Неплюев училищесінде оқыған қазақтар

Уақыты: 2022-08-09 Көрлімі: 515 Сипаттама

1860 жылы Санкт-Петербургке барған Кіші жүз депутация өкілдеріНеплюев әскери училищесі...


1860 жылы Санкт-Петербургке барған Кіші жүз депутация өкілдері

Неплюев әскери училищесі кезінде Орынбор қаласында орналасқан. Бұл – Ресей империясының осы өлкесі үшін әскери мамандар даяр­лау мақсатында ашылған оқу орны. 1825-1866 жылдары осы оқу орнын 35 қазақ ұланы бітірген.

Әр жылдары бұл әскери-оқу орнының атауы мен статусы әскери училище, кадет корпусы, әскери гимназия, Орынбор Неплюев кадет корпусы болып өзгерген. 1825 жылдың 2 қаңтарында Орынбор Неплюев әскери училищесі ашылған. 1825 жылғы 15 қыркүйекте «Русский инвалид» газетінде училищенің ашылғаны жөніндегі мақала жарияланған. Училищенің ашылуы­на Кіші орда ханы Шерғазы хан бір топ игі жақсылармен бірге қатысқан.

«...Түнгі сағат 11-де училищеге арна­йы бөлінген үйге ұлы мәртебелі тақсыр, Орынбор әскери генерал-губернаторы, инфантерия генералы Эссен, жоғары мәртебелі Кіші орда ханы Шерғазы Айшуақов, Орынбор азаматтық губернаторы (Г.Нелидов – А.А.), генералдар, азаматтық және әскери шенеуніктер, қала­ның құрметті тұрғындары мен бірнеше азиат өкілі қатынасты. Залда училище түлектері сап түзеп тұр. Олардың алтауы әскери училищенің көк түсті казак киімін, ал жақын маңда Ішкі ордадан келген үш қырғыз (қазақ – А.А.) өз киімдерін киген. Ал­дыңғы алтауына қазынаның киімі әске­ри губернатор тарапынан қарасты­рыл­ған» деп жазылған газетте.

Газет мақаласында алғашқы шәкірттер қата­рында Көпболсын Қарауылов, Әміржан Хұсайынов (Жәңгір ханның балдызы), Құшаққали Шығаев есімдері аталған. Кейін училищенің тұңғыш директоры, инженер-полковник Г.Генс Жәңгірге қазақ ұландары туралы «Ордадан келген балаларың оқуға алғыр, тәрбиелі екен. Олардың арасындағы ең үздігі – Көпболсын Қарауылов. Ол өзгелерден озық, өте зейінді, сабырлы да кішіпейіл» деп үшбу хат жолдаған.

Оқу орны 1844 жылы Орынбор Неплюев кадет корпусы ретінде қайта құрылып, бұрынғы «еуропалық» және «азиялық» деген атауға ие екі бөлім 1-ші, 2-ші эскадрон аталды. Бұл оқу орны негі­зі­нен Азия халықтарын отарлауға қажетті мамандар даярлау мақсатын көздеген. Алға­шында арнайы жабық оқу орны болып, қазақ балалары оқуға қабылданбады. Патшалық Ресейдің Қазақстан мен Азия елдерін отарлау саясатын жүргізу мақ­сатымен кадет корпусының азиялық эскад­ро­нындағы 30 орынға қазақ ақ­сүйек­тері мен старшындарының балаларын қабылдауға рұқсат берілді. Ал 1868 жылы патша үкіметі мұндай оқу орнында қазақ балаларын оқыту қауіпті деп есептеді. Сөйтіп, қазақ балаларына бөлінген 30 шәкіртақыны жойып жіберді. Осыған байланысты қазақтар ерікті түрде өз қаражатымен оқыған. Бұдан кейін корпус­та қазақ балаларының саны күрт азайып, бірен-саран ірі байлардың балалары бітіріп шықты. Оқу орнында өз заманының атақты тұлғалары дәрістер оқыды.

