Аман Төлеев: Қазақ жерінде жеті атамның сүйегі жатыр

Уақыты: 2021-05-14 Көрлімі: 1004 Сипаттама

Ресейлік саясаткер Аман Төлеевке қатысты дүбірлеп жететін, жадымызды жаңғыртып тұраты...


Ресейлік саясаткер Аман Төлеевке қатысты дүбірлеп жететін, жадымызды жаңғыртып тұратын жаңалықтар саябырсып, ашығын айтқанда, оны ұмыта бастаған едік. Тегі қазақ, ресейлік ірі қайраткер осы жылдың 21 сәуір күні ngs42.ru порталы тілшісімен кездескен кезде бір кездері өзі көтерген, қолдаған азаматтардың жанынан алыстап кеткенін, жалғыз қалғанын айтып, қазіргі көңіл күйімен бөлісіпті. Осы сұхбатты оқыған соң әлеуметтік желілердің қазақ тілді сегментінде «Аман аға жалғыз қалыпты, елге шақырайық» деген пікірлер жариялана бастады. Тіпті оны елге көшіріп алып келуге дайын топтарды да байқап қалдық. Осы әңгіменің анық-қанығын білмек болып Кузбасс-Кемеровтегі Аман ағаның үйіне хабарласып, біраз тақырыптың басын қайырып тастадық. Сұхбаттасымыздың өзі өтінгеніндей, әңгімемізде саясаттан тыс тұрған мәселелердің бәрін қамтуға тырыстық.

– Аман аға, біздің елде сіздің тұлға­лық болмысыңызға селт етпейтін қа­зақ кемде-кем. Отставкадағы соңғы үш жылда өзіңіз жолын ашып берген азаматтар сізбен хабарласып тұра ма? Себебі жақында берген сұхбатыңызда «айналамдағы адамдар сиреп қалды» дегендей ой айтыпсыз...

– Шынымды айтсам, соңғы үш жыл­дағы бастан кешкен жайттарды бұрын түсімде де көргенім жоқ. Біріншіден, мен «Зимняя вишнядағы» жан түршігерлік трагедияға байланысты бастапқыда дағ­дарып қалдым, өзіммен не істерімді біл­медім. Тіпті оның шырғалаңы түсіме де енді. Көңіл-күйімді бөліскен азаматтар аз болды, тіпті болмады десем де болады. Телефон үнсіз, ешкім қоңырау шалмады. Бұрын ат үстінде жүрген кез­де демалыс дегенді білмеппін. Сол оқиға­дан кейін уақыт тоқтап қалғандай болды. Өзімді вакуумда жүргендей, сал­мақсыздықты сезінгендей күй кеш­тім. Кешегі әріптестерімнің, кейбір жолдас­та­рымның үнсіздігі жаныма батты. Бірақ уақыт өте келе оның да жауабын тап­тым. Сөйтсем мансабынан басқаны ой­-
л­амайтын шенеуніктердің табиғаты бө­лек екен. Билікте болған кезіңде құр­мет­тейді, қолын кеудесіне қойып, күні­не жеті рет күлімсіреп амандасады. Ал төбең­нен найзағай ойнап кетсе, бас сауғалап қашады. Оларға мен емес, менің мансабым ғана керек болғанын түсіндім, дер кезінде танытқанына мүмкіндік бергені үшін Алланың құдіретіне бас идім. Кері­сінше, кешегі күндері өзім аса сене қоймаған, тіпті батылырақ сынаған адамдар қасымнан табылды.

– «Неге бұлай?» дегенге сіз тапқан жауап қандай?

– Әділетсіздікке қарсы тұру әкемнің қанымен берілген қасиет шығар деп ойлаймын. Жемқорлыққа төзе алмайты­­ным, қала берді кәсіпорын қызметкер­лері­нің жалақысының кешіктірілуіне, салық төлеуден жалтарғандарға, облыс­тан көлеңкелі қаржының оффшорлық аймақтарға жылыстап кетуіне, біздің аймақта көмір өндіруге лицензиялардың бақылаусыз берілуіне үзілді-кесілді қарсы болдым. Кейбір шенеуніктеріміздің үкіметтің беделін түсіруін, бюджеттің ақшасын ұятсыздықпен және қитұрқы жолмен талан-таражға салуын қалыпты жағдай ретінде қабылдай алмадым. Қара­мағындағы қызметкерінің жағдайына оң көзбен қарай алмағандардың қызметте жүруіне жол бере алмадым.

