Қай кезде болсын қоғамның дамуын алға жылжытуда жекелеген тұлғалардың феномені ерекше орын алады. Өз елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «Аса көрнекті тарихи қайраткерлердің, шын мәніндегі мемлекетшілердің тұтас бір шоғырының – жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген тұлғалардың ұлттық мүдделерге қызмет етуінің ұлы тарихи үлгісі көз алдымызда тұр», деп жазғанындай, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу – парызымыз.
Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтардың бірі – Нәзір Төреқұлұлының ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен Алаш қайраткерін кеңірек тануға тек еліміз дербес саясат жүргізе бастаған кезде ғана мүмкіндік туды.
«Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұлұлы болып табылады», деген еді халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов дипломат, саясаткер Тайыр Мансұровтың «Елші Н.Төреқұлұлының Арабия дастаны» кітабына жазған алғы сөзінде.
Нәзір Төреқұлұлы Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған мақалалары мен биік мінберлерде жасаған баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Ресейдің Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет айтып, ашық әшкерелеген. Н.Төреқұлұлы – осындай саяси әрекеттері арқылы XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері. Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасы Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек, оның орны бөлек екендігіне көз жеткіземіз. Міне, осы бір қилы кезеңде басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты. Ол негізінен ағартушы, білгір баспагер, ел мен елді елдестірген елші болып өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының қақ ортасында шоқтығы биік тұрды. Қандай қызмет атқарса да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті.
Нәзір Төреқұлұлы – қарымы үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып, «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916-1917 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны көпке мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған Нәзір Төреқұлұлы. Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып, шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап, көптеген мақала жазып жариялады. Бұл орайда оны жалынды публицист ретінде танимыз.
Н.Төреқұлұлы өзбек, тәжік тілдерінде өз ана тіліндей сөйлеген, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, меңгерген білімін іске жаратқан үлкен ғалым болған. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгреске арнайы қатысып, алфавит жайында баяндама жасаған. Онда латын әліпбиін қолдаған. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазған. Өмірінің соңында түркі тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізген. «Түрік халықтары кіндік баспасының» бас редакторы кезінде 12 тілде кітап басып шығарған.
Нәзір Төреқұлұлы – Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-1928 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Түркі халықтарының мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды.
1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан Ревкомы төрағасының орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының төрағасы болды. 1920 жылы Түркістан Коммунистік партиясы Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарды.
1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Мәскеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ берді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығаруды қолға алды. Бұл журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады» (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». №16, 1923 ж).
Көпұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлұлы партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркі-
станның қызыл жылнамасы» журналын шығарды. Мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедовтер оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлұлы тұрды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени іс-шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырған.
Нәзір Төреқұлұлының Түркістандағы қызметі аса бір күрделі кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай, жергілікті саяси топтарға «орталықтан жіберілген басшылар… дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты… орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды…». Мұндай аласапыранда өзінің берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принципіне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.
Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. «Ислам және коммунизм» мақаласында Ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарды. 1921 жылдың 7 ақпанында Үкімет басшысы Н.Төреқұлұлы мұсылман жамағатының ыңғайын бағып, бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырған №14 декретке қол қояды. Сонымен бірге Құрбан айт күндерін мереке деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен бірдей еді.
Өкінішке қарай, Н.Төреқұлұлының бұл бастамасын сол дәуірде жүзеге асыру мүмкін болмады. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды.
Сонымен қатар Нәзір Төреқұлұлы Пржевальск қаласының Қарақол атауын қолдаған.
Оның оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары әлі де маңызды. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударған.
Ташкентте әуелі қазақ ағарту институты аталған, кейіннен жоғары педагогикалық институтқа айналған оқу орнын құрудың басы-қасында жүрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы тұңғыш жоғары оқу орны еді.
1922-1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары, «алашордашылдарға» қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке қарай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, жазықсыз атылып кетті.
Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлұлы толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда одақтық деңгейде басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркітілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықпен етене араласып, адамдарды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінде жарияланған мақалалары езілген халықтарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берді.
Түркістан Орталық комитетінің төрағасы болып жүріп жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда.
