«Ғалия» медресесiнiң семейлiк шәкiрттерi

Уақыты: 2022-10-04 Көрлімі: 389 Сипаттама

Еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» басылымының өткен 27 қыр­күйектегі 184-ші санында жариял...



Еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» басылымының өткен 27 қыр­күйектегі 184-ші санында жарияланған журналист Бекен Қайратұлының «Ақаң және «Ғалия» шәкірттері» атты мақаласын оқып, оған ой қосып, тағы бір тараптан тарихи оқиғаны толық­тыру мақсатында осы бір жазбаны жолдап отырмын.

Белгiлi әдебиетшi ғалым Бей­сембай Кенжебаев «ХХ ғасыр ба­сындағы әде­биет» атты зерттеу еңбегiнде: «ХХ ғасыр басында қазақ арасындағы оқу-ағарту жұмысы екi түрлi болды. Оның бiрi – мұсылманша оқу, екiншiсi орысша оқу едi... Бiрақ қазақ арасында­ғы мектеп, медреселердiң аты бар да заты жоқ едi», деп жазады.

Шынында, сол себептi болар, қазақ жастарының үлкен бiр бөлiгi пат­ша­лық Ресейдiң қол астына қа­рас­ты Уфа, Қазан, Орынбор, Тройцк, Бұқара, Самарқанд секiлдi қалалардағы мұ­сылманша дәрiс беретiн медреселерде бiлiм алуға ұм­тылды. Мәселен, сондай iргелi оқу орын­­­дарының бiрi – Уфадағы «Ғалия» мед­ресесi болды.

1916 жылдың 23 желтоқса­нын­да­ғы «Қазақ» газетiнiң №210 санын­да жа­рияланған «Медресенiң 10 жылдық тойы» аталатын мақа­лада «Ғалия» Россиядағы бас медре­се­лер­дiң қай-қайсысынан да болса, берген тағы­лым-тәрбиесi жағынан артық болмаса, кем еместiгi және онда ең аз дегенде жылына 30-40-тан қазақ баласы оқу бiтiретiнi, оның шәкiрттерiнiң бәрi де «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тас­тамай шығатыны туралы айтыла келiп, «Жасасын «Ғалия»! Жасасын «Ғалияны» ашып, тәрбиелеп, рухты жас­тар шығарушылар!» деп аяқталады.

«Ғалия» медресесі, шын мәнiн­де, мұсылманша бiлiм беру жүйесiн­де бiр­ыңғай таза дiни оқуды ғана жүргiзудi емес, жаңа төте жазуды – ұсулы жәдит тәртiбiн енгiзудi үн­деген әрi математика, жаратылыстану, жағырапия, тарих пәндерi бойынша бiлiм беретiн прогрессивтiк бағыттағы бiлiм ордасы болды.

Сонымен қатар мұнда әдебиет пен баспасөздi дамытуға да айрықша көңiл бөлiндi. Бұл оқу орнында барша қазаққа есімі жақсы танымал мәдени ағартушы, татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов және Зияддин әл-Камали тәрiздi тағы басқадай демократиялық көзқарастағы зиялы қауым өкiлдерi қызмет еттi.

Профессор Тұрсынбек Кәкi­шев «Са­дақ» кiтабында Уфадағы «Ға­лия» медресесiнде осы Ғалым­жан Ибра­ги­мовтің көмегiмен қазақ шә­кiрт­терiнiң айына екi рет қолжазба «Садақ» журналын шығарып тұр­ға­нын, сондай-ақ онда Мағжан Жұма­баев, Бейiмбет Майлин, Жиенғали Тiлепбергенов, Нұғман Манаев сын­ды тағы басқа қазақтың бiр топ бола­шақ көрнектi әдебиет және қоғам қай­раткерлерi бiлiм алғанына тоқталады. Бұған қоса ол осы еңбегiнде «Садақ» журналын» шығу тарихына байланыс­ты башқұрттың халық ақыны Сайфи Құдаштың жазған хатынан: «Садақ» журналы 1915 жылы ғана туған емес. «Ғалия қолжазба баспасы» 1907 жылы Ғалымжан Ибрагимовтің «Желiм» ат­ты гектограф газет басып шығаруына бай­­ланысты басталған. Содан үлгi алған қазақ шәкiрттерi Нығметолла Күзембаев, Мәннан Тұрғанбаев, одан кейiн Нұғман Манаев, Сүгiр, Бейiмбет, Жиенғалилер шығарды», деген деректер келтiредi.

