Күнделікті наразылық, айғай-шу, оған қатерлі індет әлеметі қосылды. Халықтың әл-ауқаты төмендеді, қымбатшылық жайлады. Ел абыржулы. Қоғам тығырыққа тірелді. Өйтсе, халықты тыныштандыратын, қоғамды тығырықтан шығаратын жол бар ма? Осы тұрғыда алғанда «Оралған бақыт, орындалған арман», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік – тағдыры», «Ерлік пен Елдік», «Ақиқат», «Мейірімді қоғам, мемлекеттің қажеттілігі және пайдасы» «Мейірім Философиясы» сияқты көптеген кітаптар жазып, мейірімді қоғам құрудың бастамашысы ретінде халыққа танымал болған, қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлының жеке ұсынысын, meirimdiqogam.kz сайтына сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.
«Тарихи Атажұрт» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі 04.10. 2021ж
Елбасына, Президентімізге, Парламент депутаттарына, министірлерге, қала, облыс, аудан әкімдеріне, Қазақстан Халқына және БАҚ өкілдеріне
Азаматтық ұсыныс
Құрметті Қазақстан халқы, қадірлі отандастар! Біз ежелден Ұлы Дала халқы атанып, әлемге танылған қазақ деген халықпыз. Құдайға шүкір, егеменді ел, тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 30 жыл толды. ХХІ ғасыр біз үшін бабалар арманы орындалған, келешек ұрпақтың жолын ашқан алтын ғасыр ретінде тарихта қалатыны да анық. Теңдесі жоқ бұл жеңіспен жетістік бізге оңай келген жоқ. Қысқасы «мың өліп, мың тіріліп» жүріп, бүгінгі күнге жеттік. Бұған еліміз, ұлтымыз сүйінсе, дұшпандарымыздың күйінгені де бар шығар. Біз «өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Шындығында әр іс тарихқа өшпес белгі, алатын тағлым қалдырады. Әсірес қайғылы тарих ұлт санасыннан мәңгілік өшпейді. «Ақтабан шұбырынды» атанған Жоңғар шапқыншылығының қиянаты, Шүршіт басқыншылығы, шұрайлы қоныстарымызды тартып алған патшалық Ресейдің зорлығы, халықты қынадай қырған кеңестік дәуірдегі жасанды ашаршылық, қытай қазақтарының басынан өткен сан нәубет қайсы бірін айтайық. Осы зұламаттардың бәрінен тәуелсіздік арқылы құтылдық. Бірақ бәрі де санамыздан әлі күнге өшкен жоқ. Енді міне, сол тәуелсіздігімізді нығайтып мәңгілік ел болу үшін талпынып жатырмыз. Алғашқы 30 жылда қазақ елі әлемге әйгіленіп, алпуыт елдермен тереземіз теңеле бастады. Бүгіндері әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін құлшынып жатырмыз. Бірақ қарыштап дамуға бет бұрған шақта ойламаған жерден қиындықтарға тап болдық. Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс, пандемияның зияны, мұның сыртында қоғамды біз күтпек түгіл ойымызға кіріп шықпаған айқай-шу, бейберекетсіздік жайлады. Жаңа құрылған жас мемлекет алды-артымызды ойлай алмай қалдық. Бұл санадағы албырттықтың кесірі. Мың жылғы тарихы бар үлкен елдерге қарағанда тәжірибеміз аз болды. Тәуелсіздікті аңсағанымыз соншалық ет қызуымызбен аз жылғы аршынды қадамымызға масаттанып, өзімізді-өзіміз «болдық, толдық» деп, дәуір тынысымен, заман ағысымен санаспай астамдыққа бой алдырдық.
