Берік Әбдіғалиұлы: Біз санасына сіңген үрейден әлі арылмаған ұлтпыз

Уақыты: 2021-05-31 Көрлімі: 634 Сипаттама

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі,...

bcd7f382821d2eb32f30a596378c6d63.jpg

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, белгілі саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлымен қуғын-сүргін құрбандарына қатысты журналист Ержан Жаубайдың сұхбатын baq.kz-ке сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

- Берік Әбдіғалиұлы, жақында жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбектеріңіз құтты болсын!

- Рахмет, Ержан!

- Өткен жылы ел Президенті Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясын құрып, ол комиссияға «саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтауды» тапсырған болатын. Жарты жылдан астам уақыт өтті. Бұл іске қатысты қандай шаралар жасалып жатыр?

- Біраз уақыт осы комиссияны құрып, олардың бағыт-бағдарын анықтап, ұйымдастыру жұмыстарына кетті. Мысалы, 50-ге жуық ғалыммен келісіп, олардың жұмыс істеуіне, кез келген архивке еркін кіруіне рұқсат алу мәселелері шешілді. Сонымен қатар, осы ғалымдардың қатысуымен 11 жұмыс тобы құрылды. Ол топтар осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша түрлі бағыттарды қамтиды. Мәселен, ашаршылық бар, кәмпеске, көтеріліс ұйымдастырушылар, 1937-38 жылдарға байланысты, тіпті бертінгі 1944-45 жылдардағы Түркістан легионына қатысты да мәселелерді қамтуды жоспарладық. Оның сыртында депортацияға, методологиясына байланысты мәселелерге де арнайы топ құрылды. Әр топтың өз жетекшісі бар, қазір олар жұмысты бастап жатыр.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде осы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша арнайы топтар құрылды. Облыс әкімінің орынбасарлары басқаратын бұл жұмыс топтары Мемлекеттік комиссияның жұмысын жеңілдетуге, соларға көмектесуге бағытталған. Олардың басты міндеттері – архивтермен жұмыс істеу, құрбандардың тізімін анықтаумен айналысу.

- Құрбандардың тізімін анықтау, зерттеу жұмысындағы қазіргі негізгі кедергі не?

- Кедергі көп. Дегенмен бастысы – құжаттардың құпиялылығы. Яғни осы мәселеге қатысты құжаттардың қай жерде болса да аса құпиялылығы. Осыған байланысты Мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Кіші комиссия құрылды. Жетекшісі етіп мені сайлады. Оның басты міндеті – құжаттарды құпиясыздандырумен айналысу. Оның құрамында Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Прокуратураның, Президент әкімшілігінің өкілдері және ғалымдар бар.

Біз әуелі ғалымдардан қандай құжаттарды құпиясыздандыруды сұрадық. Олар қандай құжаттарға қолжетімді болуы керегін айтты. Біз оны сараптадық. Сонымен қатар, әр мекеме, әсіресе Мемлекеттік архивтерде, Ұлттық қауіпсіздік архивінде, Президент әкімшілігінің архивінде, Ішкі істер министрлігі архивінде құпиясыздандыру жұмыстарының жоспары жасалып жатыр.

- Құжаттарды құпиясыздандыру белгілі бір мерзімді ғана қамтитын шығар?

- Бірінші кезекте 1920 жылдардан бастап 1950 жылдарға дейінгі аралық қарастырамыз. Бұл жұмыс бойынша алғашқылардың бірі болып Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмысын бастап кетті. Өзім де соңғы бір айда толықтай солармен бірге жұмыс істеп жатырмын. Біраз құжаттарды аштық. Оның ішінде Алашордаға, ашаршылыққа байланысты, ашаршылық кезіндегі көтерілістерге қатысты да деректер бар. Осының бәрін – Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік (ОГПУ) құжаттарын құпиясыздандырып, болашақта ғылыми жинақ қылып шығару көзделуде.

- Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттың көбі Ресейде екенін білеміз. Дегенмен, одан басқа қай елдерде біздің елден қуғынға ұшырағандар туралы деректерді кездестіруге болады?

