Белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының “Халықаралық феномен: Қазақ халқынын бөлінуі мен тұтастану үдерісі” атты монографиясы жәйлі бірер сөз
БІЗ ҚАЗАҚТЫҢ ТҰТАС ТАРИХЫН ҚАНШАЛЫҚТЫ БІЛЕМІЗ?
Адамзат тарихының ұзақ салқар көшінде тарих сахнасында дәурендеген сандаған ұлт пен ұлыс біздің заманымызға жете алған жоқ. Құдайға шүкір, біз, қазақтар бұл күнге жеттік. Әрі Қазақстан деп аталатын кең байтақ, тәуелсіз елдің иесіміз. Ата-бабамыздан мұраға қалған қазақтың күллі этнотерриториясы басы бүтін бізге мұраға қалмапты. Оның тарихи себеп-салдары жеткілікті.
Ықылым замандардағы ғұндардан бастап, Түрік қағанаты мен Алтын Орданы айтпағанда, біздің туған халқымыз Қазақ хандығы деп аталатын тәуелсіз елде біртұтас ұлт ретінде төрт ғасырға жуық дәурен сүріппіз. Ал одан соңғысы – бодандықпен бөлініп-жарылған қасіретті тарих. Қазақтар қалай бодан болды, қалайдан қалай бөлініп-жарылды және шарасыздан түрліше жат жұрттың бұғаулық қамытын киген халқымыздың әлеуметтік-саяси жағдайы қалай болды деген мәселе жөнінде аңызға жуық түрлі алып-қашпа әңгімелер, шала-пұшық журналистік пайымдаулар тұтас ұлттың бөлініп-жарылу тарихын бір жақты түсіндірумен шектелді.
Әрине, тәуелсіздіктен кейін отандық ғалымдар диаспоратану жағында аз еңбектенген жоқ. Бірақ, тұтас жер шарында түрліше жағдайда тірлік кешкен күллі қазақтардың қалыптасуы мен даму тарихын, саяси және әлеуметтік жағдайын жүйелі, ғылыми негізде жан-жақтылы зерттеп жазылған арнайы ғылыми еңбекті біз күні бүгінге дейін кездестірген жоқпыз. Ашығын айту керек, бұл – отандық ғылымның ақтаңдағы болатын.
Тәуелсіздіктен бұрын шетелдерде, әсіресе, Қытай иелігіндегі қазақтың этнотерриториясында өмір сүрген қазақтар туралы аздаған жазба деректер де кездеседі. Мысалға, Шоқан Уәлиханов өзінің «Ұлы жүз туралы» деген еңбегінде: «Бұл өлкеде (Іле) үйсін, ұйғыр, жоңғар хандықтарының билігі бірін-бірі алмастырып отырған. Жоңғар хандығын 1755 жылы қытайлар жаулап алған» – деп жазу арқылы бүгінде Қытайдың Іле Қазақ Автономиялық облысы ірге тепкен Іле аймағын ерте заманғы үйсін елінің аумағы болғандығын аңғартады. Кейін, «Айқап» журналының тілшілері сол өңірдегі Найманның Қызай руының тыныс-тіршілігі жөнінде жан-жақтылы мәлімет берген. Ал жазушы Сәбит Мұқанов 1956 жылы арнайы делегациямен ҚХР сапарлай барғанда қазақтар тұрған аймақтарды аралап, Іледегі Көкқамыр жайлауында жатқан Әсет Найманбайұлының басына тәуеп етіп қайтқан екен. Сол сапарынан туған «Алыптың адымы» деп аталатын еңбегінде Қытайдағы қазақтар туралы тым мардымсыз болса да, естеліктер жазып қалдырған.
Бірақ, жүйелі ғылыми зерттеудің болмауы өз кезінде саяси шешімдерге және биліктегілердің, тіпті, тұтас халықтың кеңестік кезеңдегі сыңар жақтылы үгіт-насихаттан арыла алмай жүргендігі ащы да болса шындық. Көптеген адамдар шетелдегі қазақтарды күні бүгінге дейін Қазақстаннан аштық жылдары бас сауғалап кеткен бай-кулактардың ұрпағы деп түсінеді. Бір кездерде мұндай түсінік Қазақстан билігінің ресми құжаттарынан да көрініс тапқан.
Еліміздің 1991 жылы 16-желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» конституциялық заңының 7-бабындағы: «ҚР жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұйымдастыру кезеңінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика аумағын тастап кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ, бұрынғы одақтас республикалар аумағында тұратын қазақтардың да өз территориясына оралу үшін жағдай жасайды» – деген тұжырым жасаған. Егер осы ұғымдағы қазақтардың санатындағы адамдар және олардың ұрпақтары ғана елге оралатын болса, Ресей мен Қытай қазақ жерін пышақ үстінен бөлісіп алудан бұрын-ақ ата-бабаларын бүгінгі шекара сызығының ар жағында өмір сүрген мен пақырдың тәуелсіз Қазақстанға қоныс аударуы мүмкін болмас еді. Сол кездегі түсінік бойынша, мені де сол бай-кулактардың ұрпағы деп қабылдаған болса керек.