Ендi Сайфи Құдаш айтып отыр­ған жаңағы қазақ шәкiрттерiнiң бiрi Мәннан Тұрғанбаев 1919 жылы Семейде «Қазақ тiлi» (қазiргi «Семей таңы») газетiн ашса, Нығметолла Күзембаев Жаңасемейдегi Алаш мектептерiнде қазақ тiлi мен әде­бие­тi пәндерiнен сабақ берген.

Жалпы, ХХ ғасырдың басын­да «Ға­лия» медресесiнде Семейден кiмдер оқыды дегенге келсек, мысалы, жазушы Ғалым Амедовтің «Алаш «Алаш» болғанда» кiтабында 1915-1917 жылдары Семей губерниясы бойынша (Семей, Өскемен, Зайсан, Павлодар, Қарқара­лы уез­дерiнен) «Ғалия» медресесiн­де жо­ғарыда аталған М.Тұрғанбаев пен Н.Күзембаевтан басқа Тайыр Жо­мартбаев, Мұстақым Малдыбаев, Абзал Жиенғалиев, Хайролла Ибра­гимов, Шаймардан Ғұмаров, Ах­мет­жан Күзембаев, Хұсайын Күр­леуiтов, Уәлихан Ғұмаров, Ахмет Жантулин, Ғабдiрахман Сұлтановтардың бiлiм алғаны айтылады.

1917-1919 жылдардағы тәуелсіз қа­­зақ автономиясын құру кезеңiнде көр­нектi педагог-ағартушы, публицист-журналист, қоғам қайраткерi Мән­нан Тұрғанбаев бастаған «Ға­лия» медресесiнiң шәкiрттерi, яғни байырғы қазақ зиялылары Та­йыр Жомартбаев, Нығметолла Күзембаев, Мұстақым Мал­дыбаев, Абзал Жиенғалиев, Хайролла Ибрагимов және тағы басқалар Алаш­­орда үкiметiнiң тiлегiнде болып, ал­ғашқы ұлттық бiлiм беру жүйесiнің іргетасын қалап, дамытуда үлкен еңбек сiңiрдi. Сол сияқты олар тұңғыш қа­зақ оқулықтарын шығаруда да өзiндiк елеулi үлестерiн қосты. Мәселен, 1913-1915 жылдары Орынбор баспасынан Мәннан Тұрғанбаевтың «Пайғамбар зама­ны», Мұстақым Малдыбаевтың «Әлiппе оқулығы» және «Имам һәм намаз», Нығметолла Күзембаевтың «Иман иғтикәд» оқулық кiтаптары жа­рық көрдi. Сол сияқты осы жылдары Абайдың ақын шәкiрттерiнiң бiрi, дарынды жазушы, драматург, педагог Тайыр Жомартбаевтың ­да «Балаларға жемiс», «Қыз көрелiк» атты әдеби-көркем туындылары дү­ниеге келдi.

Бұл арада атап айта кетуіміз керек, 1917-1918 жылдары Семейде жа­рық көрген Алашорданың үні «Сарыарқа» газеті мен «Абай» жур­налына үне­мі мақалалар жария­лап, рухани көмек көрсетіп тұр­ған­дардың алдыңғы қата­рында да осы қазақ зиялылары болды. Мы­салы, бұл басылымдарда педагог-ағар­тушы Мәннан Тұрғанбаевтың ұлт мүддесіне, қазақ тілі мен баста­уыш қа­зақ мектептеріне байланысты проб­лемалық мақалалары жарияланып, қазақ қоғамында үлкен серпіліс туғызды.

Қазақтың тұңғыш журналист қызы, көрнекті педагог-ағартушы Нәзипа Құл­жанованың 1915 жылы «Қазақ» га­зетiнде жарияланған «Семейден» атты мақаласында Ре­сей мұсылмандары атынан ашыл­ған Петербургтегi соғыс ауруханасы мен мектеп-медреселер­дегi мұқтаж қазақ жастарының пайдасына жасалған әдеби кештен түс­кен қаржының орысша және мұ­сылманша бiлiм алушы 12 адамға, соның iшiнде Уфадағы «Ғалия» медресесiнiң семейлiк шәкiрттерi Мәннан Тұрғанбайұлына 25 сом, Мағфура Найманқожақызына 30 сом бөлiнгендiгi, ең бастысы, осындай ел болашағы оқыған азаматтар­ға ақшалай жәрдем көрсетуде өз кө­ме­гiн аямаған ағайын-туысқа көп рах­мет бiлдiретiнi туралы хабары берiлген.