- Әуелі Ресейдің еске түсетіні түсінікті жағдай. Себебі Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік те (ОГПУ), Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) да Мәскеудің қарамағында болды. Сондықтан да Ресей еске түседі. Қазір де құжат сол РФ Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) архивтерінде.

Бір қызығы, Ресей қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуді бізден бұрын бастап кеткен. Осы сала бойынша ол жақта бірнеше кітап та шығып үлгерді. Соның ішінде «Совершенно секретно»: Лубянка – Сталину о положении в стране» атты кітап бар. Лубянка – сол КГБ ғой. Соның Сталинге жазған хаттары, құжаттары жинақталған. Бұлар бізде әлі күнге құпия, ал олар 10 том кітап шығарып тастады. Бәрі – ашық, бәрі құпия емес.

Сонымен қатар, «Советская деревня глазами ВЧК – ОГПУ – НКВД» атты кітап шықты. Бүкіл ауылдардағы кәмпескелеу, жер аудару мәселелеріне қатысты құжаттарды жинақтаған. Бұл кәмпескелеу, жер аудару тек бізде ғана емес, сол кездегі Кеңес Одағын толық қамтыды ғой. Біз көшпенді тіршілік кешкендіктен, сәл басқаша болды, ал орыстардың өздерінде «кулактармен күрес» деп аталды. Соның бәрін қамтыды.

Одан кейінгі бір кітап – «Голод СССР» деп аталады. Жаңағы өзің құттықтау айтып жатқан «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты еңбегіміздің ішіндегі деректердің 30 пайыздайы осы Ресейде шыққан кітаптардан алынған. Бұл ашаршылыққа қатысты деректерге қатысты. Ал қылмыстық істер бойынша мүлде басқа.

Мысалы Алашорда үкіметінің қайраткерлеріне келер болсақ, олардың әрқайсысының жеке құпия істері болды. Оларды ұрып-соғып түрлі деректерді айтқызды. Бірақ ол деректің бәріне сене беруге болмайды. Мәжбүрлеп қол қойғызғандары көп. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелді ағаларымыз, басқа да ғалымдарымыз жазды. Ғалымдарымыздың, тарихшыларымыздың жазған дүниелерін қолданамыз, бірақ ол нақты құжат ретінде қолдануға келмейді. Тағы қайталап айтамын, ол кезде ұрып-соғып, зорлықпен қол қойдырып, «анау жапонның тыңшысы», «мынау немістің тыңшысы» дегізіп, жала жаптырған. Бірақ соның өзі құпия. Әлі құпиялылығы алынып тасталмаған. Соны ашық, қолжетімді ақпаратқа айналдыруымыз керек.

- Олардың бәрін неге құпия ұстап отырмыз?

- Оның түрлі себебі бар. Мысалы, жаңағы құпия құжаттардың ішінде түрлі домалақ арыздар бар. Әрине, арыз болған соң, оны жазған адамның аты-жөні тұратыны ақиқат. 1937-38 жылдары қазақтар бірінің үстінен бірі жоғарыға домалақ арыз домалата берген ғой. Соның бәрін ашыққа шығарсақ, ел ішінде түрлі деңгейдегі дау-шар көбейіп, берекесі кете ме деген алаңдаушылық басым. «Анау менің атамның үстінен арыз жазыпты», «мынау менің бәленімнің үстінен шағым жасапты» деген алауыздық ел бірлігіне сызат түсіре ме деген күмән бар.

Тағы бір тосқауыл – арыз жазушылардан бөлек, нақақ адамдарды тергеген тергеушілер бар. Олар қайбір алдындағы «қылмыскерге» жақсылық жасады дейсің, ұрып-соққаны анық. Ал құжатта оның бәрі жазулы тұр. Олардың да ұрпақтары бар.

Қуғын-сүргін кезіндегі құжаттарды әлі де құпия ұстап отыруының бір себебі сол. Ел арасында арандатушылық болмасын, ел арасы ірімесін деген ниет.

