Қай қырыңды айтайын, Ақантайым!

Уақыты: 2022-09-15 Көрлімі: 315 Сипаттама

Зымыран уақыт Сені көзден тасалап, ортамыздан біржолата алыстат­қанына да талай жылда...


Зымыран уақыт Сені көзден тасалап, ортамыздан біржолата алыстат­қанына да талай жылдардың тізбегі өтіпті-ау. Мінеки, қоңыр күздің басынан-ақ азаматын қастерлеп, төбесіне көтерген жұртың Сенің де сексен деген белестің биігіне шығар қарсаңында өзіңсіз тойлай бастапты. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») табыстырған Жеті жетімнің түгел кезінде де, қайта оралмас кемеге мініп кеткен Оралхан мен Кәрібай­лардан кейін де мерейтойларың деп, басқа да себептермен өзің мақ­танышпен сар даласын, қырат-қырқаларын талай көрсеткен Жаңаарқаңда дүбірлі думан өткізіпті. Ел болып, Алматы, Астанаң әлі тойлар. Өйткені халқың Сенің қыруар еңбегіңді, өзіңнің қадір-қасиетіңді бағалай білген, бағалай береді де.

Әлеуметтік желіден туған жерің­де жерлестерің ескерткіш орнатқа­нын көрдім. Біраз кем-кетігі болса да, елің­нің ниетіне ризамын. Соноу 92-жыл­дары екеуіміз Алматыдағы Дзер­жинскийдің зәулім ескерткішінің тұсынан өтіп бара жатқан кезде, Сен: «Көп қазақтың қанын төгуге себепші болған осы сұмырайдың ескерткішін құ­лату керек» деп зілденгенде, мен: «Жоқ, қазіргі дағдарыс кезінде бұ­ған тиісуге болмайды», – деп, Сені бір ашу­лан­дырып алып, – себебі Сенің де күні ертең белгілі тұлғаға айналатыныңа сен­гім келеді. Сонда Феликс көкеңнің шек­пенін шешіп, аты-жөнін «Ақселеу Сей­дімбек» деп өзгерте салса болды. Беті-жүзі, шоқша сақалымен, бойы-сойы­мен өзіңнен аумайды» деп әзілдегенім бар...

Уақыт өткен сайын Сенің қазақ әде­биеті мен өнеріне, ұлттану ғылы­мына қосқан үлесің үшін қадірің биік­тей түсер. Сонда ұрпақ талай ескерт­кіш тұрғызар...

Өткен ғасырдың 62-жылынан бермен қарай, ҚазМУ-дың абитуриенті атанған жылдан бермен тағдыр бөліп жібергенше егіз қозыдай бірге жүріп, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, туыспаған туыс болып кеткендей едік.

Мен Сені жоғалтқалы қазақы қа­ра сөздің уызына тойынған шешен, әдебиет айдынында жел қа­йық­­тай жүзген дарынды жазушы, хал­­қың­ның рухани болмысына, өткен ға­сырлардың терең тамырына үңіл­ген тарихшы, әнді, әсіресе күй өне­рін салалап танытуға сүбелі үлес қос­қан зерттеуші, тіпті өнерімізде жоғал­тып ала жаздаған, кез-келген әнші­сымақтардың орындауға жүректері дауаламайтын, «қазақтың дәстүрлі аспани, биікшіл әндері осылай болады» дейтіндей ғып шығаратын сазгер т.б. көп қырларың туралы біраз мақалалар жазыппын.

Бүгінгі мерейтой тұсында соноу студенттік өмірдің алғашқы жылында болған елеусіз ғана оқиғамен Сенің кісілік болмысыңды, тапқырлығыңды әңгімелейінші.

* * *

Бар болғаны бес-ақ мүшесі бар біз­дің «Бірлік» атты колхозымыз бүкіл жатақхана демей-ақ қояйын, негізінен түгелге жуық бірінші курстықтар жататын төменгі қабат тұрғындарының ішіндегі ең бір берекелі ұйым болып шықты. «Ұйым» деп атағанмен, бізден басқа бірлесіп тіршілік құрғандар о баста болғанмен, ай ауыспай жатып береке­лері бек кетіп, әрқайсысы өз алдарына күндерін жеке-жеке көріп жүретін. Кей-кейде ас даярлайтын арнайы бөлмеде біздің кастрюль ғана жағымды иісімен кірген-шыққанды елітіп, буы бұрқырап тұрар еді.

