Коронавирус кәдімгі мәскіні “стратегиялық бұйымдар” қатарына қосып кетті. Бәр нәрсенің маңызы оның зәрулігіне, сәнді тіркеспен айтқанда, яғни қолжетімділігіне қарай айқындалатыны бар. Мәскінің “стратегиялық” дәрежеге көтерілуіне де бірден оның тапшылығы себеп болды. ДДСҰ өзі “көзалда тұтас әлем індеттің алдын алу бұйымдарының жетіспеушілігімен бетпе-бет келіп отыр. Мәскі, бірмәртелік қолқап, қорғаныс көзәйнегі сияқты заттар қатты қат болып тұр. Оларды тұтыну мөлшері жайшылықтағыдан 100 есе көбейіп, бағасы әдеттегісінен 20 есе өсіп кетті” деп мәлімдеді. Осының ішінде мәскінің қоры сарқылып біткен көрінеді. АҚШ ДС министрі Алекс Азар елде тек қана медқызметкерлері пайдаланатын мәскінің өзінен 300млн-ы керек болса, елдің стратегиялық қорында оның 30млн данасының қалғанын мойындады. Қытай мемлекеттік медиасының ақпаратынша, Корея республикасында соңғы бір ай көлемінде мәскіге сұраныс 7650%-ке артқан! Кореяның статистика агенттігі жуықта мәскі бағасының 6-8 еселенгенін жария етті. Бастабында мәскі тағуға қарсы шеруге шығып, мәскі таққан парламент мүшелерін келемеждеген Италияда мәскінің бағасы 0.1еуродан 10еуроға бірақ секірген. Елдің мәскі және жеке қорғаныс құралдарын өндірумен маманданған BLS компаниясы жақынғы бірнеше күннің ішінде 10млн мәскіге тапсырыс алған, ал мұрнағы жылдардағы мұқым елдің мәскіге сұранысы әзер 15-20млн болатын. Қытайда мәскінің бағасының әу баста-ақ 60-70 есеге дейін шарықтап кеткені белгілі.
Осындай жауапты жағдайға әрқайсы мемлекет өзінше қам жасап бағуда. АҚШ вице-президенті Майкл Пенс 3М компаниясымен айына 35млн мәскімен қамдау шартына келіскендігін жария етсе, осы елдің денсаулық және әлеуметтік қызмет көрсету министрлігі(HHS) мәскі өндірушілердің барлығының өнімін қалдықсыз сатып алатындығына уәде беріп отыр. Корея елі демалыссыз және үстеме ақы төлеу жолымен күндік өнімнің қазіргі 10млн даналық мөлшеріне кепілдік етумен бірге, мәскіні әрбір кісіге аптасына 2 данадан шекті сату тәртібін енгізді, мәскі экспортына тыйым салды. Италияның коронавирусқа қарсы шұғыл штабы елдің өнеркәсіпшілер одағымен келісіп мәскі сатып алудың біртұтас жүйесін жасақтап жатыр, осы жүйе індет тараған өңірлерде мәскінің жеткізілуі мен тепе-теңдігін қадағаламақщы. Франция президенті Макрон әлеуметтік желіде “біз өндірушілер қолындағы және резервіндегі барлық мәскіні сатып алмақшымыз, әрі оны медқызметкерлері мен вирус жұқтырып алғандарға таратып бермекпіз” деп үндеу жариялады. Вирус апаны Қытай болса, 25 ақпанға дейін мәскінің күндік өнім мөлшерін 20млн-нан 70млн-ға жеткізіп алды.
