Қазақтың Абызы

Уақыты: 2021-12-06 Көрлімі: 740 Сипаттама

1999 жылы «Арыс» баспасынан Ғарифолла Әнестің жауапты редакторлығымен шық­қан Ә.Кекілбаевтың «Дүние ғапыл. Өлеңдер мен драма» кітабындағы оның ақын­дық қырымен қатар, әр жылдардағы жазылған осы өлеңдер жинағының «Таңғы кәлимадан» басталып, «Түнгі кәлимаме...


1999 жылы «Арыс» баспасынан Ғарифолла Әнестің жауапты редакторлығымен шық­қан Ә.Кекілбаевтың «Дүние ғапыл. Өлеңдер мен драма» кітабындағы оның ақын­дық қырымен қатар, әр жылдардағы жазылған осы өлеңдер жинағының «Таңғы кәлимадан» басталып, «Түнгі кәлимамен» аяқталатындығына көңіл аудар­ғым келеді. Осылайша кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы адамның өмірге келуі мен өмір­ден о дүниеге кетуін «таң мен түнге» теңеп, 60 жасқа толар алдындағы өзі­нің ойын түгендеп, қорытқанға ұқсайды.


Ол «Таңғы кәлимада»:

Қияметтің қыл көпірімен өтпек

үшін сүрінбей,

Жерде бейнет шегіп бағуға жаралғам...

Атар таңыңның шарапатын

Алдымен мынау жерге бер;

Тамұқтың сорын тарихқа тартып

Тарыққан бейбақ елге бер, – десе,

«Түнгі кәлимада»:

Кетуге жазса, дәл қазір

Қорықпаймын өлімнен.

Тұрса бекем туған жер,

Болса есен туған ел,

Қалса бүтін тұяғым,

Тұрса түгел босағам,

Осы ғана өзіңнен

Жалбарынып сұраймын,

Құдыреті мол Құдайым!, деп қайы­ра­ды.

Осы шумақтарда Әбіш Кекілбаевтың бү­кіл өмір жолы, оның өмірлік ұстанымы мен болмысы, жеке басының дара қасиет­те­рі тайға таңба басқандай көрініп тұрған сияқ­ты.

Әбіш мектепке барысымен жақсы үлге­рімімен көзге түсіп, әуелі колхоздың жиналыстарына қатысып, салмақты сөз айта білетін қабілетін көрсетеді. Білімге құштар бала сөзге шешен, өмірде өжет болып өседі. Бесінші сыныпты бітірген жылы Әбіштің ауылына геологтер келіп, басшылардан жол көрсететін орысша білетін кісі тауып беруді сұрайды. Сонда елеусіз айдалада өскен он екі жастағы Әбіштен басқа лайықты ешкімді таппай, оны жандарына қосып бергені көп нәрсені аңғартса керек.

1955 жылдың күзінде Әбекеңе аяқ астынан Шахта орта мектебінен Үштаған орта мектебіне ауысуына тура келеді. Сөйтсе, Үштағандағы жаңа мектепке Онды мектебінен тоғызыншы сынып оқушысы Әбішті алу туралы аудан деңгейінде шешім қабылданып, оқып жатқан мектебінің директорының қарсылығына қарамастан, Әбіш Үштағаннан бір-ақ шығады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Өйткені Әбіштің «Әдебиет және искусство» журналында әңгімесі шығады және оның үстіне ол – жазушы, драматург болам деп арман қуған болашағынан үміт күттірген жас талант және комсомол ұйымының хатшысы болды. Мұндай «олжадан» кім бас тартсын! Сондықтан Үштаған орта мектебінің директоры А.Құдайбергенов аудандық комсомол комитетімен келісіп, Онды ауылының балалары Үштағанда оқысын деген ауданның нұсқауын өздерімен ала келген екен. Осы мәселені аяғына дейін шешу үшін тіпті аудандық партия комитетіне дейін баруға дайын тұрыпты. Үштаған мектебі мұғалімдері болса, Әбіш атты баланың өз мектептерінде оқитынына қуанады.

