Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Елімізде 2019 жылы «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасы қолға алынып, алыс-жақын шетел архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты істерден көшірмелер алына бастаған болатын. Өкінішке қарай, 2020 жылы әлемді әбігерге салған Covid-2019 бағдарламаны тоқтатып тастады. Араға екі жыл уақыт салып қана жұмыс жалғасты. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова мен осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов 2022 жылдың 11-25 мамыр аралығында Ресей Федерациясының Саратов қаласы архивінде жұмыс істеген еді. Төменде осы сапарда табылған тың мәліметтерді оқырманға ұсынып отырмыз.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Өйткені сайын даланы отарлау саясаты кезінде талай-талай рухани және материалдық мұрамызды сырт көз тасып әкеткен, небір құндылықтарымыздан айырылғанымыз тарихи шындық. Тіпті осы уақытқа дейін сол рухани қазынамызды түгендеумен, іздеумен келеміз.
Шетел архивінде жатқан істерді түгендеу мәселесі өткен XX ғасырдың 30-60 жылдары да көтеріліп, бірақ кеңестік идеология мен кертартпа саясаттың әсерінен қазақ тарихына қатысты құжаттарды орталық архивтерден қайтару немесе көшірмесін алу жұмысы аяқсыз қалған еді. 2004-2014 жылдары алыс-жақын шетел архивтерінен, ғылыми мекемелер мен кітапханалардан ұлт тарихына қатысты қандай да бір құжат іздестіру, көшірмесін алу, ғылыми айналымға енгізу жұмысы «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалармен жалғасты. Шетел архивінде сақтаулы жатқан бұл құжаттар бізге сол кезеңнің толық суретін ұғыну, тарихымызды түгендеу үшін қажет-ақ.
...ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы саны жағынан көп болған жоқ. Қазақстанда орта білімді мұғалімдер даярлайтын бірлі-жарым курстар мен училищелер болмаса, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарда қызмет жасаған қазақ мамандары негізінен Ресей оқу орындарында білім алды. Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейін өсіруге мүдделі болған жоқ, керісінше қараңғылықта ұстау пайдалырақ болды. Ал XIX ғасырдың соңғы ширегінен бастап қазақ даласында азын-аулақ ашыла бастаған орыс-қазақ мектептері мен гимназиялары жергілікті жұртты «Мұхаммед дінін уағыздаушы молдалардың зиянды ықпалынан» сақтау үшін және сонымен бірге «далада орыс ықпалын» жүргізу үшін керек еді.
Алайда отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына да бөлуге мәжбүр болған. Өйткені жыл өткен сайын басқару жүйесінде ұлттық кадрларға мұқтаждық артты. Осы мақсатта генерал-губернаторлықтар кеңсесі жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген қаржыға сүйеніп, қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Киев сияқты қалаларда түрлі мамандық бойынша білім алды.
XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында қазақ мамандарын даярлауда Ресейдің Қазан, Санкт-Петербург, Томск және Саратов қалалары айтарлықтай үлкен орталыққа айналды. Оны мына кестеден байқауға болады:
Универ-ситеттер | Факультетте оқыған қазақ студенттерінің саны | ||||
заң | шығыстану | Физика-математика | дәрігерлік | Тағы басқа | |
Санкт-Петербург | 15 | 4 | 1 | ||
Қазан | 18 | 12 | |||
Саратов | 6 | ||||
Томск | 4 | 3 | |||
Барлығы | 37 | 4 | 1 | 21 |
ХІХ ғасырдың аяғында Саратов Волга бойының жалпы мойындалған астанасы болды. 1897 жылғы халық санағы бойынша Саратовта 137 147 адам тұрды, яғни сол кездегі тұрғындарының саны бойынша Санкт-Петербург пен Мәскеуден кейін үшінші орында тұрды. «Еділ бойының астанасы» мәртебесінің арқасында қалада бірінші орыс ұлттық циркі ашылды. Ресейдегі алғашқы қоғамдық өнер музейі, провинциядағы алғашқы консерватория және университеттің ашылуына әсер етті.