Бірақ көш жүре түзелетіні анық болса, көрер қызығымыз, жетер жетістігіміз алда. Ол, Алланың мұғжиасымен берілген мейірімділік заңдылығы жолын таңдау болып отыр. Өткенге өкініп ескі жараның аузын тырнай бермей, алдымызды ойлауымыз керек. Өйткені тағдыр біздің жолымызды ашып отыр. Осы мүмкіндіктен айырылмау абзал. Мүмкіндікті мүлт жіберсек, басымызды тасқа тоқпақтасақ та қайта келмесі анық. Баяғы таз тақиямызды киіп, болашақ ұрпақтың өмірі, тағдыры тағы да өкінішке айналады. Сол үшін қателіктерді түзеудің, қиындықтардан құтылудың жолын уақыт алдырмай қарастыруымыз қажет. Қол қусырып қарап отыра берсек қырсық шала береді. Ақыр соңы «әттеген-ай» дейтін өкінішке апарып соқтырады. Бастысы халықтың тіршілігін жедел жақсарту арқылы, бұқара мен мемлекеттің арасын жақындату ғана елді тыныштандыра алады. Бұл қолдан келмейтін шаруа емес. Мүмкіндіктің бәрі өз қолымызда тұр. Тек қана кеш қалмауымыз керек. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген. Халықтың жақсы тірлігінен аяған мемлекет қамбасы мәселе ушықса талан-таражыға түспейтініне кепілдік жоқ. Ондайдан алла өзі сақтасын. Ең алдымен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында адамдарымызды қуантатын, халықтың тіршілігін жақсартуға қоғам бойынша үлкен бет бұрыс жасау мүмкіндігін қарастыу дұрыс па деп ойлаймын. Ол, қайталап айтайын Алланың мұғжизасымен берілген мейірімділік заңдылығын өмірге қалыптастыру мүмкіндігі. Адамдар арасында мейірімділік қатынас қалыптастыра білсек қиындықтың бәрінен құтылатын боламыз. Мейірімділік заңдылығы Алладан келген ажалдан басқаның бәрін жеңетін ұлы күш. Мұның дәлелін мен өз басым «Мейірімді қоғам, мемлекеттің қажеттілігі және пайдасы», «Мейірім пәлсапасы» кітаптарымда дәлелдеп, мейірімді қоғам құру концепциясын, Нұр-Сұлтан қаласын әлемнің ең мейірімді қаласына айналдыру тұжырымдамаларын жазып, зиялы қауымға, билік басындағыларға ұсынып отырмын. Мейірімділік заңдылығын қалыптастырып, қоғамда мейірімділік қатынас пайда болдыру үлгісін, мейірімділік қатынасқа байланысты басшылардың этикасын жаздым.
Біздің алдымызды жауып, бәрін бүлдіріп, бәрін өсірмей, өшіріп отырған кесапат – қоғамдағы қатыгездік екенін дәлелдедім. Осы қатыгездіктің жолын қиып, мейірімге айналдырудың тәсілдерін ұсындым. Мұның бәрі аңыз емес, ақиқат, бүгінгі өмір жағдайынан туындаған ең өзекті мәселе. Енді осы мейірімділік заңдылығына бағынудың, адамдар арасында мейірімділік қатынас орнатудың нәтижесінде билік басындағылардың беделі көтерілетінін, (біз олигархтар деп атап жүрген) байлардың дәулеті еселеп тасыйтынын, ең негізгісі қарапайым халықтың әл ауқаты қазіргіден он есеге көтерілетінін, сөйтіп қазақ халқы Кувейт, Катар елдері халықтарынан кем емес тіршілік кешетініне көз жеткіздім.