ҚАЗАҚТЫҢ БӨЛІНУ ТАРИХЫ
Таяуда «Қазақ университеті» баспасынан белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының «Халықаралық феномен: Қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты монографиясы басылып шықты. Кітапты жата-жастана мұқият сүзіп шықтық.
Кітапта қазақ халқының бөлінуі мен бірігу-бірегейлену тарихи үдерісі пайымдалады. Еңбекте қазақ халқының ұлт болып қалыптасуы мен мемлекет – хандық құруы әлемдегі ұлттардың қалыптасуы мен жаңа замандық ұлттық мемлекеттердің құрылған фазасымен қарайлас болғандығы, бірақ қазақ халқының әлеуметтік дамуын Батыс елдерімен байланыстың, олардың жаңа заман өнеркәсіп мәдениетін қабылдауға мүмкіндігі болмауы, ақыры шарасыздан патшалық Ресей империясына бодан болуы пайымдалады.
Еуразиядағы саяси жағдайдың өзгерісіне байланысты, 1864 жылы патшалық Ресей мен Қытай Цин империясы қазақ даласынан мемлекеттік шекарасын делимитациялануына байланысты, біртұтас қазақ халқы отырған жерлерімен бірге екі мемлекетке бөлінді. Қытайға тәуелді болған қазақтардың Алтай аймағында тұратын Абақ Керейдің кейбір рулары жайлы жайылым іздеп, Моңғолия жеріне көшіп барып, Баян-Өлгей аймағына, Қобда өңіріне қоныс тепті. Тағы бір бөлігі безбүйрек отаршылдардың қысымына төзбей, Алтайдан шығысқа қарай қоныс аударып, Ганьсу, Цинхай және Тибет жерлеріне дейін барып, кейбір бөлігі содан әрі шетелге босып кетуге мәжбүр болды. Олар Қытай – Үндістан шекарасынан Кашмирге өтіп, одан Түркияға жетіп тұрақтады. Кейін олардың және бір бөлімдері еңбек миграциясымен Еуропа елдеріне қоныс аударды. Ресей құрамындағы қазақтар тарихи әлеуметтік өзгерістерге байланысты КСРО құрамында, Қазақстан және басқа да одақтас республикаларда өмір сүрді.
Профессор Нәбижан Мұқаметханұлы халқымыздың басынан өткен осы бір қырғынға толы қилы кезеңдерді мұрағаттардан алынған мол тарихи деректермен майдан қылшық суырғандай егжей-тегжейлі баяндап береді. Тарихта отаршылдар тарабынан қуғын-сүргін мен атып-асудың, аштық пен зұлматтың сан қилы сұмдығын бастан өткерген халқымыз орны толмас бодаулар бере жүріп, тәуелсіздікке де жетіп, ұлттық тұтастанудың жаңа дәуірін бастан өткеріп жатыр.
Кітапта отаршылдардың халқымызды тарихи жадынан айырып, ұлттық сана-сезімін сан түрлі сұрқия саясаттар арқылы ойрандауға тырысқанымен, мүлде өшіріп жіберуге шамасы келмегендігін автор мол тарихи айғақтармен айқын дәлелдеп береді. Бұл үдеріс – КСРО құрамындағы, Қытай боданындағы, Моңғолия қарамағындағы қазақ қауымына ортақ құбылыс. Қазақтардың қай елде өмір сүрсе де, бір-біріне деген қандастық, бауырмалдық сезімі ешқашан өшпепті. Еңбектің өн бойынан қаны сорғалап тұрған тарихи айғақтардың шындығы арқылы біз осы бір ақиқаттың куәсі боламыз. Бұл жағдай, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Қытай иелігіндегі жерлерге бас сауғалап барған жүз мыңдаған босқын қазақтардың ол жақтағы тұрғылықты қазақтардың арасына және Қашқариядағы ұйғырлардың арасына барған екі басқа тағдырынан айқын көрінеді. Бұл жағдай 30-жылдардағы ашаршылық нәубеті кезінде де айна қатесіз қайталанды.
Шығармада мына бір тарихи шындыққа да ерекше орын берілген. Ұлтымыздың сорына қарай, қазақтар өмір сүрген Кеңес Одағы, Қытай және Моңғолия жерінде басқан ізіне қан ұйып қалатын, қылышынан қан тамған коммунистік билік орнап, ұлтымыздың бетке басар қаймақтарын түгелге жуық оққа байлайды. Мұндай ұлттық трагедия бір із, бір тәсілмен осы елдерде айна-қатесіз қайталанады. Ғалым осы бір ұлттық трагедияның қыры мен сырын ашуға мол тарихи мағлұматтар арқылы ерекше ден қойғандығы байқалады. Қазақтар басынан өткерген қасірет – әлем халықтары арасында сирек кездесетін геноцид. Мұны бүгінгі заманға қу сүлдерін сүйретіп зорға жетіп, тәуелсіздікке қолы жеткен ұлттардың ішінде тек еврей халқының басынан кешкендерімен ғана салыстыруға болады.
