Омарәлі Әділбекұлы
1992 жылы жұмыс орным Бейжің қаласынан Үрімжі қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясына ауысып келді. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Нәбижан Мұқаметханұлы ағамыз вокзалдан өзі күтіп алып, академияның ауласындағы археология институтының жатақханасына алып келді. Ол кезде археология институты қазіргі ШУАР-дың Мәдениет департаментына емес академияға қарайтын. Сағынтай Сұңғатайұлы командировкаға шығып кетіп жатақ бос тұр екен. Қашанда жастардың қамын жеп жүретін ағамыздың арқасында осылай орналысып алдым. Ол кезде бәріміз сұр бойдақ болғандықтан арендаға пәтер іздемей, үкіметтің тегін жатақханасына ілініп кету былайғы жұрттың арманы еді. Сақаң екеуіміз жүздеспесекте Нәбең арқылы сырттай бір-бірімізге әбден таныспыз. Академияның вице президенті тарихшы, жазушы Жақып Мырзаханұлы мен этнография институты директорының орынбасары Н.Мұқаметханұлы қазақ жастарының шынайы жанашыры, қормалы, ақылшысы еді. Екеуі ғылыми жұмыстан бастап тұрмыстық істерімізге дейін көңіл бөлетін, жол сілтейтін сондықтан да болар кейін бәріміз өзімізді Жақаң мен Нәбеңнің «Шинелінен шыққанбыз» деп мақтанатынбыз.
Қай күні екені есімде жоқ шамасы жаздың алғашқы айларының бір күні жатаққа келсем қою мұртты, еңселі, көзілдірік таққан қара жігіт жатақта отыр екен. Алғашында әңгімеге тұйық көрінгенімен, кеш бата таныстығымызды шағын кафеде атап өткенімізде ашылды, әңгіменің тиегі ағытылды. Қас сақ, ғұндардан басталып бал-бал тастарды айтып, Алтын орда мен Қазақ хандығын көктей өтіп, Алашорда тағдырын қамтып қазіргі Қазақстанға келгенде даяшы келіп кафені жабатындарын ескертті.
Сонымен айлар аттап, жылдар жылжып жатты. Жаз бен күзде ұстатпайтын Сақаң қыс бойы тыпыр етпеді. Жігіттердің әзілімен айтқанда «қабыр қазуын тоқтатып, қасымызда жүрді». Сол қыстың 17-желтоқсанында бүкіл академияның жігіттері мен қыздары досымыз Әділхан Есқанұлының жалдап алған пәтерінде бас қосып Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығын атап өттік. Дүкен Мәсімханұлы алғашқы шыққан жыр жинағынан дүрілдетіп өлең оқыды, қыздар сызылтып ән салды. Ағыл-тегіл айтылған тілектердің бәрі тоғыса келіп, келесі жаңа жылды Қазақстанда тойлауға келістік. Көңілді кеште қыстың сарыжамбас таңының қалай тез атып кеткенін білмей қалдық. Жұмыс орнымызға жаяу қайтқанымызда жол бойы көңілді қыздардың әзіліне Сақаңның қызара, қинала, қысыла жауап қатқаны, шарап шабыт берген бойжеткендер біраз жерге дейін Сақаңды қолтықтап алғаны әлі есімде.
Сол түнгі уәдені құдай әдейі аузымызға салды ма, әлде шын ниеттен айтылған жастардың тілегін Алла қабыл көрді ме? 1994 жылдың соңына қарай біразымыздың басымыз Қазақстанда қосылды.
Арман арқалап, мақсат жетелеген бір топ жас Қазақстан ұлттық ғылым академиясының Жамбыл мен Әуезов көшесінің қиылысындағы жатақханадан орын алып жаңа өмірді бастап кеттік. Бәріміз атағы алатаудай бір-бір академиктің аспирантымыз. Әлдекімдер «ұлттық ғылым академиясының академиктеріне Қытайдан аспирант қабылдау мода болған ба» деп сылтың қылысты. Сақаң Үрімжіде жүргенде өзін «Сақ-ғұн» деп атай бастаған еді, енді міне атақты академик Карл Байпақовтың шәкірті болып шыға келді. Барлық ырыздық пен мүмкіндік адамның ниетіне қарай береді деген осы шығар.
Бір күні жатаққа келсем, есікте бір жапырақ қағаз қыстырылып тұр екен, ашып қарасам Сақаң: «Омеке, келсең хабарласшы» деп жазыпты. Содан төртінші қабаттаң үшінші қабатқа түссем Сақаң қызуы көтеріліп, нәр таппай жатыр екен. Қал-жай сұрасқан соң академияның Абай мен Алтынсарин қиылысындағы жатақханаға барып, бір қызға хабарласуды өтінді. Алғашқы жары, академияның философия институтының аспиранты Гүлнармен осылай таныстық. Ғылым мен білімнің құны арзандап, жабайы нарық есіктен озып, төрімізге шыққанда жаны нәзік, жаратылысы бөлек, төзімі мол әйел заты соғыс кезіндегі артқы шептің бар ауырлығын қайыспай көтерген шешелері мен әпкелерінің дәстүрін ұстап, жолымен жүріп ала қапты арқалап шыға келді де аңқау, момын ерлер үйде омалып отырып қалды. Уақыттың сыны мен нарықтың қыспағына түскен талай отбасы ойран болды, ескі жәдігерлер мен тілсім тарихтан ләззат алатын, сол үшін сағаттап сөйлеп, сарылып таң атыратын Сақ-Ғұн досымыздың да алғашқы некесі сәтсіз болды бірақ, достықтарын сақтап қалды.
