Кезінде Мұхтар Әуезов ұстазы, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында «Қазақ тілін түрлеген Ақаң» деп баға берсе, сан қырлы ғұламаның шарапатты рухани-мәдени ықпалы түгел түркіге әсер еткені белгілі. Біз бұл мақалада Алаш абызының бауырлас елдердің байланысын бекемдеген баянды қызметіне тоқталамыз.
Бауырлас елдердің бірлігін бекемдеуші
Ахмет Байтұрсынұлы – түгел түркі тарихында тұтас бір дәуірдің келбетіне өзгеріс жасаған кесек бітімді кемел тұлға. Ол қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу, жүйелеу, реформалау арқылы бауырлас халықтардың да әдеби жауһарларының зерделенуіне, түркі тілінің жаңа белеске көтерілуіне ықпал еткен ғылым қайраткері. Осы бағытта түркі әлемінің рухани көсемі, жәдитшілдік қозғалысының жетекшісі – Исмаил Гаспралыны өзіне ұстаз тұтып, айрықша құрметтеді. Ол жайында: «Сол күннен бастап өршіп көбейген Россия мұсылмандары арасында бес-алты мыңға жуық тәртібі бастауыш мектептің бәрінің үлгісі Гаспринский мектебі еді. Бұл күнде төте оқу үшін шығарылған неше түрлі әліппе болса, бәрі де үлгіні Гаспринский шығарған әліппеден алған еді. Бұл күнде он мыңға жуық мұғалімнің бас ұстазы, жолбасшысы Гаспринский жанаплары еді», деп ағынан жарылады. Бір айта кетерлік жайт, біз «Байтұрсынұлының төте жазуы» деп жүргеніміз осы Гаспралының жәдит жазуының қазаққа бейімделген нұсқасы. Ақаңның 1913 жылы «Шора» журналында шыққан «Егер де Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Сол екеуі де қазақтан табылады. Азбаған асыл тілден емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек», деген бағдарламалық пікірі де сөзімізге дәлел болады.
Ұлт ұстазының әртүрлі саладағы оқулықтар дайындап, газет-журналдар жариялауында да Гаспралының ықпалы зор болды. Ол жәдиттік қозғалыстың көрнекті тұлғалары М.Әбдірашидханов, А.Авлони, М.Бехбудилермен де ағартушылық, Түркістан халықтарының тұтастығы жолында ортақ көзқараста болды. Әсіресе, педагогика саласындағы еңбегі жаңашылдықты жалғаған жәдитшілдік ағымымен тығыз байланысты өрбіді.
А.Байтұрсынұлының түркі әлеміндегі ағартушылық қызметі татар, башқұрт, қырғыз зиялыларымен иық тіресе атқарған еңбектерінен көрініс табады. «Тәнім – татар, тілім – башқұрт, ойым – қазақ», «тіліміз – әртүрлі, ойымыз – біртұтас» деп, түркі әлеміне ұран тастаған татар ғалымы Г.Ибрагимов екеуінің ғылыми көзқарастары ортақ, пікірлері үндес болды. Әсіресе, Г.Ибрагимовтың 1911 жылғы «Татар грамматикасы» мен 1916 жылғы «Әдебиет кануннары» А.Байтұрсынұлының ғылыми ізденістеріне серпін бергені байқалады. Қос қайраткердің 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылар съезіне қатысып, түркі халықтарының әліпбилерін латын қарпіне көшуіне қарсылық білдірулері олардың түркі тілдерінің келешегі жөніндегі ортақ ұстанымдарын, түркі-ислам өркениетіне терең мән бергенін көрсетеді. Профессор Ж.Жақыпов жариялаған А.Байтұрсынұлының «Галимҗан Ибраһимов төрк-татар уйчысы, төрк-татар белгече, төрк-татар язучысы» мақаласында былай дейді: «Біз, қазақ халқы – таза қазақ тілінде әліппе құрастырып, әдебиетімізді жандандырып, балаларымызды ана тілінде үйрете бастағанда, көптеген татар туыстарымыз бұған қарсы болып, татар газеттері мен журналдарында бізге қарсы мақалалар жарияланды. Сол кезде татар оқығандарының арасынан бізді қолдап, турасын айтқан Галимжан Ибрагимов пен Хасан Гали ғана болды».
