Барлық дүниенің кілті білімде – халықаралық олимпиада жүлдегері

Уақыты: 2022-08-24 Көрлімі: 523 Сипаттама

Біріншіден, мен осы олимпиадаға тек бір апта, бір ай немесе бір жыл дайындалдым деп айта алмаймын. Бұл жарысқа мен өмір бойы дайындалып келдім. Кішкентайымнан бастап анам маған логикаға арналған есептер беретін. Анам Балғаным Жәнекенова математика пәні мұ...

220823153815081e.jpg

Жуырда Индонезияда информатикадан өткен халықаралық олимпиадада Орал қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатының түлегі Жамбыл Мақсотов күміс жүлдеге ие болды. Осыған орай «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Ж.Мақсотов ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді. Аталмыш сұхбатты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

- Жамбыл, жүлдең құтты болсын! ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің әлеуметтік желідегі парақшасында атап өткеніндей, 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының арасынан оза шабу оңай емес. Ендеше, осынау үлкен табысқа қалай жеттім деп ойлайсың? Өзің қай мектептерде білім алдың, ұстаздарың жөнінде не айтасың?

-Иә, өткен аптада Индонезиядан 2 күміс және 2 қола медальмен оралдық. Құттықтауларыңызға рахмет!

Біріншіден, мен осы олимпиадаға тек бір апта, бір ай немесе бір жыл дайындалдым деп айта алмаймын. Бұл жарысқа мен өмір бойы дайындалып келдім. Кішкентайымнан бастап анам маған логикаға арналған есептер беретін. Анам Балғаным Жәнекенова математика пәні мұғалімі ретінде оқушылардың жұмыстарын тексергенде, мен қасында есептер шығарып отыратынмын. Одан кейін бірінші сыныпқа Тасқала ауданы Тасқала ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепке келдім. Мектептегі ұстаздарым менің білімге құштарлығымды көріп, соны дамыту үшін өздерінің бос уақыттарын бөліп, маған түнге дейін олимпиадаларға дайындық ретінде қосымша сабақ беретін. Бастауыш сыныпты бітірген соң, «Сәулет» мектеп-лицейінде де математика бағыты бойынша әзірлендім. Сол кезде Қарағанды қаласында өткен робот техникасы сайысына барып келдім. Сол олимпиададан орын алмасам да, оған дайындық өте қызық және пайдалы болды деп ойлаймын. Роботты әрі-бері жүргізуге, қорапты бір жерден басқа жерге қоюға және басқа роботтармен сумода күресуге бағдарлама жазу сондай жастағы әрбір балаға қызықты шаруа деп ойлаймын. Кейін, тек роботқа емес, компьютерлерге де бағдарлама жаза бастадым. Әлі есімде, Minecraft деген ойынның файлдарын ақтарып, ондағы кодтарды, суреттерді өзгертіп, басқаша көрінетін, басқалай жұмыс істейтін ойын алатынмын. Менің ойымша, информатикаға қызығушылығым сол кезден басталды. Кейін, «Білім-инновация» лицейінде информатика бойынша олимпиадаларға мұғалімдер мен үлкенірек сыныптағы оқушылар дайындады. Жетістікке жетудің құпиясы дұрыс ортада болу деп ойлаймын. Қасыңда қолдайтын мұғалім, достарың болса, барлық мақсатқа жетуге болады деп есептеймін. Сондықтан, мектеп бойы жанымда болған ұстаздарыма, достарыма үлкен рахмет айтқым келеді.

- Назарбаев университетіне оқуға түскен екенсің, қай мамандықты таңдадың, болашақта кім болғың келеді? Алдағы арман-мақсаттарың қандай?

- Университетте, әзірше, математика бағытын таңдайын деп тұрмын. Қазірден бастап білім саласына дендеп еніп, математиканы толықтай зерттегім келеді. Оған қоса, балаларды олимпиадаға даярлаумен айналысу да ойымда бар.

- Өз отбасың, ата-анаң туралы да хабардар ете кетсең?

- Отбасымның жартысы мұғалім: айтып кеткенімдей, анам - математика пәні мұғалімі. Ал атам Мақсот Жәнекенов физика пәні мұғалімі болып жұмыс істеген. Әкем Елжан Жәнекенов - жеке кәсіпкер. Інім Райымбек - оқушы. Болашақта IT бағытында жұмыс істегісі келеді.

- Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны мәлім. Осыған орай жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысында 130-дан астам тақырыптық билбордтар орнатылған екен. Солардың ішінде халықаралық және республикалық олимпиада жүлдегерлері де бар. Яғни сенің суретің бейнеленген билборд қазір Орал қаласында ілулі тұр, бұған не айтар едің?

-Жаңалықтарда мен туралы көптеген деректердің шығып, суретімді билбордқа ілгені, шынын айтсам, күтпеген жағдай болды. Әдетте, мұндай құрмет спорт жарыстарында жүлде алғандарға көрсетілетін. Ал білім саласында озық шыққандарға ондай мән бере қоймайтын еді. Бұрын спортшыларды билбордтан көрсең, енді өзіңнің тұрғаны қызық болады екен. Ең бастысы, біздің мақсатымыз – беделді жоғары оқу орнында терең білім алып, келешекте еліміздің жан-жақты қарыштап дамуына үлес қосатындай білікті азамат болу. Өйткені барлық дүниенің кілті білімде.


- Әңгімеңе рахмет, Жамбыл, барлық арман-мақсаттарыңа жетуіңе тілектеспіз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 136 балл жинаған түлектің болашақта математика ғылымын қазақ тілінде сөйлеткісі келетінін жазған болатынбыз.

Ғайсағали Сейтақ

Дереккөз: "ҚазАқпарат"

Пікір жазу
  • Данабек Қалиаждаров: ІТ-білімді дамытпай, көшке ілесе алмаймыз
    IT маманы: Киберқауіпсіздік өнімдерін өзіміз әзірлеуіміз қажет

    Ұқсас тақырыптар