Алматының қоңыр күзі енді-енді қыстың мінезін үздік-создық көр­се­тіп, бірде жаңбыр, бірде қар кезек­тесіп тұрған кезде Ақселеудің үйі күз­дік сой­ған екен, соның қазы-қарта сияқ­ты шиманды бөлігінен екі жәшік сы­баға жіберіпті. Ақ кастрюльді мөлтіл­дете толтырып, кешкілік ас үй­дегі плитаға қойғанбыз. Ақселеудің өзі: «Кедей­дің бір тойғаны – шала байығаны». Мол­дап асайық, осында тұратын курс­­тастарымызды да шақырайық. Кіші­гірім бір әдемі отырыс болсын. Мен басқадай шайға керекті тәтті-дәм­ділерді алып келейін» деп дүкенге кетті. Жылқы етінің иісі бір қай­наған соң-ақ бүкіл бірінші қабатты жай­лап алды. Біз де кезек-кезек көй­лек, шалбарымызды үтіктеген болып, сол бөлмеден шықпаймыз. Тіп­ті ша­руамыз болмаса да кезекші Жұма­ғалимен жағаласқандай немесе оның «сақшылық» қызметіне сенбе­гендей сол бөлмеге жиі кіріп-шы­ғып жүргенбіз. Мынандай айтулы астың алдында сабақ қарап, оны миға қонақтата қою соншалықты қиын, күрделі міндет болса да, бөлмеде кітап­қа үңілген болып отырғанбыз.

– Киімдерімізді үтіктеп болсақ, бөл­меге барып отырайық. «Бесеуі бір­дей бір кастрюльді күзетіп жүр» деп бас­қалар бізді күлкі қып жүрер, – деген Қожа­бектің ақылынан кейін бөлмеге ке­ліп, байырқалаған түріміз ғой. Бір кезде айда­һар қуып келе жат­қандай алақ-­
жұлақ етіп, Жұмағали кіріп келген.

– Жігіттер, кастрюль жоқ. Қалай әкеткенін білмеймін? – дейді ол амалы таусылғандай. Бұл сөз «Жау шапты!» дегендей естіліп, бәріміз «найзам қайда?» дегендей боп, орнымыздан атып-атып тұрдық. Бір кастрюль шала піскен жылқы етінің жолында аянатын емеспіз.

– Тоқтаңдар, жігіттер! – деген Ақсе­леу. – Қарны ашқан біреулер қызы­ғып кетіп алған ғой. Ашу үстінде артық әре­кетке барып, тамақ үшін төбе­лес­кен деген атқа қалмайық. Егер кастрюль­ді басқа жаққа әкетіп қалмай, осы жатақхана ішінде қалдырса, мен оны оңай табамын.

Ол орнынан тұрып, есікке беттегенде «Бізге ақыл айтып отырып, өзі біреулермен шармааяқтасып қалар» деген оймен қасына мен ердім. Ол жылқы етінің әдемі иісінің өзі солғын тартып қалған ас бөлмеге кіріп шықты да, бірден екінші қабатқа бастайтын баспалдақпен көтерілді. Солғындау болса да бір иіс бар, демек ұры баспал­дақпен көтерілген. Әр бөлменің тұсы­нан мысықтабандап өтіп келеміз.

– Бұл қабатта да жоқ, – деді Ақаң маған сыбырлап. – Жылқы етінің иісі әлі-ақ «мен мұндалауға» тиісті.

Айтқандай, үшінші қабаттағы бірер жыл бұрынырақ үйленген жо­ғары курс­тың жас жұбайлары тұра­тын бөл­меден Ақаң айтқан иіс «мен мұндалап» бізді жетектеп алып келген. Есікті қағып едік, іштегілер өз­ара күбірлесіп, есікті аш­қысы келмеген. Сол кезде Ақаң бұл бөл­медегі тұрғынды бұрыннан таныса керек:

– Әй, Қареке, мен Ақселеумін ғой. Бағанағы бір келісім бойынша келіп тұрмын. Есігіңді тезірек ашсаңшы. Бала бөлеп жатқаннан саумысың? – деді жайбарақат қана.

Есік ашылды. Мен де бұрыннан кө­ріп жүрген көзілдірікті аққұба жігіт­тің өңі оңған шүберектей бозарып кетіпті.

– Ақа, інім, расында анау кезекші болып жүрген достарың біреумен қызу әңгімеге кірісіп кеткен екен. Байқай ма, байқамай ма деп ойын ретінде бастаған ісімнен мінеки...

– Өй, Қареке-ай, мына замандас жеңгемді әлі де алдап тұрсың, ә?! Еке­уі­міз бағана келістік қой. Жең­гейге: «Мына етті тамақ әзірлейтін бөлмеден иелеріне білдірмей алып келдім» деп айт. Жеңгей бұл сөзіңді қалай қабылдар екен?» – деп үйретіп жіберіп едім ғой. Солай дедің бе?

Жігіт көзілдірігін бір алып, бір киіп, берекесі бек кетіп қалды.

– Олай демедім, олай демедім, – деген сөзін бірнеше қайталап жіберді.

