Серік Рустамбеков: Астананың мүмкіндігі шексіз емес

Уақыты: 2023-03-10 Көрлімі: 672 Сипаттама

Астанада халық санының жыл сайын артып жатқанына байланысты келешекте ауыз су және эле...

64057c356dbf5283538052.jpg

Астанада халық санының жыл сайын артып жатқанына байланысты келешекте ауыз су және электр қуаты тапшылығы болуы мүмкін. Тіпті Есіл өзенінің суы арнасына сыймай, сол жағалауды су басу қаупі де бар. Себебі жазық жерде орналасқан өзеннің су жиналатын аумағы өте үлкен. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Сондай-ақ астананың Бас жоспары мен «Бәйтерек» монументіне жарияланған конкурс пен елорданың алғашқы нысандары қалай жобаланғанын айтып берді.  Сұхбатты аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз: 

– Серік Исаұлы, елорданың бас жоспарын құруға қатысқан азаматтардың қатарында барсыз. Астананы ауыстыру туралы шешім қабылданған сәт, одан кейін қабылданған шешімдер есіңізде ме?

– 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңестің бір отырысында астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. Мұны үйде отырған кезде радио арқылы естідім. Бұл уақытта ел бойынша мемлекеттік жобалау институттары тарап кеткен еді. Өйткені құрылыс тоқтады, жобалаушы, архитекор, инженерлерге жұмыс болмады.

...Жобалау институты ол кезде бай мекеме болатын. Олардың алдын ала 5 жылға жоспары бекітіліп, қаражат бөлінетін. Кеңес заманында Алматының өзінде 60-қа жуық жобалау институты болған. 1990 жылдары осы институттар жабылып, кейбірі жекеменшікке өтті. Мамандар күн көру үшін базарға, құрылысқа кетті. Соның бірі – мен. Өмір бойы істеген жұмысыма сұраныс болмады. Астана деген соң бәріміздің мазамыз кетті, оған Бас жоспар қажет дедік.

1995 жылы әріптесер болып Ақмолаға келдік. Құжат пен картаны жинап, жерді зерттедік. Қаланың қай жаққа дамуы мүмкін екенін, қай жерде қандай мәселе бар екенін, туындауы мүмкін проблемаларды жан-жақты қарап, көзімізді сол жағалауға салдық. Ескі қала мен жаңа қаланың қай жерде орналасуы керек екенін сызып, ойымызды қағаз бетіне түсірдік. Содан кейін жол тауып, Назарбаевқа баяндап бердік. Қуанып кетті. Себебі ешкім тапсырма бермесе де, өзіміз ұсыныс жасадық.

Ол кезде Асқар Құлыбаев құрылыс министрі болатын. Сәулетшілер одағының президенті – Сержан Шаймерденов. Назарбаев біздің көзімізше телефон арқылы нұсқау беріп, екі ай ішінде Бас жоспардың концепциясына конкурс ұйымдастыруды тапсырды. Сол конкурста он шақты маманнан құралған біздің топ жеңіп шықты.

Астананы көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Жауапты мамандар тағайындалды, бірақ қаражат болмады. Министрліктер көше бастады, оларға ғимарат дайындауға жоба қажет болды. Біздің топ әкімшілік ғимаратты жобалау бойынша жұмыс істеді.

Содан кейін «Новая столица» деген қор ашылды. Мұнай-газ, басқа да өнідіріске инвесторлар кіре бастады. Оларға қойылған бір шарт – ашылған қорға ақша салу. 1997 жылы қомақты қаражат қосылды.

– Назарбаев Бас жоспарды жасау кезінде қандай да бір ерекше тапсырмалар берді ме?

...Жарты жылдай тегін жұмыс істедік. Себебі қала бойынша статистиканы жинау қажет болды. Қанша көлік бар, қанша үй бар, су құбыры қандай жағдайда тұрғанына қатысты дайындық жұмыстары жүргізілді.

Бас жоспар алдағы 20 жылға арналып жасалады. Оның ішінде болашақта бұл жерде қанша адам тұратынына болжам жасалады.

Болжам жасау да қиын. Демография, өндірістің дамуы, ішкі-сыртқы миграция, инфрақұрылым, ауа райы, экология бойынша болжам жасайтын мамандар бар. Пессимисттік, орташа және оптимистік болжам жасалады. Сондықтан алғашында орташа есеп алынды.

Назарбаев «маған шағын қала керек» деп айтты. Экономикалық жағдайға қараған болар деп ойлаймын.

Біздің Бас жоспар 2005 жылға дейінгі аралықты қамтыды. 1998 жылы астана ресми түрде жарияланған соң Жастар сарайында үлкен жиналыс болды. Сол жиында көрме ұйымдастырып, жоспарымызбен таныстырдық. Артынан бізбен сұқбаттасты. Назарбаев арқамыздан қағып, бізбен бірге шарап ішті.

