Өткен ғасырдың ондаған жылын ішкі соғыспен өткерген Камбоджа бүгіндері ел қатарлы “есігі ашық, экономикасы өскен” ел. Десе де, жуықтағы халықаралық “әлемдегі тазалық көрсеткіші” бойынша бағалау сараптамасында ол 168 мемлекеттің ішінде 156 орынға жайғасыпты әрі осы көрсеткіштен неше жыл бойы Азияда “алдына қара салмай келе жатқан” екен.
Осыдан 30 жыл ілгері Камбоджаның 33 жастағы жалынды азаматы елде миллиондаған жандардың қазасына қарыздар билігін төңкеріп тастап, Камбоджа халқына елді бай да бақуатты елдер санатына қосуға уәде берген-ді. Ол - сол тұстағы жер шарындағы ең жас елбасы саналған, 1985 жылдан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан Samdech Hun Sen (Хун Сен болатын. 1991 жылы Хун Сен билігі жариялаған реформа нәтижесінде Камбоджаның ЖІӨ 2016 жылға дейін 10 еселенді. Бірақ, ел халқының тұрмысы уәде етілгендей бақуатты деңгейге көтеріле алған жоқ. Өйткені еселенген байлық жалпы халықтың емес, жаңағы Хун Сеннің маңайындағылардың арасында бөлісілді. Құлатылған “Khemer Rouge” дәуірінде жеке байлық иеленуге жол қойылмайтын, жұрттың бәрі жалаңаяқ пролетерияттан тұратын. Ал бүгіндері елдің 80% байлығы елдегі 5% бағланның қолына шоғырланған. Мысалға Камбоджаның ең бай адамы (қытай текті) Kith meng-ді алайық. Оның баю тарихын Камбоджаның жемқорлық тарихы деуге әбден лайық. Сонау 1975 жылы “ел қамын күйттеген” саяси сүргін басталған-ды. Аударылып тасталған Lon Hin билігіне қызмет еткендер мен оны жақтағандардан 2 млн адам қанды қасаптың құрбаны болған. Мұнымен тоқтамай, қаладан ауылға көшіру науқаны өрістетіліп, барлық қала тұрғындары ауылдарға ығыстырылуға мәжбүр етіледі, көнбегендер өлтіріледі. “Үш күннен кейін қайтып келесіңдер” деген алдаумен көшірілгендердің өздеріне тиесілі мүліктерін ала шығуларына да қатаң тыйым салынады. Шын мәнісінде өз ошақтарынан аластатылғандардың қатарында осы Kinh Meng-нің жер аударылып барған ауылында аштан өлген әкесі де болған-ды. Жетім қалған Kinh Meng ел қатарлы Тайланд еліндегі паналату лагерлерінің біріне жеткізіледі. Онда сыйыспаған босқындар халықаралық үндеулердің көмегімен оларды қабылдауға ниетті елдерге үлестіріледі. Kinh Meng мен інісіне Австралиядан пана бұйырады. Араға жылдар салып, Австралия ұлттық университетінен білім алып шыққан Kinh Meng Камбоджаға қайта оралады. Өйткені, енді Камбоджа компартиясы құлатылып, бұрынғы байлық пен мүлік әуелгі иелеріне табысталатын үкім шығады. Kinh Meng де әкесінен қалған бизнесін жоқтау үшін ат басын кері бұрған болатын. Ал оны ұшпаққа шығарған Камбоджаның қазіргі басшысы Хун Сен еді. Хун Сенге бір мезгіл жеке кеңесші болған Kinh Meng ретін тауып мемлекет тарапынан берілетін бизнес жүргізудің ерекше құқықтарына, айырықша руқсатнамаларына, жерді сату-жалға беру бұрыштамаларына ие болады. Міне, ол осындай ерекше байланыстарына сүйеніп өзінің бизнес империясын орнатады. Ендігі жерде ол заманында өзінің басына ойнаған әңгір таяқты басқаның басына ойнатуға көшеді. Мысалы 2006 жылдың маусым айында мұздай қаруланған полицейлердің күшімен “кезінде Khmer Rouge тартып алған жерім” деген желеумен 20 неше отбасын айдап шығып, олардың неше млн АҚШ доллары тұратын жерін барымталап алады, әр отбасына 500-1500 доллар көшу ақысын ғана төлейді. Дәт айтарға жері жоқ отбасылар тура ондаған жылдар бұрынғы Kinh Мeng-нің күнін кешеді. Кейбіреулер “Kinh Meng-дер тек көрер көздің байы, Камбоджаның нағыз бірінші байы Хун Сен деседі. Хун Сен әулеті 114 компанияға қожалық етеді екен, ондағы ресіми үлестері 200 млн долларға жететін көрінеді, бірақ бұлар да олардың байлығының бір бұшпағы ғана дейді.
“Khmer Rouge билігін басынан откерген Kinh Meng-дар бай-кедей айырмашылығының түбінде неге апарып соғарын әйбат түсінеді. Олар осынау топырақтың ең соңғы нілін сығып алғаннан кейін не істейтіндерін де ойластырып қойған. Оның ең өтімді әдісі шамаданға бір-екі елдің паспортын салып қою деп қаралады. Мысалы, сол Kinh Meng-ыңыз да Камбоджа мен Австралия сынды қос елдің азаматы. Қазір Камбоджада байлардың шетелге көшуі модаға айланған десе де болады. Ондайларға жалған паспорт жасап берушілердің айдарынан жел есіп тұр. Камбоджада жеке меншіктен ада жұмақ жасамақ болған “Khmer Rouge-нің нәтижеде тозақ жасаған болса, Хун Сен билігі Камбоджа байларын сол жұмақты шетелдерден табуға жағдай жасауда.
“Бизнестің қара жәщігі” сайтынан Қытай тілінен ықшамдап аударған
Құрмет Қабылғазыұлы