– Онда не деп едің? – дейді Ақселеу.

 – Плиталары сынып қалған бір жігіттердің кастрюлі деп едім... – Кө­зілдірікті жігіт сасқалақтап, шын­дық­тан мүлде шалғай шығып кетті.

Қараторы келіншегі күйеуіне қарап:

– Оңбаған-ау, «Саған айтпай тө­мен­де ауылдан келген етті пісір­тіп әкелдім» дегенің қайда? Суайт­тығыңмен қоса, ұры екеніңді екі жыл­дан бері мен неге білмегенмін?! – деп қамыр жайып жат­қан оқтауын лақ­тырып жіберіп, жылап отыра кеткен.

Ұрымызды, ұрлатқанымызды тап­қан­мен, мына ерлі-зайыптылардың оты­ның басына өте ауыр кінәні артып қойғанымыз үшін жанымды қоярға жер таппай мен тұрмын. Бұл қияметтен шығар жол табылмастай көрінген. Сол кезде Ақселеуім қарқылдап бір күлсін.

– Әй, Қареке, екеуіміз ойнаймыз деп, от қана емес, өрт шығара жаз­дадық. Қалай, жеңгеміздің бөтеннен бүлдіргіні пайда көрмейтініне көзің енді жетті ме? Жеңгем бұл сыннан мүдірмей өтті, ал өзің қалай ақтала аласың? – деп, мен ойламаған әңгімені бастағанда, ештеңе түсінбей аң-таң болып, бетіне қарадым. Жаңа ғана ағыл-тегіл жылап отырған қараторы келіншек те аң-таң болып Ақселеудің бетіне қараған. Үй иесі де көзілдірігін қайта-қайта сүрткілеп, бір кінәсіз адамның рөлінде ойнап тұрған актер сияқты елестеді.

– Сіздің отағасы екеуіміз бірінші қабатта ас әзірлеп, киім үтіктейтін бөлмеде жолыққанбыз. Ауылдан келген етті молдап асып, бір тояйық деп едік, электр плитамыз бұзылып, не істе­рімізді білмей тұрғанда, Қарекең «Біздің бөлмедегі плитаны ала тұр» деді. Сонда маған бір ой түсті де, Қарекеңе былай дедім: «Кастрюльді бөлмеңе апарып жеңгейге астырайық. Қайта мынандай етке макарон салып, обалды қылмай, жеңгейге қамыр иле­тіп, қазақша ет қып жейік» деп идея айтқан едім. Оның үстіне Қарекеңе: «Мен барған кезде сен шала піскен етті ұрлаған кісі бол. Келіншегіңді бір сынайық» деген едім. Керісінше, артықтау кеткен ойыным үшін екеуің де мені кешіріңдер, – деді Ақселеу.

Келіншек әлі де ештеңенің байы­бына бара алмай күйеуі мен Ақсе­леу­дің бетіне кезек-кезек қарады. Ақаң әлі де айылын жияр емес. Еңкейіп жас жеңгесінің арқасынан қақты.

– Жарайды жеңгей, бүлінген ештеңе жоқ. Сіз біздің сыннан мүдір­мей өттіңіз. Қайта тапсырған сөзді айт­пай, бәрін бүлдіре жаздаған Қаре­кең бұл сыннан өзі сүрінді. Ал жақсы, ет піскен соң жігіттерімді ертіп келер­мін, – деп ол бөлмеден шықты.

Мен де шығып бара жатқанда, Қаре­кеңе көзім түсіп еді, бетіне қан жүгі­ріп, келіншегіне күлімдеп қарап тұр екен. Оның осы іс-әрекетінен ке­йін «Мына ұрлық шынында әдейі ұйым­дастырылған ойын ба?» деген күдік­тің пайда бола бастағаны рас. Олардан шыға бере Ақселеудің бетіне қарап: «Бұларыңнан бірдеңе ұқсам бұйырмасын» дедім.

– Ұқпайтын несі бар? – деді ол бе­тіме қарап. – Бір асым ет үшін аза­­маттың басқалар мен зайы­бы алдын­­­дағы беделін қалай түсіре­йін? Бірін­­шіден, Қарекең бір рет ашкөз­дене­мін деп өмір бойы ұмытпастай сабақ алды. Екіншіден, біз ерлі-за­йыптылардың сенімдеріне үлкен сызат түсіруден сақтап қалдық. Бұл – алдымен екеуіміздің жеңісіміз.

