Омарәлі Әділбекұлы
Қарашаңырақ исі Қазақ үшін ұлтты ұйыстыратын,береке-бірлікке шақыратын,отбасы құндылықтарын сақтауда,жалғастыруда дәнекерлік ролы өте жоғары қасиетті ұғым болып келеді. Бұл дәстүр әсіресе,Қытай,Моңғолия,Иранда тұратын қандастарымыз арасында жақсы сақталған. Олар елден ауа көшсе де,бұлғақ заманның талқысына түссе д ,жасап жатқан елдеріндегі саяси,қоғамдық өзгерістердің тепкісіне ұшыраса да дәстүрі мен тілін,дінін бойтұмардай сақтап ұрпағына аманаттап кетті. "Көп қорқытып,терең батыратын" мынау жаһандану заманында әлемнің елуге таяу еліне шашырап кетіп,тәуелсіздіктен кейін көктудың астына жиылып ұлттық бірегейлену үдерісін бастап кеткен Алаш жұрты үшін осы дәстүрді жаңғыртып,жаңаша сипат беріп ұлттық иделогияның бір тетігіне айналдыра білсек құба-құб болар еді.
Ханнан қасиет қашпаған,билеріміз тұра жолдан таймаған,би инустутында мұрагерлік механизмі қалыптаспаған көшпелілер заманына үңілсек жақсылық пен жамандықты тең көтере білген,қайыршы,түрме деген отырықшы қоғамның дертін бойына дарытпаған арда Қазақ сөзі мен ісі бір жерден шыққан,рудың ұйтқысы болған тұлғаның от жаққан ошағын өз кіндігінен тараған сенімді,опалы,көргенді бір баласына сеніп тапсырады .Көбінде сүт кенжеге талдау түседі бірақ тұңғыш ,ортаншы баллар да қағыс қалмайды. Өйткені,"Қой асығы деме,қолыңа жақса сақа тұт " - деген дала демократиясы көшпелілердің өмір мен қоғамды танудағы,меңгерудегі шамшырағы болатын.
Ақсақалдың талдауы тиянақтаған соң ол отаудың мәртебесі дереу көтерідеді. Еншісін алып кеткендерден қалған мал-жанның иесі атанады .Қарашаңырақ табалдырығын аттаған абысын-келіндердің бәрі төрге озбай,иіліп сәлем қылады. Алыс-жақыннан келген силы,мәртебелі қонақтар сол үйдің іргесіне келіп аттарын алдымен байлайды. Атүстіндегі азаматтар келелі кеңесін сол қарашаңырақтың төрінде отырып бастайды. Айналада болып жатқан үлкен-кіші дау-жаңжалдар сол жерде талқыға түсіп,шешімін тауып жатады.
Қазақи ұғымда үш жүзге бөлінген Қазақ тайпаларының ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан әспеттеп,ардақтап силайтын тіпті ұранына айналған қарашаңырағы бар ол жөнінде таратып,тамсанып айтылатын аңыз-афсаналар жетерлік. Нақтырақ айтсақ,Қытай Қазақтарында арысы Тоғыз таңбалы Найманнан берісі Төлек Атайдың төрт баласын пұтарлап айтқанда,Абақ Керейдің онекі құрамын түгендегенде,Албанның алты тармағын жіңішкелегенде айтылған әңгіменің бәрі қарашаңырақтың өткені мен бүгініне барып тоғысады. Осы дәстүріміздің арқасында ұлтымыз мына жаһандану заманында өз "МЕНІН " немесе кодын жоғалтпай отыр.
1982 жылы жаздың аяғына таман Пекин орталық ұлттар университетінен оқуға қабылдандың деген шақыртуды жайлаудағы жұртымызға үлкен ағам мархум Қаһарман Әлиасқарұлы түнделетіп жеткізді. Ол заманда машина деген некен-саяқ негізгі қатынас көлігіміз мініс ат пен арба болатын. Әке-шешем құаныштан жарыла жаздап айналадағы көрші-қолаң,туыс-туған,құда-жұратты шақырып бір қойын атап сойып жолға шығарып салды. Бір белден аса бергенімізде Нүсіпбек ақсақал артымыздан қуып жетіп "Асеке (әкем Әлиасқарды ел осылай атайтын ) алысқа аттанған мына баламды Қарабидің (Найманның Есіргеп биі ) қарашаңырағынан дәм татырмай қалай жібереміз? Аудан бойынша дара шапқан бала екен,Қараби бабамыздың аруағы жат жерде жебеп жүрсін!» -деп уәж айтты. Аттың басын бұрдық. Қарашаңыраққа кіріп құран оқытып,дәм ауыз тиіп барып сапарды жалғастырдық. Бұл сәт менің бала жүрегімде мәңгілікке сақталып қалды. Содан бастап жыл сайын туған жерге келгенімде міндетті түрде сол қарашаңыраққа сәлем беріп шығу әдетіме айналды.