А.Байтұрсынұлының педагогикалық және рухани ықпалдастық қызметтері «Хусаиния», «Ғалия», «Ғұсмания» мектеп-медреселерде білім алып жүрген қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, құмық, қарақалпақ жастарына зор әсер етті. Байтұрсынұлы қазақ балаларымен бірге бауырлас елдердің жастарының оқып, білім алуына да жағдай жасады. Ақаңның үстінен жазылған арыздардың бірінде: «Ол басқарған мектептегі барлық оқушы қазақ не өзбек, бірде-бір орыс жоқ» деп көрсетіледі. Осы себепті ол 1909 жылы Семей губернаторының бұйрығымен қамауға алынған болатын.
А.Байтұрсынұлы түркі бірлігін ту еткен күрескер тұлға, Башқұрт автономиясының жетекшісі Зәки Уәлиди Тоғанмен таныс болды. Бұл туралы Тоған өзінің жазбаларында: «Мен А.Байтұрсыновпен Әлихан Бөкейхановтың үйінде таныстым», деп еске алады. А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш жетекшілері Тоғанмен бірнеше рет кездескен. Ол туралы Тоған естелігінде: «Алаш Орда маңайына топтасқан қазақ зиялылары мен татарлардың көпшілігі тастүйін болып, автономия және ұлттық армия құру ісіне құлшынып тұр», деп жазды. Бұл ретте А.Байтұрсынұлы мүше болған «Алаш» партиясы мен Әзербайжан қайраткері Расулзаде құрған «Мусават» партиялары да мүдделес болғанын, ұлт жетекшілерінің де жүйелі саяси ұйым құрып, газет шығарып, халықтық ағарту жұмыстарымен айналысқанын айта кеткеніміз орынды. Ал 1918 жылдары Семейде болған шағында бір топ Алаш қайраткерлерімен бірге шекараның арғы бетіндегі Шығыс Түркістан аймағы, Шәуешек шаһарына сапарлауы Алаш идеясының аясын кеңейту әрі сондағы қазақ, татар, ұйғыр халықтары арасында оқу-ағартушылық жұмыстарын насихаттауға игі ықпал етеді. А.Байтұрсынұлының сапарынан кейін, халық арасында оқу-білімге, өнер, мәдениетке құлшыныс артып, атажұрт пен арғы беттегі ағайын арасында рухани байланыстар күшейтіледі.