Жәңгір мектебінде тәрбиеленген М-С.Бабажанов Орынбор кадет корпусына оқуға аттанған сапарын «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» атты еңбегінде «Біздер Жәңгір мектебінде тәрбиеленген едік. Сол кезде де, қазір де ол кадет корпусына даярлайтын орын деп есептеледі. Бір күні кешке таман біздерді ханға алып келіп, сарай ішіне орналастырып, хан сендерден «корпусқа оқуға түсуге ықыластысыңдар ма?» деп сұрайтынын ескертті. Біздердің балалық жасымызға лайықтап ханның берер қонақасы әзірленген екен. Ол біздерді өте ақжарқын қабылдады. Оқуға баруға ықыласымызды сұрап білді. Біздер бірімізден соң біріміз өзімізді таныстырып, ықыласты және дайын екенімізді білдірдік. Бұл 1845 жылдың басындағы қыс еді. Сол кезде менің жасым 11-де болса да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде» деп еске алады.

Сол жылдың жазында Орынбор қаласына оқуға баратын балаларды Жәңгір хан мен әке-шешелері алыс жолға шы­ғарып салды. Неплюев кадет кор­пусына оқуға баратындар тізімін­де Мұхаммед-Салық Бабажанов, Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхамедов, Исмайыл Жәңгіров, Мырзағали Саңғы­рықов (Ақболатов), Арыслангерей Бөкейханов, Сейітхан Жантөрин, Сұлтан Шала­баев, Жүсіп Ниязов, Зұлхарнай Нұралы­ханов, Мұхамедкерім Наурызбаев бар еді. Сонымен Неплюев кадет корпусында оқығандар тізіміне Құшаққали Шығаев, Көпболсын Қарауылов, Мұқан­­бетқали Тәукин, Досмұхамед Шө­киев, Күсепқали Орманов, Зұлқарнай Жәңгіров, Ескендір Жәңгіров, Ахметкерей Жәңгіров, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мұхаметжан Бекмұхаметов, Мырзағали Саңғырықов (Ақболатов), Әділ Бөкейханов, Арсылангерей Меңгелігиреев (Бөкейханов), Курлиханов, Зұлқарнай Нұралыханов (оқуын аяқтай алмай көз жұмған), Сұлтан, Жәңгір Айшуақов, Қуаныш­қали Орманов, Сейітхан Жан­төрин, Әлмұхамет Сейдалин, Тілеу­махамбет Сейдалин, 2-ші Жәнібеков, Мұхаметқали Табылдин, 1-ші Шмоев, 2-ші Шмоев, Хұсайын Үмбетов, Шарафидин Құшақ­қалиев, Сейіт Бабажанов, Айшуа­қов, Жүсіп Шомбалов, Жиһаншах Сейдалин, Мұхаметкәрім Жұлқұтов, Шәңгерей Тәукин, Мұса Сейдалин енген.

Орынбор кадет корпусын қазақ елі тарихында өзіндік орны бар бірнеше тарихи тұлға бітірген. Мұхаметқали Тәукин (1813-1894) – Кіші жүздің батыс бөлігінің басқарушысы, сұлтан, ғалым-этнограф. Айшуақ ханның немересі. Кадет корпусын толық бітірместен, 1831 жылы 25 қарашада Кіші жүздің батыс бөлігі басшысының қарамағына әкімшілік жұмысқа жіберілді. Жас сұлтанның әкімшілік қызмет сатысына тез көтерілгендігін архив құжаттары нақтылай түседі. Исатай-Махамбет бас­та­ған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатысып, 1836 жылдың 8 ақпан күні
зауряд-сотник шенін алды. Ал 1837 жылы 2 маусымда түтін салығын жинаудағы ерекше еңбегі еленіп, хоружий шенін иеленеді. 1840 жылдың 28 қазанында Хиуа экспедициясына қатысып, сотник шеніне жоғарылатылды. 1842 жылы Бұхараға орыс миссиясына басшылық еткен қызметі үшін мойынға тағып жүретін Анна лентасындағы алтын медальға ие болды. 1844 жылдың 11 сәуірінде сұлтан Кенесары Қасымовтың ізіне түскен әскери отрядтың құрамында болып, есаул шеніне көтерілді. Үкімет тарапынан 1845 жылдың 17 қаңтар күні Кіші жүздің батыс бөлігінің басқарушы-сұлтанының көмекшісі болып тағайындалды.

