ҚАЗАҚСТАН - ҚЫТАЙ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ ЖӘНЕ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Уақыты: 2021-05-22 Көрлімі: 1123 Сипаттама

Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымдарының докторы, профессор,Әл-Фараби атындағы Қазақ...


Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы  «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

unnamed (1).jpg

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне биыл 30 жыл болды. Осынау отыз жылда КСРО-ның қирандысынан құрылған дербес Қазақстан мемлекеті, қарқынды дамудың арқасында бүгінгі күні әлем мойындаған маңызды елге айналып отыр. Отыз жыл ішінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен дипломатиялық қатынастары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мұның бір мысалын Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуынан көруге болады.

 Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 3 қаңтарында орнады. Содан бері екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастары үрдіс дамып, қазіргі таңда стратегиялық әріптестік қатынастың жаңа кезеңіне көтерілді. Ендеше, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының 29 жылдық даму үдерісін кезеңдерге бөліп қарастыру және әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктерін анықтау – екі ел қатыныстарын ғылыми түрде түсінуге септігін тигізеді деп санаймыз.

ҚР мен ҚХР дипломатиялық қатынастары дамуының бірінші кезеңі - 1992-1998 жылдары. Бұл жылдардағы екі ел қарым-қатынастарының басты ерекшелігі  - жоғары дәрежелі өзара сапарлар, әртүрлі деңгейдегі келіссөздер, екі ел қатынастарын дамытудың құқықтық негіздерін қалыптастыру және түйткілді мәселелерді шешумен сипатталады.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы қатынасындағы ең күрделі мәселелердің бірі – мемлекеттік шекараның талас участоктерін анықтау болатын.

Бұл тарихтан мұра болып қалған мәселе еді. 1993 жылы қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ға жасаған алғашқы сапарында қытайлық әріптестері мемлекеттік шекараның даулы бөліктерін анықтау мәселесін көтерді. Елбасы Шекара мәселесі бойынша келіссөз жүргізуге бірден келісті. Өйткені Президент мемлекеттік шекараны делимитациялау – тәуелсіздікті нығайтудың маңызды факторы деп санады. Сондай-ақ ол шекара дауын келер ұрпаққа қалдырмай дер кезінде шешуді жөн көрді. Сонымен тараптар мемлекеттік шекараның талас бөліктерін анықтаудың принциптеріне келісіп, келіссөзді бастады.

Қытай Халық Республикасының Премьері Ли Пэн 1997 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға жасаған ресми сапарында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы мемлекеттік шекарасы туралы қосымша Шартқа» қол қойды. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері Мұнай-газ саласында ынтымақтастық келісімшартына» және бірқатар серіктестік келісімдерге де қол қойды. Бұл келісімшарттарды Елбасы: «Ғасыр келісімі»,  - деп бағалады.

1998 жылдың шілде айында ҚХР төрағасы Цзян Цзэмин Қазақстанға қызмет сапарымен келді. Екі ел басшылары «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы мемлекеттік шекара туралы екінші қосымша Шартқа» қол қойып, Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара мәселесін түбегейлі шешті. Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараның делимитациялануы тарихи оқиға болып табылады. Оның маңыздылығын күн өткен сайын терең түсінудеміз.

ҚР мен ҚХР қатынастары дамуының екінші кезеңі – 1998 -2005 жылдары. Бұл кездегі екіжақты қатынастардың даму ерекшелігі – «татау көршілік ынтымақтастық»  және «стратегиялық әріптестік» қатынастың қалыптастырумен анықталады. Экономикалық жақтан Қытайдың мұнай-химия корпорациясы (Sinopec Group) мен Қытайдың Ұлттық компаниясы CNPC-дің Қазақстанның мұнай-газ саласына салған инвестиция көлемінің өсуі де екі жақты қатынастың дамығандығын көрсетеді.

2002 жылы желтоқсан айында екі ел арасында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа» қол қойылды.

