«Қазақ тарихынан» қалай жазылды?

Уақыты: 2023-02-23 Көрлімі: 1708 Сипаттама

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы...


Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы (1923 жыл) мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы, «Темірқазық» (1923 жыл) және «Жас қазақ» (1923-1925) журналдарының түпнұсқалары Ресеймен шекара түбіндегі ауылдарда бір ғасыр бойы сандық түбінде сақталып келген. Бұл баға жетпес жәдігерлер отарлық саясаттың соққысына қатты ұшыраған солтүстік аймақтардың халқы кезінде Алаш ұлыларының шығармаларын жата-жастана оқып, ұлт руханиятымен сусындағанын әйгілеп тұрғандай.


«Қазақ тарихынан» кітабы шын мәнінде хал­қымыздың саяси тарихы тұрғысынан алғашқы жазылған шығарма еді. Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде ХVІІІ ғасырдан, яғни Абы­лай хан дәуірінен бергі кезеңді қам­тиды. Абылай хан мен Кенесары ханға, сол замандағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан­­ға тарихи тұрғыдан баға берген. Кенесары көтерілісі, оның жеңілу себептері жайында сипаттап келіп, оны «Ұлт қаһарманы» деп атайды. Хан Кенеге қатысты мұндай мәртебелі атақты Қошке тарихшылардың ішінде тұңғыш болып қолданған

Керекудегі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі үлкен рухани олжаға кенелді. Жуықта музей қызметкерлері ауыл-аудандарды аралап жүріп, ХХ ғасырдың басында жарық көрген көне кітаптар мен мерзімді басылымдарды іздеп тапқан.

Қазақ елінің тарихына зер салсақ, Ресейдің отаршылдық саясаты әбден күшейген ХХ ғасыр басында ұлт­қа қызмет ету жолында өзін құрбан­дыққа шалып, езілген халықты сауат­сыздық қапасынан алып шығуға тал­пын­ған зиялы қауымның ортақ мүддеге топтасқанын аңғарар едік. Бұл оқсыз майданда ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының жол көрсетуімен қазақ­тың тарихы, мәдениеті мен өнері, шаруашылығы мен біліміне қатысты талай марғасқалардың кітаптары мен еңбектері, мерзімді басылымдар жарық көрді. Сол руханият көшінен атақты «Алтын сақинасы» Қызылордадағы алғашқы қазақ театрының ашылуында сахналанған Қошке Кемеңгерұлының жұлдызы жарқырай көрінгені де мәлім. Ғалымдарымыздың пікірінше, Алаш қайраткерінің 1924 жылы жарық көрген «Қазақ тарихынан» кітабы ұлттық саяси тарихымыз жөнінде жазылған тұңғыш еңбек.

Қошке Кемеңгерұлының кітабы жайында Мұхтар Әуезов 1927 жылы мынадай баға берген: «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шық­қан Халел Досмұхамедұлының «Исатай-Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз».

Кезінде Мәскеуде Нәзір Төреқұлов шығарған «Темірқазық» журналының алғашқы санында (1923 жылы) Қ.Ке­мең­герұлының жоғарыдағы еңбегі «Қазақтың саяси тарихи тұрмысынан» деген атаумен алғаш рет басылады. Бұл туралы Павлодар педагогикалық университетінің доценті, Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер му­зейінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов айтып берді. Алаш қайраткерлерінің барлығы сол уақытта кітап шығарумен айналысқаны да мәлім. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбекте­рін шығарса, Мағжан Жұмабаев «Педа­гогика», Жүсіпбек Аймауытов «Пси­хология», ал Қошке Кемеңгерұлы «Қа­зақ тарихынан» кітабы мен орыс сыныптарына арналған қазақ тілі оқу­лығын жазды. Бұл сол уақыттағы Алаш қайраткерлерінің ағартушылық бағытында қолға алған маңызды мис­сиялары-тұғын.

Ғалым Әділбек Әміренов кезекті табылған олжалардың әрқайсысын асықпай зерделеп, әрбіріне сипаттама жазыпты.

