6 маусымда Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткені мәлім. Онда ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекеттің болашақ дамуы туралы ұсыныстар айтылды. Осы орайда құрылтайдың алдағы жоспары мен оның халыққа берер игілігі туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Жанарбек Әшімжанов әңгімелеп берді.
- Жанарбек Садықанұлы, ел тағдырын айқындаған келелі шешімдер құрылтай арқылы қабылданғаны тарихтан мәлім. Ал бүгінгі таңда құрылған бұл консультативтік кеңестің мақсаты қандай және оның құрамы қалай жасақталды?
– Құрылтайдың Алматыда немесе елордада емес, сонау Алтын Орданың алғаш туын тіккен жерде өтуі аса маңызды. Қазақ өзі әр түрлі жағдайларда, сын сағатта құрылтай шақыратын. Сондықтан Президент осыған маңыз берді. Қаңтар оқиғасы орын алғаннан кейін бізде барлық салаларды қайта қарайтын мәселе туындады. Осы себепті Қасым-Жомарт Тоқаев бізді қасиетті Ұлытау топырағына Тәуелсіздікті, елдің тұрақтылығын сақтау мәселелерін талқылау үшін шақырды. Бұл ай немесе апта сайын жиналатын орын емес. Сондықтан мұнда тек маңызды мәселелер қаралады. Мұның негізгі мақсаты – біздің өмір сүру салтымызды, ішкі және сыртқы саясаттағы қарым-қатынастар, жалпы саяси-құқықтық мәдениетімізді қалыптау. Қарап отырсаңыз, құрылтайға экономика, білім, ғылым, заң, әлеуметтік және мәдениет саласының қадау-қадау тұлғалары іріктеліп алынған. Енді бұл Ұлытауда өткен құрылтайдың алғашқы жиналысы ғой. Сонда Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алуымыз керек және өзі бастаған ел көшін қай бағытқа алып жүреміз деген мәселелерді анықтап алмақ болды. Сонымен қатар ашық қоғам құру, бай мен кедейдің арасын жақындастыру, сот жүйесіндегі Конститутциялық өзгерістерді түбегейлі қабылдау жұмыстарына мән берді. Соңғысы - заң шығарушы органға, яғни бізге жүктелген міндет. Алдымызда 113 заң бар. Оның 30-ға жуығы Коститутциялық заңдар. Енді осыларды жеделдетіп жүзеге асыруымыз керек. Біздің құрылтай мүшесі ретінде атқаратын жұмысымыз осы.
– Ұлттық құрылтай әсіресе қандай мәселелерге ден қояды?
– Менің ой-көзқарасым біздің ұлт ретінде дамуымызға кері әсерін тигізіп тұрған түйткілді мәселелер бар. Бірінші кезекте – ол жастар саясаты. Сосын ұлттық рухты көтеретін жобаларды жүзеге асыру. Енді осы бағыттағы дүниелерді арнайы жұмыс тобы назарға алды. Кеше бізде жиналыс өтті. Сонда құрылтайдың жұмысын жүйелі жүргізу үшін қажетті тақырыптарды бекітіп, мәселелерді айқындадық. Онда негізінен ұлттық бағытқа аса көңіл бөлінді. Ел мен халықтың 30 жылдағы кемшілігі мен жетістігі бар. Қай жерде бізден кінәрәт кетті, қай жерде бармақ шайнайтын жағдайларға жол беріп алдық деген түйткілдер талқыланып жатыр. Бұл бүгінгі Тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан жастарымыз бен замандастарымыздың мемлекетімізге тигізер пайдасын толық сезінуін қамтамасыз ететін жиын деп ойлаймын. Сыртқы саясатқа қатысты мәселелердің Ұлттық құрылтайда талқылануы міндетті емес. Бұл алаңда мемлекеттің ішкі тұрақтылығына қатысты шаралар қолға алынуы керек. Мәселен, ұлттық кино және мәдениет – кенже қалып жатқан тұстарымыз осы ғой. Ал білім, денсаулық салаларына қатысты өздерінің арнайы бағдарламалары бар. Сол арқылы олар кезең-кезеңімен жұмысын істей береді. Ал Үкімет пен қоғам оны бақылап отыруы керек. Сондықтан Ұлттық құрылтай бірінші кезекте халқымыздың белгілі бір идеологиясын қалыптастырып, соны қамтамасыз ететін алаң болса деген ұсынысым бар.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында қазақ тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірді. Осы бағытта мемлекттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін құрылтай қандай жұмыстарды қолға алмақ?