2005 жылы шілде айында Қазақстан Қытай мемлекет басшылары «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында стратегиялық әріптестік қалыптастыру туралы Бірлескен Декларацияға» қол қойды. Бұл құжаттар Қазақстан мен Қытай қатынастарының жоғары деңгейге көтерілгенін аңғартады.

2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің сыртқы саясаттағы басымдылығымыз Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала береді. Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылға зор маңыз беріледі», - деп атап көрсетті. Осыдан Қазақстанның Сыртқы саясатында Қытайдың алатын орнының маңыздылығын түсінуге болады.

Аталған жылдарда Қазақстан мен Қытай арасында көпжақты дипломатиялық қатынас қалыптасқанын да атап айтамыз. 1996 жылы құрылған «Шанхай бестігі» механизмі, 2001 жылы Өзбекстанның қатысуымен «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» болып қайта құрылды. Сонымен Қазақстан-Қытай арасындағы қарым-қатынастар ШЫҰ аясында көпжаты формада өрістеді. Бұл жүйеде электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық айтарлықтай дамыды. Оның нақты мысалдары ретінде «Мойнақ ГЭС» және басқа да нысандарды айтуға болады.

ҚР мен ҚХР қатынастары дамуының үшінші кезеңі – 2005-2015 жылдар болып табылады. Бұл кезеңдегі екі ел қатынастары дамуының басты көріністерін, энергетикалық саладағы екіжақтылы және көп жақтылы ынтымақтастықтың терең дамуы мен Қазақстан - Қытай арасындағы сауда айналымының 10 млрд доллардан асуынан байқауға болады. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» аясындағы ынтымақтастықтардың өрістеуімен де сипатталады.

2013 жылы қыркүйек айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған алғашқы сапарында, Назарбеав университетінде «Халықтар достығын нығайтып, көркем болашақты бірге құрайық» деген тақырыпта жасаған баяндамасында, Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне ұстанған тату көршілік ынтымақтастық саясатын пайымдай келіп, жаңа инновациялық ынтымақтастық моделінде «Жібек жолы экономикалық белдеуін бірге құрайық» деген бастама көтерді. Сондай-ақ ол сол жылы қазан айында Индонезияға жасаған сапарында «Теңіз Жібек жолын ортақ құрайық» деген ұсыныс жасады. Сонымен Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» мега жобасы қалыптасты. Бұл ісжүзінде ҚХР-дың жаңа стратегиялық дипломатиялық саясатының басталуы еді.

 ҚХР-дың «Бір белдеу-бір жол» бастамасына Қазақстан алдымен қолдау білдірді. 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл жаңа саясат еліміздің транспорт, өнеркәсіп, энергетика, әлеуметтік имфрақұрылымдарын дамытуды басты орынға қойды. Сонымен Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» жобасымен үндесіп, екіжақты ынтымақтастық байланыстардың дамуына кең жол ашты.

2014 жылдың соңында ҚХР премьер-министрі Ли Кэциян Қазақстанға келген сапарында «Бір белдеу - бір жол» жобасы аясында тараптар жалпы құны 20 млрд доллар тұратын ынтымақтастық құжатқа қол қойды. Бұл екіжақты ынтымақтастың көлемін кеңейтуге жасаған инвестиция еді.

ҚР мен ҚХР қатынастары дамуының төртінші кезеңі – 2015 жылдан қазіргі дейінгі мезгіл.

2015 жылы 31 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ға ресми сапармен барып, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Екі ел басшылары «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен Декларация» жариялады. Бұл құжат екі ел қатынастарының жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Елбасының осы сапарында, өндіріс қуаты мен инвестиция ынтымақтастығы бойынша үкіметаралық рамкалық келісімшартқа қол қойды. Сонымен екі ел арасындағы ынтымақтастық қатынастар өндіріс қуаты саласына қарай кеңейе түсті.