Әбіш жаңа мектепте де белсенділік танытып, қоғамдық жұмысқа көп көңіл бөліп, осы оқу ошағының өмірінен қалыс қалмайды. Әдебиет және драма үйірмелеріне, қабырға газетін шығару мен мектепті безендіру жұмыстарына ерекше мән береді. Аудан еңбекшілерінің митингілеріне қатысып, сөз сөйлеген. Аудандық комсомол конференциясында республикадан келген өкілді аудандық пионер үйінің директорын орынсыз жәбірлегенін бетіне басып, қатты сынға алады. Сөйтіп, Әбіш мектепті бітірмей жатып тек қана Маңғыстауға емес, бүкіл Қазақстанға танымал тұлғаға айналады. Оның мақалалары аудандық, облыстық, республикалық, тіптен, одақтық газеттерде жарияланады. Көзге түсіп жүрген жас таланттың көтерген мәселелері де сол кездері қызу талқыланып, онда айтылған сыни пікірлер оң бағасын алады. Ол, тіптен, Жазушылар одағының пленумына да шақырылады. Орталық комсомол комитетінің мақтау қағаздарымен марапатталады. Осылай бола тұра, ол ешқашан асып-тасып, онысын мақтаныш етпеген көрінеді. Бас-аяғы бір-екі жылда Әбіш пен Сайындар ұйқыда жатқан Үштағанды оятады.

Осылайша, жастайынан-ақ Әбіштің тұтас қоғам үшін жаралған жан екендігі көріне бастайды. Ол өзінің қоғамға қа­жет­тігін бала кезінен сезініп өседі. Әбіш жа­сында пікір таластырғыш, кие-жара сөйлеп кететін шыдамсыздау бала бол­ға­нымен, ол білімі терең, тілі шешен, сал­мақты ойлы оқушы болған екен. Осы кездері Әбіштің «Лениншіл жас» га­зе­тін­де мақалалары жарияланып, оның атын биікке көтереді. Әбекең тым ертелеу ержетіп, балалық шағы ойын-сауық, ду­мансыз өтеді. Оның орнына қара бала өмірдің көптеген сұрақтарына жауап із­деумен айналысады. Ол мектепте бар бол­ға­ны оқушы бола жүріп, жиған беде­лі­нің арқасында көп тентекті жөнге салады.

Әбекең мектеп бітірген 1957 жылы Маңғыстау облысында мектеп түлектеріне үндеу жарияланып, оларды тегіс мал шаруашылығына баруға шақырған қаулы шығады. Осылай Алматыға оқуға түсу мүмкіндігіне қауіп төніп тұрғанда Әбіштің институтқа түсуіне септігін тигізген обком хатшысы Н.Оңдасынов болыпты. Өйткені ол кісі оның өлеңдері мен басқа да жазған дүниелерін көріп, оларды оқыса керек.

Әбекеңмен қатар университетке түс­кен жастар Алматыны қазақшаға, дәс­түрге үйретеді. Ол университетте оқып жүріп ерте таныла бастайды. М.Әуезов­тің назарына ілігеді. Сондағы әдеби бір­лестікті Қ.Мырзалиевтен кейін бас­қарып, М.Әуезовті оның отырысына шақырады. Сол кездесуге Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Сәрсенбаевтар да қатыса­ды. Ә.Кекілбаевтың жасаған баяндамасы оларға ұнайды. М.Әуезов қазақ әде­бие­тіне жаңа толқынның келгенін сонда сезінсе керек. «Жылымық» ескі сар­қын­шақтардан арылып, «алпысыншы жылғылардың» жаңа толқыны сахнаға шығады. Әбекең Әуезовті ұстазы санады. Өзінен үлкен ағаларымен де жақсы қарым-қатынаста болған.

Әбекең өсе келе кісі ойын көп бөле бер­мей­тін байсалды, сөз кезегін тосып сөй­лейтін байыпты, өзгенің көңілін жарақаттайтын сөзге бармайтындай болып өзгереді. Әбе­кеңе сондай-ақ сабырлылық, кісі көңі­лін жықпайтын кішіпейілдік, қанағат се­зімінің молдығы, кісі жанының ішкі құ­бы­лыстарын түсінгіштік сияқты қа­сиеттер тән. Ол ешкімнен ақша да, ақыл да сұрамай өмір сүрді. Сөзінде тұра білді. Әбіш тек қана қара басының қамын ойламай, ел қамын санасында ұстап, аш-тоқтығын сездірмей, жанын тереңге жасыра да, қарқылдап шынайы күле де білген.

Ол өзіне қастық істегендерді кешірген кешірімшіл, кеңпейіл және дүние малға да, абырой атаққа да таласпаған. Кемеңгер Әбіштің мінезі, жүріс-тұрысынан керемет тазалық пен шынайы сезімдерді көруге болатын. Әбекең жеке кісілер тура­­­лы жақсы да, жаман да пікір айтпайтын. Әбіш қиындықты көп көрсе де ешкімге жамандық жасаған емес. Абыз Әбіштің кісілігі мен кішілігі көзге бірден түсетін.  Ол өмірін, денсаулығын, жүйкесін ұсақ нәрселерге онша көп шығындамай, елі мен жеріне адал еңбек етумен сол биігінен төмендеместен өмірден өтті.

