Бүгінге дейін әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 90 893 адамға жетіп, оның 3110-ы қайтыс болды. Соңғы күндері Иран, Италия және Оңтүстік Корея қатарлы 3 елде вирус жұқтырғандардың саны күн сайын артуда. Елімізде вирустан қорғану үшін маскалардың жетісбейтіні туралы айтыла бастаған. Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау саласының мамандары коронавирустан қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес дейді.
Медициналық масканы тағу ауруға шалдыққан адам мен дәрігерге ғана керек. Бұл туралы коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында өткен брифингте Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Динагүл Баешова айтты.
«ДДСҰ және коронавирус бойынша жұмыс істейтін ұйымдар бұл дертен қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес екенін айтады. Себебі бұл ауада ұшып жұғатын ауру емес. Ең бастысы - жеке бас гигиенасын дұрыс сақтау керек. », - дейді профессор.
Оның айтуынша, медициналық маска ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге керек.
«Бұл жағдайда қасыңда тұрған адамнан өзіңді кем дегенде екі метр алыс ұстауың керек. Егер ауырған адамға өте жақын тұрсаңыз, сізді медициналық маска құтқармайды. Оны коронавирус инфекциясын алдын алу үшін қолдануға болады. Оңтүстік Кореяда дүкенде кезекте тұрған адамдар медициналық маска таққанымен, бір-біріне өте жақын орналасқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, соның салдарынан ауырғандар саны күрт өсіп келеді. Вирус жақын байланыс болған кезде жұғажы. Жасанды дүрлігу жағдайын тудырудың қажеті жоқ. », - дейді ол.
Сондай-ақ, Динагүл Баешова короновирустың ыстықта өліп қалатынын айтты. .
«Коронавирус 60-70 ыстық температура жағдайында бірден өліп қалады, сол себепті шикі азық-түлік тұтынбаңыздар. Алдымен ыстық сумен жуып алу керек. Қолды жиі жуу қажет», - дейді ол.
ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау жəне дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова дәріханаларда вирусқа қарсы барлық препараттар жеткілікті екенін айтты.
«Парацетамол, ацикловир, оксолин майы секілді вирусқа қарсы барлық препараттар дәріханаларда жеткілікті. Кез келген вирустық аурудың алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау қажет және оксолин майы өте жақсы көмектеседі. Маскалар бойынша мәселе туындағанда, Оксолин майын сатып алған анағұрлым тиімді. Одан да басқа аурудың алдын алатын препараттар бар және барлығы дәріханаларда жеткілікті», - деді.
ҚР ДСМ «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев та сау адамдарға маска киюі міндетті емес дейді.
«Өкінішке қарай, медициналық масканы барлық адам жаппай сатып алуға тырысуда. Ал әлем мамандары, АҚШ-тың басты эпидемиологы масканы тек жіті респираторлық вирус ауруын жұқтырғандар ғана киюі керектігін айтып жүр. Яғни, тұмау секілді ауа-тамшы жолымен жұғатын ауру белгілері байқалған адам вирусты таратпау үшін маска киюі қажет. Сау адамдардың маска киюі міндетті емес», - деді А. Нұртаев.
Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихаты барысында Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев маскалардың тапшылығын болдырмау бағытындағы жұмыстар ҚР ДСМ тарапынан қолға алынып жатқанын айтты.
«Үкіметтік ведомствоаралық комиссияның деңгейінде маска өндірушілерінің өндірісін арттыру үшін жұмыс атқарылып жатыр. Олардың мүмкіндігін кеңейту үшін шикізат жеткізу мәселесі қолға алынды. Осы шаралардың арқасында жекеменшік аптекаларға жеткізілетін маскалардың саны артады деп ойлаймыз», - деді Әбілдаев.
Қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қадағалау департаментінің өкілі маскалардың шынымен аз екенін айтты.
«Бүгінде маскалардың қоры шынымен аз. Бірақ аз болса да бар. Күн сайын аптекаларға қоңырау шалып, маскалардың бар-жоғын анықтап жатырмыз. Тасымалдаушылар мен өндірушілерден мағлұмат алып тұрамыз. Маска тапшылығын халық өзі тудырды. Шын мәнінде масканы ауырған адам өзгелерге жұқтырмас үшін тағуы тиіс болатын», - деді департамент басшысының орынбасары Әсел Халықова.
Jebeu.kz