1853 жылы М.Тәукинге подполковник шені берілді. 1860 жылы екінші рет Санкт-Петербург пен Москваға Кіші жүз депутациясымен барған. Осы іссапар кезінде ол Ш.Уәлиханов, П.Небольсин, Л.Плотников сынды шығыстанушылармен танысып, императорлық ерікті экономикалық қоғамына мүше болып қабылданған. 1861 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Экономические записки» журналына «Записки о хозяйстве ордынцев» атты қазақтардың шаруашылығы туралы мақаласын жариялады.

1865 жылдың 28 қазанында М.Тәукин Орынбор генерал-губернаторы шешімімен шақыртып алынып, полковник шенімен отставкаға жіберілді. 1868 жылы патша өкіметі қабылдаған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарындағы далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережеге» наразылық танытқаны үшін 1870 жылы Архангельскіге жер аударып жіберді. Одан 1874 жылы елге оралды.

Мұхаммед-Салық Қарауылқожаұлы (толық аты-жөні Хожа Мұхаммед-Салық) Бабажанов 1835 (кейбір деректерде басқаша көрсетілген) жылы Ішкі Бөкей ордасында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы) дүниеге келген. Басқа деректерде оның туған жері Атырау облысы, Исатай ауданының аумағындағы әкесі Қарауылқожаның қоныстанған мекені Забурыннан Нарынға қарай 10 шақырым жердегі Қарауыл төбе делінеді. Бастауыш білімді өз ауылында алған. 1841-45 жылдары хан ордасындағы орыс-қазақ мектебін бітіріп, Орынбордағы Неплюев кадет корпусының Азиялық бөліміне қабылданған. Бұл бөлімде патша үкіметінің әкімшілік орындары мен әскери мекемелерде жұмыс істейтін тілмаштарды дайындалған.

Кадет корпусының бекітілген оқу бағдарламасынан тыс тарих, археология, этнографияға қатысты кітаптарды көп оқыды. Жас Салықты туған өлкесі Еділ мен Жайық өзендерінің бойын мекендеген халықтың тарихы мен тағдыры қызықтырды. Орыс тарихшылары Н.Ка­рамзин, М.Щербаков, И.Голиков, Ф.Миллердің шығармаларымен таныс болды. Сол кездегі орыс географиялық және археологиялық жазбаларын, Санкт-Петербург, Орынборда жарық көріп тұрған мерзімді баспасөздерді, газет-журналдарды жиі оқыған. 1851 жылдың қазан айында Орынбор кадет корпусын ойдағыдай аяқтады. Оған хорунжий әскери атағы берілді.

1852 жылдың 11 қаңтар күні хорунжий М-С.Бабажанов Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор М.Ладыженскийге Ішкі қырғыз (қазақ) ордасын басқаратын уақытша басқару кеңеске қызметке алу туралы өтінішін білдіреді. Орынбор шекара комиссиясының басшылары оқуын үздік бітірген жас офицер М-С.Бабажановты өз қарамағындағы қызметке қалдырды.

1853 жылы Орынбор казак-орыс­та­рының офицерлері оған жала жауып, қызметінен босаттырды. Орынбордағы жұмысынан босаған оны қудалады, кейін Бөкей ордасына жер аударды. Болашақ этнограф-ғалым еш мұқалмады. Керісінше алыс жатқан туған өлкесінің саф табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне деген құштарлығы артты. Бұл жерде ол кеңсе қызметтерін атқарды. Патша өкіметі органдары оның соңына Алексеев есімді подхорунжийді тыңшы етіп қояды. Бірақ екеуі кейін жақын дос болып кеткен. Хан ордасында жазған мақалаларын подхорунжий Астраханда шығатын «Волга» газетіне апарып бастырады. Сөйтіп, М-С.Бабажановтың біраз мақаласы оның қолынсыз жарияланып, жарық көрді.