Бұлай жасап отырғанымыз дұрыс па, теріс пе, өз басым айта алмаймын. Бұны әлі де ел боп, жұрт боп ақылдаса отырып шешу керек. Әрине, маған салса, барлығын жариялағым келеді. Білсін, кімнің ата-бабасы кім болғанын. Болашақта бәрімізге сабақ болсын. Біреуге жала жауып, қиянат жасадың ба, ол бәрібір ертең алдыңнан шығады. Ақиқат бәрібір ашылады. Хатқа түскен дүние түптің-түбінде қайта жаңғырады. Сүйегіңе дақ боп қалады. Ертең сен үшін ұрпағың ұялатын болады. Сондай болмас үшін, «міне, бәріңе сабақ болсын!» деп, бәрін ашыққа шығарғым келеді. Бірақ, кейбір әріптестеріміз жоғарыда айтқан себептерден қауіптенеді. Ондай мысалдар да болған екен. Артында қалған ұрпақтары өзрасынан ренжісіп қалған сәттер болыпты.

Ал сенің «Ресейден басқа елде бар ма?» деген сұрағыңа келер болсам, қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжат тек Ресейде ғана. Ал ашаршылыққа қатысты құжаттар Ресейдің әрбір облыстарында, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда сақталған. Мысалы, Ресейдің бізбен шекаралас аймақтары сол ашаршылық кезінде орталыққа көп хат жолдапты. «Мынау ауылға мынанша адам келді. Аш, бұларды не істейміз» деген секілді хаттар көп. Әсіресе Омбы, Орынбор, Астрахан, Новосибирск аймақтарынан көп дерек табуға болады. Мысалы сол кездегі деректерде адам етін жеген деген мәліметтер де бар. Оны сол өңірдегілер көрген, жоғарыға жеткізген. Жоғары жақ та оны толық біліп, естіп отыр. Сүйте тұрып, елге үлкен қиянат жасады. Біз осының бәрін өз кітабымызға енгіздік.

- Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы мәліметтер статистикалық деңгейде ғана қалды деген едіңіз. Жалпы, Мемлекет басшысы «100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды» деген деректі келтірді. Нақты санын анықтай алмай отыруымыздың себебі неде?

- Кейбір деректе 25 мыңнан астам адам атылды дейді. Тағы бір деректе 30 мыңға жуығы атылған деп келтіреді. Бізде осы атылғандардың да толық тізімі жоқ. Әрине, бұған қатысты кітаптар жарыққа шыққан. Бірақ, жаңағы айтқанымыздай, әрқайсысында әр түрлі мәлімет бар. Сондықтан соның бәрін қайта қарап, бір ізге келтіру керек. Мемлекеттік комиссияның аясында осының нақты санын анықтау жоспарланған. Екінші жағынан, 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырады дейміз. Бірақ ол санға кірмей қалғандары да бар. Оның да нақты тізімін анықтасақ дейміз.

Оның сыртында, 1928 жылдары кәмпескеге ұшырағандар, жер аударылып, айдауға түскендер, көтеріліске қатысқандар бар. Мысалы көтеріліске қатысқандар туралы деректерді оқысаңыз, қызыл әскер барып бір ауылды шапқан кезде, салдарынан 300 адамдай қаза болды дейді. Ал ол өлген адамдарды сол маңайға көме салған. Мұндай соғыстар Созақта, Маңғыстауда, т.б. жерлерде болған. Ал сол соғыста қайтыс болған адамдар туралы ешқандай құжат жоқ. Саяси қылмыскерлер, ұсталғандар, қуғынға түскендер туралы құжат бар, тек осы соғыста, көтерілісте қайтыс болғандардың құжаттарын табу қиын.

Егер біз осының бәрін анықтайтын болсақ, онда қуғын-сүргін құрбандарының саны жаңағы айтқа 100 мыңнан да көбеюі мүмкін. Мысалы Мемлекеттік комиссияның Методология тобы бар. Оны Сабыр Қасымов деген заңгер басқарады. Құрамында Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелді қатарлы ғалым-тарихшыларымыз, Ерлан Саиров, Айдос Сарым қатарлы әріптестерім бар. Солар бірлесе отырып, құрбандардың, қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың категорияларын анықтайды. Комиссия мүшелері құрбандардың не себеппен қуғынға ұшырағанын анықтай отырып, категориясын бекітсе, сол бойынша жұмыс істеледі. Яғни, категория саны көбейген сайын, құрбандар саны да айқындала түседі деген сөз. Ал дәл қазіргі сәтте, қуғын-сүргін құрбандарының нақты саны, толық тізімі бізде жоқ.