– Мемлекеттік тілдің жанкүйері ретінде айтқым келетіні – қоғамда көңіл толмаушылық бар. Оған қатысты менің өзімнің көзқарасым да жоқ емес. Қазақ тілі шын мәнінде Коститутциялық мәртебесіне сай бола алмай тұрғаны туралы мәселелер айтылып жүр. Бірақ дәл қазіргі кезде Президентіміздің ел-халыққа тастаған ұсынысын қолдаймын. Себебі ол кісі қазіргі қиын геосаяси жағдайда тілдің мәселесін пайдаланып, іріту мен шірітуге және халықты іштен ыдыратуға пайдаланылып кетпесе екен деген алаңдаушылығын білдірді. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өзімізден бастауымыз керек деп ойлаймын. Ешқандай ушықтырусыз жеке азамат болсын, құрылымды басқарып отырған адамдар болсын, зиялылар мен мемлекеттің ұшар басында тұрған азаматтар болсын, осылардың барлығы қазақ тілін тұмар етіп, бірінші кезекте ойлауы керек. Дегенмен мемлекеттік қызметшілерге талап өзге болуы тиіс. Мен Мәжілісте қарап жүремін. Министрлер, вице-министрлер немесе департамент басшылары болсын кейде қазақша қойылған сұрақтарға күбіртіктеп жатады. Сол қоғамның наразылығын тудырады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа алғанда қатаң тәртіпте қазақ тілін жетік меңгеруі талап етілуі керек. Мен бұл ұсынысымды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдеріне де айттым. Қатардағы және жоғары лауазымды орынға ұмтылған азаматтар қазақ тілін өте жоғары деңгейде меңгеруі қажет. Қазір тиісті орган осыған байланысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Оны ресми бекітсек, мемлекеттік тілдің мәселесін шешеміз деп ойлаймын. Ал дәл қазір мұны алаулатып-жалаулататын болсақ, оны солшыл саяси күштер теріс мақсатта пайдаланып кете ме деген күдік бар. Барлық проблеманы тілдің айналасынан шығарғысы келетін топтар жоқ емес. Мен өзім 20 күндей ауыл-аймақты аралап келдім. Жергілікті жерлердегі халықтың басым бөлігі осы тілге байланысты назын айтты. Журналистік қызметімде мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күрескен азаматпын. Ал саяси жұмысқа келген соң жағайды іштен көрдім. Көптеген әлеуметтік орталарда бір мәселе шығарсақ - осы тілдің маңайынан шығарсақ дейтін күштерді байқап, сездім. Бұл өте нәзік проблема. Сондықтан оны бірте-бірте шешуіміз керек деп ойлаймын.
– Ұлттық құрылтайдың жасақталуын халық ризашылықпен қабылдады. Дегенмен ел азаматтарының көкейінде сауал да жоқ емес. Халық консультативтік кеңеске қандай құзырет берілетінін және оның нәтижесінде тұрғындар өмірі қалай өзгеретінін білгісі келеді.
– Алғашқы жиын ақылдасу сипатындағы отырыс болды. Бұл мемлекеттік институт емес. Ұлттық құрылтай - қоғамдық күш. Президенттің арнайы тапсырмасы бар. Оған сәйкес, әр сала бойынша жұмыс топтары жасақталып, қызметін бастады. Ол Үкіметке де, қоғамға да, заң шығарушы органға да тиісті деңгейде ықпалын жүргізетін үлкен құрылтай. Одан әрі оның үлкен саяси күшке ие болатынына мен сенімдімін. Ұлттық құрылтайға Президент төрағалық еткен соң ел-халықтың күдік-күмәнін сейілтеді деп ойлаймын.
– Құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынылды. Бұл мейрамның біздің ел үшін тарихи маңызы қандай?
– Дәл осы мәселені өз уақытында «Жас Алаш» газетінде қозғаған болатынмын. Расында 25 қазан - Тәуелсіздіктің декларациясына жасалған алғашқы қадам. Сондықтан бұл күн атаусыз қалмауы керек. Оның ресми мерекелер қатарына енгізілуі дұрыс шешім. Ал желтоқсандағы мерекеміз біздің ел болу жолында тер төккен ұлттық батырларымызды, саяси қайраткерлерді және рухани тұлғаларымызды ұлықтау мақсатындағы символдық мереке мәртебесінде қалуы керек. 25 қазан Республика күні Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәп-тәуір, елдің еңсесін көтерген жақсы мереке болған. Кейін ол мәнінен айырылды ғой. Сондықтан бұл тарихи әділеттіліктерді қалпына келтіру принцптерін орындау бағытындағы жұмыстардың бірі. Бұл – мерекелер қатарын көбейткен емес. Аталған ұсынысты халық дұрыс қабылдайды, ұлықтайды және оның қадір-қасиетіне жету жолында жастар санасына сіңіреді деген сенімдемін.
– Құрылтай жылына бір мәрте жиналады. Бұдан бөлек, жоспардан тыс қандай жағдайда шақыртылуы мүмкін?
– Енді жаратқан төтенше жағдайдан сақтасын! Шұғыл талқылануы керек мәселе немесе бетін аулақ қылсын бір оқыс оқиға болған кезде Мемлекет басшысы жедел құрылтай шақырады. Мұндай жағдайда Ұлттық құрылтай шақырылуы міндетті деп есептеймін.
– Жанарбек Садықанұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Автор Әлихан Асқар
Дереккөз: "ҚазАқпарат"