«Қошкенің кітабын ерекше жәді­герлер қатарына жатқызуға болады. Себебі оған дейін қазақтың саяси тарихынан сөз қозғаған қаламгер жоқ. Кітаптың титул беті сақталған. Орта тұсында «Қ.Кемеңгерұлы. Қазақ тарихынан» деп автор мен кітаптың атауы беріліп, төменгі жағына «СССР халықтары кіндік баспасы. Мәскеу – 1924 жыл» деп басылған жері, мезгілі жайлы мағлұматталған. Күйі өте нашар, парақ шеттері мүжіліп тозған, қолға ұстап оқуға жарамсыз. Небәрі он бес беті сақталған. Мазмұнына қарағанда 57 бет болуы керек. Мазмұнында «Бас­­қармадан», «Меңгеру жайы», «Ра­мет жайы», «Әскерлік жайы», «Дін жайы», «Оқу жайы», «Жер жайы», «Ру жайы», «Қарсы қозғалыстар», «Қазақ хандарының мәдени мақсудтары», «Мәденилеу орыс қандай үлгі береді», «Мінез, хуқуқ жайы», «Ауыл шаруа­шылығының жайы», «Кәсіпшілдік жайы», «Денсаулық жайы» дейтін тақырып атаулары берілген. Кітапты оқыған адам мұның еш цензурасыз жазылғанын бірден аңғарар еді. Патша өкіметінің қалаларды орналастыру, форпостар салу саясаты жөнінде де талдап жазады. Кеңес дәуіріне дейінгі қазақтың өткеніне қысқаша шолу жасап, халқымыз «рулық коммунизмді» ұстанды деген түйін келтіреді», деп қысқаша талдап берді кітап жайында ғалым.

Қошке Кемеңгерұлының 1923-1930 жылдар аралығында Орынбор, Мәскеу, Қызылорда, Алматы, Ташкент қалаларынан әдеби-көркем, тарихи, оқу-әдістемелік бағыттарында жазылған он кітабы жарық көріпті. Олар – бізге әзірше белгілі еңбектері ғана. Бұл туралы Алаш қайраткерінің тікелей ұрпағы, ғалым, филология ғылымдарының кан­дидаты Қайырбек Кемеңгер жазады. «Қошке қалай ақталды?» деген мақаласынан ұлт ардақтысының қолына кісен салынған 1930 жылдан кейін 35 жыл бойы бірде-бір туындысы баспа бетінде жарияланбағанын оқып білдік. Барлық кітабы мен еңбегі, қолжазбалары НКВД органдары тарапынан жойылып жіберілген.

«1965 жылы «Алтын сақина» атты жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Таралымы он мың дана ол кі­тап­тың баспа бетін көргені – Қошке ұрпағына көптен күткен қуаныш болса, сол уақыттағы қазақ қоғамында бұл жаңалық таңданыс туғызды. Қаламгердің ұрпағы әкелері тіріліп келгендей күй кешсе, кейбір сыншылар алашордашыл жазушы «Кемеңгеров кемеңгерсіп кетті» деп ескі сарынға салды. Ақыры билік басындағылар тарап үлгермеген басылымды оқырманға жеткізбей сатылымнан алдырды. Дәл осы аласапыран жылдары абзал азамат, көрнекті әдебиеттанушы Бейсенбай Кенжебаев қайраткер Смағұл Сәдуақасұлын өз мақаласында атағаны үшін қуғын көреді. Яғни қанша жаңғыру кезеңі десек те, ақталған Мағжан, Смағұлдардың бай әдеби, ғылыми мұрасы жылы жабулы күйінде қала берді. Ал осы кезеңде Қошке еңбегінің кітап болып шыққаны – жаңалық, рухани өмірімізде айтулы оқиға болатын», деп қалам тербейді Қайырбек Кемеңгер. «Алтын сақина» жинағының басылып шығуына сол тұста қазақ ғылымының тау тұлғасы Қаныш Сәтбаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қолдау көрсеткені де мәлім болып отыр.