Бір сәт жалғыз қалғандай күй кешіп жүргенде қолдау білдіргендердің лебізі мені қайтадан қанаттандырғандай болды. Мәскеу қаласының бұрынғы әкімі, марқұм Юрий Лужков, Кеңес Одағының Батыры Геннадий Зайцев, аңыз адам, ғарышкер Алексей Леонов қоңырау шалып, жылы лебізін білдірді. 2019 жылы Президент Владимир Путин Кремльде қабылдап, «Отан алдындағы еңбегі үшін» бірінші дәрежелі орденімен марапаттады. Бұл орденмен Ресейде 65 адам ғана марапатталған.

Алыс-жақын шетелдерден менің аты­ма хат-хабарлар әлі де келіп жатыр. Тарихи Отаным – Қазақстаннан хабар-ошар тыйылған емес. Аяғы жеткендері үйге келеді, жете алмағандары қоңырау шалады. Жалғыз қалған күндері қолдау білдірген бауырларыма алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Сіздің үлкен саясаттағы өміріңіз найзағай тәрізді. Саясатта бедел жинау үшін ұлтыңызды жасырып, орыс болуыңызды қажет етіп тұрған тұста, тығырықтан қалай шықтыңыз?

– Бұл сұрақты қалай қазақ болып қалдыңыз деп төтесінен қоюға болады. Бұл мәселе мені бала кезімнен өкшелеп қуып келеді. Ең алдымен кім екенімді ұмыттырмағаны үшін анама ризамын. Бала күнімнен қазақ елі туралы, руым – адай екенін айтудан жалыққан емес. Ес білген күннен тікірейген шашымның, күннің астында қақталып қалғандай қара торыдан бір тон төмен тұратын ре­ңімнің және қысық көзімнің мені өз­гелерден ерекшелендіріп тұратынын түсіндім. Мұны ойын баласы кезінде балалар да бірден байқады, ерекшелігімді бетіме басып, бөлектеуге тырысты. Мүл­дем жат ортада табанның астында жан­шы­лып қал­мау үшін әділетсіздікпен күре­суім өзімді шеттеткен балалармен төбе­лесуден басталыпты. Сол сәтте олар­ға қарсы тұра білу мінезіңді қалыптас­тырады екен. Осындай сәттерде өгей әкем жанымнан табылды. Балалық шақтағы «солшылдық дерттерді» оңай еңсеруіме көмектесті. Кәмелет жасына жетіп, құ­жат алатын кезде ата-тегімде қалуыма кедергі келтірмеді.

Менің қазақ екенім 1990 жылдары, Ресей президенттігіне үміткер болып тіркелген кезде тағы алдымнан шықты. «Қазақ бола тұра Ресейдегі ең жоғары лауазымнан дәмеленуге қандай құқыңыз бар?» дейтіндер табылды. Баспасөзде аты-жөнімді созып айтып, бөліп-жарып, әдейі өрескел қате жіберіп жазатындар табылды.

– Азиялық ұлттың өкілі ретінде адамдар өміріне қауіп төндірген айуан­дықтың алдын алғаныңызды кезінде баспа­сөзден оқып қалған едім. Осыны таратып айтып беріңізші...

