ФАРИДА МЕРХАМИТҚЫЗЫ: КӨШІ-ҚОН МӘСЕЛЕСІНДЕ ЖЕТІСТІКТЕР ДЕ, КЕМШІЛІКТЕР ДЕ БАР

Уақыты: 2020-10-29 Көрлімі: 969 Сипаттама

Әлеуметтік мәселелерге басты назар аудардым – Праймериздың алғашқы сатысынан өттіңіз...

1-29.jpg

Әлеуметтік мәселелерге басты назар аудардым

 

– Праймериздың алғашқы сатысынан өттіңіздер. Жалпы барысы және алғашқы нәтижелері қандай болып жатыр?

– Праймериз батыстық үлгі ғой. «Nur Otan» партиясы осы үлгіні қолдануды бастады. Бұл бір жағынан партияның танымалдылығына тиімді болса, екінші жағынан партия мүшелері арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, белсенділігін артырады. Мұны партияның саяси өміріндегі үлкен бетбұрыс деп қабылдауға болады. Осы жолғы праймеризге жастар, көпбалалы аналар да қатысты.Мен тұратын Алматы қаласы Алатау ауданында «Nur Otan» партиясының 66 бастауыш партия ұйымының 5500-дей мүшесі бар. Бұлардың 80 пайыздан астамы дауыс беруге қатысты. Олардың арасынан 32 адам тіркеліп, соның ішінде 22 адам сайлауға қатысты. Мен дауыс саны жағынан 9 орында тұрмын. Біздің ауданнан «9 адам келесі іріктеуге өтеді» деген болатын. Бұйырса алда өтетін додаға қатысамын деген үмітім бар. Жалпы, праймериз алғаш рет өтіп жатқанына қарамастан белсенділікке толы болды деуге болады.

– Праймеризге қатысушы үміткерлердің жеке бағдарламаларымен қатысып жатқандығын білеміз. Бұл туралы өзіңіз қандай жоба- бағдарламаларды дайындап отырсыз?

– Менің бағдарламаларым негізінен әлеуметтік мәселелермен қатысты 4 саладан тұрады.

  1. Кәсіпкерлікті дамыту, іскер аналардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету.

  2. Емхана, мектеп, балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру.

  3. Алатау ауданындағы инфрақұрылым мәселесін жетілдіру жөнінде.

  4. Елімізге шетелдерден келетін қандастар мәселесі. Бұл енді талайдан айтылып келе жатқан, көптеген азаматтар атсалысып жүрген ауқымды жұмыс. Мұнда көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың түрлі жеңілдіктерге қол жеткізу мәселесі қарастырылған. Бұған қоса шетелдерден келген ағайындарды құжаттандыру мәселесіндегі орын алған кемшіліктерді оңалту жағы басты назарда тұр.

– Праймериз деген терминді биыл естіп жатырмыз. Өздеріңіз осы саяси доданың әділ, таза өтетініне сенімдісіздер ме?

– Оның бағасын алдағы уақытта білетін болармыз. Тұңғыш рет өтіп жатқандықтан кемшіліктердің орын алуы табиғи нарсе. Бұл негізінен партияішілік іріктеу. Халық арасында да түрлі сын-пікірлер айтылып жатыр. Бұған қоса алғашқы іріктеуге қатынасқан 11 мың адамның 11 мың түрлі пікірі болатыны сөзсіз. Кейбір әріптестеріміз алғашқы дауыс нәтижесі белгілі болғаннан кейін мектеп, ЖОО-лардан қатысып, әлдеқайда көп дауыс жинаған үміткерлерге «таңданып» жатқан көрінеді. Ал ел ішінде жұмыс өтілі, саяси тәжірибесі аз жастардың қатысқандығына қарата күдік білдірушілер де ойларын ортаға салып жатыр. Праймериздің белгілемесі бойынша алғашқы дауыс беру кезеңінен озып шыққан азаматтар келесі кезекте дебатқа қатысады делінген еді. Жақында президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев праймеризде әйелдер 30% , жастар 30% үлес иеленеді деді.

 

Әйелдердің тым еркекшора болуын қаламаймын

 

– Сіздің кәсіпкер екеніңізді білеміз. Мынау дайындап жатқан бағдарламаларыңыздың ішінде де әйелдерді кәсіпкерлікке баулу, қолдау мәселесі айтылыпты. Жалпы әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуы дегенге қоғамның пікірі алуан түрлі. Бұған өзіңіз қандай көзқарастасыз?

– Біздің халқымыздың саны аз ғой. Әйелдердің бала тәрбиесімен айналысып, отбасында болғаны да қоғамға қосқан үлкен үлес есептеледі. Екінші жағынан бүгінгінің әйелдері білімді әрі біліктілігі әлдеқайда дамығандығын ұмытпаған жөн. Мұндай потенциалды пайдалану керек. Қазақ қызын төрге шығарып силаған халық. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Жалпы еркектің де әйелдің де барлығының бірдей кәсіпкер болып кете алмайтындығы белгілі. Оның ішінде икемі барлары болады. Менің ойым сондай бейімділігі бар әйелдерге, ниеті бола тұра мүмкіндігі жетпей тұрған әйелдерге қолдау көрсету. Сосын жалғызілік әйелдер бар. Оларды кәсіпкерлікке баулу керек. Әйтпегенде тұрмыста қиыншылық көретін болады. Әрине, бала тәрбиесі барлығынан маңызды. Ол ұлттың болашағымен қатысты. Өз басым әйелдердің тым еркекшора болып кеткенін қаламаймын.