«Мен ұрлық қылған күні, айдың жарық болғаны-ай» демекші біз алып-ұшып отанымызға келгенімізде Қазақияда жоспарлы социялистік шаруашылық толық күйреп, жаңа нарықтық қатынастар орнап жатты. Қарапайым халық базар жағалап кетсе, ғылым мен білім адыра қалып, рэкеттер мен жылпостар екі алып биге шықты. Жекешелендіру бодандық бодауынан жаңа босаған ұлт үшін ауыр бодаулар беруіне тура келді. Міне осы кезде мейлі жерлік, мейлі қандас болсын талантты жастардың дені жабайы бизнеспен, қатігез жекешелендіру дүрмегінде бизнеске жол тартты. Сақаң сол дүрмекке ермеген, сүйікті мамандығын сақтап барға қанағат, жоққа салауат айтқан санаулы адамдардың бірі болды. Бірақ, ғылыми дәреже қорғауы ұзақ марафонға айналып кетті. Осы ғылыми атақты қорғату үшін Нәбижан ағамыз бір кісідей уақыты мен энергиясын сарп етті. Заттық және рухани жақтан қолдау көрсетті бірақ, сәті түспей-ақ қойды. Өзі бізбен әңгімелескенде тамсана, таусыла айтатын «ат жалындағы мәдениет» туралы тақырыб басқа бір саясаткердің атынан кітап болып шықты. Ол кітаптан Сақаңның қолтаңбасын таныдық әттең, бір кем дүние деген осы ғой! Сақаң атақ қуып, абырой іздемеді. Ескі тарихтың, байырғы жәдігерлердің фанаты болды. Диплом демекші, бір жылдары аспаннан диплом жауған жылдар болды. Биліктегілер қос-қостан дипломын қорған, ғылым кандидаты, ғылым докторы атанып жатты, оның соңын келіндері, қыздары, тоқалдары іліп алып кетті. Тіпті шетелден академикті сатып алатын пысықтар шықты. Ғылым арзандап, ұят ұмытылғанда Сақаң ұмтылмады, тұрмыста ұтылған шығар бірақ, ғылым мен ар-ұжданның алдында әттеген-ай дегізбеді. Археологияда «Алтын адамды» тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетов ағасы мен мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің жолымен жүрді. Гуманитарлық ғылымда ұшаң-теңіз білімі бар бұл екі ағасы да ғылым арзандамай тұрған кездегі ғылыми атағын місе тұтып одан әрі жан таласуға «ерінген» еді. Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбай мен Төлен Әбдіктің қай кітабы да ғылыми атақты шаппай бер деп тұрған жоқ па, бірақ бұл кісілер тобырдың қатарын толтырмады, кісілік келбетін, жазушылық ұжданын сақтап қалды ғой. Осындайда есімізге бір романмен тарихта қалған Қытайдың жазушысы Qian Zhongshu мырзаның «Қоршаудағы қала» атты романның кейіпкері түседі. Роман өткен ғасырдың қырықыншы жылдарын арқау еткен. Қулық-сұмдығы жоқ бір тоға жігіт құда түсіп отырған қалыңдығы мезгілсіз қайтыс болғанда, оған арнап жоқтау жазады. Опалық пен мейірімділікті дәріптейтін Қытай өркениеті бойына сіңген банкир қайынатасы опалы күйеуге риза болып, Германияға оқуға жібереді. 4-5 жылын ойнап-күліп өткізген сері жігіт елге қайтарда дипломның керек екенін сезінеді. Оның үстіне қайын атасы мен өз туыстары сол кездегі дәстүр бойынша шетелден алған дипломды газетте жариялап, мақтанғысы келеді. Сонымен АҚШ-нан бір делдал еврей тауып, дипломды сатып алады. Осы сәттегі кейіпкердің көңіл-күйін жазушы «диплом дегеніміз адамзат жаралғанда Қауан ата мен Қауан ананың абыройын жасырып тұрған бір тал жапырақ ғой» деп суреттейді.
Сақаң тұрмыста қиналса да, өмірде қанша кедергіге ұшыраса да сол бір тал «жапыраққа» зәру болмады. Ақшаға табынып, атақ қуған замандастарының қатарын толтырмады. Көрген білгенді әттеген-ай дегізіп, мына боқ дүниенің өткінші екенін еске салып, бекзат қалпын сақтаған бойы өмірден өте шықты. Топырағың торқа болсын, қадірлі дос.