«Қазақ тарихынан» кітабы шын мәнінде халқымыздың саяси тарихы тұрғысынан алғашқы жазылған шығарма еді. Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде ХVІІІ ғасырдан, яғни Абы­лай хан дәуірінен бергі кезеңді қам­тиды. Абылай хан мен Кенесары ханға, сол замандағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға тарихи тұрғыдан баға берген. Кенесары көтерілісі, оның жеңілу себептері жайында сипаттап келіп, оны «Ұлт қаһарманы» деп атайды. Хан Кенеге қатысты мұндай мәртебелі атақты Қошке тарихшылардың ішінде тұңғыш болып қолданған. Яғни Отан тарихын алғаш рет тұлғалық принцип бо­йынша танытты. Кітап негізі 1922 жылы жазылған ғой, ол кезде ғалым небәрі 25 жаста, қылшылдап тұрған шағы еді. Бұл жылдарда Омбыдағы Батыс Сібір мемлекеттік медицина институтында оқып жүрген студенттік кезеңі.

Кітаптың жазылу тарихына келсек, 1921 жылы Халық ағарту комис­сары Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қалам­гер­леріне оқулықтар жазу жөнінде тапсырма берді. Ол жайында сол уақыт­тағы «Ақжол», «Бостандық туы» және өзге де басылымдарда мақалалар жарық көріп, Ақаңның тізіміне енген ұлт білімпаздарының есімдері жа­рия­ланады. Алғашқыда жаратылыс­тану ғылымы Қошкенің еншісіне бұйырса керек. Мағжан Жұмабаевқа қазақ-қырғыз тарихы жөнінде оқулық шығару тапсырмасы айтылғанымен, бұл міндетті Кемеңгерұлы атқарып шығады. Осы­лайша, жастығына қарамастан Ақаңның тапсырмасын ойдағыдай орындап, терең білімділігін дәлелдеген», дейді Қайырбек аға.

Алаш қайраткерінің ұрпағы әңгімесін тағы жалғай түсті.

«Қазіргі күні ел бойынша бұл кітап­тың санаулы ғана данасы сақталған. Алматы мен Мәскеудің академиялық кітапханаларында барын білемін. Көрнекті саяси қайраткер Барлыбек Сырттановтың ұрпақтарында бір данасы жақсы күйде сақталған екен, оны алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайұлы сұрап алып, маған табыс еткеніне ризамын. Кереку елі үлкен қазынаға кезіккен екен. Бұл ел ішінде ғайыптан сақталып қалған екінші кітап болып отыр. Жалпы, атамның артында қалған мұралары 1995 жылдан бері бірнеше дүркін кітап болып жарық көрді. 2006 жылғы үштомдығында да бұл кітабы қамтылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан кітаптың кейбір жеріне «ҚБ», яғни «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен түзетулер енгізіп, тарихи оқиғаларға өз ой-пікірін қосып отырған. Кеңес өкіметі салтанат құр­ған 70 жылда Қошкенің еңбектері жайында қарапайым халық білмей келгендігі де шын. Оның бай мұрасы жөнінде алғаш 1988 жылы «Қазақ әде­биеті» газетінде әдебиеттанушы Рәзия Рүстембекова көлемді мақала берді. Кейін, жоғарыда айтқанымдай, 1995 жылы Алаш ардақтысының таңда­малы шығармаларын бастыртады. Сол жинақта «Қазақтың тарихынан» кітабы алғаш рет кириллица қарпінде оқырман қолына тиеді. Ол Қошкенің ұлы Нарманбеттің қолында сақталған нұсқадан алынған. Ал кейін «Қазақстан» баспасынан алаштанушы Дихан Қам­забекұлы аталған кітаптың және тұлға­ның өзге де шығармаларының басын құрап, түсініктерімен үлкен жинақ етіп шығартады. Жазушылар мен тарихшылар тарапынан бұл еңбек енді-енді зерттеле бастағаны байқалады», дейді Қайырбек Кемеңгер.