– Иә, 1991 жылы Президент сайлауына қатысқанда ондай сәттердің болғаны рас. Әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын, 7 маусым күні «Россия» қонақүйінде жат­­қанымда маған Қауіпсіздік кеңесінің қызметкерлері келіп, көмегімнің қажет болып тұрғанын айтты. «Неге мен, менен өзге халық депутаттары бар емес пе?» деген сауалыма «жанкештілер – азия­­лықтар екен, сіз – қазақсыз, тіл табы­суларыңыз мүмкін» деген жа­уап алдым. Содан көлікке мініп, аталған жер­ге келдік. Ішінде жолаушылар толы «Икарус» автобусын басып алған жан­кеш­тілер кішкентай қызды кепілге алып, жергілікті билікке «200 мың рубль бер­месеңдер, олардың бәрін өлтіреміз» деп талап қойыпты. Мұндай жағдайда тәжі­рибем шамалы, амал жоқ, тек ішкі түй­сікке ғана иек артуға тура келді. Маған ақша салған пакетті автобусқа алып кіру жөнінде кеңес берілді. Қалғаны – өздерінің еркінде. Білесіз бе, сол сәтте бойымда азиялық қаным бұлқынып, дене қызуымды көтеріп жібергендей болды. Қызды да, аналарды да аман сақтап қалғым келді. Ақшаның дайындалғанын күтпей, автобусқа кірдім. Тамағына пы­шақ тақалып, шырқырап тұрған қыз­­­дың алдына барып, тізе бүктім де сойқан салушыға «Бауырым, ақымақ болма, мой­­ныңа күнә артпа. Саған кішкентай қыз­дың керегі жоқ. Оның орнына мені ал. Мен – халық депутатымын, Ресей Пре­зидентіне үміткермін» дедім. Білесіз бе, дайын­дықсыз, бұл сөздерді көмейіме Құдайдың өзі салғандай күйді бастан кештім. Жанкешті осы сәтте селт еткендей болды. Сол сәтті пайдаланып қазақ екенімді, мұсылман екенімді айттым, тегімізді ұятқа қалдырмауын өтіндім. Сол сәтте ана жігіттің пышағы қолынан сусып түсті. Одан кейінгі жағдайды құқық қорғау орындары реттеді.

1996 жылы сол кезде РФ үкіметін басқарған Виктор Черномырдин қоңырау шалып, ТМД елдері мәселесімен айналысатын министрлікті басқаруды ұсынды.

– Сіз келістіңіз...

– Әрине. Жұмыс барысында бұ­рын­ғы Кеңес Одағына қарайтын барлық мемлекетті аралап шықтым, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан ­На­зар­баевпен сол кезде таныстым, біз­дің ел­деріміз арасындағы өндірістік техно­логиялық тізбектерді сақтап қалу туралы әңгімелестік. Қысқасы, қазақ екенім біраз жерде жол ашып бергені рас...

– Енді Кузбастағы Төлеевтер әулеті жайлы айтыңызшы. Сіздің тегіңізге адалдық танытып қалғаныңызды біле­­­міз. Балаларыңыз төлқұжатта қан­дай ұлтты таңдады. Олар өздерін қазақ ре­тінде сезіне ме?

– Төлеевтер әулеті өсіп келеді. Құдай маған екі ұл берген еді. Кіші ұлым Таш­кентте жол апатынан қайтыс болды. Бұл қайғы – менің ана дүниеге өзіммен бірге алып кететін қасіретім. Артында қалған жалғыз ұлына, менен аумай қалған қара баласына қарап, жаным жұбанады. Үш немерем бар, жақында шөберелі болдым. Сіздің «балаларыңыз қазақ па?» деген сұрағыңызға айтарым – Ресейде төлқұжатта тек Ресей азаматы деген ғана ба­ған бар. «Балаларыңыз қазақ па» деген бір ауыз сөзіңіз Андрейден айырылып, қайғыдан шөгіп қалған күндерімді еске түсіріп отыр. «Артында ұл қалыпты» деген сөзді естіп, іздеп таптым. Аулада жүрген балалардың ішінен шаштары бұрқыраған қара бала көзіме оттай басылды. Сырттай бақылап көрмек болып біраз кідірдім. Қара баланың кім екенін білмек болып, сырттай атын сұрасам, «есімі Толеучик» дейді. Сөйтсем жанындағы ойын балалары немеремді солай атайды екен. Қысық көз, шашы толқынды, баяғы құйып қойған өзім. Түрің қазақ екеніңді айғайлап айтып тұрса, алпыс екі тамырыңда қазақтың, оның ішінде адайдың қаны бұлқынып тұрса, өзіңді басқа ұлтқа теңеудің немесе басқа ұлттың қатарына кіремін деп дәмеленудің қажеті жоқ. Балаларым қазақ екенін, адай екенін біледі. Немерелеріме дейін маған ұқсаған қайтпайтын қайсар қазақ. Ата-бабасының шежіресін де біледі. Құрметпен қарайды.