– Екеуіміздің емес, сенің жеңісің, – деймін оның азаматтың жаза басқан қателігінің тігісін тапқырлықпен жат­қызып жібергеніне ризалығымды біл­діріп. Ақаңның ұрыны қалай тап­қанын, сонан соң Қарекеңді қаң­қу сөзден, жаман аттан қалай құтқар­ғанын бөлмедегілерге айтпа десе де, айтып бердім және бүгін сол үйге барып, кәдімгі қамыры салы­нып, пиязы туралып, бұрышы себілген қазақша даярланған етті жеу­ге үшін­ші қабаттағы сол жігіттің бөл­ме­сіне қонаққа баратынымызды айтып, ең алдымен кешкі асын қол­ды ғып алған Жұмағалиды және бас­қаларын қуандырдым. Ал Ақаң бар­лығымызға бұл әңгіме осы бөлмеден шықса, достығымызға өшпестей дақ түсерін қатты ескертті. Арада пәлен жыл өткен соң және құпия оқиғаны жа­риялағаным үшін ренжитін Ақаңның өзі де қазір ортамызда жоқтығын пайдаланып, айтып отырмын.

* * *

Қарекең кінәсін жуып-шаяйын десе керек, екі-үш шөлмек «сту­дент­тердің коньягы» атанған «Порт­вейн-12» дей­тін шарапты даярлап, шайдың дастар­қанына да қажетті біраз тәтті-дәмді­лерді алып қойған екен. Бесеуіміз де құдалыққа келгендей ішіп-жеп, бөлмемізге оралдық.

«Мені соғыстан оралмаған әкемнің ағасы мен зайыбы жетімдік көрсетпей, өз балаларындай еркелетіп өсірді» деуші еді Ақаң. Шамасы, ол кісілер де ауқатты, мал-жанды кісілер болса керек, курстасымыздың киімі кө­бімізде жоқ таңдаулы дүниелер болса, қалтасы да құр жүрмейді. Бар болған соң, соңын­дағы сенері мығым болған соң, қай­сыбірімізге ұқсап, тиын санамай мыр­залығын да жиі көрсетеді. Ең аяғы сабын, шұлық сияқты ұсақ-түйек алса да бесеуімізге түгел алуға тырысар еді. Жақ­сы киініп, жақсы көрініп жүрген соң, сері болып көрінгісі ке­летіні де бар. «Қалтамды томпай­тады» деп, өзі шегіп жү­ретін «Бело­мор каналы» дейтін папиро­сын Жұмағалидың қалтасына салып қо­йып, «Шылым шеккен кезде қасым­нан табыларсың» дейтіні де сол сері­лігінің бір көрінісі еді. Ақсе­леуге әкесінің орнына әке болған Аман­бек дейтін кісінің пошта арқылы екі жә­шік етті бір-ақ жолдауы бізді де қуан­дырғаны рас. Әрине, өзімізге мұндай мол сыбаға келмейтіндіктен, аздап ыңғай­сызданатынымыз да өтірік емес.

Осынша мол етті сақтайтын тоңа­зыт­қыш деген қайдан болсын, дүкен­нен әкеліп даярлап қойып, Қаре­кең­нің бөлмесінен келген соң еті­мізді үш дорбаға салып, терезенің жел­дет­кішінен шығарып қойғанбыз. Жерге түсіп кетпес үшін тор дорбаның бауларын қосып, жуан жіппен тере­зенің тұтқасына байлап қойып, төсе­гімізге жатып алып, «Біздің жақта...» деп бас­талар әңгімені біраз жерге жеткізіп тас­тап, енді көзіміз іліне беріп еді, Қожа­бектің «әкетті» деген жан дауысы шық­ты. Атып-атып тұрып, шамды жақ­тық. Пышақ ұзын сырықтың басына байлаған тор дор­балардың екеуін кесіп түсіріп, үшін­шісін қидалап жатыр екен. Біз терезеге ұмтылған кезде үшінші дорба да ет-метімен жерге құлап түсті. Екінші қабаттан секіретін емес, олжалы болған екеуді көзбен де, біраз балағат сөзбен де шығарып салып, шала-шарпы киініп сыртқа шыққанда, ұрылар алып үлгере алмай кеткен екі-үш кесек ет пен бір белдемені алып, бөлмеге келдік.

– Ертең курстастарымды ша­қыра­йын деп ойлап едім, сұмырайлар бұ­йыр­т­пады, – деген Ақаңа не деп жұба­ныш айтарымызды білмей отыр­сақ, ол қағаз-қаламын алып, әлдене жаза бастады.

– Өй, түн ішінде не жазып отыр­сың? – деймін. Ол:

– Хат, – дейді.

– Не қылған хат?

– Әкейге, тағы ет жібер деп.

«Мына шіркін біздің тоқ жүруі­мізді мойнына алған ба?» деп ойладым сонда.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • IT маманы: Киберқауіпсіздік өнімдерін өзіміз әзірлеуіміз қажет
    Қ. Тоқаев: БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс

    Ұқсас тақырыптар