Қошке Кемеңгерұлы кәсіби тарихшы емес. Кітап жарық көргеннен арада біраз уақыт өткенде Смағұл Сәдуақасов баспасөзде «Қазақ тарихынан?..» деген атаумен үлкен сын мақала жария­лайды. Оған қарсы Қошкенің: «Бұл кітапқа біз 1921 жылдың көзқарасымен қарауымыз керек» деген өз жауабы да бар. Алаш үкіметі большевиктермен ымыраға келіп, Қазақ автономиясы енді құрылып, астанасын Орынбор етіп бекітіп, шекарасын шегендеп, Әлихан, Ахмет бастаған ұлт қайраткерлері автономияны құрғандығы үлкен бір жетістік еді. Қошке елдің өз алдына дербестікке ие болғанына қуанып, сол сезімін осы кітапта түйіндеген. Алайда қазақ даласына Голощекин басшы болып келген 1924 жылдан бастап қызылдардың саясаты күрт өзгеріп, елдегі ауан басқаша сипат ала бастағаны анық еді. Сондықтан кітапқа енген кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы саяси үдерістердің кейін басқаша қырынан танылуы заңдылық.

«Қазақ тарихынан» кітабында Алаш қайраткері: «Халық қаһарманы Кенесары мен Наурызбай өлген соң қазақ елі жылдың оны өткенде мүлде жуасыды. Одан кейінгі күн шығыс мұсылман елдерінің көршілестік әсерімен Кіші жүз ішінде бірен-саран толқыншылар болды: Есет Көтібар баласы, Байқадам би, Жоламан батыр, Жанқожа Нүрміште баласы сияқтылар... Хүкімет қазақ баласын оқытқанда білім алсын, елін ағартсын деп ойлаған жоқ. Қазақтың жас баласын елінен айырып, орыстың рухын сіңдіріп, қазаққа орыстың идеясын тарататын үндеуші қылу мақсұтында болды. Жалпақ қазақ елінің білім-өнерге бейіл бермей жиіркенуі, тарихи көзбен қарағанда табиғи. Алғаш оқыған қазақ басшыларының балалары французға еліктеп, күлкіні күйлеген. Князьдардың, генералдардың үйлерінде тұрып, ойын-сауық, билеуді ғана үйреніп, тәрбиелі білім ала алмай, біраз оқыған соң сахараның магниті тартып, тұрған жерлеріне қайтатын болды», деп Ресейдің отаршылдық саясаты мен қазақтың алғашқы оқығандарының бейқамдығын ашық сынайды.

 

* * *

Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің ұжымы ұйым басшысы Ербол Қайыровтың бастамасымен соңғы жылдары рухани құндылықтарды іздеп табу жұмыстарымен тыңғылықты айналысып жүргені байқалады. Ұйым­дастырылған экспедициялардың нәти­жесінде түрлі кезеңде өмір сүрген ақын-жазушылар мен оларға тиесілі баспа бетін көрген кітаптар, газет-журналдар мен қолжазба мұралар табыл­ды. 1923 жылы Мәскеуде шыққан «Те­мірқазық» журналы, «Жас қазақ» журналы, шығыстық қисса-дастандардан «Сал-сал» дастанының, «Алтын балық» қиссасының қолжазбасы, Ертіс-Баян өңірінің атақты тумалары – қазақтың тұңғыш органологі Қамар Қасымовтың, жазушы Дихан Әбілевтің қолжазбалары бүгінде ескі қадым және жәдид (жаңа) жазу стилімен көпшілікке жетіп отыр.

Жоғарыда Ақаңның «Қырық мысалы» мен «Темірқазық» және «Жас қазақ» журналдарының түпнұсқалары табылғанын айттық. Енді бұл құнды жәдігерлер жайында да қысқаша шолып өтсек. Бұл арада біз тағы ғалым Әділбек Әміреновтің айтқандарына сүйендік. Негізі «Қырық мысал» жинағы үш мәрте жарық көрген екен. Алғашқысы 1909 жылы Санкт-Петербургте Ғылым академиясы баспаханасында басылды. Кітапқа Ахметтің «Замандастарға» деп кіріспе ретінде жазған өлеңі мен орыс мысалшысы Иван Крыловтан аударған 40 мысал өлеңдері енген. Екіншісі, 1913 жылы Қазанда, ал соңғысы 1922 жылы Орынборда жарық көреді. Керекуде табылған нұсқасының титул беті сақтал­маған. Тиісінше қай жылы, қандай бас­пада басылғаны белгісіз.