2014 жылы үлкен ұлым Баршын Омарәліұлы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін пітіріп ҰБТ дан жоғары бал жинап Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне грантпен қабылданды. Бұл кез елге келіп есімізді жиып,алыс-жақындағы туыстарымыздың денін атамекенге көшіріп алғамыз. Ұлымның жаңа өмірі басталып жатыр. Әулетіміздің Алматыға келіп өмір есігін ашқан алғашқы буынының өкілі жаңа өмірге жолдама алғалы тұр сонымен жұмысымды бір аптаға тоқтата тұрып отбасымды ертіп Қытайға тартып кеттім. Әуелі,Құлжа қаласында тоқтап балаларымның нағашы атасы мен апасының басына құран оқытып,дұға бағыштадық одан соң Құйтындағы нағашыларына еру болы,Үрімшіге аялдап шешесінің оқыған,қызмет істеген жерін көрсеттік оданары Корла қаласына қона жатып шешелері туып -өскен қаланы саяхаттадық. Ертесі Тәңіртаудан тағы бір рет асып Күнеске келіп ат суыттық. Бұл жерде әйгілі Таңжарық Жолды ұлының тетелес інісі,жолдасы болған,ақын шығармаларының насихатшысы,іздеушісі атанған Іле өңіріне танымал ағартушы Ырымбек Сарқұлжаұлының қарашаңырағына бас сұғып құран оқытып,дұға бағыштадық. Қызай (Күнбүбі Бәйдібекқызы ) анамыздың қарашаңырағы кенжесі Дербістен жалғасып Тұрды Әбілғазы деген кісіге жеткен екен,сол отбасыға жол-жосынымызбен арнайы барып қарашаңыраққа деген құрметіміз бен ықыласымызды білдірдік.
Ертесі сапарымыз менің туған жерім Тоғызтарау ауданында жалғасты. Өзімнің балалық шағымның ізі қалған Бессала мен Тайтуғанды,Ағарсын ауылындағы мектепті көрсеттім. Өзім алғаш жоғары оқуға аттанғанда батасын беріп,ақжол тілеген Нүсіпбек ақсақалдың отауына арнайы бардық. Найманның биі ретінде көптеген аңыз бен хисаға арқау болған,Қытай,Орыс жылнамаларында есімі қалған,Түркістандағы Қожа-Ахмет мешітінің жанындағы қорымға асыл тәні ардақталып қойылған Есіргеп Жаңғабылұлының (Қараби ) қарашаңырағын ендігі жалғастырушысы Нурибек Мұсабекұлы тәуелсіз елдің екі тумасы мен ерлі-зайыпты екі жекжатын құшақ жая қарсы алды. Ендігі кезекте бұл күнде әйгілі саяхат орталығына айналған Көлденең жайлауына барып Ілеге Қызайларды бастап келген әйгілі төрт бидің бірі,ел арасында атақты Сасан биге арнап" Айғыр сойған Сәттібай би" атанып кеткен,сүйек қуғанда төртінші атам болып келетін Сәттібай бидің қарашаңырағына ие болып отырған Құлжабай Ағәділ ағамыздың үйіне барып зиратымызды жалғастырдық.
Бұл сапардан балаларымның не сезіп,не түйсінгені ,қандай ойға келгенін білмеймін бірақ әкелік борышымды өтедім деп ойлаймын! Олар да есейіп-ержетіп,толысып,кемеліне келген кезінде әкелерінің арманы мен алаңын,бөлініп-жарылған Қазақтың тағдыры мен тауқыметін сезініп,түсінер,келешегі мен көкжиегі туралы ойланар деп үміттенемін.
Тарихшы Нәбижан Мұқаметқанұлы "Ұлт бірегейленбей мемлекет нығаймайды. Бұл – аксиома." деп атап өткендей, жаңа Қазақстан бұрынғы биліктің қырық темірдің қылауынан "Қазақстандық ұлт" жасаймын деген қияли фантазиясын ұмытып, ұлттық бірегейлену мен отарсыздандыру үдерісін шындап қолға алса қазіргі шиленіскен әлемдік гео-саясат пен тайталасқан ішкі тарыстың тамырын тап басар еді. Ұлттық бірегейлену үдерісі басталғалы отыз жыл болды ауыз толтырып айтатындай нәтиже бар дегенмен кемшілік пен іркілісте жоқ емес. Жаңа қазақстан осы бағыттан ешқашан ауытқымайды өйткені жиналған тәжірибе мен жолға қойылған идеология жұрт жүрегіне жол тапты. Көштің қажеттілігі мен маңыздылығы әр Қазақтың көкірегінде сайрап тұр енді Қазақ көшінің саны мен сапасын арттыру ,көкжиегін кеңейту әр Қазақтың парызы. "Тарам-тарам жолдың бәрі мекеге бастап барады "дегендей сол жолдың бір тармағы әрі деңі Қазақ санасындағы қарашаңырақ ұғымы болса керек. Сол ұғымды заманға сай жаңғырту,руға бөлініп ескіні аңсау емес,дәстүрді ұлт мүддесіне қарай бейімдеу,айналысқа түсіру болып табылады. Әр тайпаның,әр рудың мақтанышына,символына айналған қарашаңырақ иелерін атамекенге көшіріп келсек біраз қауымның қозғалуына түрткі боламыз тіпті бәсеке десе барын салып,қатарынан қалуды намыс көретін ақеділ,аңқау халқымыз жапатармағай атсалысатын шығар?! Қазақ көші дәстүрлі құндылықтармен көмкеріліп,қуаттанса ісіміз игі,көшіміз көлікті болары сөзсіз. Әрине,ата-бабаларымыз "аруақты жерден ат үркеді. "Шөп шыққан жеріне шыдады" деп тәлім бермеп пе еді!?
Айтпақшы,әңгіме басында айтылған Қараби (Есіргеп Жаңғабылұлы) бабамыздың қарашаңырағына бас болып отырған Нұрибек Мұсабектің ұлы Өркен биыл көктемде үшінші ел арқылы Алматыға келіп ораласты. Сонымен Қараби бабамыздың қарашаңырағының бір уығы елімізде шаншылды. Біраз жылдың алдында атам Әділбектің қарашаңырағын ұстап отырған Сырайыл Әлқанұлы Шелекке отбасымен көшіп келіп ортамызды толтырған,енді амандық болса,шекара ашылып жатса Сәттібай бабамыздың қарашаңырақ иелерімен қауышамыз деп үміттенемін.
Шетелде қалып қойған бар Қазақтың қарашаңырағы атамкенде көтерілі,түтіні түзу ұшсын деп тілейік!