Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне еліміздің толайым табыстармен жетуіне сыртқы саясат саласының қосқан үлесі зор екені анық. Мәмілегерлікті есе жібермей, есебін тауып, елдің еңсесін тіктеу десек, Елбасы еліміздің сыртқы саяси келбетін сымбатты қалыптастырды. Шиеленістерді шешіп, шекарамызды шегендеп берді. Көршілермен іргелес созылған құрлықтағы ең алып шекара Отанымыздың мызғымас тағанына айналды. Қазақстан әлемдік қауымдастықта бейбітшіл айшықты саясаты арқылы өрнек салды, көптеген жаһандық бастамаға ұйытқы болды. Сыртқы саясатымызда осы сабақтастықтың жемісті жалғасып келе жатқанын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы 100 күндегі іс-шараларынан да аңғаруға болады.
Елбасының сенімді серігі ретінде еліміздің сыртқы саясат стратегиясын қалыптастырған Қазақстан Президенті 2020 жылдың наурызында «Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саяси тұжырымдамасын» айқындап, Сыртқы істер министрінің лауазымын Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтеріп, Арнаулы сыртқы саясат өкілін тағайындап, сыртқы саясатқа жауапты көмекшісін Әкімшілік басшысының орынбасары етіп бекітуімен дипломатияға үлкен мән беретінін байқатқан еді.
Ел Президенті жүргізіп отырған сыртқы саясаттың бір арналы ағыны аймақтық деңгейде Орталық Азия елдеріне және жалпы Түркі әлеміне айрықша көңіл бөлуде жатыр. Осы ретте Президенттің 2021 жылы 6 тамызда Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысуы аймақтық интеграцияға жаңа серпін берді. Кездесуде Қ.К.Тоқаевтың: «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді» деген ұлағатты сөздеріне өзге елдердің басшылары ден қойды.
Президент Орталық Азияның Қазақстан үшін басымдыққа ие аймақ екенін Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да айтып өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту аса маңызды міндет екенін айта келе, «Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі», деген болатын. Бұл дегеніміз Қазақстан аймақтың ынтымағы үшін белсенді саясат жүргізеді деген сөз.
Осы ретте Мемлекет басшысының 2021 жылғы 25 қазандағы Түрікменстан сапарының маңызды екенін айту керек. Сапар барысында, саудадан тасымалға, ауыл шаруашылығынан ғылымға әртүрлі салада 20 келісімшартқа қол қойылуы екі елдің арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Әсіресе, Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт, сондай-ақ шекара тәртібі туралы үкіметаралық келісім ерекше орын алады. Осылайша, екі ел арасындағы құрлықтағы және теңіздегі шекараларды заңды түрде рәсімдеу аяқталды. Расында, Орта Азияның Таяу Шығысқа ашылған қақпасы болып табылатын Түрікменстанның аймақтық интеграциялық жобаларға қатысуы Қазақстан үшін маңызды. Осы ретте Түрікменстанның Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы болуы да Нұр-Сұлтан тарапынан ізгі қадам ретінде бағаланды. Сондықтан Тоқаевтың Түрікменстан сапары екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайтып, аймақтық интеграцияға да үлкен үлес қосты деп қорытынды жасай аламыз.
Аймақтық деңгейде Қазақстан түгел Түркі әлеміне де көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта ең маңызды оқиғаның 12 қараша күні Ыстанбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің 8-Саммиті екені даусыз. Президент ретінде алғаш рет Түркияға барған Тоқаевтың бұл сапары ерекше мәнге ие болды. Президенттің алқалы саммиттегі ұсыныстары Қазақстанның Түркі әлемі саясатындағы сабақтастықты көрсету тұрғысынан маңызды еді. Тоқаев түркі интеграциясының маңызына тоқтала отырып «Ұйымымыз, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн» деп ұйымның алдағы бағытын нақтылап берді. Саммит барысында Түркі кеңесінің Түркі мемлекеттер ұйымы болып өзгеруі және «Түркі әлемі келешегі 2040» стратегиялық құжатының қабылдануы Елбасының осы үдерістің негізін қалаушы және Құрметті Төрағасы ретіндегі рөлін тағы бір қуаттап, екінші жағынан Қазақстанның Түркі әлеміндегі маңызды орнын айшықтай түсті.