Жалпы, Байтұрсынұлы ұйқыда жатқан түркі халықтарын да оятып, санасын серпілту үшін бауырлас елдердің көзі ашық зиялыларымен ауызбірлікте болып, кез-келген мәселені жұмыла көтеруге бейіл болды. Әсіресе, біртуған қырғыз халқына, олардан шыққан И.Арабаев, Қ.Тыныстанов сынды қайраткерлеріне үнемі қолдау білдіріп отырды. Қырғыз ғалымдары да Ақаңды өздеріне ұстаз тұтып, оның шығармаларынан нәр алған. Мәселен, қырғыздың алашшыл ақыны Қасым Тыныстановтың қоғамның көкейкесті мәселелерін өзек еткен «Алашқа», «Жастарға» «Қыз-қарындастарыма», «Шәкірт» т.б. өлеңдерін А.Байтұрсынұлының өлең-жырларына еліктеп жазғаны байқалады. Атап айтқанда, 1922 жылы жазған «Калемге» өлеңіндегі: «Жайың бар, кайык минген, калтылдаган, Каның төк, кайгыр калем, термел жатпа...», деген жыр жолдары А.Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» өлеңін қайталағандай әсер қалдырады. Ақаңның 1925 жылы 25 мамырда Қара-қырғыз автономиялық облысынының орталығы Бішкекте өткен оқу-ағарту қызметкерлерінің бірінші съезіне Орынбордан арнайы шақырылып, құттықтау сөз сөйлегені белгілі. Осы басқосу жайында қырғыз ғалымы Карбоз Дыйканов: «Ошо заманда караловчу органдын башында турган Кудайкулов да «Байтурсунов отец нашей литературы» деп айтса, академик Х.Карасайев: Биз Байтурсуновтун китебин окудук. Чындыгында «Казак тили менен кыргыз тили эки тил емес. Бир тил. Диалектилик гана айырмасы бар», деген. Мен бүгүн ошолорго кошулуп Байтурсунов кыргыз деп айтқым келет», деп жазды. Расында А.Байтұрсынұлының «Қазақ әліпбиі», «Оқу құралы» сынды оқулықтары 1924 жылға дейін бауырлас қырғыздардың да сауат ашар құралы қызметін атқарды. Биыл 100 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан Карбоз Дыйканов Ақаңды өзіне ұстаз санап, 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Ахмет Байтурсуновдың казакша алифбеси» атты кітабын 5000 тиражбен өз қаражатына шығартқаны ұлы ұстазға деген шексіз сүйіспеншілігі еді.
Ордалы кент Орынбор
Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрескерлік әрі қоғамдық-мәдени қызметінің жемісті шағы Орынбор шаһарында өткені белгілі. Ақаңмен бірге бірқатар Алаш қайраткерінің Орынбор шаһарына шоғырлануы, сондай-ақ түркі әлемі бірлігіне қызмет еткен санаткер тұлғалардың осында жиі басқосулары қаланың саяси мәртебесін көтере түсті. А.Байтұрсынұлы 1924 жылы Орынборда қазақ-қырғыз елі үшін тарихи оқиғаға баланған алғашқы қазақ-қырғыз білімпаздарының жиынын ұйымдастырушылардың бірі болды. Жиынға Қазақстан ғана емес, Түркістан, Бұхара, Мәскеу, Семей сынды ірі өлкелерден түркі халықтарының беделді тұлғалары да қатысып, оқу-ағарту, ғылым-білім, мектеп бағдарламасы, әліпби, терминология мәселесін жалпы түркі әлемі рухани бірлігі тұрғысынан талқылайды. Жиынға Башқұрт үкіметінің өкілі Ыбырайымұлы, Түркістаннан қырғыздың көрнекті зиялысы Ишеналы Арабаев, Бұхара, Хорезм қазақтары атынан Мырза Наурызбайұлы қатысты. Осы съезде Түркістан оқу комиссариаты атынан қатысқан Ишеналы Арабаев: «....Өнер, білім жағынан қазақтан артық деп саналған өзбек, ноғай, Стампол түріктерінің қолданған жазуы да, сол арапша ескі жазу болған соң қазақ-қырғыз олардан асып кете алмады. Арапша ескі жазудың түрік тіліне үйлеспейтіні тек соңғы жылдарда ғана, ел ішінде Ахмет шығарған қазақша әліпби тарап, балаларды сонымен оқыта бастағаннан бері қарай ғана көзге көрінді. Ноғай, әзербайжан, Стампол түріктері сықылды мәдениетті туысқандарымыздың әдебиет жағынан адасып жүргендігін сол уақыттан бері қарай ғана білдік. Қазақ-қырғыз халқының әдебиеті, жазу ережелері негізгі жолға түсіп, бұқарашыл жөнмен алға басып барады. Біздің бұл жөнімізді қазірде өзбек сықылды басқа туысқандарымыз да үлгіге алып отыр. Білімпаздар съезі қазақ әдебиетін осы жолдан шығармай өркендетудің қамын қылуы керек...», деп түйінді пікір білдіріп, Ақаң жасаған рухани бетбұрысты баршаға үлгі етті.