Саратов ірі қала болды. Қаланың атауы қазақтың құлағына жақын еді. Орманды дала өлкесінің табиғи-климаттық жағдайы да қазақтардың өмір сүру ортасымен бірдей болып шықты. Осы өңірдегі көптеген шаһар секілді, Саратовта да өмірлік маңызды әлеуметтік салаларда татар элементінің басымдығы сақталды. Халқы этникалық және конфессиялық әртүрлі болса да, қазақ халқы Саратов – Сарытау қаласын ислам өркениеті орталықтарының бірі деп санайтын. Бұл стереотипті әлеуметтік процестердің барлық динамикасы белсенді түрде қолдады. Атап айтқанда, бұл кезеңде татар өкілдері Орал, Торғай, Ақмола облыстары қалалары мен қазақтардың этникалық территориясының ішінара басқа аймақтарындағы халықтың едәуір бөлігін құрады. Татар өкілдері ислам мәдениеті элементтерін, татар әдебиетін, әртүрлі оқыту әдістерін таратуға жігерлі үлес қосты.
1909 жылы 6 желтоқсанда Саратов университеті салтанатты түрде ашылды. Оған империя азаматтары да, университеттер де, Саратовқа өз делегациясын жіберген бірқатар шетелдік университеттер де үлкен назар аударды. Университетке ең алғаш 92 студент пен 15 ерікті қабылданды. 27 қазанда жеке тұлғалардың, басқа кітапханалар мен университеттердің қайырымдылық көмегімен университеттің өз кітапханасы ашылды. Саратов императорлық Николаев университеті бүкіл Оңтүстік-Шығыс Ресейдің оқу-ағарту орталығына айналды. Онда Саратов губерниясынан басқа, Самара, Астрахань, Пенза, Орынбор губернияларынан, Бөкей ордасы мен Орал облысынан келген студенттер білім алды.
1914 жылы Саратов университетінің медицина факультетін дәрігер мамандығымен бітірушілер саны 107 адам болды. 1914 жылға дейін медицина факультетіне тек ер адамдар қабылданды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты әскери және тыл госпитальдарында дәрігерлер жетіспей, Халық Ағарту министрі бос орындарға әйелдерді қабылдауға мәжбүр етеді. 1915 жылы Императорлық Николаев атындағы Саратов университетіне 36 студент қыз және 2 ерікті қабылданды. 1917 жылға дейін университеттің медицина факультетін 600 адам бітіріп шыққан.
Саратов облысының мемлекеттік архиві құжаттарына қарағанда, Қазан төңкерісіне дейін Саратов университетінде 6 қазақ оқыған. Олар – Есенғұлов Ғұмар Қожахметұлы, Ниязов Мирахмед Жүсіпұлы, Жүсіпғалиев Батырғали, Бисенов Бақтығали, Шұғылов Ықылас, Қасаболатов Есенғали. Бұл студенттердің жеке істерінде құнды өмірбаяндық мәліметтер, жоғары оқу орнына дейінгі білім туралы деректер, отбасыларының тұрғылықты жері туралы мәліметтер, жергілікті атқарушы органдар мен гимназиялар басшылығының университет әкімшілігімен ресми хат алмасулары бар. 6 студент те сол кездегі жалғыз медициналық факультетте оқыды.
Қазақ студенттерінің таңдауы саналы болды, өйткені қазақ қоғамында емшілік қасиет әрқашан жоғары бағаланған. Сонымен қатар қазақ даласында аттестациядан өткен қазақ дәрігер өте тапшы болды. Орыс ұлтты мамандар климаты күрт континенттік қазақ даласында жұмыс істеуге құлшыныс танытпады, оның үстіне олар қазақ тілін білмейтін. Айта кету керек, қазақ арасында бақсы-балгер, халық емшілері көп болғанымен, ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ халқының едәуір бөлігі еуропалық медицинаның сөзсіз артықшылығын мойындап, соған бет бұрды.