- Егер біз олар туралы нақты деректерді, кімнің кім болғанын артында қалған ұрпағына алаңдап айта алмайтын болсақ, құрбандарды ақтау арқылы не ұтамыз?

- Сталин үкіметі біздің санамызға ашаршылықпен, сол 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргінмен, бір-біріміздің үстімізден домалақ арыз жазып, бір-бірімізді балақтан тыртқызумен бойымызға, санамызға үрей сіңіріп тастаған. Біз санасына сіңген сол үрейден әлі арылмаған ұлтпыз. Сол үрей әлі күнге жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа кетіп барады. Мамандардың айтуына қарағанда, ашаршылық ұлттың психологиясына да орасан әсер еткен. Біздің қазіргі айтып жүрген құлдық сана, бодандық сана деп жүргеніміз сол үрей. Ол – жасқаншақ болу. Ол – әрнәрседен қорқу. «Ертең заман өзгереді. Ештеңе айтпаңдар. Сөйлемеңдер!» деген шектеулер. Күні ертең сол басынан өткен зұлмат қайта басына түсетіндей қорқыныш. Күні ертең Сталин қайта тірілетіндей зәрезап болу.

- Осыдан арылу үшін не істеу керек енді?

- Ол үшін халыққа сол кездегі істеген әрекеті қылмыс емес екенін түсіндіріп, сол кездегі қуғын-сүргін көрген жандарды ақтау керек. Батырын батыр деп, олардың еңбегін насихаттап, соларға арналған кітаптар шығаруды қолға алу керек. Олардың қатарында небір мықты азаматтар болды. Жақында бір кітап оқыдым. 1937-38 жылдары қазақтан шыққан небір мықты-мықты офицерлерді атып-асып, қудалап, тоз-тозын шығарып жіберіпті. Олар жайлы жазылғандарды көрсем, небір дарынды азаматтар болған екен. Олжас Сүлейменовтің әкесі взвод командирі Омар, эскадрон командирі торғайлық Жоламанов Қоғабай бар. Егер олар аман болғанда, 1941-45 жылдардағы соғыста Бауыржан Момышұлы секілді талай қолбасшылар шығар ма еді. Омар Сүлейменовті ерекше мақтайды, сауатты, өлең жазатыны туралы айтылады. 

Ал 1937-38-ден аман қалғандары полк басқарып, соғысқа кетті. Харьковтың түбінде тұтқынға түсіп, қаншамасы қырылып қалды. Бауыржан Момышұлының сөзі бар еді ғой, «Менен де мықты, менен де батыр азаматтар болды» дейтін. Тура сол секілді, соғыс басталмай жатып Бауыржаннан да шені үлкен талай азамат құрбан боп кетті.

Оның сыртында ұлттық интелигенцияға геноцид жасады. Тұтас халықты демесек те, ұлттың сүт бетіне шығар қаймағын жойып жіберуге тырысты. Бұл – ең үлкен қасіретіміз. Біз осы қасіреттен, үрейден арылуымыз керек. Сондықтан одан қорықпай, ашып айтуымыз керек.

Әлемнің қай елін, қай ұлтын алып қарасаңыз да, олардың басын біріктіретін қуаныш пен қайғы-қасірет. Қуанышта ел боп қуану, қайғыда халық болып қайғыру. Бізді не қуантады? Тәуелсіздік мерекесі ме? Өкінішке орай олай емес. Наурызда аздап бірлесіп, қуаныштың, мерекенің, ынтымақтың көріністері байқалады. Орыстар қуану үшін не істеді? 9 мамырды ел болып, шамалары келгенше тойлап, қуанышқа айналдырды. «Бессмертный полкты» ойлап тауып, соны қуаныштың негізі қылды. Бұл бүкіл Ресейді біріктіріп, халықтың, ұлттың қуанышын асыруға негіз болады. Ал бізде ұлттық қуанышқа айналатын ештеңе жоқ. Ол бізге керек. Тәуелсіздік күнін тойламайды, астана күнін тойламайды, бірінші мамыр, 9 мамыр күндерін мереке екен дейтіндер аз. Наурыз бен жаңа жылды ғана мереке деп тойлайтындар бар.