Қазақ-қырғыз білімпаздар жиынында А.Байтұрсынұлы баяндамасында әліпбиді түзеу түркі жұртында бұрыннан келе жатқан мәселе екендігіне назар салып, сан ғасырдан бері қалыптасқан төл әліпбиі бар түркі жұртының рухани тұтастығына баса мән береді.Түркі елдері пән сөздерін ортақтастыру, тілдің үндестік табиғатына бағынатын емле қалыптастыру, кемел әліпби төте жазуды қазақ, қырғыз халықтары үлгі етіп қолдана беру секілді тұжырымдарды білімпаздар съезі мақұлдайды. Ақаң реформа жасаған әліпбидің үздік екендігіне Г.Ибрагимов, Е.Омаров, А.Самойлович, Е.Поливанов, В.Бартольд секілді зиялылар жоғары баға береді. Осы орайда қазір латын әліпбиіне көшу үдерісінде Ақаңның «түрік жұрттары үшін бір әліпби түзу деген мәселені – бір әліпбиді бәрі негізге алып, түрік жұртының әрқайсысы өз тіліне үйлестіру деп түсіну керек», деп айтқан жолбасшы пікірін, Ақаң көтерген сингармонизм қағидатын басшылыққа алу ұтымды болады.
Орынборда өткен өрісті де жемісті жылдары А.Байтұрсынұлы «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының» мүшесі ретінде орыс, неміс, поляк ғалымдарымен, саяхатшыларымен тығыз байланыстар орнатып, түркі тілі мен мәдениетін зерттеуге атсалысты. Осы кезде А.Байтұрсынұлының қолғабыс етуімен А.Диваев, А.Мелков, А.Затаевичтер жинастырған қазақ ауыз әдебиеті мен халықтық музыка үлгілері жарыққа шыға бастады. Ол жайында А.Затаевич: «Ахмет Байтұрсынов – қазіргі қазақ ақындары мен филологтерінің ең ірісі, жаңа қазақ грамматикасын жасаушы... Отандық әндердің әуесқойы және білгірі, оларды нақышына келтіріп орындаушы әрі шебер домбырашы... Қазақтың тарихы, этнографиясы, тұрмыс-салтының білгірі ретінде менің жинаған материалдарыма бағыт-бағдар, нұсқау беріп, айғақты түсініктер жасағаны үшін мен оған зор алғысымды білдіремін», деп жазады.
Ақаң түрлеген ана тілі
1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық конгресс барша түркі халықтарының әлеуметтік және мәдени өмірінде ірі бетбұрысқа айналған елеулі оқиға саналды. Ол туралы А.Байтұрсынұлы «Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген. Бір шеті Стамбул, екінші шеті Қиыр Күншығыстағы Жақыт – сол екі арадағы түрік нәсілді жұрттардың көбінің-ақ өкілдері болды. Бұрын қағаз жүзінде білісу болмаса, көрісуі жоқ түрік жұрттары бірін-бірі жүзбе жүз көріп танысты», деп ағынан жарылып жазады.