2-3 күн өткен соң Астананың Бас жоспары туралы үкіметте жиналып өтіпті. «Қазправда» газетінде сол отырыстан ақпарат жарияланды. «Бұл Бас жоспар ештеңеге жарамайды, халықаралық конкурс жариялансын» деп жазылған екен.

– Алғашқы бас жоспардың авторы ретінде жапондық архитектор Кисё Курокаваны білеміз...

– Иә, халықаралық конкурс жарияланып, архитектор Кисё Курокава ұтып алды. Конкурстың қаражат көлемі – 8 млн доллар. Кисё Курокава президентке Жапон үкіметінің хатын ала келді.

– Астанадағы көптеген ғимараттың авторы шетелдіктер екені белгілі. Бұл даңғазалық па, әлде қажеттілік пе?

– Өмірзақ Шөкеев астана әкімі (2004-2006 жж.) болып тұрған кезде атақты, аты шыққан архитекторларға ұсыныстар жіберді. Орталық мешіт, Көрме орталығы жобасына халықаралық конкурс жарияланды. Оған ірі-ірі архитекторлар қатысты.

Астананы көшірген соң дамыған 30 елдің қатарына кіру, туристерді тарту деген талап болды. Туристерді тарту үшін керемет архитектураны дамыту керек, адам таңқалатын ғимараттар салу керек. Ал ол үшін өте атақты адамдарды шақыру керек. Ол да дұрыс жол.

– Жақында қала әкімі Жеңіс Қасымбектің халықпен кездесуінде ақын Несіпбек Айтұлы Астанаға азаматтардың келуін шектеу туралы айтты. Ол кісі мұны ауыз су, энергия көздерінің жетпеуімен байланыстырды. Астананың мүмкіндігі шектеусіз бе, қалай ойлайсыз?

– Қалада қандай проблема бар? Біріншісі: кей ауданда тұрғындарға су жетпей жатыр. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй қосылып жатыр, одан басқа да ғимараттар бар.

Астанада жылу да жеткіліксіз. ЖЭО-3 салынып жатқанына он жыл болды. Әлі бітпеді. Қаладағы жер үйлер көмір жағып отыр.

Электр қуаты да тапшы болғалы тұр. Одан бөлек – жердің өзі шектеулі. Қаланың ішінде бір ауданнан екінші ауданға бару қиындады. Барлық жерде кептеліс. Қала тұрғындары жыл сайын 60-70 мың көлемінде көбейіп жатыр. Мектептерде де орын тапшы.

Адамдардың келуін шектеуге шара қолдану керек деп ойлаймын. Астананың мүмкіндігі шексіз емес. 

Оң жағалаудың 30 пайызы – ескі қала. Арасында күйреп-қирап жатқаны да бар. Оны жаңарту керек. Базардың айналасы – қаптап жатқан жаман үйлер. Ол жаққа инвестор бармайды.

Сол жағалауда бос жерлер бар, бірақ оның аумағы кеңейіп кетті. Халық саны да тез өсіп жатыр. Оның өзі бір қала болды.

– Бір іс-шарада Астананы су басу қаупі бар деген екенсіз. Қазір де солай ма?

– Иә, ол жағынан ештеңе өзгерген жоқ. Астананы су басу қаупі бар. Өте үлкен қауіп.

Бас жоспармен айналысқан кезде қандай қауіп бар екенін жан-жақты зерттедік. 1993 жылы Есілде су тасып, сол жағалаудың біраз жерін су басқан.

Шағын өзен болса да, гидрологиясын есептеп қарасақ, басы Қарағандының Нияз деген тауынан басталады. Жазық жерде орналасқан өзен болғандықтан, су жинайтын аймағы өте үлкен. Кейде қарлы қыс болса, жазғытұрым қар ери бастаса, судың көлемі Есілдің арнасына сыймайды. Тіпті сол жағалаудың жартысын су басып кететін жағдай бар.

Екінші мәселе – жер асты суы. Ол жерге жақын тұр. Су құбыры, канализация жердің астында жатыр. Оған су зиян келтіреді, темірді шірітеді.

Осыған байланысты бағдарлама бойынша жұмыс істедік. Өзеннің ұзындығы шамамен 38 шақырым. Оның әр метрін жобалап шықтым. Өзенді кеңіттік, тереңдеттік, кей жері канал болды. Қалай істесек судың деңгейі бірқалыпты болатынын зерделедік. Су тасығанда судың деңгейі бірден көтеріледі. Сол үшін екі жағына дамба салынды. Жобалау жұмысы толық аяқталды, бірақ құрылысы ақсап тұр.