Сонымен қатар 6 желтоқсан күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвтің Қазақстанға сапары да екіжақты қатынастар және аймақтың болашағы тұрғысынан маңызды болды. Бұл Мирзиеёвтің Өзбекстан Президенті ретінде қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы «мемлекеттік сапары» екенін атап өтуіміз керек. Әдетте халықаралық саясатта жаңадан немесе қайтадан сайланған мемлекет басшысының алғашқы сапары сол елдің басымдықтарын білдіру тұрғысынан маңызды саналады. Демек, аймақта және халықаралық саясатта Өзбекстан үшін ең маңызды ел – Қазақстан. Бұл – осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтанның жүргізіп келген салиқалы саясатының жемісі. Мирзиеёвты Нұр-Сұлтанда Тоқаевтың өзі әуежайдан қарсы алуы – екі ел арасындағы қатынастардың жай көршілік қатынастар емес, бауырластыққа негізделген шынайы туысқандық екенін көрсетті. Сапар барысында 22 құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде ең маңыздысы – Одақтастық қатынастар туралы Декларация. Президент Тоқаевтың «Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы» деген мәлімдемесі Қазақстанның стратегиялық сыртқы саясат көзқарасының көрінісі. Мирзиеёвтің одақтастық декларациясының тек екі ел үшін ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл аймақ үшін тұрақты дамуды, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтуі екі көшбасшының көзқарастарының үндестігін көрсетеді. Мирзиеёвтің Қазақстан сапары екі ел қатынастарын жаңа белеске шығарып, аймақтық ынтымақтастыққа серпін берді. Сапардан бұрын Мирзиеёвтің «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская Правда» газеттеріне арнайы сұхбат беріп, өзбек және қазақ халықтарының қашанда бір-біріне тірек болып, сынақтарды жұмыла еңсергенін, бүгінде ортақ жарқын болашағын бірге құрып жатқанын атап өткенін еске сала кетейік.
Сол сияқты Қазақстанның Қырғызстанмен қарым-қатынасында да маңызды шаралардың өткенін айта кетуіміз керек. Мемлекет басшысы 2 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Қазақстан бұрын да Қырғыз еліне астық және вакцина түрінде гуманитарлық көмек жолдағаны белгілі. Ал 6 желтоқсан күні Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаровты туған күнімен құттықтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы 8 желтоқсанда Қырғыз Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровты қабылдады. Қазақстан-Қырғызстан қатынастарын бекемдеуде қос елдің мемлекеттік хатшылары қатысқан 3 желтоқсандағы «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның да маңызы зор.
Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты арқылы бауырлас елдермен ғана емес, көршілес елдермен де ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Бұл ретте Тоқаев 16-17 қыркүйек күндері Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысты. Екі басқосудың да күн тәртібінде Ауғанстан мәселесі бар еді.
Қазан айында да Мемлекет басшысы онлайн форматта ұйымдастырылған өңірлік деңгейдегі екі іргелі жиынға қатысты. Әуелі 14 қазанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Президент күрделі мәселелерді атап көрсетіп, пандемияның салдарымен күресуде ынтымақтастықтың маңызды екеніне ерекше екпін берді. Содан кейін Мемлекет басшысы 15 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Президент бұған дейін атқарған жұмыстар қорытындыланып, ТМД елдерінің көпжақты ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашылатынын жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.
Қазақстанның еуразиялық интеграциядағы белсенді рөлі 10 желтоқсанда онлайн форматта өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында да аңғарылды. Биыл аталған кеңеске Қазақстан төрағалық етті. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталып, Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелерін егжей-тегжейлі айтып берді. Жиын қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған 20 құжат қабылдады.
Мемлекет басшысының сыртқы саясат жөніндегі ұстанымында Ресейдің алар орны ерекше екені белгілі. Ресеймен байланыстың маңызын мынадан-ақ аңғаруға болады. Кейінгі үш айда Ресей Президенті Владимир Путинмен Мемлекет басшысы екі рет телефон арқылы сөйлесіпті. Бұдан бөлек, Путинге Ресейдегі апаттарға байланысты екі рет көңіл айту жеделхатын жолдады және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұдан бөлек, үш ай ішінде Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.
Еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды тетіктің бірі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Аталған ұйымның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында 12 қазанда өткен Азия кеңесі Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысқан делегация басшыларымен кездесті. Президент алдағы жылдары АӨСШК мән беруге тиісті бірқатар өзекті міндетті атап өтті.
Бұл орайда еліміздің сыртқы саясаттағы байыпты бағыты оның халықаралық ұйымдардағы белсенділігінен де анық байқалады. Көптеген беделді халықаралық ұйымды ел азаматтарының абыроймен басқарып отыруы – Қазақстан дипломатиясының салмағын арттыра түсуде.
Халықаралық саясатта соңғы кездегі маңызды оқиғаның бірі АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарғаннан кейін «Талибан» ұйымының санаулы күннің ішінде билікті төңкеріп, өз қолына алуы болды. Бұл дағдарыс кезінде Қазақстанның сыртқы саясаты белсенді болды. Мысалы, осы оқиғаға байланысты БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және онда аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастырды. Бұған дейін еліміз Ауғанстанға қатысты ахуалда өз ұстанымын ашық білдіріп, ауған халқының тағдырына алаңдайтынын іс жүзінде көрсетіп келді. Мұның бәрі БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы мен басқа да агенттіктерін Алматыға орналастыруда ескерілгені анық.