Қайғыда да сондай. Әрине, Құдай сақтасын, жамандық шақырудан аулақпын, бірақ ұлт боп қайғыратындай небір қасіреттерді бастан өткерсек те, соны түсіне алмай жүрміз. Мысалы еврейлер «Холокост» деп бір күні бір сәтте әлемдегі барлық еврей тоқтап, қаралы күнді атап өтеді. Бізде ондай да күн жоқ. 16 желтоқсанда Желтоқсан құрбандарын еске алайық десек, оны істейтін ешкім жоқ, 30-31 мамырды есептік жиындармен өткіземіз. Енді өзің ойлап көр, не қуанышта біріге алмаймыз, не қайғыда біріге алмаймыз, сонда біздің айтып жүргеніміз қандай бірлік?!

Ал әлемдік тарихта, мемлекет құрушы ұлттардың бірлік саясатында сондай күндер бар. Ұлтты біріктіретін бір күн болуы керек, бір оқиға болу керек. Сол себепті де мен үнемі 31 мамыр тек қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні емес, ашаршылық құрбандары мен қаралы күн болып, еске алу күні ретінде жариялануы керек деп айтамын. Сол күні Қазақ даласындағы мемлекеттік Тудың бәрі төмен түсіріліп, той-томалақтың бәрі тоқтауы керек. Белгілі бір уақытта әлемдегі бар қазақ бір сәт үнсіздік жасап, келген жерінде тоқтап, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан құрбан болған жандарға тағзым жасауы керек.

Сол кезде ғана біздің жастар ойланады. «Бұл не күн?», «ол күні не болып еді?», «е, осындай күн екен ғой», «осынша қазақ қырылған екен», «осындай зұлмат болған екен», «оның ішінде менің де ата-бабаларым болған екен» деген ойға келеді.

Расымен біз қандай қасіреттен, қандай зұлматтан, қандай қайғыдан аман қалғанымызды әлі түсіне алмай жүрміз. Шетке көшіп кеткендердің де тағдыры оңай болған жоқ. Ал Қазақстанда қалғандардың басынан не өткенін терең білуіміз керек.

- Бір кезде бәрі ақталды ғой. Енді кімді ақтағалы жүрміз?

- Иә, көбісі ақталған. Бірақ ол кезде адам өлтіргендер ақталмаған. Сол кезде түрлі деңгейде көтерілістер болды ғой. Мысалы жоғарыда айтқан Созақ көтерілісі, Батпаққара көтерілісі секілді. Сол көтерілістерде қызыл әскерді кім өлтірді, сол – «қылмыскер» (уголовник). Қуғын-сүргін құрбандары, алаш қайраткерлерінің көбі саяси қылмыскерлер саналды. Ал адам өлтіргендер «қылмыскерлер». Сол «уголовниктер» әлі ақталған жоқ.

Сонымен қатар, саяси ақтау деген бар. Жаңағы біздің Сабыр Қасымов, Мәмбет Қойгелді қатарлы ағаларымыз айтып жүргені осы. Олар саяси ақтауды талап етіп жүр. Мемлекет басшысына дейін жеткізіп жүр ол кісілер.

Мысалы Мұстафа Шоқайды ақтауды сұрайды. Ал ол сотталмаған. Германияда, Түркияда болды. Оны не деп ақтаймыз? Бірақ, Мұстафа Шоқаймен кездескені үшін сол кездегі қаншама жас сотталды?! Берлинге оқуға барған жігіттердің бәрі келе салысымен сотталып кетті. Себебі сол кезде Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің жауы ретінде аталатын. Бір қарасаң, Мұстафа Шоқайдың атында көше бар, ескерткіші бар, ол туралы кино түсірілді, толық ақталған секілді, бірақ оның ақталғаны жөнінде құжат қабылдау керек деген ұсыныс беріп жатыр тарихшылар. Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын.