Жалпы, бұл Ахмет Байтұр­сынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мiр­­жақып Дулатов сынды ұлты­мыздың ірі тұлғаларының әрда­йым осы Уфадағы «Ғалия» немесе Орынбордағы «Хасание», Тройц­кiдегi «Мұхамедие» медреселерi, сондай-ақ патшалық Ресейдiң бас­қа­дай жоға­ры оқу орындары болсын, олардағы бiлiм алып жүрген қазақ жастарының тағдырына бейжай қарап қалмағанын аңғартады. Осы орайда Алаш көсемi Ахмет Байтұрсынұлының сонау 1916 жылы қазақ және татар жастары ара­сындағы тiлге қатысты даулы мә­селенi шешу үшiн арнайы Уфа­дағы «Ғалия» медресесiне баруы туралы оқиғаны айтсақ та жеткiлiктi. Сол жолы Ақаң мен Ғалымжан Ибрагимовтің араласуымен бұл келеңсiз жай оң шешiмiн тапқан тәрiздi. Мiне, осы сапарында Ахмет Бай­тұрсынұлы «Ғалия» медресесi­нiң ­бiр топ қазақ шәкiрттерiмен бiрге ­сурет­ке түскен екен.

Бұл тарихи фотосуреттiң бiзге аман-есен сақталып жету тарихы және онда­ғы кейбiр адамдар туралы 1989 жылы «Қазақ әде­биетi» газетiнiң ақпан және қазан айларындағы сандарында екi бiр­дей мақала жарық көрген едi. Мыса­лы, алғашқы «Халық қамқоршысы» де­ген мақаланың авторы Марат Әбдешев Алматыдан табылған суреттегi Ақаң­мен бiрге суретке түскен Омар Ал­ма­сов, Нұрхан Еле­нов, Әбдiрахман Мұс­тафин, Зәкiр Сералин секiлдi қазақ шәкiрт­терiнiң аты-жөндерiн атайды.

Ал енді «Сурет сыры» атты екiншi мақаланың авторы, белгілі абайтану­шы ғалым Қайым Мұхамедқанов: «Сурет­те екiншi қатарда дәл ортада отырған Ахмет Байтұрсынұлы қазiр елдiң көбi танитын болуы керек. Екiншi қатар­да сол жақтағы бiрiншi адам Хайрол­ла Ибрагимов, үшiншi қатарда, Ахмет­тiң дәл ту сыртында тұрған Мәннан Тұрғанбаев (1886-1937 жж) «Қазақ тiлi» газетiнiң (Семей) алғашқы редакто­ры, журналист, педагог. Мәннанның ­сол жағында тұрған – Абзал Жиенғалиев, Семей педтехникумының Әбiкей Зейiнұлы Сәтбаевтан кейiнгi директоры. Бұлар өзiм көрген, бiлетiн адамдар. Екiншi қатарда оңнан солға қарай екiншi отырған, Мағырифа Ибрагимованың айтуы бойынша, Абылғазы Иманов деген кiсi.

Екiншi қатардағы оң жақтан бiрiншi адам – Ахмет Мәметов, дәрiгер әрi ақын. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк­тiң әкесi.

Ақаңмен бiрге түскен 32 адам­ның iшiнен бесеуiнiң кiм екенi белгiлi. Бұл бес адамның Хайрол­ла Иб­рагимовтен басқа төртеуi 1937 жыл­ғы репрессияның құрбаны болды.

Сонымен бұрын төрт адам анық­талса («ҚӘ», №6, 1989), суреттегi «Ғалия» шә­кiрттерiнiң отыз екiсiнiң iшiнен тоғыз адамды бiлетiн болдық.

Қалғандарын да танитын, бiлетiн адамдар табылатын шығар деп ойлаймыз.

Сурет Уфа қаласында түсiрiлген, уақыты – 1916 жыл», – деп жазады.