– Бағдарламаңыздың арасында шетелдерден келетін қандастарымыздың да мәселесін көтерген екенсіз. Жалпы бұл тақырыпты көтеретін адамдар көп сияқты…

– Иә, бұл аса ауқымды тақырып. Осы мәселені үзбей зерттеп келе жатқан азаматтар да көп. Көші-қон мәселесінің маңыздылығы мен шетелдерде тұратын 5 миллион қандасымыздың тағдырын ойлағанда, бұл стратегиялық мәселе екендігін аңғару қиын емес.

Біз отбасымызбен 1993 жылы Қазақстанға көшіп келдік. 90-жылдардың қиындығын осындағы халықпен бірге көрдік. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік соның барлығына төзіммен, сабырмен қарауға үйретті. 1997 жылы алғаш рет шағын тігін цехын аштым. Жұмысым бірден жанданып сала берді. Арада екі жыл өткенде керегеміз кеңейіп, бизнесіміз дамып, «Ерке-Нұр» атты фабрикаға айналды. Біздің кәсіпорынымыз мемлекеттік деңгейдегі тапсырыстарды орындай алатын деңгейге жетті. Осы еңбектерімді ескере отырып, ХҚА-мені 1999 жылы мүшелікке қабылдады. Содан бері еліміздің саяси өміріне белсене араласып келе жатырмын деуге болады. Көші-қон саласын да басты назарда ұстап, бұл тақырып аясында зерттеулер жасап келе жатырмын. ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың басынан өткен аласапыранды білесіздер. Сол қиын күндерде шекара асып жан сауғалауға мәжбүр болған қазақтардың алды 1950 жылдардың жылымығы басталғанда туған жерлеріне қайтып орала бастаған еді. Олардың бұл көші-қоны Кеңес одағының саяси шешімдерімен байланысты болды. Алғашқы лек 1955-1957 жылдары «Кеңес азаматы» ретінде Қазақстанға кері қайтты. Келесі бір шоғыры – 1962 жылғы көш. Мұны Қытайда «1962 жылғы Іле, Тарбағатай оқиғасы» деп атайды. Бұл көштің шындығы әлі толық ашылған жоқ… Бір анығы шекара сызығының түбінде отырған қалың елдің Қазақстан жеріне қотарыла көшіп келгені еді. Кеңес үкіметі бұл адамдарды еңбеккүші жетіспейтін аймақтарға орналастырған екен. Көп сандысы ШҚО-на, алды Жезқазғанға дейін барып ірге теуіпті. Бір қызығы осы адамдардың барлығы алғаш келіп күл төккен жерлерінен ешқайда табан аудармапты. Мен осы жағдайларды зерттей келе 2011 жылы «Қазақстан халқы ассамблеясы шеңберіндегі Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы ұйымының тұжырымдамасын» жаздым. Онда шетелдерден көшіп келген ағайындарды Қазақстандағы еңбеккүші жетіспейтін солтүстік және шығыс аймақтарға апарып орналастыру, ол үшін баспана мәселесін шешім етіп, олардың ары қарай шаруашылықпен айналысып кетуіне жағдай жасалса, сол өңірге бауыр басып кететіндігі туралы қорытынды шығардым. Бұл тұжырымдаманы сол кездегі мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа, ҚХА-ның төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжановқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға және сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхаммедке тапсырдым. Осыдан кейінгі уақытта көші-қон бағдарламасы жетілдіріле түсті. Бұрын көші-қон дегенде тек қана шетелдерден келетін қазақтар назарда болса, енді «ішкі көші-қон бағдарламасы» өмірге келді.

Сол күндердің бірінде Гүлшара Әбдіхалықованың қабылдауында болдым. Ойларымды ортаға салып, оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету туралы айттым. Бұл енді бұрындары мемлекеттік квота есебінен шешіліп келген мәселе еді. Ал шалғайдағы елді мекендерден баспана беру жағы жолға қойылмаған болатын. Гүлшара Наушақызы «Курчатов қаласындағы әскери қалашықтағы иен қалған үйлерді оралмандарға беруге бола ма?» дегенді айтты. Дегенмен өз күдігін жасырған жоқ. «Мемлекеттер арасында шекара болғанымен, атмосферада, ауада шекара жоқ қой. Сол Курчатовтың ауасымен Тарбағатайдың арғы бетіндегі қазақтар да тыныстап отыр. Егер сіз бос қалған үйлерді Қытайдан көшіп келген қазақтарға берсеңіз, алғыстан басқа ештеңе айтпайтынына мен кепілмін» дедім. Қазір сол қалада арғы беттен келген ағайындар, әп-әдемі тіршілік кешіп жатыр.

