірілген.
«Кітап барлық кітапханаларға жіберіледі. Сосын зерттеушілер өз өңірінде, өлкесінде зерттеу жүргізсе дейміз. Біз негізгі 1928-1934 жылдар аралығындағы ең қажетті құжаттарды ғана жинастырдық. Оған енбей қалған том-том парақтар бар. Мысалы әр облысты алып қарасақ, жинақты 17-20 томға дейін жеткізуге болады. Осының негізінде өңірлік, өлкелік, аймақтық тарихи құжаттарды жинақтап, бір ізге түсіріп алса, ғылыми айналысқа енгізілген үлкен үлес болар еді», - деді депутат.
Өз кезегінде кітаптың жауапты редакторы, белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл еңбектің осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.
«Біз ашаршылықтың себептері мен трагедиялық салдары туралы бұрын жарияланған және осыған дейін еш жерде жарық көрмеген материалдарды салыстыра отырып, талдау жүргіздік. Соның арқасында республикалық, өңірлік және шет елдердегі архивтерде сақталған деректердің ауқымды қорын жасақтадық. Бүгін жарық көріп отырған кітапты ашаршылық тақырыбы бойынша Қазақстанның бірыңғай және жүйелі базасын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам деп қабылдауға болады», – деді Берік Әбдіғалиұлы.