Жаңа кезеңдегі екі елдің өндіріс қуаты ынтымақтастығының дамуы. 2015 жылы науырызда Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қытайға жасаған сапарында, екі ел өндіріс қуаты және инвестиция ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар металлургия, мұнай өңдеу, су электрстанциясы, машина жасау, түсті металл, әйнек жасау қатарлы жалпы құнды 23,6 млрд доллар тұратын өндіріс қуаты ынтымақтастық келісімшартына қол қойды.

            Осы келісімшарттардың жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін, Қытай сала-аралық қызмет механизмін, өндіріс қуаты ынтымақтастық Қорын құрды. Оның аясында 51 жобаны іске асыру қарастырылды. Сондай-ақ 23 млрд доллар тұратын 25 келісімшарт жасалды. Соның ішінде машина құрастыру, полиэтилен Астана қаласында жеңіл поезд желісін салу, металлургия, темір қорыту, цемент өндіру сияқты жобалар қамтылған.

2016 жылы 2 қырыкүйекте екі тарап «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері «Жібек жолы экономикалық белдеуі» құрылысы мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты ұштастыру жоспары» атты құжатқа қол қойды.

2017 жылы мамырда Пекинде өткен «Бір белдеу-бір жол» саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Жібек жолы жобасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контекстке жаңа тұрпатта таныстыруға мүмкіндік береді», - деп сипаттады.

Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев: «Қазіргі таңда біз Қытай тарапымен өндіріс қуаты саласында жалпы құны 26 млрд доллар тұратын 51 жобаны іске асырудамыз. Осы жобалардың сәтті түрде жүзеге асуы тек Қазақстанды қана емес, бүкіл аймақты дамытады деп сенемін» деген-ді.

Қытай инвестициясының көптеп келуіне байланысты Елбасы: «шетелдік инвестиция мен кредит санының көлемі жағынан, сондай-ақ бірлескен инвестиция кәсіпорындарының саны жағынан ҚХР Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің біріне айналды» деп бағалады.

ҚХР-дың Қазақстандағы бас елшісі Чжан Ханьхуй: «Бір белдеу-бір жол» аясында Қытай мен Қазақстан 50-ден астам жоба бойынша өндіріс қуаты ынтымақтастық жасады, ынтымақтастықтың жалпы құны 27 млрд доллар, оның бірнеше жобасы орындалды немесе орындалуда» - дейді, тілшіге берген сұхбатында. Демек, стратегиялық әріптестіңтің жаңа кезеңінде екі ел қатынастары мен ынтымақтастықтары жан-жақты кең көлемде өрістеп келеді.

Екіжақты өндіріс қуаты ынтымақтастығының болашғы. Қазақстан мен Қытай арасында өндіріс қуаты саласындағы ынтымақтастықтың даму болашағы зор деуге болады. Өйткені Қазақстан мен Қытай индустуриясы мен табиғи ресурсында бірін-бірі толықтайтын тұстары өте көп, әсіресе екі елдің негізгі имфрақұрылымдары мен өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс қуаты бойынша ынтымақтасудың кеңістігі кең.

Қазақстан мұнай өнеркәсібін негіз еткен, энергетика, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін экспорт ететін Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Сондай-ақ ол белсенді түрде индустрияландыруды, имформацияландыруды, экономикалық әртараптандыруды жүзеге асырып жатқан ел болып табылады. Сондықтан Қазақстанға қаржы мен техника өте қажет.

 Ал Қытай болса, қаржысы да, техникасы да мол мемлекет. Оның үстіне олардың негізгі имфрақұрылым құрылыстары аяқтаған, металлургия, цемент, электр қуаты сияқты негізгі өнімдері өз сұраныстарынан асып жатыр. Сондықтан Қытай үшін артық өндіріс қуаты өнімдерін басқа елдерге экспорттау өте өзекті болып саналады. Міне, осындай экономикалық жақтап бірін-бірі толқытыратын жағдай Қазақстан мен Қытай арасында өндіріс қуаты бойынша ынтымақтастықты дамытуға мұрындық болып отыр.