Әбекеңнің әңгімесімен барлығын өзіне қаратып алатын қасиеті болатын. Ол кө­ңілді кезде әзілшіл еді. Кейде отыр­ған­дар­ға көзін қысып қойып, Айсәуле анасымен де әзілдесіп, кәдімгідей еркелейтін. Білетіндер әуелі Әбіштің күлкісінің есті­лігіне де көңіл аударады. Ал оның ашуы кенеттен найзағайдай шарт-шұрт етіп, дауылдатып, жаумай жадырап ашылмайтындай болатын. Ол бір мезгілде аң­қаулау, елгезек, ақкөңіл, бірақ қайратты, тірі кезінде-ақ аңызға айналған дара тұлға, терең ойлайтын шешен еді. 

Саясатқа араласқан Ә.Кекілбаев ха­лық­­­қа қызмет етудің үлгісін көрсетті. Өйт­­кені ол өз ойын жеткізіп, сөзін өткі­зе алды. Тәуелсіздіктің қарсаңында-ақ хал­қымыздың басына төнуі мүм­кін қауіп-қатерлерді көре білді. Либе­рал­дық демократияның рухани құнды­лық­­тарымыздың негізін шайып, оның қо­ғам­ды азғындыққа ұрындыру қауіпіне көңіл аударды. Бұл мәселенің өтпелі кезеңде қатты дағдарысқа ұшыратып, бәрін теріске шығарып, аузына келгенін айтып, тоғышарлыққа салынудың өріс алатындығын білді. Ә.Кекілбаев ұлттық болмыстың қыспаққа түсуі мен басқа келеңсіздіктерді алдын алудың жолын қарастырды. Ол адамның жан-дүниесіне үңіліп, шындықты ашық айтып, өтпелі кезеңнің түйткілді мәселелеріне қатысты өз пікірін білдіріп, халықтың санасын жаралап, оны адастырмаудың қамын ойлап, қоғамды алауыздықтан сақтандырды.

Қазақстанның жаңаруы тұсында оның ерекшелігін ашып көрсетіп, қоғамдық ортада күдікті сейілтуге өз үлесін қосты. Әбекең туындаған проблемалар мен алда тұрған міндеттерді халыққа түсінікті тілімен жеткізе білді. Демократия мен нарық, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру, бірлік пен ұлтаралық үй­лесімділік мәселелерін дұрыс пайымдау арқылы ол Тәуелсіздіктің орнығуына орасан зор үлес қосты. 1990-2015 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінде Ә.Кекілбаевтың 144 мақаласы жарияланыпты. 25 жылға бұл көп емес сияқты. Алайда осы материалдардың жалпы көлемі 1 500-ге жуық бетті құ­ра­ған. Бұның сыртында Әбекең «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Ана тілі», «Айқын», «Жас алаш», «Астана ақшамы» және т.б. респуб­ли­калық және облыстық басылымдарда мақалалар жариялап, сұхбаттарында тұрақты түрде өз пікірін айтып отырған. Ал оның көсемсөздерінің орны мен рухани-мәдени тұрғыдағы маңыздылығы жағынан алатын орны ерекше. Ол жеке әңгіменің арқауы болуға лайық. Ендеше, Әбекеңнің шешендігі көптеген тақырыптар мен сұ­рақ­тардың басын ашуға көмегін тигізді. Осыдан болар, Ә.Кекілбаев кез келген қызмет пен міндетті қалтқысыз атқара білді және халық пен қоғамға еңбек етіп, тәуелсіздіктің шежірешісіне айналды.

Ә.Кекілбаев жазушылық пен мемле­кет­тік қызметті қатар алып жүрді. Клара Жұмабайқызының айтуынша ол «Үркер» мен «Елең алаң» романдарын таңғы беске дейін тістеніп отырып жазып, алдыңғы тістері түсіп қалып, оны Германияға ба­рып салдырып келіпті. Жазу үстінде үй­дегі балалардың шулағандарын да еле­­мейді екен. Бірақ не жазса да, бәрін анық­тап, түсінбей, оны өз көзімен көрмей, сол тарихи орындарды араламай тұрып ештеңе жазбаған көрінеді. Абыз Әбіш жазу столына кітаптарды толтырып, қа­ғаз­ға шұқшиып үнемі ой үстінде отыратын. Кейде мазасы кетіп, орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүретін. Ондайда күбірлеп сөйлеп те кететін-ді. Содан соң қайта отырып жаза бастайтын. Клара апай ол кісінің күні бойы қызметте болып, түнімен жазу жазатынын айтатын. Өйткені ол Әбекеңнің жатарда стол басында отыр­ға­нын, ал таң ертең де сол шұқшиған қал­пын жиі көріп, денсаулығына алаңдап қиналатын, налитын-ды. Тіптен, оның столға басын қойып, сол күйінде ұйықтап жатқандығының да талай куәсі болғанын естідік.