– Аман аға, ресми ақпарат бойынша сіздің әкеңіз Молдағазы Төлеев Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған. Алайда ел ішінде әкеңіз соғыстан аман-есен оралған, сүйегі – Қазақстанда, Түркістан облысының Шардара ауданында жерленген деген сөз бар. Бұл рас па, сіз әкеңіздің басына бардыңыз ба?

– Иә, анамның айтуы бойынша әкем­ді соғыста қайтыс болды деп келдім. Анам соғыс бастала салысымен бірден мені алып, Башқұртстандағы туыстарына тартып тұр­ыпты. Содан кейін әкеммен, басқа да туыс­тармен байланыс үзіліп қалды. Әкем­нің соғыстан аман-есен оралғанын, Қазақ­станның құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін 1980 жылдары білдім. Бірақ аман-есен көрісуді бізге тағдыр жаз­бапты. Естіген бойда, Қазақстанға, Шардараға тарттым, әкемнің басына барып, ауыл молдаларын шақыртып, Құран оқыттым. Әкемнің моласын табуға оның бірге туған бауырлары көмектесті. Кіші ұлым Андрей Ташкентте авиация инс­титутында оқыды ғой. Қолы қалт еткен кезде Шардарадағы туысқандарға келіп, әкемнің басына жиі баратын. Қазақ жеріне, атамекеніне деген ықыласы ерек­ше еді баламның. Аман болғанда Андрейім Төлеевтің Қазақстандағы бір үйі болып отырар еді. Бірақ тағдырдың дегені басқа екен...

– БАҚ бетінде әкеңіздің туыстары сізді ұзақ жылдар бойы іздегені туралы мәлімет көп...

– Оны мен де естіп жатамын. Айта­тыным мені іздеп-тапқан Сәрсенбай Есімов деген қазақ азаматы. Ол қазір Өзбекстанның Жызақ облысының Фа­рыш ауданында тұрады. 1991 жылы Ресей­де Президент сайлауы басталған кез­де мені танып, елге шақырды... Содан бері байланысымыз үзілген емес.

– Бала күнімізден сіз туралы естіп өстік. 1998 жылы біздің ауылға кел­геніңізді, кіші ұлыңыз Андрейді қазақ қызына үйлендірмек ниетіңіз болға­нын біздің ауылдағылар күні бү­гінге дейін айтады.

– Рас, 1998 жылы Жетісайда болып, ауыл ақсақалдарының кезекті сынынан «өте алмай» қайтқаным бар. Ол кезде Андрейім Ташкентте оқитын, үйленбек болып жүрген сүйген қызы – Ташкенттің қазағы еді. Сол сапарда ұлымның жүрегін жаулап алған қыздың ата-анасымен де танысып, сырға салып кетпек болғанмын. Ұлым кенеттен қайтыс болды да танысуға мүмкіндік болмады...

– Сіздің кітапханаңызда қазақ ақын-жазу­шыларының шығармалары бар ма? Ден қойып оқитындарыңыз кімдер?

– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын ес білген күннен бастап жас­танып оқыдым. Айтпақшы, Мұхаңның бұл еңбегіне соңғы кездері немерелерім де ден қоя бастады. Сосын Абай поэ­зиясын оқыдым. Абайды оқыған сайын «шіркін түп нұсқасында оқыр ма еді» деп армандаймын. Абайдың поэзиясын да, қара сөздерін де аудару оңай емес. Абай философ. Абайдан ой мен философияны, кеңістікті іздеу керек. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранын» ерте кезде оқыдым. Сондай-ақ қаны қазақ азамат Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқымауы мүмкін емес. Ілгеріде қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы», «Түнде атылған оқ», «Ұясынан безген құс» атты туындыларын оқыдым. Жазушының детектив жанрындағы шығармалары одақ көлемінде кеңінен танымал еді. Бауыржан Момышұлының жарық көрген шығармаларын Қазақстаннан алдырып оқыған күндерім болды. Ал Олжастың шығармаларын оқысам, қазақ ортасында болғандай, қазақ даласын аралап жүр­­гендей күй кешемін. Оның бір ғана «Айна­­лайын» деген өлеңіне бүкіл қазақ­тың рухы сыйып тұр.

– Сіз жақында журналистермен кездескен кезде «адамдардың бәрі мені мансапқор, билікқұмар деп ойлайды. Мені кезінде биліктің қорасына күштеп кіргізіп жібергенін ешкім білмейді» депсіз.

– Менің негізгі мамандығым – темір жол инженері. Күні бүгінге дейін өз ма­ман­дығымның фанатымын. Егер, араға сая­сат келіп килікпегенде темір жол сала­сының генералы болып шығатын едім.

– Сонда саясатқа кездейсоқ келді­ңіз бе?

– 1990 жылдары халық депутатына сайлау басталғанға дейін заңдардың қалай дайындалатынын білмеппін. 1990 жылы РФ Жоғарғы Кеңесіне және об­лыс­тық кеңес депутаттығына бардым. Жең­дім. Қалай екенін өзім де білмеймін. Тіпті «мені сайлаңдар» деп жиын да өткізбеппін. Обкомға шақырып алып облыстық кеңеске депутат болатынымды, менен өзге лайықты үміткер жоқ екенін айтты. Қарсылығымды ешкім қаперге алмады. Ол кез «партия айтты – бітті» дейтін уақыт қой. Шақырту алғанда сессияға келіп кетемін. Бос сөзден жалыға бастадым. Бірде мінберге шықтым да сол кездегі жұмысшылар қозғалысы төрағасының бетіне қарап тұрып, халыққа қарсы жұмыс істеп отыр­ғанын ашық айттым. Зал дүр ете қал­ды. Бірақ жиын қорытындысы бойын­ша облыстық кеңес төрағасы болып шыға келіппін. Жиыннан шыққан бойда Жол қатынастары министрі Николай Ко­наревке барып, мені арашалап алуды, темір жол саласында алаңсыз жұмыс істеп, генерал атануыма мүмкіндік бе­руін өтіндім. Ол жерде де партия қайда жұм­саса, сонда баруымыз қажеттігін ­жақ­сылап тұрып «түсіндіріп» берді.

– Одан кейін 1991-1996 жылдары президенттік сайлауға қатыстыңыз. Ана­ңыз сол кезде сізге емес, сіздің қар­сыласыңыз Николай Рыжковқа да­уыс беріпті. Бұл да еркіңізден тыс бол­ды ма?

– Бұл енді жастықтың буы. Өзіме деген ықылас қанаттандырды. Бірінші президенттік сайлауда мен төртінші орынға ие болдым. Кузбасста Ельцинге қарағанда көп дауыс алдым. Осы сайлау­да анамның менің кандидатурама қар­сы дауыс бергені рас. Ол мұны ешкімнен, оның ішінде журналистерден де жасырмады. Анамның «Сіз ұлыңызға дауыс бер­діңіз бе?» деген сұрағына «Оны қай­дан шығардыңдар? Ұлымның президент болғанын қаламаймын. Мен Николай Иванович Рыжковқа дауыс бердім» деген сөзінен кейін қарсыластарым «Төлеевтің президент болуына туған анасы да қарсы болды» деген ақпарат таратты. Анамның бұл әрекетін ұзақ уақытқа дейін қабылдай алмадым. Іштей өкпе де болды. Кейін анам көңілі бір жайланып отырған сәтте сұрадым, сөйтсем анам от пен судың ортасында өтетін өмірге мені қимапты, сөзге қалып, абыройына нұқсан келеді деп қорыққанын айтты.