 Сондықтан да  Қазақстан мен Қытай арасында транспорт, логистика саласында ынтымақтастық айтарлықтай дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында бес өткізу пункті тұрақты түрде жұмыс істеп тұр; бес мұнай-газ құбыры Қазақстан жері арқылы Қытайға өтіп жатыр; бір Халықаралық шекара ынтымақтастық орталығы - «Қорғас – Шығыс қақпа» экономикалық Құрғақ порты қызмет көрсетеді; «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жоғары қарқынды магистральді жол қолданысқа енген; алты теміржол (оның ішінде Қытай-Еуропа поездары да бар) қатынап жатыр; он бір автожол Қазақстанды көктеп өтеді; Қытай мен Қазақстанның Ланьюйнган логистика ынтымақтастық базасы – Қазақстанның тікелей Тынық мұхитқа шығатын портына айналды. Мұның өзі Қазақстанның ішкі құрлық мемлекеті сипатын өзгеріп, Еуразиядағы транзиттік тасымал хабына айналдырды. Бұл Қазақстан үшін айтқанда аса маңызды тарихи өзгеріс болып табылады.

Кейбір мамандардың есептеуінше, Қазақстанның әр жылы транзиттен табатын табысы 4 млрд долларға жетеді екен. 2020 жылдың алғашқы жарты жылында Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жөнелтілген зат тасымалының саны өткен жылғы сол мезгілмен салыстырғанда 38%-ға өскен. Ал Еупорадан Қазақстан арқылы Қытайға жіберген зат тасымалының саны да өткен жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 55 %-ға артқан.

ҚХР-дың ҚР-дағы елшісі Чжан Сяодың «Қазақстан мен Қытайдың болашағы» атты мақаласында («ANA NILI» №36-37 (1556-1557), 10-16 қыркүйек 2020 ж. жарияланған): 2019 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 22,07 млрд АҚШ долларына жетті, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,9%-ға өсті.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығында «Бір белдеу – бір жол» секторы, Қазақстанда Қытай банктері ашылды.

2020 жылы COVD-19 эпидемиясы адамдардың өміріне және денсаулығына зор қауіп туғызды. Қазақстан мен Қытай бір-біріне үлкен материалдық көмек көрсетті.

2020 жылдың қаңтарынан наурыз аралығында Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымының көлемі 4,15 млрд АҚШ долларына өсті, яғни кемудің орнына 6 пайызға артты.

«Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы аясында басталған құрылыстар жаңа кезеңге көтерілді. Бұл бастаманы «Денсаулық жолы» мен «Бірге әрекет» жолына қоғаммен экономиканы «Қалпына келтіру», «Өсу жолына» айналдыруымыз керек. «Бір белдеу-бір жол» аясындағы сапалы құрылыстар арқылы, даңғайыр жолмен арамызды жақындатамыз» деп жазды. ҚХР елшісінің бұл сөзі екі ел қатынастарының болашақ даму бағытынан дерек береді.

Қытайдың постпандемия дәуіріндегі жоспарында, өз ақшасын (юаньды) экспорттап, «Бір белдеу - бір жол» жобасына қатысқан мемлекеттерің инфрақұрылымдарын жаңғыртуға және олардың жастарына арналған тұрғын үй құрылыстарын салуды жоспарлап отыр. Сол арқылы Қытайдан инвестиция немесе кредитті қабылдаушы мемлекеттерді де және олардың кредитке пәтер алған жастарын да борышкер ретінде Қытаймен байланыстыру көзделген. Өйткені олар «адамзат тағдыры ортақ қауымдастығын құру» стратегиясын осындай тәсілдер арқылы жүзеге асырмақшы.