Әбіш Кекілбаев туған жұрты Мырзайыр құдығының басына барғанда шешініп, үстіне су құйдыртса, ал Көріктітөбедегі өзі талай қонған жұртында жерге аунап тұрмай, кетпейді екен. Осылайша, Әбекең туған жердің қасиетін бойына қуат етіп жинап, нәр алып қайтатын көрінеді. Әбекең 45 жылдан соң сол баяғы геологтер қазған құдықтарды, ойған шруптарын, тілген сайларын ұмытпай әңгіме арқауы ететін. Толып жатқан минерал тастардың аттарын ұмытпай, жатқа айтатын. Олардың құрамының сол жерде өсіп тұрған өсімдікке тигізер әсерін, басқа да жағдаяттар мен құбылыстар туралы айтқанда Әбекеңе жұрт таң қалатын. Ендеше, Әбекеңнің шексіз білімі тек қана Маңғыстау өлкесінің тарихы және аңызымен шектелмейді, ол жан-жақты тарихи танымдық сипаты бар терең планетарлық мәнге ие.

Ғұлама жазушы Әбекең Құдай берген талан­тының, көрегендігінің арқа­сын­да көзінің тірісінде-ақ «кемеңгер Ке­кіл­баевқа айналды». З.Қабдолов айт­қан­дай, «М.Әуезов қазақ әдебиеті деген арғы­мағымыздың алтын жалы болса, Ә.Кекілбаев сол арғымақтың күміс кекілі». Ал «Манастың» 1000 жыл­дығында Ә.Кекілбаевтың қырғыз халқы­на Манасын басқа қырынан қайта таныт­қа­нына Ш.Айтматов жоғары баға беріп, өз халқының атынан алғысын білдіре отырып, «Манас» дастанына басқаша көзбен, Әбіш көзімен қарайтын болдық депті. Жалпы, Абыз Әбіш мифологияны игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мәселелерін қозғап, келелі тақырыптарды көтере білді. Әбіш Кекілбаевтың туған халқының өмір салтына, әдет-ғұрпына деген перзенттік махаббаты өте тереңде жатыр. Сондықтан Әбекең өмірінің соңына дейін қоғамның шынайы ілтипатына бөле­ніп өткен бірегей тұлға.

Ә.Кекілбаевтың әлемі мен кеңістігін, оның бай рухани мұрасын біз әлі толық танып-біліп болған жоқпыз. Әбіштің білімінің көкжиегі шексіз. Ол – адам санасының эволюциясына ден қойған суреткер және философ. Әбекең сонымен бірге логикасы мықты, көркем ойлау жүйесін терең меңгерген, өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатын майталман қаламгер. Данышпан Әбіш заманының тамыршысы ретінде адам мінезінің табиғатын түсініп, қоғамдық үрдістегі әртүрлі үдерістердің өзара байланысын ұға білді. Қо­ғамдық даму үдерістерін танып, білу­де­гі оның орны ойсырап қалғанына қарамастан, дана Ә.Кекілбаевтың есімі мен тұлғасы асқақтап, Абыздың мәдени, рухани, тарихи және қоғамдық-әлеуметтік мұрасына деген сұраныстың уақыт өткен сайын арта түсері анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемін шек­сіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұ­ра­ға теңеп, Әбекеңді «қазақтың абызы», қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілі деп, оған лайықты бағасын берді. Сондықтан да болар Әбіш Кекілбаевтың өмірден оз­ғандығын «халқы аспан мен қырық мың жылдық дастанның, саналы ұлттың ары менен даналықтың дәні көшіп бара жат­қан­мен» теңеді. Абыздың ақыры – жаңа аңыздың басталғанын көрсетті десті... Ендеше, нағыз Әбіштану енді басталды...

 

Жапсарбай ҚУАНЫШ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Қазақ ою-өpнегінде қандай сыр бар?
    Ғасыр мұрасы - "Айқап"

    Ұқсас тақырыптар