ҚАЗАҚТЫ БІР БІРІНЕ ЖАТ ЕТКЕН ТАРИХ
Ғасырларға созылған отаршылдық үстемдік халқымыздың сана-сезіміне, салт-дәстүріне, ұлттық менталитетіне жуық арада айықпастай жара салды. Әсіресе, отаршылдар әр елдегі қазақтарды бір-біріне жат, тіпті, жау етіп көрсетуге жанталасты. Ондай саясат нәтижесіз де болған жоқ. Оның нақты мысалы аталған еңбекте бұлтартпас дәлелдермен айқын көрініс тапқан. Мұндай азғындау мен бөгделенудің салдары ұлттық тұтастануға бет алған қазақ көшіне байланысты көзқарастардан айқын аңғарылады. Автор өз еңбегінде тәуелсіздіктің қарсаңында басталған қазақ көшіне байланысты пайымдауларында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон саясатын ерекше жоғары бағалайды. Ғалымның пайымдауынша мұндай бірегей шешім, ұлы саясат, дау жоқ, біздің ұлттық мемлекетіміздің қалыптасуына ерекше серпін берген табысты саясат болғандығын айта келіп, аталған саясаттың атқарылу барысындағы әттеген-айларды да айналып өтпейді. Бұған кінәлілер ретінде биліктің жоғары баспалдағында аса маңызды лауазымды қызмет атқарған, ұлттық сана-сезімнен жұрдай лауазым иелері екендігін, олардың ұлтық тұтастануға және түптеп келгенде қазақтың ұлттық мемлекетінің салтанат құруына қарсы саналы-санасыз түрде жасаған жаулық әрекеттерінің түп-тамырының отарлық, құлдық санада жатқандығын тарихи фактілермен тамыршыдай дөп басып, дәлелдеп береді.
Тәуелсіз Қазақстанға құйылған қазақ көші біздің жас, тәуелсіз елімізге не берді деген мәселені де ғалым бұлтартпас дәлелдермен қазақ көшінің ғылым-білім, экономика және өнер саласында қандай жетістіктермен ерекшеленгендігін соқырға таяқ ұстатқандай алдыға жайып салады.
ҚАЗАҚ КӨШІНІҢ МАҢЫЗЫ
Кітаптың соңында қазақ көші мен мәңгілік ел мәселесі жан-жақты сөз болады. Ғалым «Мәңгілік Ел» идеясының туындауы, оның тарихи негізі, идеяның құндылығы, қоғамдағы аталған идеяға болған түрліше түсінік пен көзқарас туралы да талдау жасай келіп, оның қазақ көшімен байланысына ерекше мән береді. Профессор Н. Мұқаметханұлы «Мәңгілік Ел» идеясын мәңгілік ету үшін: «Ата-бабаларымыз сияқты кедей халықты бай қылу, аз халықты көп қылу қажет. Баю мен көбею диалектикалық қатынаста болып табылады. Жай сөзбен айтқанда, байысаң көбейесің, көбейсең байисың, күшейесің. Ұлттық демографияны көбейтудің бір жолы – Елбасы тәуелсіздік алғашқы жылы алға қойған шетелдерде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтарды тарихи Отаны – Қазақстанға оралту саясатын дамытып кемелдендіру. Бұл Ұлт көшбасшысының қазақ тарихына жауапкершілікпен қарауы әрі тәуелсіз Қазақстан қоғамын дамыту мен нығайтуды көздеуден қабылдаған салиқалы саясаты. Мұның өзінде ұлттық стратегиялық мән бар. Өкінішке орай, бұған көптеген басшылар да, зерттеушілер назар аудара бермейді. Қазақстанда ұлттық біртұтастануды, мәдени кемелденуді іске асырмай тұрып, басқа этностарды баураймын деу, түркі елдерінің, әлем халықтарының құрметіне бөлене қоямыз деуді, мен тым аңқаулық деп санаймын. Өзіңді өзің жарылқай алмай жатып, өзгенің көсегесін көгертуге мұршамыз келе қоймас деп ойлаймын. Сондықтан, іргелі жұмыс жасауға, прагматизмге беттегеніміз жөн болар! Қашанғы іске аспайтын бос қиялмен өмір сүреміз?!» – деген пайымдауларын ұсынады. Бұдан асырып не айтуға болады?
Ғалым еңбегімен терең танысқан адам ұлттық мемлекет құрудың және оны мәңгілік етудің бірден-бір жолы «біріңді қазақ бірің дос көріп», ұлттық тұтастану арқылы құдыретті елге айналуға болатындығын ғылыми түрде дәлелдеп бергендігіне куә боламыз.
Рақым Айыпұлы
Дереккөз: mınber.kz