2021 жылы наурызда өткізілген ХІІІ кезекті Бүкіл қытайлық халық өкілдері жиналысының 4 отырысында жасалған Үкімет қызмет баяндамасында: «жоғары сапада «бір белдеу – бір жолды» бірлесіп құрамыз, бірге ақылдасу, бірге құру және бірге игіліктенуге табанды болып, нарықтық принциптер мен халықаралық қолданыстағы қағидаттар бойынша жұмыс жасаймыз» деп атап көрсетті. Ал ҚКП ХІХ кезекті Орталық комитетінің 5 пленумының мәлімдемесінде: «Бір белдеу – бір жолды» бірге құруды жоғары сапада ілгерлету» талап етілген. Осы негізде айтуға болады: пандемияға байланысты әлем экономикасы, соның ішінде қытай экономикасы құлдырағанымен «Бір белдеу – бір жол» жобасын Қытай әлі де жалғастырады, тіпті жоғары сапада жалғастырады. Өйткені ол Қытайдың жаһанды басқару (全球治理) стратегиялық саясатының маңызы құрамдас бөлігі. Сондықтан болашақта Қазақстан мен Қытай қатынастары да осы мега жоба аясында өрістейді деп санаймыз.

Алайда қазіргі таңда Қытайдың халықаралық ортасы соңғы қырық жылдан бері ең күрделі жағдайға тап болып отыр. «Бір белдеу – бір жол» жобасы да ауыр сын-қатерлерге дүп келіп тұр. Мұның әртүрлі себептері бар, әрине. Алып елдер арасындағы бәсекелестікті айтпағанда, «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік жағдайының жақсаруынан гөрі, қарызға белшесінен батуы және қауіпсіздік мәселелері оларды алаңдата бастағаны жасырын емес. Оның кейбір мысалдары Қазақстаннан да байқалады.

 Нақтылап айтқанда, 2018 жылы 5 қарашада ҚР Парламет мәжілісі Үкіметің Қытай-Қазақстан өндіріс қуаттары ынтымақтастық Қоры қытай инвесторлары кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімге қол қою туралы №340 қаулысын бекітті. Бұған халық наразы болды, тіпті 51 (55) жобаға да күмәнмен қарайтындар көбейді. Өйткен бұл шешім Қытай үкіметі өзі белгілеген: «Бір белдеу – бір жол» жобасының басты мақсаты – Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің әлеуметтік эконмикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер жасау, олармен тең дәрежеде ынтымақтасып жеңіске бірге жету» принциптеріне қайшы келеді. Оның әсері аталмыш жобасының басқа елдерде жүзеге асуына да жақсы болмайтыны белгілі.

             Ендеше, ҚХР үкіметі «Бір белдеу - бір жол» жобасында бекітілген принциптер бойынша, ынтамақтастық байланыстарды реттеп, екіжақтың да ортақ пайда көруін қамтамасыз етулері керек. Өйткен олар жобаны ұсынушы және оған жетекші мемлекет. Қазіргі халықаралық жағдай да, Қазақстан мен Қытай арасында қалыптасқан қарым-қатынастарда оларды өзара сәйкестенуге мәжбүрлейді. Ең маңыздысы - Қазақстан мен Қытай арасында орнаған Стратегиялық әріптестік қатынас – мемлекеттер дүдесі негізінде қалыптасқан. Сондықтан оны жеке адамдардың еркі өзгерте алмайды. Ендігі жерде Қазақстан-Қытай қатынастары постпандемия дәуіріндегі халықаралық үдерістерге ілесі жалғасты дамып отарады деп межелейміз.

 

                                                   Алматы, 16.05.2021.

 


Пікір жазу
  • ҚАБІЛЕТТІ КАДР-МАМАНДАР ҒАНА ҚАҒИДА-ЕРЕЖЕНІ ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙДІ!!!
    Айдос Үкібай: Елбасы өзіне ескерткіш орнатуды мүлдем ұнатпайды

    Ұқсас тақырыптар