Қазақстан Президенті Еуропа және АҚШ бағыты бойынша да белсенді келіссөздер жүргізді. Президент 26-30 қараша аралығында Еуропаның бірқатар еліне сапармен барды. Брюссельге ресми сапары аясында Қ.Тоқаев Бельгия королі Филиппен кездесті және Бельгияның Премьер-Министрі Александр Де Кроомен келіссөз жүргізді. Брюссельдің Еуропалық одақтың басты ғимараттары орналасқан шаһар екені, яғни Еуропаның жүрегі екені белгілі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельмен және Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Еурпопалық лауазымды тұлғалар Қазақстан – ЕО қатынастарын, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын жоғары бағалады. Мысалы, Еуропалық Одақ Президенті Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, Еуроодақтың елімізбен сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін нақтылады. Урсула фон дер Ляйен Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру және осы елге гуманитарлық көмек көрсету бойынша қабылдап жатқан шараларына қолдау білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясына ресми сапары барысында Швейцарияның Президенті Ги Пармеланмен жолығып, келіссөздер жүргізді. Осы елде орналасқан бірқатар халықаралық ұйым басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы сапарын ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден бастады. Сондай-ақ ДДҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президентімен кездесті.
Қазақстан Президентінің Еуропа сапары бір жағынан Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы салмағын көрсетсе, екінші жағынан бұл сапар Қазақстанның халықаралық саясатта маңызды ойыншыға айналғанын дәлелдеді. Брюссельдің Еуропаның саяси астанасы, ал Швейцарияның әлемдік қаржы орталығы екенін ескерсек, Қазақстанның саяси және экономикалық бағытта белсенді саясат жүргізіп отырғанын аңғарамыз.
Тоқаевтың соңғы 100 күнде АҚШ Президенті Джо Байденмен де қатынасының назарда болғанын айтуға болады. 5 желтоқсан күні АҚШ Президенті Джо Байден Қазақстанды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Қазақстанның Орталық Азияда бүкіләлемдік бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденуді сақтау жолында көш бастап келе жатқанының 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы қуанышыңызға ортақпын», деген Байден ықпалдастық екі елдің халықтары үшін жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы қатысқан маңызды іс-шараның бірі ретінде 18 қарашада өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын айрықша атап өтуге болады. Алты жылдан бері алғаш рет өткізіліп отырған отырыс қордаланған түйткілдерді мұқият талдап, шешуге септігін тигізді. Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Президент әлемде қалыптасып отырған жағдайларға орай, сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеу керек екенін атап өтті. Ең алдымен, Тоқаев сыртқы саясаттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізілуі керектігіне назар аударды. Ол дегеніміз халықтың қажеттілігіне қызмет ететін және ұлттық мүддеге мән беретін сыртқы саясат деген сөз. Екіншіден, экономикалық дипломатияны «қайта жандандыруға» екпін беріп, инвестиция тартуға күш салуды тапсырды. Үшіншіден, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту аса маңызды міндет екенін айтты. Осындайда «Су дипломатиясы» жөніндегі келіссөздерді тезірек аяқтау қажет екенін де атап өтті. Төртіншіден, әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатуды, Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру, осы салаға тың серпіліс жасауды тапсырды. Дипломаттардың біліктігіне тоқталған Тоқаев «Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек», деді. Бұл айтылғандар Қазақстан сыртқы саясатына жаңа келбет беріп, беделі мен белсенділігін арттыратыны айқын.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының соңғы 100 күні сыртқы саясаттың күн тәртібі тұрғысынан өте белсенді әрі нәтижелі болғаны анық. Бұл белсенді, байыпты және байсалды саясат елімізді Еуразиядағы дипломатиялық эпицентрдің біріне айналдыруға өз үлесін қосқаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кәсіби дипломат болмысымен Қазақстанның аймақта және халықаралық саясатта татулық пен тұрақтылықты қолдайтын ел ретіндегі бет-бейнесін күшейте түсті. Тәуелсіздік жылдары тек аймақта ғана емес, Еуропа мен Азияда да сөзіне құрмет көрсетілетін, ұсынысының салмағы бар мемлекет болып қалыптасқан елімізге әсіресе, бауырлас Орталық Азия елдері мен тамырлас түркі әлемінің тартылып, ықыласының арта түсуі – Елбасы негізін қалаған сымбатты сыртқы саясаттың сәтті сабақтастығын айғақтайды.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"