Ішкі орда қазақтарында 1855 жылы әртүрлі жалған өсек өршіп, толқу пайда болды. Бұл ушыға берсе, ашық көте­ріліс­ке ұласуы мүмкін деген қауіп туын­дады. Орынбор және Самара генерал-губер­наторы Мұхаммед-Салықтың аға­лары Мұхамеджан мен Мұстафа Баба­жановтарды «Ішкі Ордадағы толқу­ларға қатысқаны үшін» тұтқынға алды. Оларды тергеп-тексергеннен кейін «Ішкі орда қазақтары арасында зиянды өсек таратқандықтан» әкімшілік шара қолданып, Батыс Орал ордасына жер аударды.

Бұл оқиғаға байланысты Астрахан қаласында «қасақана қоздырушы» деген күдікпен Мұхаммед-Салық та қамауға алынды. Оған жүргізілген тексеру кезінде бұл күдік дәлелденбеді. Тұтқындау кезін­де көптеген қағаз алынып, оны тексергенде «өкімет алдында ешқандай ой мен қимылдың оғаштығы табылмаған» екен. Ішкі орданың уақытша кеңес төрағасы, полковник К.Герн генерал-губернатор В.Перовскийдің рұқсатымен
М-С.Бабажановты босатып, Хан ордасына кеңесшілікке тағайындады. Бірақ көп уа­қыт өтпей ол Батыс Оралға кетуге рұқ­сат сұрап, ағаларымен бірге тұру­ға, ола­рдың шаңырағына көмектескісі келе­тінін білдіреді. Әкімшілік тарапынан бұл тілегі қабылданып, анасы Жәмила Піралиева мен өгей шешесі Ұлбибі Дәнісмендовамен бірге «жазықты» болып айдалған ағаларының артынан аттанды.

Күйші-композитор, сұлтан Дәулет­ке­рей Шығаев 1871 жылы Салық­тың қаза­сына орай «Салық өлген» атты жоқ­тау күйін шығарған. Ал Мақаш әкім атанған Мұхамбетжан Бекмахамбетов «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші» деп ауыр күрсінген екен.

Шәңгерей Бөкеев (1847-1920) – ақын, қазақтың алғашқы әдебиет аудар­ма­шы­ла­рының бірі. Жәңгір ханның немересі. Бес жасында ата-анасынан жетім қалған. Қазақы дәстүрмен ағалары тәрбиелеген. Алғашында білімді Ордадағы медреседен алып, одан әрі Астрахан реалдық училищесінде оқыған. Орынбор кадет корпусын бітірген соң Самара қаласында бітістіруші судья қызметінде болды. Самарадағы қызметте жүргенде ақсүйек титулын алған. Сөйтіп, өнермен айналысатын ақсүйектер тізіміне енген.

Ол мешіт, медресе құрылыстарын салуға, бау-бақша өсіруге ерекше назар ауда­рып, осы істермен айналысқан. Жер­гілікті халыққа, жазықсыз жапа шеккен бұқараның өкілдеріне қолғабыс жасаған тұлға. Балаларды оқытуға мән беріп, мектеп ашып, білікті мұғалімдерді қызметке шақырған. Әдебиет пен мәдениетке ден қойды. Оның тағы бір ерекше қасиеті – аңшылық пен саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән мен күйді, көркемсөз өнерін ұнатып, өлеңдер жазуы. Шығармалары «Шайыр», «Көксілдір» (1911-1912), «Үш жоқтау» (1926) жинақтарында жарық көрді. М.Лермонтовтың «Қашқын» поэ­ма­сын қазақ тіліне аударған.

Әлмұхамет Сейдалин (1832-1898) – сұлтан, стат-кеңесшісі, аудармашы, уездік судья, Нұралы ханның немересі, Әбілқайыр ханның шөбересі. Бауыры Тілеумұхамбетпен бірге оқыған. 1855 жылы прапорщик шенімен 4-ші Орынбор линиялық батальонына қызметке жібе­ріл­ді. Қызметтік формулярында 1-ші Сейда­лин болып тіркелген. Кейін інісі қызмет істейтін Орынбор шекаралық комиссиясына жұмысқа ауысады. 1857 жылы шекара комиссиясының төрағасы В.Григорьевпен бірге Орынбор өлкесінің шығыс бөлігін аралап шықты. 1859 жылы мамыр-тамыз айында Арал флотилиясының І рангалы капитаны А.Бутаков экспедициясымен Қоңырат (Кунград) қаласына іссапарға барған. 1856 және 1860 жылы Санкт-Петербургқа барған қазақ депутациясына аудармашы болған.