Сол секілді, сол жылдары көтеріліске шыққандарды да ақтау керек. Олар – бандиттер емес. Олар біздегі құжаттарда әлі күнге бандиттер деп жазулы тұр, түсініп отырсың ба?! Кәдімгідей «банд-формирования» деп жазылған. Болмаса, көтеріліс бастаушыларды алайық. Олар да қарақшылар, содырлар, байдың құйыршықтары деген секілді анықтамамен жүр. Осының бәрін ақтап, олардың сол кездегі ұлт батырлары екенін, елдің қамы үшін қолына қару алғанын түсіндіруіміз керек. Оларды бастағандардың көбі молдалар, ишан-қазіреттер. Олардың да бастауының өз себебі бар. Халық ыза болды. Басында халық революцияға көнген болатын. Бірақ үкімет олардың мешіттерін алып, атқораға айналдырды. Тіпті бір құжаттарда ораза ұстағандарды, мал сойып, құран бағыштағандарды да жазалаған екен. Ол кез онсызда шаш ал десе, бас алатын заман еді, коммунистер мен комсомолдар екі есе асыра орындады. Саяси ақтау дегеніміз – осының бәрін анықтап, олардың бандит емес батыр екенін, көтерілістің бәрі халықтың ашу-ызасынан туындаған бұлқыныс, өз құқын талап ету екенін дәлелдеу.

- Жақсы, ақтадық дейік. Оның ақталғанына қандай да бір құжат беріле ме? Ақталғанын қалай анықтаймыз дегенім ғой...

- Қазір Мемлекеттік комиссия соған жұмыс істеп жатыр. Төрағасы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев бастап, комиссия құрамындағы ғалымдар, тарихшылар осыған байланысты бір шешімге келеді деп ойлаймын. Бәлкім, Президенттің Жарлығы керек бола ма, басқа құжат керек пе, соның шешімін табуды қарастырып жатыр.

- Ақталған адамның ұрпақтары бар болса, мемлекет оларға қандай да бір өтемақы төлей ме?

- Жоқ, төленбейді. Ұрпақтарының көбі саяси әділдікті талап етеді. Қазіргілер болмаса да, солардың әкелері «бандының баласы», «халық жауының баласы» деп қоғамнан шетқақпай көріп өсті. Жұмысқа, қызметке тұра алмай кеткендері қаншама. Сондықтан да олар әкелері, аталары банды емес, қарақшы емес, шын мәнінде елдің патриоты болды деген бір ауыз ақтауды күтеді. Соның өзі зор мақтаныш. Олардың әкесі, атасы жәйдан-жәй қаза болған жоқ қой. Елді қорғаймыз, ұлтты аман сақтап қаламыз деп қаза болғандар.

- Жоғарыда 100 мыңнан астамы қуғын көріп, оның 30 мыңға жуығы атылды деп отырмыз ғой. Осылардың толық тізімін жасап, мемлекеттік деңгейде қандай да бір қасірет тақтасын жасай аламыз ба?

- Әрине. Мысалы 1941-1945 жылдардағы соғыста қаза болғандар жайлы еліміздің барлық өңірінде тізімі жасалып, тақта орнатылған. Қай өңірден қанша адам кеткені, қаншасы қаза болып, қаншасы тірі келгені жайлы мәліметтің бәрі бар. Ұлытау ауданында жүргенде мамандардан «1937-38 жылдары қуғынға ұшырағандардың тізімі бар ма?» деп сұрадым. Ондай тізім жоқ екен. Содан кейін, аудандық архивпен бірлесе отырып тізім жасадық. Олардың ішінде көтеріліске шыққандар бар, кәмпескеге ұшырағандар мен жер аударылғандар бар. Жалпы тізімге 400-дей адам енді. Соның бәрін тізіп жазып, «Тағзым тақтасы» деп Ұлытаудың ортасында аштық. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп, әр аудан, әр ауылда ашылу керек. Қазір Созақ көтерілісіне қатысқан адамдардың тізімі анықталып, ескерткіш ашып жатыр деп естіп отырмын. Жазықсыз жапа шегіп, нақақ қудалауға ұшырағандардың бәрінің аты-жөні жазылып, тізімі жасалып, сол ауданның ортасында тұруы керек.