– Есілге қатысты іске аспай қалған жобаның бірі – «Судоходный Есиль» жобасы. Бұл кімнің бастамасы және неге аяқсыз қалды?

– Ол үш кезеңнен тұратын жоба болды. Оның екі кезеңі орындалды.

Бұл жоба бойынша Есілдің үстінен кеме жүзуі керек еді. Оны қыста жағаға шығарады, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Оған ғимарат керек. Құтқару қызметі мен диспетчерлік құрамы қажет. Осының бәрінің жобалап, сараптамадан өткіздік. Бірақ сол күйі қалды.

Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған (2008-2014 жж.) кезде бұл жобаға бөлінген жерді де алып қойды. Содан кейін басқа жерді резервке қойған едік, оны да коммерциялық құрылысқа берді.

– Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы ма?

– Бәрі Назарбаевқа апарып тірейді. Бірақ мұны мен қозғағам. Жоба-сызбасы да менікі. Назарбаевқа біреу айтқан, одан кейін президент қолдаған.

Осы бойынша 2005 жылы маған тапсырма берді. Бұл жобаны аяғына дейін жеткізу үшін тек қаражат қажет. Есілдің үстіне кеме жүргізіп, оны қоғамдық көлік ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

– Қалада құрылысы аяқталмай тұрған тағы бір жоба – LRT...

– Кисё Курокавамен бірге қаланың бас жоспарын жасадық. Екі жапондық және бір қазақстандық компания бірігіп, консорциум құрдық. Мен ол құрамда үшінші адам болдым.

Бас жоспардың жалғасы ретінде үлгі ретінде төрт нысан салу қажет болды. Бірі – тұрғын үй кешені. Екіншісі – саябақ. Кисё Курокаваның ұсынысы бойынша ол парк Қазақстанның табиғатын, оның ішінде фауна мен флорасын түгел көрсететін саябақ болуы керек еді. Үшінші жоба – үш қабатты су бульвары. Астыңғы қабатында көлік тұрағы, екінші қабатында ойын-сауық орталығы және жоғары қабатында серуендейтін жер болады деп жоспарланды. Төртінші жоба – LRT. Бұл 2000 жылы бекітілген жоспарда бар. Ішінде тек көпқабатты тұрғын үй кешені жоспары ғана іске асты.

– «Бәйтерек» монументінің авторы ініңіз – Ақмырза Рустамбеков. Конкурс қалай жүргізілді?

– Кисё Курокава «Бәйтерек» орналасқан жердің макетін президентке баяндады. Ол жерде мен де болдым. Көпқабатты ғимараттар салынып, біресе биік, біресе аласа болып, әннің ырғағындай салынатынын түсіндірді. Макетте бір таяқша тұр екен. Курокава «осы жерде бір монумент» болуы керек. Биіктігі астананың көшкен жылының символы ретінде 97 метр болуы қажет» деді.

...Ол кезде арнайы кеңес құрылып, үлкен ғимараттар талқыланатын. Монумент үлгісіне конкурс жарияланып, жан-жақтан ұсыныстар келді. Олардың ешқайсысы Назарбаевтың ойынан шықпады.

Назарбаев өзі эскиз жасағандай болды. Биік ағаш, жапырақтар салды да, «осылай» деді.

Конкурсқа Ақмырза да тобымен бірге қатысқан. Назарбаев салған фото негізінде макет жасап ұсынды.

– Нұрсұлтан Назарбаевқа деген көзқарасыңыз қандай?

– Назарбаевпен бірнеше рет кездестік. Ол кісінің маған сыйлаған кітабы мен сағаты бар. Бір жиында жұрттың көзінше ризашылығымды білдірдім. Себебі Астанаға көшу – ерлік. Мемлекет жағдайына қарамай, астананы көшірді. Бұл өте дұрыс шешім болды.

Алматыға қарасақ, кептеліс, ауа райы бұзылған. Тұрғындардың саны өсіп жатыр. Онымен қатар мәселе де көбейіп жатыр.

«Жұмыс бердіңіз. Байып та алдық. Танымал болдық», деп алғысымызды айтқаным бар.

Назарбаевтың пайдасын көрген адамдар сынға салып, жамандап, балағаттап жатыр. Осы жарасымды ма? Қателігін көрсең, бетіне айпайсың ба? Айтуға батылың бармаса, өз бетіңмен жүре бер. Неге жағымпазданып, соның арқасында байып, атақ алдың? Бұл ешкімге жараспайды.

– Серік Исаұлы, мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Айгерім ТАУБАЙ

Фото: Дереккөз


Пікір жазу
  • «Толық адам» ілімін қалай меңгереміз?
    Саясат НҰРБЕК: Ғылымды коммерцияландырудың жолы көп

    Ұқсас тақырыптар