Омарәлі Әділбекұлы: Арманға бірге жетейік!

Уақыты: 2022-11-11 Көрлімі: 937 Сипаттама

Дипломатияның майын ішіп, жілігін шаққан, батыстың ілімін, шығыстың философиясын тұла бойына дарытқан, еліміздің іргетасын бірге қаласқан, жоқшылық көріп, араны ашылмаған азамат, тұлға қалауларыңызбен елге тұтқа болмақшы! Жыртысын бірге жыртып, арманға бі...

Снимок.JPG

20 қараша күні өтетін Президенттік сайлау – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші сайлау. Осы сайлау қарсаңында

BAQ.KZ тілшісіне берген  әдебиеттанушы, сыншы, Дүниежүзі қазақ қауымдастығы Алматы бөлімшесінің бастығы Омарәлі Әділбекұлының сұхбатын  аталмыш порталға сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Билік транзитінің бейбіт жолмен алмасуы Орта Азия елдерінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асты. Түрікмен мен Әзірбайжанда мұрагерлік жолмен орындалса, Өзбекстанда Алланың есебімен реттелді, ал бір кезде «демократия аралы» атанған Қырғызстанда билікті күшпен басып алу қалыпты жағдайға айналды. Әрине, бұдан тек қарапайым халық ұтылды. Жаңарған жүйе мен жақсарған өмірдің нышаны әлі байқалмайды,- дейді әдебиеттанушы, сыншы, Дүниежүзі қазақ қауымдастығы Алматы бөлімшесінің бастығы Омарәлі Әділбекұлы.

 Ол әлемдік алпауыттардың ықпал көлемге таласуы, соның салдарынан халықаралық жағдайлардың шиленісуі бұл күнде барлық елді алаңдатып отырғанын айтып өтті.

Осындай сындарлы сәтте билік элитасының асығыс, шалағай, сақтанбай жасаған бір қадамы еліне, елінің болашағына орасан зор қатер әкеледі. Оған Африканың, Орта Шығыстың, Ауғанстанның тарихы куә,- дейді ол.

Сондай-ақ ол тәуелсіздіктен кейін отыз жылда еліміз саясат, экономика, мәдениет тұрғысынан үлкен жаңғыру дәуірін бастан кешті деп айтып өтті.

Іргесі бекемделіп, әлеуеті артты. 1989 жылғы жалпыхалықтық санақта Қазақстанның әрең 40%-ын құраған байырғы жетекші ұлттың қазіргі көрсеткіші  70%-дан асады . Қазақи тілмен айтсақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бұл жетістігімізді бүкіл әлемдік қауымдастық бағалап, мойындап отыр,- дейді  Омарәлі Әділбекұлы.

Оның ойынша  тарихи, саяси, геосаяси  жағдайларға байланысты саяси модернизм мен отарсыздандыру үдерісі баяу жүргізілген.

Нарықтың қалыптасуы барысында байлық санаулы адамдардың қанжығасында кетті. Кеңес кезінде қол жеткізген адам капиталын пайдалану, әлеуметтік әділдікті сақтау сынды стандарттан адасып қалдық. Билік пен бизнес элитасы қылмыспен қойындасып кетті. Осы қордаланған қайшылықтар қабаттаса келіп, "төртінші қаңтарда" білтесі тұтанып, қанды уақиғаға жалғасты. Жылы орнын, көл-көсір байлығын қиғысы келмегендер қылмыстық топтарды пайдаланып, аңқау халықты отқа итеріп, заңды билікті аударып, монархия құрғысы келді. Төртінші қаңтардан бесінші қаңтарға қараған таңда Алматы отқа оранды. 

Қарапайым халықтың мал-мүлкі талан-таражға түсті. Еліміздің құқық қорғау органдарының ұшар басындағы генералдар мен полковниктер Президенттің-басқолбасшының төтенше жағдай жөніндегі бұйрығын орындамай, әскери антына опасыздық жасады. Осы сыналар сәтте Президент бар жауапкершілікті мойнына алып, қатаң шешім қабылдады. Сонымен елдің тұтастығын, қоғамның тыныштығын, халықтың берекесін сақтап қалды. Уды умен қайтарғанда құрбандық болды. Жазықсыз жандар қосақ арасында кетті, бірақ 20 миллионға таяу халықтың мүддесін қорғап отырған республиканың туы жығылмады, - дейді ол.

Оның айтуынша, билік жаңарып, түлеп жатыр. 2016 жылдан бері еліміздің салық, кеден жүйесін жайлаған жегі құрттар аласталуда. Отбасы мүшелерінің билікке ықпал ету мүмкіндігі тоқтатылған.

Сайлау ауылдан аудандық масштабқа беталды. Партия, қозғалыс құрудың шарттары жеңілдеп, билік партиясының монополиясы әлсіреуде... Қоғам төңкеріспен емес, эволюциялық өзгеріспен ғана шынайы, жан-жақтылы, салиқалы дамиды. Париж комунасының лаңы, Қазан төңкерісінің адамзатқа алып келген кесапаты әлі санамызда сақталып тұр. Отарлық санадан қалған берекесіздік, бас-басына би болған пәтуасыздық, партияқұмарлық бұл күнде өмірімізге әлеуметтік желіні жамылып, еркіндік пен демократияның тонын киіп, өзгеше формамен халықты адастыруда. Оң мен сол, шындық пен жалған, жақсы мен жаман миша былығуда!

Дипломатияның майын ішіп, жілігін шаққан, батыстың ілімін, шығыстың философиясын тұла бойына дарытқан, еліміздің іргетасын бірге қаласқан, жоқшылық көріп, араны ашылмаған азамат, тұлға қалауларыңызбен елге тұтқа болмақшы! Жыртысын бірге жыртып, арманға бірге аттанайық. Елге қатер төнгенде мінезі мен жігерін көрсетті, парасаты мен пайымына бұрыннан қанықпыз, ендеше, елдігімізді көрсетейік!,- дейді Омарәлі Әділбекұлы.

Жарқынбек Жүмаділ

Дереккөз: baq.kz


Пікір жазу
  • Ұлттық тағамдарымызды ұлттық брендке айналдыратын кез келді
    Дархан Балпанов: Молшылықтың негізі – аграрлық ғылым

    Ұқсас тақырыптар