Ендігі мәселе осы қағиданы, тұжырымды іске асыру екені түсінікті. Іске асыру жолдары да өте қарапайым, өте оңай. Тек қана Президентіміз барлық басшылық лауазымды тұлғаларға өздерің мейірімді болыңдар, халықпен мейірімділік аясында қатынасып, бүкіл адамға мейірімділік жасай біліңдер, қарапайым халыққа есіктеріңді айқара ашыңдар, әрбір адамға қамқорлық жасай біліңдер деген жалғыз ауыз жылы сөзін Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығының құрметіне арнап айтса болды. Басшылардан басталған бұл мейірімділік қоғамда мейрімділік қатынасқа айналады. Сол күннен бастап қоғам тынышталады. Қарапайым халық билікке, мемлекетке қарсы шыққанды, наразылық танытқанды қойып, қоң етін кесіп беруге дайын тұрады. Міне, басшылардан бастау алған мейірімділік заңдылығы әрі қарай адамдар арасындағы мейірімді қатынасқа ұласып, жалпылық сипатқа ие болады. Мейірімділік заңдылығы қоғамда, әрбір адамға бақыт та, байлық та әкеледі. Қазіргі қатыгездік, қатаң заң ереже, адамдарды тығырыққа тіреп, алдын ашпай тұрғаны түсінікті. Бұған адам емес бүгінгі қоғам кінәлі. Сол үшін мейірімділік заңдылығына жол беріп, қазақ халқы атасында көрмегенді ботасында көретін барақат заман жолын ашуға неге талпынбаймыз. Біз тәуелсіздікті не үшін армандадық? Сол арман тілек орындалу үшін тәуелсіздігіміздің жалғасы, жемісі ретінде мейірімді қоғам құруға бет бұрсақ, бүгінгі жетіспеушіліктен, қымбатшылықтан, күнделікті айқай-шудан, азғындықтан бәрінен айығамыз. Қазіргі қымбатшылыққа душар етіп отырған, ешкімнің қолынан келмейді дейтін нарық заңдылығына да тек мейірімділік заңдылығы ғана үстемдік ете алады.Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, біріншіден тәуелсіздігіміздің жалғасы ретінде мейірімділік заңдылығын қалыптастыра бастасақ бұл қазақ халқының, Елбасының, Президентіміздің ең үлкен даналығы болары сөзсіз. Біріншіде алға қарыштап дамудың ізгілік жолын осылай ашып алсақ, Екіншіден тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қалай өткіземіз, тәуелсіздік сыйы ретінде халқымызға қандай тарту, құрмет көрсетеміз, әрбір адамды, соның ішінде балалар мен аналарды қалай қуантамыз деген мәселені ойлануды ұсынамын. Қазақ елі кең, жерінің асты мен үсті байлыққа толы. Енді сол ырыздықты адамдарға қалай арнай аламыз? Мұның жолын ашатын жалғыз тетік мейірімділік заңдылығы екенін жоғарыда айттық. Бұғанда жетерміз, ал кәзір сол заңдылыққа сүйене отырып, 30 жылдық той мереке алдында тәуелсіздіктің сыйы ретінде Қазақстан бойынша әрбір балаға ай сайын 30 мың теңге тұрақты беріп отыруға, әрбір азаматқа тәуелсіздік сыйы ретінде 200,0 тенге ұсыну (бүгінгі пандемия, экономикалық тоқырауға байланысты) мүмкіндігін қарастыруға болар ма?. Және экономикамызды көтеруге байланысты Катар, Кувейт сияқты елдермен шарт жасасып, 5 миллярд долларды ұзақ мерзіммен қарызға алып, оны өз азаматтарымызға өсімсіз кәсібін жүргізу мақсатымен беріп, олардан мемлекет үш жыл ішінде ештеме алмайтын шешім қабылдау мүмкіндігі болама?. Егер болса бұл қаржымен біреуі күріш, мақта егеді, екіншісі