Тың құжаттар жинағы жарияланды

Уақыты: 2022-06-08 Көрлімі: 514 Сипаттама

Қос томдыққа 1921-1923 жыл­дардағы ашар­шылық тарихына қа­тыст­ы тың құжаттар мен материал­дар алғаш рет топтастырылып, ғылы­ми айна­­лымға енгізіліп отыр....


Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Орталық мемлекеттік архив мамандары «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923. Сборник документов и материалов» 2 томдық құжаттар мен материалдар жинағын жарыққа шығарды.


Қос томдыққа 1921-1923 жыл­дардағы ашар­шылық тарихына қа­тыст­ы тың құжаттар мен материал­дар алғаш рет топтастырылып, ғылы­ми айна­­лымға енгізіліп отыр. Та­­рихи әді­леттілікті қа­лпына келтіруге бағыт­та­­лып отырған архив ма­ман­дарының ауқымды жұ­мысы өткен жылы мамыр айында қолға алынып, жыл соңына қарай аяқталған болатын. Біраз уақыт баспада жатып қал­ған кітап меценат Ғани Сма­ханұлының қолдау көр­­сетуімен жа­рық­­қа шы­ғып отыр.

Архив деректері халқы­мыз басынан кешірген аса ауыр нәубеттер бірінен соң бірі жалғасқанын айғақ­тайды. 1918-1919 жылдары Түркістан Республикасына қарасты қазақ жерлерінде, 1921-1923 жылдары Қазақ АКСР-інің 5 губерниясы мен 1 уезінде және 1928-1934 жылдары бүкіл Қазақстанда болған алапат аштықтан ұлтымыз орны толмас шығынға ұшырады. Жинақ материалдарына сүйенетін болсақ, қазақ халқының Кеңес өкіметі тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешіргеніне көз жеткізе түсеміз.

Соның бірі – 1921-1923 жылдардағы ашар­шылық еді. Бұл ашаршылық – тек Қазақ­станның 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, кеңестік Ресей Федерациясы­­ның ­30-дан астам губерниясын қамтыды. Әсі­ресе Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүс­тік Украина, Қырым, Башқұртстан, При­уралье және Батыс Сібір аймақта­ры ашар­шылықтан қатты зардап шекті. Ашар­шылық жайлаған осы 35 губерния­ны мекендеген 90 миллион халықтың 33 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құр­баны болды. Бірақ бүгінгі таңға дейін 1921-1923 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өрши түскен жұқпалы аурулар және індет­терден қайтыс болған адамдардың санын нақ­ты анықтаған бірде-бір зерттеу жұ­мысы жоқ. 1921-1923 жылдары Қазақ­станда болған ашаршылық тарихы – отан­дық тарихнамасының осал тұс­тары­ның біріне жатады. Бұл тақы­рып ке­шегі кеңес тарихнамасында да дұ­рыс қарас­­тырылмады. Зерттеушілер Аза­мат соғы­сынан кейін болған 1921-1922 жыл­дардағы ашар­шылықтың басты себептері ретінде Кеңес өкіметін орнату жолын­да­ғы күрес барысында шаруа­шылықтың күй­зе­ліс­ке ұшырауын, қуаңшылықты, Аза­мат соғы­сының қиын­шылықтарын, билік тара­пынан жіберілген экономикалық қате­ліктерді баса көрсетеді.

Қазақстандық тарихнамада аштық мәсе­лесінің себептері мен зардаптарын қарас­тырған М.Қозыбаевтың еңбектері жоғары бағаланады. Академик өзінің ғылыми тұжы­рымдары мен ұстанымдарын мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен газет тілшілеріне берген сұхбаттарында ашып көрсетуге тырысқан. Ғалымның есе­бін­ше, 1921-1922 жылдардағы аштықтан қазақ­тар үлкен демографиялық апатқа ұшы­­раған. Тарихшы ғалым Т. Омарбеков ашар­­шы­лықтың шығуына Ресейдегі Азамат соғы­сы­ның кесірінен қазақ даласындағы ша­руа­­шылықтардың күйзеліске ұшырауы және табиғи апат, қолайсыз ауа райының салдарынан туған жұт әсері болды деген жалпы тұжырымдармен ке­ліспейді. Ал қазақ жеріндегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 20-шы жыл­дарындағы жұт пен ашар­­шы­лық нәубеті туралы ар­хив­тің бұрын ғылыми айналымға тар­тылмаған құжаттары негізінде жа­зылған С.Смағұлованың «Ашар­шы­лық қасіреті» монографиясы ір­гелі және алғашқы зерттеулердің бірі.

1921-1922 жылдардағы ашар­шылық­тың Қазақ­стан­ға тигіз­ген зардабын білу үшін 1920 жылы және 1926 жылы жүргізілген халық санағының мәлі­меттеріне жүгінуге тура ке­леді. 1920 жылдың 28 тамызына дейін жүр­гізілген демография­лық санақ бо­йынша Қазақ­стан­да (сол кез­дегі ТАКСР құ­рамындағы жерлерді қос­пағанда) барлығы – 4 781 263 адам. Ал 1920 жылы қазан айы­ның соңы­на дейін жүргізілген ауылшаруашы­лық санағы бойынша ҚАКСР бойынша 4 369 650 адам ауылдық жерлерде есепке алынған. Көріп отырғанымыздай, екі санақтағы айыр­машылық – 9 833. Сол сияқты 1920 жылы екі санаққа да кірмей қалған, яғни санақ уақытында уақытша жоқ болған көш­пелі ауыл халқының саны – 157 120. Міне, осы айыр­машылықтардың барлығын қоса есептегенде, ҚАКСР Статистикалық басқар­масының мәліметі бойынша 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4 938 383 адам есепке алынған. Ашаршылық шырқау шегіне жеткен 1922 жылдың қыс-көктем айларында 3 млн-ға жуық адам аштық құрсауында, 1 млн-ға тарта бала қараусыз қалды. Әртүрлі себептермен есепке алынбай қалғандар мен ҚАКСР аумағындағы әскери бөлімдердегі (оның саны бізге белгісіз) адам санын қоса есептесек, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР территориясында шамамен 5 миллион адамнан кем болмаған деген қорытынды шығады.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ

АЛМАТЫ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Aсылдың сынығы бoлу – тaғдырдың сыйы
    Ескі дәуір естелігі

    Ұқсас тақырыптар