Біз айтқан болашақ алты дәрігер де Батыс Қазақстанның тумалары еді. Атап айтқанда, Мирахмед Ниязов, Батырғали Жүсіпғалиев – Бөкей Ордасынан, Ғұмар Есенғұлов, Бақтығали Бисенов, Ықлас Шұғылов, Есенғали Қасаболатов – Орал облысынан. Бұл студенттер Саратовты географиялық жақындығына байланысты таңдады. Екіншіден, болашақ дәрігерлердің басым бөлігі, яғни Бақтығали Бисенов, Ғұмар Есенғұлов, Есенғали Қасаболатов, Ықылас Шұғылов – Орал әскери-реалды училищесінің түлектері болатын. Бір қызығы, әскери училищеде шет тілдері, атап айтқанда латын тілінің сөздік қорын қамтитын неміс және француз тілдері оқытылды. Ал латын тілі медицинада кеңінен қолданылды, оған қоса университеттің емдеу факультетіне түсу үшін латын тілінен емтихан тапсыру қажет болды. Болашақ дәрігерлер училищеде шет тілдерін жақсы меңгерді. Бөкей Ордасының тумалары Мирахмед Ниязов пен Батырғали Жүсіпғалиев Астрахань гимназиясында оқып, оқу бағдарламасында латын тілін меңгерген.
Студенттердің жеке істерінде көрсетілгендей, барлық қазақ талапкер гимназия мен училище аттестатында оң бағасы басым, еңбекқор және тәртіпті студент ретінде сипатталған. Оның үстіне, Саратовқа келгенге дейін-ақ бұл жастар қалалық ортада өмір сүруге икемделген болатын. Олардың орыс тілін жақсы білуі, толерантты көзқарасы үлкен қаланың тұрмыс-тіршілігіне тез бейімдеді. Тек бір қиындық – университет студенттері баспанамен қамтылмайтын. Олар баспананы өздері іздеуге мәжбүр болды. Барлық қазақ студенті жалдамалы пәтерде тұрды. Бұл айтарлықтай қаржы шығынын талап етті.
Еділ бойы астанасындағы студенттердің көпшілігі қазақ қоғамының аз қамтылған тобынан шыққан еді. Сондықтан олардың оқуы қаржылық қиындықпен қатар жүрді. Мирахмед Жүсіпұлы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір ханның ықпалды серігі, ноғай-қазақ руының басшысы Шомбал Ниязовтың немересі және әскери старшина Жүсіп Ниязовтың ұлы болғанымен, қаржылық қиындықты ол да бастан кешкен. Өйткені ол әкесінен ерте айырылып, жартылай жетім өсті.
Материалдық және қаржылық мәселе қазақ студенттерінің оқуына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Тұрақты қаржы тапшылығы сапалы білім алуға кедергі болды. Мұны архив қорында сақталған құжаттар көрсетеді: қазақ студенттерінің көпшілігі қанағаттанарлық баға алған. Мысалы, студент Бисенов сырқатына байланысты емтиханды уақытында тапсыра алмаған. Сөйтіп Бисенов оқуды кейінге қалдыру туралы өтініш жасаған. Бақтығали Бисенов тек 1917 жылы наурызда дәрігер дәрежесін алу үшін сынақ тапсырып, барлық емтиханда қанағаттанарлық баға алған.
Медицина факультетінде оқу әрқашан күрделі. Оқу бағдарламасында минералогия, физика, бейорганикалық химия, органикалық химия, ботаника, зоология, сипаттамалық анатомия, эмбриология мен гистология, физиология, физиологиялық химия, фармакогнозия мен фармация, жалпы патология, бактериология, патологиялық анатомия және гистология, минералды суларды құрастыру және зерттеу фармакологиясы, гигиена, сот медицинасы, медицина тарихы, оперативті хирургия секілді 27 пән жүретін. Хирургиялық аурулар, балалар, ішкі, жүйке және психикалық аурулар, көз, тері, гинекология ілімі мен акушерлік, құлақ, тамақ және мұрын клиникасы мен теориясы секілді сабақтар тағы бар. Бұл пәндердің басым көпшілігі гимназиялар мен реалды училищелерде оқытылмайтын, тың әрі қиын сабақтар болатын.