мал өсіріп, тағы бірі картоп, капуста, үшіншісі жайлым суарып, жем шөп дайындайды, тағы бірі тауар өндірушіге айналады. Шаруашылықтың барлық түрін игеріп, ет, сүт тағамның, жеміс-жидектің барлығын қазіргіден 50 пайызға дейін арттырады, және бағаны 40 пайызға түсіру мүмкіндіктері қарастырылады. Және Қазақстан бойынша соғыс ардагерлері санаулы ғана адам қалды. Енді сол соғыс ардагерлерін еңбек ардагерлері деп атап, олардың зейнетақысын әуелгі кезекте көтеру мүмкіндігін қарауға болар. Сол сияқты тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында мың пәтерді қазіргі жылап жүрген аналар мен балаларға тәуелсіздік сыйы ретінде тегін берсек, көптеген аналар мен балалар қуанышқа бөленудің сыртында айқай-шудан құтылар едік. Ары қарай 30 жылдағы жетістігімізді қортындылап, алдағы 20 жылда әлемнің дамыған бай, қуатты елдері қатарына жету үшінгі жолдағы мақсатымызды айқын анықтап, адамдардың әл-ауқатын, әлеументтік мәселесін қашалықты көтеретінімізді халыққа ашық айту дұрыс па деп ойлаймын. Мұндай игілікті істі, жаңа бастаманы сезінген халық ең бастысы бүгінгідей емес, отанын, елін жерін, мемлекетін мақтан тұтатын мәңгілік елдің жасампаз халқын құратын болады. Алдымызды ашатын зор мүмкіндік осылай туып отыр. Айтуға оңай, ал қаржы мәселесі қалай шешіледі? деген сұрақ туатыны да түсінікті. Әрине, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын алғаш рет тойлап отырмыз, Ел Тәуелсіздігі әрбір қазақтың жанынан да артық, тәуелсіздікпен халық егіз ұғым, қалай айтсақ та тәуелсіздіктен, халықтан еш нәрсе аяамау дұрыс па деп ойлаймын. Ең негізі тәуелсіздігім, халқым деген жақсы ниет болса қаржыдан қысылмаймыз, бұл тұрғыда жасап қойған есебім, жеке ұсынысым да бар. Оның үстіне бүгінгі ахуалға байланысты Астана LRT жұмысын жалғыз жарым жылға кейінге қалдырып оған жұмсалатын 5,6млр долорды, тағы басқа өте тығыз емес күрделі құрлыстарды шегіндіре тұру арқылы тағы бір 4 млрд долордың көзін ашу арқылы жоғарғы мәселені қалай да шешуге болар, өйткені жоғарыдағы ісшараға 9 млр долор көлемінде қаржы қажет сияқты. Оның сыртында ұлттық қорымыз, жеке қазынамыз жоқ емес, құдайға шүкір ғой. Сол үшін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухымызды көтере отырып, алға дамудың жолын өзгеден емес, өзімізден табатын боламыз. Сонда ғана кең пейіл, кетпес ырыс, бақ-дәулет таситын молшылық, еркіндік заманға бет бұрамыз.
Үшінші ұсынысым пандемияға байланысты:
Індет басталғалы екі жыл болды. Экономикамызға, халықтың әл ауқатына айтарлықтай зиянын тигізгенін бәріміз де сезініп отырмыз. Ең өкініштісі қаншама азаматтарымыздан айырылдық. Бұл індеттің бүгін-ертең тоқтамайтынына, бұдан да қауіпті түрі тарай беретініне көзіміз жетіп отыр. Сонда біз тірлікті тоқтатамыз ба? Өлімді күтіп отыра береміз бе? Құр шуылдақпен уақыттың бәрін өткізе береміз бе? Бәріне алданып есепсіз шығынға бата береміз бе? Әрине жоқ, амалын табуымыз керек, өйткені бәріміз жанды «бақамыз». Сондықтан бұл індеттен қалай құтылуымыз керек? Құтылатын жол, амал тәсіл бар ма? Әрине бар. Ол, әр