1860 жылы қазақ депутациясының Петербургке келген кезінде Ш.Уәлиханов оларды іздеп барып, жолыққан тәрізді. Өйткені ол өзінің сол жылғы 9 тамызда Санкт-Петербургтен Сырымбеттегі ата-анасына жазған хатында былай дейді: «Мұқан сұлтан бастаған Орынбор сұл­тандары депутациясының Петербургке келгеніне бір апта болды. Олар – 8-9 адам. Бүгін олар императордың қабылдауында болуға тиіс. Олармен бірге тілмәш ретінде қазақ сұлтаны, офицер Әлмұхамет Сейдалин де келді».

Әлмұхамет Сейдалин Түркістан генерал-губернаторы К.Кауфманның шақыр­туы­мен «Түркістан өлкесіне шолу» жи­нағын құрастыруға қатысқан. 1866 жылы Кіші жүздің батыс бөлігінің басшысы қызметінде болып, армия кавалерия­сы­ның ротмистр шенін иеленді. Екі жылдан соң оған Николаев (Қостанай) уезінің судья қызметі ұсынылды. Бұл жұмысында жергілікті бай-бағландар арасындағы өзара айтыс-тартыстарды, барымта мәсе­ле­сін, Гурьев уезіндегі толқуларды, қара­пайым қазақтардың құқықтарын, жер мәселелері сияқты істерді қарастырды.

Тілеумұхамбет Сейдалин (1835-1901) – сұлтан, колледж кеңесшісі, Торғай облысы Ақтөбе уезінің бастығы, этнограф, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. 1855 жылы Неплюев кадет корпусын прапорщик шенінде бітірген. Қызметтік формуля­рында 2-ші Сейдалин болып тіркелген. Оқуын бітірген соң Орынбор генерал-губернаторы қарамағында тілмәш қызметін атқарды. Темір бекінісінің жер жағдайы, тұрғындары, сол төңіректегі заттар мен құрал-жабдықтар туралы мағлұматтар алу үшін алдын ала жүргізілген барлау жұмыстары кезінде бас штаб полковнигі В.Дандевилдің аудармашысы болды. 1859 жылы қызметтегі жетістіктері үшін оған армия кавалериясының подпоручигі шені мен үш жүз күміс ақша қоса берілді.

Т.Сейдалин 1886 жылы әскери қыз­мет­тен босатылып, колледж асессоры қызметіне ауыстырылды. 1888 жылы лауазымды кеңесші, 1892 жылы кеңесші, 1895 жылы колледж кеңесші қызметін атқарды. Ол азаматтық қызметте екі мәрте Торғай уезінің бастығы болып тағайындалған. Бұлай сайлану сол ке­зең­­дегі ережеге сай сирек кездесетін жағ­дай еді. Бірінші рет 1890 жылдың 8 жел­тоқ­са­ны мен 1891 жылдың 5 сәуірі, ал екін­ші мәрте 1896 жылдың 1 тамызы мен 1897 жылдың 26 сәуірі аралығында Торғай уезін басқарды. Ал бұл екі аралықта 1892 жылдың қараша айынан 1893 жылдың маусымында Ақтөбе уезінің бастығы қызметінде болған.

Ол Ресей географиялық қоғамының мүшесі ретінде Торғай, Ырғыз өзендері алқаптарындағы егіншілікті өркендетуді, қазақ ауыз әдебиеті мен этнографиясын зерттеді. 1870 жылы «Ресей географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбалары» бірінші басылымына «О развитии хлебопашество по бассейну реки Тургай» атты мақаласын жариялады. 1874 жылы «Евразия хабаршысы» журналына, 1875 жылы «Ресей географиялық қоғамы Орын­бор бөлімшесінің жазбалары» басылымына (Жантөринмен авторлық бірлікте) редакторлық етуімен Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының халық ауыз шығармалары мен поэзиясы туралы ма­қа­лалары жарық көрді. Оның көптеген зерттеу еңбегі Орынбор және Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде сақталған.