Тарихтан 1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлов КСРО Орталық Атқару комитеті жанындағы Орталық бас­па басқармасының төрағасы және қазақ секциясының басшысы қызметін атқар­ғанын білеміз. Сол жылдарда бас­па­дан 50 тілде кітап, аударма, сая­си әдебиет, 12 тілде газет-журнал шы­ғарылып тұрған екен. Халық аузында «Күншығыс баспасы» аталып кеткен баспада Алаш зия­лылары еңбек етті. Ұлт фольклорының үлгілері, танымдық кітаптар, аудармалар сынды құнды дүниелер бірінен соң бірі басылды. Осы баспадан 1923 жылы «Темірқазық» журналы да жарық көрді. Журналдың бар-жоғы үш саны, соның ішінде соңғы екі саны біріктіріліп шыға­рылған. Редакторы Нәзір Төре­құлов болған мерзімді басылымда саясат, шаруашылық, білім, әдебиет тақырыптары қамтылды. «Бұқар жырау атындағы музей қызметкерлері тапқан журнал соңғы басылып шыққаны. Жазу стилі «Байтұрсынов әліпбиінің» өңделген нұсқасы», дейді Ә.Әміренов.

Орынборда 1923-1925 жылдар аралығында үзбей жарық көрген «Жас қазақ» журналы қазақ жастарын сауат­сыздықты жоюға, өнер-білімге ұмты­луға, халық шаруашылығын қал­пы­на келтіруге, тап жауларымен аяу­сыз күрес жүргізуге шақырғаны белгі­лі. Редакторлары – Е.Алдоңғаров, А.Ораз­­баева, А.Сегізбаев деп көрсетіл­ген журнал оқырманға кооператив, кедей ұйымдарын ашу жолдарын түсін­дірді. Оған қоса сол кездегі қазақ қалам­герлерінің шығармаларын, көне әдебиет үлгілерін жариялап тұрды. Кейін ол Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» журналымен бірігіп, «Лениншіл жас» журналы болып шықты. Павлодардағы нұсқасы – журналдың алғашқы саны, күйі нашар болғанымен 37 беті сақталып қалған.

Бұқар жырау атындағы музейдің директоры Ербол Қайыров ғасырға жуық сақталып, біздің заманымызға жеткен Қ.Кемеңгерұлының кітабы тарихи тұрғыдан құндылығы өлшеусіз екенін айтады. Железин ауданының тұрғыны тапсырған жәдігердің сапасы нашар болғанымен, алғашқы беттері мен мазмұнының сақталып қалуы оны толыққанды жәдігер ретінде тіркеуге мүмкіндік беріп отыр.

«Естеріңізде болса, өткен жылы біздің ұйымның қызметкерлері Аққулы ауданынан Ақаңның «Маса» жинағын, Ертіс ауданынан Абайдың 1909 жылы шыққан тұңғыш кітабын тауып әкелді. Енді бұл қатарға Қошкенің «Қазақ тарихынан» кітабы мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағы, «Темірқазық» және «Жас қазақ» журналдарының түпнұсқалары қосылды. Рухани қазына­ларды Ресеймен шекаралас Железин, Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандарынан таптық. «Қазақ тарихынан» кітабы кезінде 4 мың данамен тараған екен. Сталиндік репрессияға іліккен Алаш ардақтыларының барлық шығармалары өртеліп, жойылғаны да мәлім. Тек халықтың қамқорлығының арқасында бірен-сараны көзден таса жерде сақталып қалды. Ертіс өзенінің оң жағалауын қоныс еткен ел сол замандарда отаршылдықтан, кейін кеңес өкіметінің қыңыр саясатынан әбден ығыр болса да, мәдениетімізге, әдебиетіміз бен тарихымызға деген көзқарастары оң болған. Сол кезеңде алашордалықтардың бұл аймақта сөзі мен ізі қалды», дейді ол.

Алдағы уақытта музей қызметкерлері «Алашордалықтар ізімен» атты руахни экспедицияны жалғастырмақ ниетте. Бұған дейінгі табылған олжалар наурыз айында облыс орталығында өтетін «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты республикалық конференцияда көрме ретінде көпшілікке таныстырылады деп жоспарланып отыр.

 

Павлодар облысы 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Тәуелсіздік жалаугері
    Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы

    Ұқсас тақырыптар