азаматтың бойына «мен ауырмаймын, тұмау алмаймын, жазыламын» деген сенімнің, асқақ рухтың пайда болуы дер едім. Біз бәрін осы рух арқылы жеңе аламыз. Әзірейілдің елшісіндей сені жалмаймын деп келген кеселге түсіп бермеу – тек рухы берік жандарға ғана тән қасиет. Осылай қарсы тұруымыз, жеңуіміз керек. Жеңетін жол – әрбір адамның өзін сақтайтын, қорғайтын қабілеті. Бұл қабілетті біз біреуден сұрап алмаймыз. Тек өзімізге сенім артамыз. Ауырмауға бел байлаймыз. Ондай адамға шексіз рух пайда болады. Ол бәрін жеңеді. Тізгінді рухқа берген соң қарапайым әдіспен күнделікті сақтанамыз. Бетперде тағамыз, қолымызды тазартқыш сұйықпен тұрақты жуамыз, ауыз қуысын, мұрынды күніне екі рет тұзды сумен шайып отырамыз. Бұл таңнан кешке дейінгі барлық вирусты өлтіріп отырады. Сол сияқты қоғамдық тәртіпке бағынамыз. Көпшілік орындарда қашықтық сақтап, сақтықпен жүреміз. Вакцина алуды азаматтық міндет деп есептейміз. Мұның барлығында еш қиындық, оқу-тоқу жоқ. Бұл сақтық шаралары әрбір адамға ауадан да артық қажет. Солай істеу арқылы бірқалыпты тірлікті бір қалыпты жалғастырамыз. Жұмысты тоқтатпаймыз. Онлайн қатынасудың да, үркіп-қорқудың да қажеті жоқ. Осылай әркім өзін-өзі қорғап-сақтаса, өзгенің көмегі қажет емес. Бекшин де, Цой да дәл өзіңіздей қорғай алмайды. Олар баяғы біз айтқан тәртіпке ғана шақырады, ауырғандарды емдеген болады. Асқынған кеселге мұның дәру болуы екіталай екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан тәртіпке бағынуымыз қажет. «Ит қорыған жерге өш» болмауымыз керек. Адамзат баласын ажалға сүйреген бұл тажалдан осылай әркім өзін-өзі сақтау арқылы ғана оңай құтыла аламыз. Өзге жол жоқ. Сол үшін рухымызға, қажыр-қайратымызға, бабалардан қалған даналық пәлсапамызға сүйенейік, ағайын. Бұл кесел тұмау сияқты өмір бойы жалғаса береді деген қортынды да бекер жасалмаса керек. Әрбір адам батыл да жігерлі болайық. Өйткені бұл өлімге сүйрейтін тажал. Дәл осы мәселені әрбір адамға жете түсіндіре білсек, нәтижесіз болмайтыны анық. Сол үшін бір апта толығынан бүкіл ақпарат құралдары тек пандемияны адамдар өзінің асқақ рухы арқылы жеңе алатынын түсіндірейік, адамдардың етінен сүйегіне дейін жеткізіп айтайық, бұған дәргерлерді, психологтарды, абыздарымызды, аға буын өкілдерін, әсіресе әжелерімізді қамтып соларға ақыл кеңес бергізейік. Бүкіл ақпарат құралдары бір апта бойы жаңалықтардан басқа хабарларды тоқтата тұрып осы бір өзекті мәселені толық насиқаттап қортындысын халыққа, Президентімізге, басшылыққа таныстырып ары қарай тұрақты насиқаттап отыратын болайық демекпін, өйткені бұл адамдарымыздың жанына тура байланысты, қалай болған да өлмеудің, тірі жүрудің жолын әрбір адам өзіміз қарастырайық, сақтанайық. Өзге жолдың жоқ екенін түсінейік. Бұл менің ақсақалдық тұрғыдағы жеке ұсынысым.
Тәуелсіздігіміз баянды, Еліміз мәңгі, Халқымыз бай, бақытты болсын, барлықтарыңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен алдын ала құттықтаймын!
Құрметпен
ҰЗБЕН ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
Дереккөз: meirimdiqogam.kz