Зерттеушi Марат Әбдешев өзінің бұл фотосуреттi Зәкiр Сералиннiң баласы Файз ағайдың, ал абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедқа­нов оны алғашқы ұстазы Хайролла Ибрагимовтің зайыбы Мағырифа әжейдiң үйiнен алғанын айтады.

Ақаң түскен осы Семейдегi фо­то­­­­сурет иесi марқұм Хайролла ақ­са­­қал­­дың үйiнде бұдан басқа да адам­­дардың – педагог-ағартушы Сейiт­баттал Мұс­­тафиннiң, журналист-газет қыз­мет­кері Абай (Абы­лай) Рама­за­новтың жеке суреттері, сондай-ақ Семей пед­тех­ни­кумының директоры Абзал Жиен­ғалиевтің әйелі Тайбамен және Зиямен (Уфа медресесінің мұғалімі Зияддин әл-Камали болуы керек – автор), ұс­таз Нығметолла Күзембаевтың әйелі Сақып­жамалмен бiрге түскен фотосуреттер сақталған.

Әрине, ұлағатты ұстаз Хайролла Ибрагимовтің қаратүнек сталин­дiк сая­си қуғын-сүргiн жылдарында ештеңе­ден қорықпай бұл фото­суреттердi аман сақтап бүгінгі күн­ге жеткізуінің өзi үл­кен ерлiк деп білеміз.

Көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедқановтың тұңғыш ұстазы Хайролла Ибрагимов 1900 жылдан бастап 1957 жылға дейiнгi аралықта алғашқыда Семей губерниясының Семейтау және Көкен болыстарында бала оқытады, Алашорда үкiметi тұсында үйiнен бас­тауыш мектеп ашып, сабақ бередi. Содан 1957 жылы зейнет демалысына шық­қанша Семей педагогикалық және өнеркәсіп техни­кумдарында, орта мектептерде мұ­ға­лiмдiк қызметтер атқарады. 1966 жылы 85 жасында қайтыс болады. Ол халыққа бiлiм беру саласындағы осындай жемiстi еңбегiне орай 1946 жылы «Ерен еңбегi үшiн» медалi, 1947 жылы «Қазақ ССР-iнiң еңбек сiңiрген мұғалiмi» атағы және 1949 жылы Ленин орденiмен марапатталады.

Хайролла ақсақал демекшi, ке­зiн­де онымен «Ғалия» медресесiнде бiрге оқыған Ақмола өңірінің тумасы Зейнелғабиден Имажанов туралы профессор Тұрсынбек Кәкiшев «Садақ» атты кiтабында: «Зейнел 1918 жылдың ортасында Ойыл болысына келiп, мұ­ғалiм болады. Жаңадан шаңырақ көтерiп жатқан мектепке үй салу керек болғанда ықпалды ақсақалдардың көмегiмен ауыл жастарын жинап, ала жаздай кiрпiш құйып, күздiң қара суығына ұрынбай бiтiредi. Халық арасында «Зейнел мектебi» аталған оқу орнында 1921 жылға дейiн игiлiктi жұ­мыс iстеп, талайлардың сауатын аша­ды. Сонда алдынан сабақ алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Ишанбай Қарағұлов пен тарих ғылымдарының кандидаты Хабиболла Жабасовтың «Зейнел мектебiнде» оқы­ғанын жоғарыда аңғартып өткенбiз. Ол 1949 жылы Ленин орденiмен, 1950 жылы «Қазақ ССР-iнiң еңбек сiңiрген мұғалiмi» атағымен марапатталды», деп жазады. Міне, «Ғалия» медресесінің қос бірдей түлегі Хайролла Ибрагимов пен Зейнелғабиден Имажанов сынды азаматтар өздерінің ұлт мүддесі жо­лындағы ұлағатты ұстаздық еңбек­те­рімен осындай жоғары атақ­тарға ие болғанын көріп отырсыздар.

«Ұстаздан – ұлағат, ғалымнан – ғиб­рат» дегендей, ХХ ғасыр басында Уфадағы «Ғалия» медресесiн бiтiрген байырғы қазақ зиялыларының өмiрi бүгiнгi ұрпаққа осылайша үлгi-өнеге болып қала бермек.

 

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

журналист-тарихшы

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • ҚАЙРАН, ШЕРАҒАМ- АЙ!
    Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын арнайы комиссия зерттеп жатыр

    Ұқсас тақырыптар