2012 жылы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияға мені оралмандар ісі бойынша сарапшы болуға шақырды. Комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов ағамыз еді. Шетелдердегі қазақтардың ең көп шоғырланған жері Ресей, Өзбекстан, Қытай елдері. Алдыңғы екеуінде тұратын ағайындар елге келуде, виза жағынан еш қиналмайтын еді. Ал Қытайдағылардың мәселесі басқаша болатын. Мен комиссия құрамында бола жүріп, Қытайдан келетін қазақтардың виза алу жағындағы қиыншылықтарын шешу туралы мәселені ортаға салдым. Бұл туралы қазақ тілді баспасөз беттерінде де жиі айтылып жатқанымен, нақты өзгерістер болмай, арғы беттегі ағайындар елге жете алмай тосылып жатты. Оның үстіне көшіп келуге ниеттенген қазақтардың бір жолда келе салмайтыны тағы бар. Алдымен біреуі келіп елмен, жермен танысады. Екінші рет келіп өріс-қоныс болатын жер іздейді. Сосын барып отбасын көшіреді дегендей. Яғни қайта-қайта виза алуы керек. Осы мәселені түсіндіре келіп, «визаны аямаңыздар» деген ұсыныс айттым. Қуаныш Сұлтанов ағамыз тәуелсіз Қазақстанның ҚХР-дағы тұңғыш елшісі болған адам. Бұл мәселені жақсы түсінді. Комиссияның шешімімен «1 Қытайдағы жыл көп мәрте», «2 жыл көп мәрте» деген виза түрлері қолданысқа ене келе ақыры « 3 жыл көп мәрте» деген виза жолға қойылды. Қазір Үрімжідегі визалық бөлімшенің жұмысы да бұрынғыдан кемелденіп, қызмет көрсету сапасы да жақсара түсті. Негізі Үрімжіден визалық бөлімше ашу мәселесін Қытай басшыларымен келісе отырып, асқан көрегендікпен шешіп берген адам Нұрсұлтан Назарбаев. Әйтпегенде Шыңжаңдағы қазақтар виза алу үшін Бейжіңге тентіреп жүрер еді. Мұны тәуелсіз Қазақстанның көші-қон саясатының бір жетістігі деуге болады.

Мен осындай жұмыстарға атсалысқанымды мақтаныш етемін. Дегенмен бұл туралы журналистер алдында алғаш рет айтып отырмын. Бала кезден алған тәрбиеміз бойынша «мен, мен істедім, менің арқамда» деген өктем сөздерді айтпаушы едік. Дегенмен «барлығын жоғары жақ шешті» десек те, кейбір қоғамдық мәселелердің шешілуіне азда болса үлес қостым деп ойлаймын.

– Дегенмен көші-қон саласындағы заңдар мен белгілемелер әлі де болса жетілдіруді қажет ететін сияқты.

– Бұл саланы мемлекет жыл сайын жетілдіріп келе жатқандығын мойындауымыз керек. Стратегиялық жоспар ретінде ішкі көші-қон мәселесі де қарқын алып келеді. Үлкен жұмыс қой. Кемшіліктердің сақталып отырғандығы жасырын емес. Бұл ең алдымен шетелдерде тұратын ағайындардың нақты жағдайын түсінбеуден және елге келгеннен кейінгі жағдайын толық зерттемегендіктен туындап жатқан мәселелер деп ойлаймын. Әйтпегенде көші-қон заңына өзгертулер мен толықтырулар ауық-ауық жасалып келеді. Көптеген көзіқарақты азаматтар БАҚ-арқылы өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп жатады. Мысалы 2011 жылы «көші-қон заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу» кезінде үлкен кемшілік кетті. Қандастардың азаматтық алуын, ұлты қазақ емес шетелдіктермен теңестіріп, 5 жылдық мерзім белгіленді. Мен Ассамблея мүшесі ретінде мәселені түзету туралы ұсыныс айттым. БАҚ- беттерінде де қарсы пікірлер көтерілді. Арада бір ай өткенде «техникалық қателіктер себебінен болғандығы» анықталып, мәселе оң шешімін тапты.

– Қазіргі күнде де сол комиссияның құрамында жұмыс істеп жүрсіз бе?

– Бұл комиссияның құрамында 2012-2014 жылдар аралығында жұмыс істедім. Кейін кеттім. 2016 жылдан бастап Алматы қаласы мәслихатының депутатымын. 2013-2018 жылға дейін «Nur Otan» партиясы орталық саяси кеңесінің мүшесі болдым. Қазір «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық саяси кеңесінің мүшесімін.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет! Қызметіңізге табыс тілеймін!

 

Сұхбатты жүргізген – Ерқазы Сейтқали

Дереккөз: "Қазақстан дәуірі"


Пікір жазу
  • Абай ұлағаты және бүгінгі латын әліпбиі
    Ш. Батан: Қазір сол Шаттық Батан болып қалыптасу жолында ізденіп жатырмын

    Ұқсас тақырыптар