Осылардың арасынан үш қазақ студенті аймақтық билік орындарынан стипендия алды. 1910 жылы Орал облысы әкімшілігінен Ғұмар Есенғұлов пен Бақтығали Бисеновтің әрқайсысына 350 сом берілсе, 1913 жылы Бөкей Ордасының әкімшілігі Батырғали Жүсіпғалиевке 300 сом стипендия тағайындады. Патша үкіметі қазақ студенттерін қалыптастыру үшін осындай бастама жасап, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерді қаржылай қолдады. Бұл шәкіртақы қоры земство жарналары есебінен қалыптасты. Бірақ земство қаржы қоры уақтылы жиналмай, шәкіртақы жиі кідіріп, ретсіз төленді.
Қаржы мәселесі университетті таңдауға да ықпал етті. Мысалы, Ғұмар Есенғұлов пен Бақтығали Бисенов 1910 жылы Мәскеу университетіне оқуға түсуге өтініш берген. Бірақ кейін Орал облысы әскери губернаторы генерал-лейтенант Н.В. Дубасов оларға Саратов императорлық Николаев университетінде оқуға стипендия тағайындады. Бөкейлік Батырғали Жүсіпғалиев 1911 жылы Саратов университетіне оқуға қабылданып, бірінші курстан кейін 1912 жылы қыркүйекте Қазан университетіне, ал 1913 жылы қаңтарда Саратов университетіне оқуға қайта ауысады, өйткені оған Бөкей ордасы әкімшілігінің Саратов университетінің медициналық білімге оқуға гранты тағайындалды.
Үнемі ақша тапшылығы, дәстүрлі ет тағамдарының жеткіліксіздігі, оқу қиындығынан туған күйзеліс даладан келген оқушылардың денсаулығына да әсер етті. Науқас студенттер дәрістерді, ең бастысы практикалық және зертханалық сабақтарды жиі қалдыруға мәжбүр болды. 1911 жылдың 4 қыркүйегінде студент Бақтығали Бисенов Саратов университетінің ректоры, профессор Василий Разумовский мен Қазан оқу округінің сенімді өкілі П.Погодиннің атына «сырқатыма байланысты емтихандарды кейінге қалдыруды сұраймын» деп хат жазған. Ал Батырғали Жүсіпғалиев 1916 жылы 10 ақпанда іш сүзегі ауруынан, иммунитеті әлсіздіктен қайтыс болды.
Кейбір студент оқып жүріп отбасын құрыпты. Мысалы, Есенғали Қасаболатов 1912 жылы Саратов губерниясындағы татар шаруа отбасынан шыққан Бибі-Айша Мұхитдиноваға үйленген. 23 жастағы Қасаболатовтың әйелі шаруаның 18 жастағы қызы болған. Неке қию мұсылман салтымен өтті. Есенғали Қасаболатовтың татар-мұсылман отбасынан шыққан қызға үйленуі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында әбден үйреншікті жағдай болатын. Бірақ студенттік отбасын құру қазақ арасында сирек еді. Ресей жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің басым көпшілігі жоғары білім алғаннан кейін үйленді.
Болашақ қазақ дәрігерлері өз елінде қызмет етуді мақсат етті. Ауылдық жерде кәсіби дипломы бар «Гиппократ антын» қабылдаған мамандар тапшы еді. Сондықтан Саратов университетіндегі медицина факультеті түлектерінің барлығы қазақ губерниясына, көбінесе өздерінің шағын отанына барып, практикалық дәрігер болып жұмыс істей бастады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық архивтік қорына жаңа құжаттарды қосу үшін жүзеге асырылған, ұлт тарихына қатысты тың құжаттарды анықтау және цифрландыру мақсатында жүргізілген археографиялық экспедиция өз мақсатына жетіп, алдына қойған міндеттерін толық орындай алды.
Рашид ОРАЗОВ,
аға ғылыми қызметкер,
Светлана СМАҒҰЛОВА,
тарих ғылымдарының докторы
Дереккөз: Egemen Qazaqstan