Осы тұста Бакуде түркі халықтары өкілдерінен қырым татары профессор Б.В.Чобан-заде, түрік профессоры И.Хикмет, татар ғалымы Н.Л.Халфин, өзбек түркологы Х.С.Ходжаев сынды ғалымдар болды. А.Байтұрсынұлының да шығармашылық жылдарының жемісті шағы Баку конгресімен тығыз байланысты. Ол 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық конгреске арнайы қатысып, түркі әлеміндегі қазақ әліпбиінің мәселесін күн тәртібіне қойды, түркі пән сөздері мен әдеби тілін ортақтастыру жүйесі, баспасөз арқылы байланыстарды нығайту туралы келелі пікірлер айтып, баяндама жасады, төралқаға сайланды. А.Байтұрсынұлымен қатар бұл конгреске В.В.Бартольд, Е.А.Крымский, С.Ф.Ольденбург, А.Самойлович, Ф.Көпірлі-заде, К.К.Юдахин, И.Арабаев сынды көрнекті түрколог-ғалымдар да қатысты. Құрылтай түркология жайлы болғанымен, негізінен әліпби мәселесі талқыланды, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «басқа мәселелер ат үстінен қаралды». Әліпби туралы арнайы баяндама жасаған Г.Ибрагимов сәтті реформа жасалған қазақтың қазіргі әліпбиін түркі халықтарына үлгі ретінде ұсынып, әліпбиді өзгертудің тиімсіз әрі ешқандай қажеттілігі жоқ екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. А.Байтұрсынұлы, Б.Чобан-заде, Х.А.Одабаш «Түрік тілінің пән сөздері» туралы баяндама жасады. Пән сөздерін ұлт тілінен немесе туысқан түркі тілдерінен алып, жат тілдерден арылтуды жүзеге асырып жатқан, Орынборда білімпаздар құрылтайында нұсқаулық қабылдаған қазақ-қырғыздардың тәжірибесі басқа түркілерге тиімді болатынын Ақаң байыпты дәлелдейді. Ол бұл туралы «Сол жол басқа түріктердің қолдануына теріс болмас. Құрылтай қарары да осы негізде болды. Бірақ жалғыз қазақ емес, басқалар да қолданатын болғандықтан...түрік жұрттары тілдерінің жақындығына қарай топталып бөлінсін, пән сөз топ ішіндегі жұрттардың бәріне ортақ түрде алынсын» деген шешім қабылданғанын жазады.
Әлбетте, А.Байтұрсынұлы түркі-ислам өркениетінен ажырамауды көздеп, отарлаудың кезекті шырмауы әліпби ауыстыру деген желеумен бауырлас елдерге шеңгелін салатынын түйсініп-түсініп, сергектікпен қам жасап сақтанғаны айдан анық. Осы бағытта А.Байтұрсынұлы: «баяғыдан бері түркі жұртының тоқсан пайызы араб әрпін қолданады және араб әліпбиі негізінде өздерінің жазба мәдениетін қалыптастырды... Сондықтан біз жаңа әліпбиді қабылдарда кейбір кемшіліктерді ескермейтін болсақ, онда біз оның зардаптарына тап болуымыз мүмкін», деді. А.Байтұрсынұлының осы құрылтайда жасаған баяндамасы, ғылыми ой-тұжырымдары оны әлемдік деңгейдегі ірі ғалым ретінде танытты. Оның ғылыми еңбектеріне көрнекті түрколог ғалымдар тарапынан сол уақытта және кейінгі жылдары шынайы әрі әділ бағаланды. Мәселен, белгілі ғалым Е.Поливанов: «1924 жылы қабылданған қазақ-қырғыздың графикасының бұл соңғы нұсқасы енді түзетуді қажет етпейтін әрі ұлттық графиканың тарихи қалыптасуындағы соңғы қадам деп есептеймін. Осы реформаны жүзеге асырған қазақ ағартушыларының еңбегін ірі мәдени жеңіс деп мақтануға болады», десе, көрнекті түрколог-ғалым А.Самойлович «Байтұрсынов – қазақтың тұңғыш көрнекті лингвист ғалымы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы әрі қазақ әдебиеті теориясы мен грамматикасының негізін қалаушы», деп жоғары баға береді. Ал Баку құрылтайына Анадолыдан келіп қатысқан Көпірлі-заде мен Хұсейін-заде Ақаңның құрылтайда айтқан бағдарламалық тұжырымдарымен терең танысады. Осы құрылтайдан кейін Фуад Көпірлі-заде Түркістан түріктерінің тіл, әліпби, мәдениет саласындағы ірі реформаларын ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүрікке таныстырғаны белгілі. Соның әсері болса керек, Ататүрік Түркология институтын құрып, оның алғашқы басшысына Ф.Көпірлі-задені сайлап, Түркияда тіл, емле, әдебиет пен өнер бағытында түбегейлі бетбұрыстар жасады. Сондықтан Ақаң бастаған Түркістан зиялыларының ой ұшқыны Анадолы еліне шапағын шашқан деуге негіз бар.