Жиһаншах Әлмұхамедұлы Сейдалин (1877-1923) – қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысына қатысушы. Ол да Неплюев кадет корпусында оқыды. 1900 жылы 23 жасында Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы үздік аяқтады. Университетте Крыжановский атындағы шәкіртақының иегері атанды. Арнаулы жол­дамамен Кавказда, Қара теңіз жаға­лауын­дағы Озургель (Грузия) қаласында 1910 жылға дейін заң саласында қызмет етті. 1913 жыл 31 шілде күнгі «Қазақ» газетінде Ж.Сейдалиннің «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» атты мақаласы жарияланды. Онда «Атам айтушы еді: «Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін із­дейді! Балам, халықты ұмытпа, ғы­лымыңа тойған соң, ақылды тоқтатқан соң елге бір айналарсың» деп. Мен осы сөзді ұмытпай, елге қайырылдым. Келгенде не көрдім? ...Ел бағу тәртібі һәм сот тәртібінің халыққа жайсыздығы, закон шығаратын мекемелерде қазақтың өз адамының жоқтығы. Егер өз адамдары болса, айтылған жайсыз тәртіптерді заманға лайық, қазаққа тынышты қылып өзгертуге себепкер болар еді. ...Күшті ауруға күшті дәрі: дәрінің аты – «съезд», бас қосып бір жерде жайымызды сөйлесіп, заманға лайықты құрал табу» деп ұлттың жоғын жоқтайды.

Білімді заңгер 1916 жылғы маусым айында тыл жұмыстарына адам алу тура­лы патша жарлығын қатаң сынға алды. Көрнекті заңгер Б.Қаратаевпен бірге қазақтан тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөнінде «Қырғыздар туралы еске алатын жазбалар» атты өтініш хат жазып, патшалық Ресей үкіметінің атына жолдайды. 1917-23 жылдары Кеңес өкіметінің ағарту және жер мәселесі комиссариаттарында жауапты қызмет атқарған.

Мұхаметжан Бекмұхаметов (1830-1904) – этнограф, шешен, би, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, ел ішінде Мақаш әкім есімімен белгілі тұлға. Кадет корпусын бітірген соң Орынбор шекара комиссиясында, 1852 жылдан уақытша кеңестің ордадағы тілмәші болған. Каспий жағалауындағы І, ІІ округтерде әкім қызметін атқарды.

Бөкей ордасынан 1881 жылдың шілде айында ІІІ Александр патшаның қабылдауына барған төрт қазақтың бірі – Мақаш Бекмұхамбетов. Бұл іссапарда патшаға қазақ халқының ғасырлар бой­ғы баспанасы – киіз үйдің макетін ал­тыннан соқтырып, алып барған. Оны Мақаш Шолтырұлы Бөкей ордасындағы прогрестік бағыт ұстанған әкімдердің бірі – Өтешқали Атаниязұлымен бірге патшаға тапсырды. Ордадан келіп, патша аудиенциясына кірген қазақ өкілдері тиісті рәсімнен соң өтінішін айтқан. Бұл жайында М.Бекмұхамбетов естелігінде: «Бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым» деген мәлімет қалдырған.

Неплюев кадет корпусын бітір­ген­дердің көпшілігі ақылды, адал, сол ке­зең­нің көрнекі қайраткерлері екені даусыз. Олар қалыптасқан жағдайға байланысты іс-әрекет жасады. Бұл сөзімізге Орынбор кадет корпусының түлегі, этнограф-ғалым М-С.Бабажановтың «Біз өтпелі кезеңде тұрмыз, барлық ақыл-ой жемісінің берген сәулесін қабылдап алуға дайынбыз және соның соңынан бір адым кейін шегінбейміз де» деген сөзі дәлел.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Әуезов және түркі әлемі
    «Алаш» автономиясы хақында

    Ұқсас тақырыптар