Бұл – тарихи әділеттілік болар еді. 

Ал ашаршылық құрбандарының тізімін де жасауымыз керек. Бірақ ол мүмкін болмай тұр. Себебі ол кезде біздің ауылдарда тұрғындардың көпшілігінің тізімі болмады. Соған қарамастан, сол жұмысты шама келгенше бастау керек. Әркім өз отбасылық, әулеттік шежіреден алып, құрастырса да, бұл істің соңына жетуіміз керек.

- Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына қолғабыс етіп, белсенділік танытып отырған өңірлерді атай аласыз ба?

- Мына өңір белсенді деп ерекшелеп айта қою қиын. Қазір енді басталып жатқандықтан, барлық өңірде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жұмыс топтары жасақталып жатыр. Әр өңірде әр деңгейде. Бұл сұрақтың жауабын жылдың аяғында ала аласың.

- «Азалы сарай» салу мәселесі қарастырылған еді. Соның соңы не болды?

- Иә, жыл басындағы отырыста бұл мәселе айтылған болатын. Шынында да біздің елімізге республикалық деңгейде осындай бір орын керек. Халқымыздың қасіретті күндерін, ақтаңдақ жылдарын еске салатындай болса. Онда бүкіл құрбанның тізімін тасқа ойып жазбасақ та, қазіргі электрондық дәуірдің жетістігін пайдаланып, сол арқылы танысуға мүмкіндік болса тізіммен. Бұл бізге ұлттық руханиятымызды, халықтың қасіретті тарихын ұмытпау үшін керек.

Өзің де сұрақ қойып отырсың, «неге, неге, неге?» деп. Бұл мәселе де сондай. Мысалы балаңа «атама құран бағыштап қайтайын» десең, «неге?» деп сұрайды. Сонда балаңа түсіндіресің ғой, не үшін құран бағыштап, қол жаятыныңды. Дәл сол секілді, халыққа да түсіндіру керек, мұндай сарайдың неге керегін.

- «Менің ата-бабам осы жерде қуғынға ұшырап еді, әлі ақталған жоқ» деп көмек сұрап келіп жатқандар бар ма?

- Бар. Көбі сол қуғынға ұшыраған ата-бабасының қай жерде өлгенін, қай жерде атылғанын білмейді. Соны анықтап беруімізді сұрап келеді. Ол кезде Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік (ОГПУ) адамдарды атып тастайды, бірақ олардың денесін қайда көмгендерін айтпайды. Сол ату жазасын орындаған жер туралы құжаттарды таппай жатырмыз. Қай жерде, қай өңірде болса да ату жазасы орындалған жерді анық көрсетпейді. Қаланың сыртына немесе зауыттың ішіне ату жазасын орындайды да, сол жерге көмеді. Оны ешкім білмеуі керек болатын. Бұйрықты орындаған солдаттар ғана біледі. Соның орнын анықтау өте қиын болып жатыр. Мысалы мына Алматының қасындағы Жаңалық деген жер анықталды ғой. Сол секілді басқа жердегі орындарды да анықтау оңай болмай тұр.

Жаңағы айтып отырған 30 мыңға жуық адам атылған десек те, солардың көпшілігінің қайда атылғанын білмейміз. Міне, осы ату жазасы орындалған жерді іздеп жүрген азаматтар көп. «Тым болмаса барып басына белгі орнатып, құран бағыштайық деп едік» дейді.


- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай

Дереккөз: Baq.kz


Пікір жазу
  • Айдос Үкібай: Елбасы өзіне ескерткіш орнатуды мүлдем ұнатпайды
    Ерлан Қарин: Президент ұсынған саяси реформаның үшінші пакеті де іске аса бастады

    Ұқсас тақырыптар