А.Байтұрсынұлы әліпбиінде негізінен халқымыздың ауызекі тіліндегі дыбыстар мен дыбыстық құрылымдары негізге алынған. Қазақтың кейінгі латын және кирилл әліпбилері де Байтұрсынұлының жазуы негізінде түзілді. Түркиялық ғалым А.Б.Ержиласун Байтұрсынұлы жазуының негізгі ерекшеліктерін тоғыз тармақпен ерекшелей келе «орыс тілінен енгізілген дифтонгтерді есептемегенде, қазіргі қазақ жазуын сол бұрыңғы Байтұрсынұлы жазуының жалғасы деуімізге болады», деп бағалады. Көрнекті түрколог К.Мұсаев: «Қазіргі түркологиядағы грамматика теориясының негізін қалаушы Н.К.Дмитриевтің грамматикалық жүйесі 1940 жылдары қалыптасса, А.Байтұрсынұлы одан 30 жылдай бұрын жазған», деп түйіндеді. Белгілі ғалым Б.Бекетов: «A.Байтұрсынұлының тіл туралы тағылымы қарақалпақ тілінің ең алғашқы әліппелерін жазған С.Мажитов, Қ.Ермановтар тарапынан да есепке алынды. A.Байтұрсынұлының идеялары қарақалпақ тілінің фонетикасына байланысты жазылған Ж.Аралбаевтың ғылыми еңбектерінде де көрініс тапты», деп тұжырымдайды. Алайда осындай ауқымды географиялық таралымына, оның тиімділігіне қарамастан, қазақ әліпбиі алдымен латын, содан кейін кирилл алфавитіне өзгертілді, ал Баку конгресіне қатысқан түрколог ғалымдар 1930 жылдардың аяғында кеңестік қызыл саясатқа ілініп, ұлтшыл деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырады.
Ұлт ұстазының ұлағаты
А.Байтұрсынұлы ұлттық ағартудың көрнекті қайраткері ретінде 1921-1922 жылдары Қазақ ағарту халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы және 1922-1925 жылдары – осы халық комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссия құрамында қызмет етті. Жиырмасыншы жылдардың басында Ташкентте ғылыми-зерттеу әрі білім беру ордаларының ашылуы А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедов, Ә.Диваев, В.Бартольд, С.Ф.Ольденбург сынды ірі түркологтердің оқу-ағарту әрі халық мұрасын түгендеу бағытындағы жұмыстар атқаруына мол мүмкіндіктер берді.
А.Байтұрсыұлының Ташкентке келуі жергілікті жұртшылық үшін елеулі оқиға саналды. Ташкенттегі қазақ, өзбек, қырғыз, татар ұлт өкілдері А.Байтұрсынұлын айрықша қошеметпен қарсы алды. Билік тарапынан ресми тыйым салынғанымен, 50 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Осы Ташкенттегі мерейтойда үзеңгілес жолдастары оның қазақ халқына сіңірген еңбегі жөнінде баяндамалар жасады. Кейін 1925-1928 жылдар аралығында Ташкенттегі Қазақ педагогика институтында профессор ретінде сабақ беріп, қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы іргелі зерттеулер жасады. 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» атты кітабын осында жариялады. Ташкентте білім берген жылдары қарақалпақ тіл ғылымының дамуына ерекше ықпал етті. Зерттеушілер сол жылдары қарақалпақстандық бір топ жастар Ақаңның дәрістерін тыңдап, оларды өздерінің алдағы ғылыми жұмыстарында басшылыққа алғанын айтады. Ташкентте Байтұрсынұлымен қатар түркі халықтарының зиялылары «Шурои Исламия», «Турк одами марказият фиркаси», «Иттихат ва Таракки» атты ұйымдар арқылы қоян-қолтық жұмыс істеді. Түркі зиялыларының Ташкентке шоғырлануы шаһарды туыс елдер руханиятының ірі орталығына айналдыра түсті.