Түркістан Үкіметін басқарып тұрғанда Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді де көндіре білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №4, 5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасына беру туралы №341 декретті бекітіп, қазақ елінің ресми территориялық картасына қабылдатқызған. Cол кезеңде бүгінгі Маңғыстау облысы Закаспий облысының құрамында болған еді. Закаспийдің бергі беті – Түрікменстан, Маңғыстау жері болса, арғы беті Дағыстанның жері болатын. Мұндай тарихи маңызы зор құжаттың бастамасында 1920 жылдың 16 қазанында Түркістан Республикасы Орталық Атқару Кеңесінің төрағасы Нәзір Төреқұлұлы тұрған еді. Осылайша, ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында қойнауына құт қонған қасиетті Маңғыстау түбегі қазақтың бағына айналды.
1927 жылы 15 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы Нәзір Төреқұлұлын Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) елші етіп тағайындайды. Сегіз айдан соң Нәзір жаңа қызметке Таяу Шығысқа аттанады. 1928 жылғы маусымда Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы – Сауд Арабиясындағы КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып тағайындалады. 1928 жылдың 3 қазанында Мекке қаласында корольдің ұлы Фейсал ханзадаға сенім грамотасын тапсырады. Осылайша, Нәзір Төреқұлұлы КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу қарапайым қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі – бәрі ескерілген. Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені де назарға алынған. Сөйтіп ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Елшілік міндетіне кіріскен Н.Төреқұлұлы елшілік жанынан емдеу клиникасын ашуға күш салады. Артынша балаларға арналған тіс емдейтін кабинет аштырып, Мәскеуден Мерзон деген маманды алдырады.
Елші Нәзір Төреқұлұлы араб түбегіне келгенде жергілікті саяси ахуал Англиямен қарым-қатынасқа байланысты барынша шиелініскен кезең еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қанық, хас иманды, аузы уәлі елші ғаламдық дау-дамайға батыл араласады. Арабша білмейтін Нәзір көп ұзамай аудармашысыз-ақ байланыс орната білген. Мұнысы еуропалық елшілерді, әсіресе, ағылшын Бонд мырзаның өзін таңғалдырған. Сонымен қатар Нәзір корольдің аса ықпалды тұлғасы, қаржы министрі Абдулла Сулейманды КСРО-мен сауда қатынасын жасауға көндіреді.
Нәзір Төреқұлұлының дипломатиялық корпус дуайены (бір мемлекеттегі бүкіл ел елшілерінің жетекшісі) болып тағайындалуы ағылшындармен арадағы «тарихи тартысты» өз пайдасына шешкендігінің нәтижесі еді. Осы қызметте жүріп, әлденеше рет үлкен және кіші қажылыққа барып, мұсылмандық парызын да өтейді. Сегіз тілді еркін меңгерген азулы елдің елшісі Н.Төреқұлұлының жастайынан қалыптасқан мәмілешіл, бітімгершілік қасиеті екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды биік сатыға көтергені – тарихи шындық.
Академик, Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері Евгений Примаков өз еңбектерінде: «Қайсыбір мемлекетке қатысты саяси бағдарымыз көбіне оның кімнің әрі қалай жүзеге асыруына қатысты келеді. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі Нәзір Төреқұлұлының орны айрықша екендігі даусыз. Сол жылдардағы басшылықтың Ислам жеріндегі өз өкілі ретінде, біріншіден, діни нәзіктікті тереңнен түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін дұрыс таңдаған кадр саясатын атап өтуге міндеттіміз. Бұл өзін толайынан ақтаған таңдау еді. Нәзір Төреқұлұлы 8 жыл бойына (1928-1936) өз елін Сауд Арабиясына лайықты таныта білді – бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім», деп атап өткен.
XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ зиялылары ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлұлы өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды.
Н.Төреқұлұлының КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне қарамастан, Алаш арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты, Н.Төреқұлұлы да кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлұлы дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолынан мерт болды. Бірақ кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, артына өшпейтін мол мұра қалдырған Н.Төреқұлұлының жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың асыл азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал.
Осы орайда алдағы уақытта нәзіртану саласында бүгінге дейін атқарылған игілікті істер жалғасын таба түссе дейміз. Себебі Нәзір Төреқұлұлының ғибратты өмірі мен қызметі терең зерттеліп, тиісті бағасын толық алды дей алмаймыз. Оның артында қалған мұрасын түгел жинастырып, халық назарына ұсынатын кез келді.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
«Нәзір Төреқұлұлы» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор
Дереккөз: egemen.kz