– Жақында ресейлік арналар «Аман Төлеев инстаграмдағы парақшасын ашты» деп хабарлады. Сіз әлеуметтік же­лінің көмегін пайдаланып, баяғы дау­сыңызды қайта жинап, үлкен сая­сат­қа, мысалы, Мемлекеттік думаға ба­­ру­ды ойлап жүрген жоқсыз ба?

– Жоқ, ендігі қалған өмірді өзіме арнағым келеді. О баста әлеуметтік же­лімен байланысқым келмеген. Бұл деген – тағы да оқ пен оттың ортасында қалу деген сөз. Менің жасымда атыма айтылған алып-қашпа сөздер жүрегімді аяздай қарып өтетінін сіз білмейсіз. Қарасам, менің атымнан фейк-аккаунттар ашылып, маған қайтара шабуыл басталып кетіпті. Содан кейін өз атымнан ашуға тура келді.

– Өмірде де, саясатта да жолы бол­ған еркектің ар жағында мықты әйел тұрады. Сіз жұбайыңыздың өзіңізді қолдап-қорғап жүретінін қай кезде біл­діңіз?..

– Адамға өзінің отбасынан жақын ешкім жоқ. Түсінетін, кешіретін және жан жараңды махаббатымен жазып жіберетін де отбасың. Облыс деңгейінде бірінші басшының әйелі болуды ешкім үйретпейді. Оны өмірдің өзі үйретеді. Жұбайым, уақыт өте келе маған ақпа­раттық шабуылдың қай тұстан келетінін әбден меңгеріп алды. Маған қарата айтылған жалаға қорған болды, өз бойынан өткеріп, оның салмағын жеңілдетті.

– Жоғары рангалы шенеуніктер отставкаға шыққаннан кейін ме­муар жазуға отырады. Соңғы үш жылда қан­дай тірлікпен айналысып жатсыз?

– Мен туралы кітаптар көп жазылды. Бірақ мемуар жазылған жоқ. Саяси ғылымдар докторымын, айтпақшы, Қа­зақ­станда педагогика ғылымдары ака­де­миясының академигімін. Жақында өзім жайлы, бастан кешкендерім туралы бір кітапты аяқтадым. Жанры жағы­нан мемуарға ұқсайтын тәрізді. Қазақ­стан осы кітапқа ықылас танытса, қуа­ныштымын.

– Аман Төлеевті елге шақырайық деген әңгіме айтылып жатыр. Сіздің тарихи Отаныңызға келіп кететін ойы­ңыз бар ма?

– Мен бауырларымның маған деген ықы­ласын ұйықтап жатып та сезіне­мін. «Еgemen Qazaqstan» газеті арқылы елге сағы­нышты сәлемімді жеткізгім ке­­леді. Маған жұмақтың төрі қайда десе – қазақ жерінде деп жауап берер едім. Себебі қазақ жерінде әкемнен бас­тап жеті атам­ның сүйегі жатыр. Қазір қанаты қайырылып қалған құстай болып отырмын. Осыдан 3 жыл бұрын омыртқа сүйегіме екі рет ота жасаған соң балдаққа сүйеніп қалдым. Құдай хош көрсе, балдақтан құтылып, екі аяққа Құдай күш берсе, Маңғыстауға барып, балаларыммен бірге Бекет атаның басына барып тәу етіп қайтқым келеді. Ол үшін екі аяққа нық тұруым керек. Өзім өмір бойы сағынып жүрген туған жер, бауырларымның алдында балдаққа сүйенген дәрменсіз жан емес, сіздердің қиялдарыңыздағы Аман Төлеев болып жарқырап барғым келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

Дереккөз: «Еgemen Qazaqstan»

 



Пікір жазу
  • Тереңдік тағылымы
    Шығыстану ғылымына көңіл бөлмесек, көп дүниеден мақұрым қаламыз

    Ұқсас тақырыптар