Әрине, кеңестік кезеңде А.Байтұрсынұлы жабық тақырыптардың біріне айналып, шығармаларын зерттеп, зерделеуге қатаң тыйым салынды. Әділет туын аспандатқан башқұрт халқының ақыны, көрнекті жазушы Сайфи Кудаш Алаш зиялыларының ақталуы жөнінде бастама көтеріп, құжаттармен дәлелдеп, сол тұстағы билікке хат жазып, тегеурінді күрес жүргізеді. Ал көрнекті түркітанушы-ғалым А.Н.Кононов Ақаң туралы: «Ол қазақ әліпбиінің авторы әрі қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сондай-ақ әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазған ғұлама ғалым», деп ұлы ағартушының шығармашылық қызметіне батыл баға беріп, саяси тұлғасын ақтауға үлес қосты. Белгілі ғалым Шора Сарыбаевтың 1960 жылы жарияланған «Қазақ тіл білімі әдебиетінің көрсеткіші» кітабында А.Байтұрсынұлына сілтеме жасағаны үшін 3000 дана кітап лезде жойылып, автор бөлім меңгерушілігі қызметінен алынып, ауыр сынға ұшырады. Қазақтың көрнекті ғалымы Рабиға Сыздықова 1977 жылы Ғылым академиясының Тіл білімі институты ұйымдастырған конференцияда А.Байтұрсынұлының ғылыми мұраларының өзектілігіне тоқталып, көлемді баяндама жасап, партия тарапынан қатаң сөгіс алды.
Аз ғұмырында абыз Ақаңның айшықты ізі сонау Кавказдағы Баку, Шығыс Түркістандағы Шәуешек шәріне дейін жетіп, түркі жұртының сегіз тарап, төрт қиырын жүрегінде түйістіріп тербетіпті. Елінің бүтіндігін ойлаған Ақаңның руханиятқа жасаған іргелі бетбұрыстары, арман-мұраты, игілікті бастамалары бүгіндері тәуелсіздігін алған бауырлас түркі елдерінде жасампаздықпен жаңғырып, жүйелі жүзеге асып, Алаш ұраны азаттыққа арқа-тірек болды. Ақаң әліпбиді өркениет кілті деп бағалағандықтан отаршылдар тарапынан зорлықпен таңылған, мың жылдық мәйекті түркі-ислам мәдениетіне тұсау, санаға құрсау салатын латын қарпін қолдамағаны анық. Өз таңдауымызбен жасалып отырған бүгінгі азат елімізде әліпбиді алмастыру – ол ұлттық код, елдік рәміз, рухани қорғанысты жасақтаумен тең ірі құбылыс. Сондықтан қазір латын әліпбиіне көшерде Ақаң тұжырымдаған сингармонизм қағидатын басшылыққа алып, ана тіліміздің төл табиғатын сақтап, ағат емледен тілімізді қорғауға мүмкіндік ашылады. Егер Ақаң салған ақ жолмен ана тілімізді, ұлттық үнімізді аялап, жаңа қаріпке жасампаздықпен көше алсақ, бұл Алаш абызының мерейтойына қосқан сүбелі үлес, ұлт ұстазына көрсетілген ұлы құрмет болары анық.
Замана көші өркениетке бет бұрған сайын А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының қазыналы керуені бауырлас елдерді байланыстырып, аймаңдай тұлғаның рухы асқақтай берері ақиқат.
Дереккөз: EgemenQazaqstan