Әлем осыншама әбігерге түсіп жатқанда, біздегі жағдай нешік дейтін сұрақ туындайтыны орынды. Еліміздің бас санитары Ж.Бекшин мырза ту баста вирустан аулақ болу үшін мәскі тағып жүрудің пайдалы болатындығын ескерткен-ді. Кейіннен мәскі тапшылығы туындап, қоғам ширыға бастағанда, ДС министрі Біртанов Қазақстан телеарнасының “ашық алаң” бағдарламасына қатысып, медқызметкерлері мен вирус жұқтырғандардан басқаларға мәскінің керек емес екендігін кесетіп айтты. Тура сол қатысуында минстр мырза мәскінің шикізатын жеткізу мәселесін Қытаймен “сөйлесіп” жатқандығын да еске салған. Мәскі тағу-тақпаудың індет жұқтырып алмау үшін медициналық тұрғыдан септігі бар-жоғын мамандар мен азаматтардың талқысына тапсыра тұрып, елде алда-жалда мәскі керек бола қалған кездегі жағдайды қаузап көрейік. Елдің стратегиялық резервінде қанша мәскі барын білмейміз, оны тиісті минстрлік халыққа жеткізген де емес. Бізге белгілісі, дәрі-дәрмек дүкендерінде мәскі жоқ! Ақпараттарда елімізде 5 зауыттың мәскі өндірісімен шұғылданатыны және қуатына кіріссе 2.5млн данаға дейін өндіріп тастайтыны айтылып жүр. Деседе, “Қазір Қазақстанда бетперденің 80%-ін отандық өндірушілер шығарады. Алайда, шикізаттың негізгі бөлігі Қытайдан жеткізіледі. Ал Қытай індет тарағаннан бері шикізат экспортына тыйым салды. Сол себепті бетперде шығаратын кейбір отандық кәсіпорындар тоқтап тұр”(Біртанов). Қалған үміт минстр меңзеген анау отандық емес 20% өндіруші мен осында меңзелген “кейбірге” кірмейтін өз өндірушілерімізде екен. Олар жайлы мәлімет тағы кемшін. Енді алаңдамай көр! Отандық өндірушілердің шикізат қайнары болған Қытайдың бері болғанда 3-4 ай көлемінде басқаға қарайласуға мұрсасы болмайтындай. Өйткені, ол елде вирустың таралуының тізгінделуімен мәскі өндіруші кәсіпорындарының жұмыстары қалыпқа түсіп жатыр. Онан сырт, мәскіге неше қайнаса сорпасы қосылмас салалар өндірушілерінің мәскі өндірісіне сыбана кіріскені белгілі болып жатыр. Қытайдағы биылғы шаруашылық субъектілерінің тіркелу мәліметтерінен 1 қаңтардан 7 ақпанға дейін 4000-ға жуық кәдімгі автомобил жасау, киім-кешек, тазалық бұйымдары кәсіпорындарының өздеріне мәскі өндірісін қосып тіркеткені анықталды. Оның ішінде BYD Group(5млн дана/тәулік мәскі өндіру қуатымен), Shanghai GM Group Wuling company(1.7млн./тәулік), SNOPEC, Foxconn technology Group сынды өндіріс алыптары бар. Нәтижесінде, Қазірдің өзінде мәскі өндірісінің ең негізгі шикізаты meltblown тоқымасына талас басталып кетіпті. Өйткені, сала мамандарының межесінше, Қытайда аталған матаның қазіргі мөлшері 200 тонна/тәулік, бұл тәуліктік өнімі 2млн мәскілік қуаттағы кәсіпорынның әрең үш айлық пайдалануына жететін қор. Сондықтан да, елде өндірілген мәскінің 25%-ін шикізат берушіге қайыра сату шартымен meltblown ала алатын айырбас тәртібі қалыптасып отыр. Оның құнының 8-9мың$/тонна-дан 70мың$/тонна-ға шығандап кеткенін айтпағанда. Қытайдағы мұнай-химия өндірісінің аждаһасы SNOPEC-дің баспасөз мәлімдеушісі 2 наурызда компанияның жуықта ғана күндік өнімі 12 тоннаға межеленген meltblown өндірісі жобасын қорғап шыққандығын мәлімдеді, дегенмен ол сәуірдің аяғында іске қосылатын көрінеді. Осының бәрі Қытайдан шикізат алуға әлі біраз төзім мен уақыт керек екендігін түсіндіргендей.
10 наурызда Бекшин мырза “біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында Қазақстанда коронавирус тіркелуі мүмкін” деген тосын мәлімет берді. Беті аулақ, әрине! Бекшин командасының болжамы зәудеғалам расталып жатса, саясаттанушы Досым Сәтбаев айтпақшы, “біткен жеріміз осы болады”. Жоғарыда келтірілген министрдің лажсыздығынан-ақ Қазақстан халқының “қорғансыздың күнін” көріп отырғанын аңғару қиын емес. Мәскінің маңызы, осынау болымсыз заттың тапшылығында ғана емес, оынмен халықты тұтастай, толық қанды мағынасында қамдауда басқаларға кіріптар екендігімізде. Ғаламшарымызда осы мәскі шығаратын meltblown алынатын “аналық шикізат”---мұнайдан әжептәуір қорымыз бен үлесіміз бар елміз. Бірақ оны өңдей алмаймыз, шикі күйі Қытайға айдаймыз, Олар оның экспортына тыйым салып еді, енді әлемді жалмап келе жатқан вирусты оған бүтін адамзат баласы ең алғашқы қорғаныс құралы деп танып, пайдаланып жатқан мәскіге және оның шикізатына зәру күйде күтіп отырмыз. Бұл, өз атымен атар болсақ, 30 жыддан бергі реформалардың нәтижесі мәселесі, елдің экономикалық-шаруашылық түзілісінің кемістігі мәселесі, тұтас экономикалық жүйенің дімкәстігі мәселесі, түптің түбінде нағыз экономикалық тәуелсіздік мәселесі. Міне, мәскінің мәні осылай.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz