Жылқыға мінсек айбарланып, айдарымыздан жел есіп шыға келетін халықпыз. Өр мінезімізді кейде осы бір пырақты жануарға теліп, ұлттық болмысымызды да содан іздейтініміз ақиқат. Бұл құдірет – қазақтың қанына сіңген құндылық. Ат тұяғымен сақталып қалған Ұлы дала төсінде жылқы малын көбейту, оның өнімділігін арттыруға біздің ғалымдар қандай жоба-жоспарлар дайындап отыр? Бұл іске мемлекеттің қызығушылығы бар ма? С.Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, белгілі жылқытанушы Төлеген Асанбаевпен осы тақырыпта әңгіме өрбіттік.
– Ғалым ретінде еліміздегі жылқы шаруашылығының бүгінгі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Ең әуелі жылқытану ғылымы Қазақстанда өз алдына өркендеп, бағыт ала бастағанын көріп отырмыз. Бұған тәуба деу керек. Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті – энеолит дәуірінде қолға үйретілген деп көрсетіледі. 10 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекен қылған. Археолог В.Зайберттің зерттеуі бойынша, сол кездегі ботай тұрғындары биенің сүтінен кымыз дайындаған. Оған шамамен 5 мың жылдай уақыт өтті. Қазіргі қазақ жылқыларында ертедегі ботай жылқыларының 2,7% қаны бар. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді. Қазір жер бетінде пырақты жануардың 312 тұқымы бар. Соның ішінде Қазақстанда 13 тұқымы мен типі кездеседі. Бұл – қазақ жылқысы, мұғалжар, көшім, қостанай, қазақ жылқысының кабинский (қаба) етті типі, ағылшын, ақалтеке, араб, дон, орыс рысагы, ауыр жүк тартатын жылқысы және тағы басқалары. Қазақ жылқысының өзі 7 типке бөлінеді. Бұлардың арасында адай мен жабы жылқылары кең таралған. Адай жылқысы – мініске мықты, кезінде араб және түркіменнің айғырларымен шағылыстырылып алынған ғой. Алысқа шапқанда төзімділігі сондай, әлдебір халықаралық жарыста аузымен құс тістеген ақалтеке, араб, ағылшынның, қабарда жылқысының тұқымдарын артта қалдырып, бірінші және үшінші орындарды жеңіп алған. Адай тұлпарлары 100-150 шақырымдық шабысты еңсереді. Мұндай ұзаққа көнбіс жылқы әлемде жоқ. Біздің оңтүстік өңірдегі жылқытанушы ғалымдар қазір адай типінің төзімділігіне қоса, ұшқырлық қасиетін арттырып, ерекше тұқым шығаруды көздеп отыр. Яғни өзге тұқымдармен шағылыстырып, жаңа типін шығармақ ниетте. Ал қазақ жылқысының ішінде жабы типі мініс ретінде және еті мен сүтін пайдалану мақсатында кеңінен өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – қысы-жазы тебіндейді, суық пен ыстыққа аса төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайды, мінуге көнбіс. Біздің Павлодар өңірінде, Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік пен Солтүстік аймақтарда кең таралған. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 3 млн-ның үстінде жылқы бар, 97 пайызы – қазақ жылқысы. Кешегі кеңес өкіметі тұсында біздің мемлекеттегі бүтін тұяқты жануардың саны 1,5 млн-дай ғана еді. Ал Павлодар облысында тәуелсіздік алғанға дейін небәрі 86 мың жылқы саналса, бүгінде оның саны 250 мыңның үстінде. Деректер бойынша өткен ғасырдың 10-шы жылдары біздің аймақта 346 мың жылқы болған. Алдағы мақсатымыз – сол шаманы бағындыру.
– Сіз өңірімізде өсірілетін «Бестау» зауыттық типінің авторы екеніңізді білеміз. Жылқының бұл типі несімен ерекше?
– Бала кезімде әкемнің үстінен су төгілмес қара жорғасы болды. Жануар жорғалағанда алдына қара салмайтын. Менің жылқы малына деген махаббатым сол жарықтық қара жорғадан басталса керек. Жылқытану ғылымымен мектеп, институт қабырғасынан айналыстым десем, артық айтпаған болар едім. 1976 жылдан бастап нақты шұғылданып келемін. Жылқытану саласында 16 кітап пен оқу құралдарының авторымын, 3 монографиялық еңбек жаздым. Мұның барлығы жылдар бойғы ізденіс-тәжірибеден туды. Біздің өңірде жылқыны асылдандырып, оның тұқымдық қасиетін жоғары деңгейге көтеруге ынталы азаматтар аз емес. Сонау 1980-жылдың соңында Май ауданында Ақшиман совхозындағы шаруашылықтың бес мың жылқысымен жұмыс істей бастадым. Оның алдында Жалтыр шаруашылығында бас зоотехник болып істеп жүрген кезімде сол кездегі менің ғылыми жетекшім, профессор Б.Садықов ауданның басшыларымен келісіп, Ақшиманға жіберген еді. Ұжым жақсы қарсы алды. Әсіресе сол кездегі совхоз директоры М.Шукитов мырзаның көп көмегі тиді. Нәтижесінде, біраз жылдан соң қазіргі С.Торайғыров университетінің зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының ғалымдарымен (профессор Т.Бексейітов, Р.Ақылжанов, Н.Борамбаева, Ж.Уахитов), шаруа қожалықтарының басшыларымен (А.Қожабеков, М.Жаңатаев) және тағы да басқа мүдделі азаматтармен бірлесіп, жабының бестау зауыттық типін, сондай-ақ 3 бірдей зауыттық «аталық іздерін» (линия) шығардық. Бұл типтің ерекшелігі – қысы-жазы тебінде жүреді. Жергілікті табиғи жағдайға әбден бейімделген, қалың қарды тебіндеп, азықты талғамай жей береді. Салмағы мен дене тұрқы да әдеттегі жабыға қарағанда ірірек. Мәселен, жабының элиталы айғыры 460 килограмға дейін тартады, ал «бестау» зауыттық типінің «Слон» атты айғыры таразыға салғанда 607 килограмды көрсетті. Осы типтің қазір өңірде 800-дей басы бар. Алдағы уақытта оның зауыттық типін, яғни аталық ізін жалғастырмақ ойымыз бар. Ол үшін «Слон» және «Тапал» деген айғырларымыздың ұрпақтары жеткілікті.
Әйтеуір жылқыны асылдандыру жайлы айтып жатырмыз ғой. Атап өтейін, біздің өңірдегі бір топ жылқы шаруашылықтарының қолдауымен «Павлодар облысындағы жылқы өсірушілердің қауымдастығы» құрылған. Оған бүгінде 10-нан астам шаруашылық кіреді. Төрағасы етіп мені сайлады. Біз жылқы шаруашылықтарына асыл тұқымды жылқы іздестіру және консультативтік, селекциялық бағыттарында көмек көрсетеміз. Ғылыми-практикалық семинар-конференциялар, асыл тұқымды жылқылардың көрмелерін ұйымдастырып, соңғы жаңалықтарды баяндаймыз. «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-ның басшысы Айтмұхамбет Қожабеков, шаруа қожалығы иелері – Қайрат Ибраев пен Болат Бақауов, Оразбай Құрманов, Серік Садуақасов, Жанат Тұрлыбаев, «Алтай» ШҚ басшысы Сәтбек Мукин, Қайырболат Ибраев, Мирлан Бекеев, Айтмұхамед Молшин, Манат Алғамбаров, Амангелді Құсайынов және тағы басқалары қауымдастыққа жақсы қолдау жасап отыр. Алла сәтін салса, Орал, Алматы және Қостанайдағы жылқытанушы ғалымдармен бірлесіп, Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, «Алтай», «Жаңа ауыл» шаруашылықтарында қазақ жылқысының сүтті аталық ізін шығару жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Барлығы ойдағыдай болса, биелері бір сауғанда 2 литрге дейін сүт беретін үйір ұйымдастырылады. Әрі қарай селекциялық жұмыстар атқарылып, сүтті-етті қазақ жылқысының зауыттық типін шығару ойда бар. Мұндай тип әзірше әлемде жоқ. Әрине, бұл селекциялық жұмыс бір жылдық емес. Дегенмен ол жұмысты әрі қарай жалғастыратын мамандарды дайындауымыз керек. Бүгінгі күні өзімнің докторантым Тілекбол Шарапатов бұл істі жалғастырады деген үмітім бар. Негізі бұл жоспарды бастауға белгілі бір нақты шарттар бар. Жоғарыда аталған шаруашылықтар қазақ жылқысының биелеріне жаңа алтайлық айғырлардың қанын құю жолымен өз жылқыларының ет беру сапасын арттыруда. Жаңаалтайлық тұқымның генотипінде алтайлық, кеңестік, орыс, литвалық ауыр жүк тартатын жылқы тұқымдарының қаны бар. Бұл тұқымдардың генетикалық потенциалы жоғары, тірідей салмағы 600-ден 1000 кг-ға дейін тартады. Ал сүттілігі – 4 мыңнан 7 мың литрге дейін. Ең маңыздысы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жайылымға бейімделген, әрі бұл жағынан қазақ жылқыларынан кем түспейді. Егер біз осы қасиеттерді қазақ жылқыларына дарытсақ, олардың сүттілік қабілеті одан әрі арта түседі. Болашақта Май ауданындағы «Мойнақ 2015» ЖШС жергілікті шаруашылықтар үшін жаңаалтайлық жылқы тұқымын сата бастауы мүмкін. Бұрын Ресейден қымбатқа сатып алып келген жануарлар өзімізде көбейіп жатқаны қуантарлық жаңалық.
Жылқы – текті жануар. Оны асылдандыруды, қасиетін жетілдіріп отыруды қазіргі заманның өзі қажет етеді. Анау АҚШ пен Қытайда өсірілетін жылқы саны біздегіден бірнеше есеге көп. Американың өзінде 10 млн-нан аса жылқы бар деседі. Бірақ олар жылқыны негізінен спорттық, бәс тігу бағытында пайдаланады. Зауыттық типтерге баса мән береді. Зауыттық тип жануарлардың белгілі бір қасиеттерін арттыруға бағытталған. Біздің қазақ жылқысының ерекшелігі – еті мен сүттілігінде, төзімділігінде. Әрі қазақ жылқысында жабайы жылқының гені сақталған. Біздің мемлекет үшін жылқы малы азық ретінде ғана бағаланады. Мынау Қытай мемлекетінде тұратын қандастарымыз маған жиі хабарласады. Ғымылгүл деген қарындасымыз Қытайдың өзі бүгінде ет бағытына мән беріп отырғанын айтады. Қазақтың жабы жылқылары десе, қытайлықтардың сілекейі шұбырады екен. Бір ерекшелігі, бұл ел жылқыны қалдықсыз іске жаратады. Оның сүті мен еті бір бөлек, терісі мен жал-құйрығын, тіпті бие тастаған шуды да пайдаланады. Биенің шуы үшін қытайлық фармкомпаниялар 200 доллар беруге дайын. Тұяғынан кәдесыйлар жасап шығарады.
Ертеде Мәскеудегі жылқы өсіру бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып жүрдім. Сонда якут жігіттерінің жылқы терісінен жасаған құрақ көрпесін көріп, таң қалғаным бар. Жылқы терісінен олар жылы аяқ киім (угги), бас киім, ішік, қолғап тігеді. Бізде бұл жағы мүлде мақұрым қалып жатқаны өкінішті. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған табынды жылқыны өсіру бойынша тәжірибелерін ұмыту – бізге үлкен сын. Отандық жылқы өсірушілердің озық тәжірибелерін енгізіп, жайылым технологиясын, табын мен үйірдің қалыптасуын, табиғи апатқа, жұтқа қарсы күрес амалдарын зерттеу қажет. Кезінде бір ғана Павлодар облысында 7 жылқышы республикаға әйгілі болып, оларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар – Ж.Әбілқайыров, Н.Әлжанов, Қ.Ермағамбетов, М.Жүсіпов, Е.Қонақов, М.Шажанқанов, Қ.Қаленовтер. Осы азаматтардың іс-тәжірибесін жинастырып, қазіргі жылқы бағушылар мен шаруашылықтарға енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді.
– Бір жылдары қазақ жылқысының «Байшұбар» деген типін өсіруді қолға алмақ болған екенсіздер. Одан нәтиже шығара алдыңыз ба?
– Шұбар жылқы қазақта аз болмаған. Алпамыстың тұлпары Байшұбар аталды. Қазақ жылқы малын табиғи жолмен сұрыптап, өсіріп отырған. Шұбар жылқы да – соның бір дәлелі. Жылқының шұбары көрген жанның көзін бірден аударып әкететін қасиетке ие. Мынау бізбен көршілес өңір – Ерейментауда шұбар жылқы ұстап отырған шаруашылық бар. Солармен бірлесіп, «Байшұбар» типін өсіріп шығаруды ойға алған едік. Бірақ шаруа иелері аса ынта таныта қоймады. Негізі бұл жылқылар кезінде Екібастұздың Ақкөл-Жайылмасынан сатып алыныпты. Бірақ Ақкөлде оның тұқымы қалмаған. Бұйыртса, менен кейінгі ғалымдар бұл істі қолға алатынына шүбәм жоқ. Мен бүгінде С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің зоотехнология, генетика және селекция кафедрасында шәкірт тәрбиелеудемін. Оқу жағдайына өте жақсы қолайлы жағдайлар жасалған. Университет қабырғасында жылқытанушылар аз емес. Менің докторантым Тілекбол Шарапатов елордада докторантурада оқып жатыр. Тағы бір шәкіртім Әлия Тоқтасынова магистрлік атағын қорғайды. Әлия жылқының этологиясымен, яғни мінез-құлқын зерттеумен айналысып жүр. Жануардың жайылымда, суат басында өзін қалай ұстайтынын, ауа райы жағдайында қандай қылық танытатынын жылқышы меңгеруі керек. Мәселен, кейбір жылқышылар жылқыны су айдынына айдап әкелгенде қанша уақыт ол жерде кідіруі керектігін біле бермейді. Ал жылқышылық мектебінен өткендер оны көп ұстамайды, жайылым уақытынан кешігетінін біліп отырады. Бұл – біле білгенге үлкен ғылым. Ата-бабамыз оның мектебін жақсы меңгерген. Осыны ғылыми тұрғыдан зерттеп, өзгелермен бөліскен абзал.
Жылқы бағу мектебінің әлсіреп бара жатқанын мойындамасқа шарамыз жоқ. Бұған қоса жылқы шаруашылықтарындағы мамандардың біліктілігін арттыруға көңіл аудару, асыл тұқымды шаруашылықтарда есеп жүргізудің заманға сай әдіс-тәсілдерін енгізу де қалып барады. Ертістің Павлодар өңірінде жабы жылқысын өсірудің ерекшелігі туралы кітаптар шығару қажет болар. Бұл айтылғандарды орнымен жасасақ, қазақ жылқысының генофондын сақтап қана қоймаймыз, аймақта өнімділігі жоғары жылқы өнімдерінің өндірісін жолға қоюға болады. Неге бізге тек қана жылқының еті мен сүтінен дайын өнім шығаратын зауыт салмасқа? Мемлекет пен бизнес ғылымның көмегін пайдаланып, осы жобаларды жүзеге асыруға жұмылса деген тілегім бар.
– Аға, мемлекет жылқы өсіру ісіне қаншалықты жәрдемдесіп отыр? Жылқы өсірушілерге субсидия беріле ме?
– Біз, қазақ жұрты, жылқының тұяғына қарыздармыз. Кезінде ата-бабамыз жылқының тұяғы тиген жердің барлығын көздің қарашығындай сақтап қалды. Жаз жайлауын, қыс қыстауын астындағы аты жеткен жерге апарып салды. Жылқысыз қазақтың күні жоқ еді. Екіншіден, осы дарқан даламызды большевиктердің көсемімен келісіп, тұтастығын бұзбай сақтап қалған Алашорда қайраткерлеріне қарыздармыз. Ендеше, жылқы – бүгінгі қазақтың жалауына, ал Алаш ұранымызға айналуға тиіс.
Жылқы – біздің брендіміз. Субсидия туралы сөз қозғала қалса, ұяттан өртеніп кете жаздаймын. Үкімет қой мен сиырды айтпағанда, шошқа шаруашылықтарына миллиардтап қаражат құяды да, жылқыға келгенде тақиясы тарылып қалатынын түсіне алмаймын. Жылқы өсірушілерге бір ғана субсидия қарастырылған: егер асыл тұқымды айғырды сатып алсаң – бюджеттен 100 мың теңге беріледі. Ал сол асыл түлікті асырап, өсіріп шығарған мамандарға, шаруа қожалықтарына ештеңе тимейді. Мүлде демеу жоқ. Жылқы қысы-жазы далада оттап жүре береді деген не сөз? Түптеп келгенде, ол – бір жұттық. Оны өсірушілердің шығыны шаш-етектен. Мәселен, үйірге асыл тұқымды айғырды әкелудің жол шығыны, қысырақ салу, жылқыны сынау, бағалау деген бар. Текті айғыр өз үйірін қызғыштай қорғайды. Қысыр қалмасы үшін жазғытұрым әлгі жас биелерді бір орынға қамап, қысырақ салу ұйымдастырылады. Өзге үйірден айғыр әкелінеді. Ол біраз күнге созылады. Сол кезде үйірдегі жылқыны бір мезгілде, бір жерде ұстап тұру, оларға азық табу, күту, аз шығын емес. Ал жылқының қасиеттерін бағалау сыны да біраз қаражатты талап етеді. Себебі шаруа иесі жылқысының сапасын байқау үшін шеттен білікті мамандарды шақырады. Мұны айтасың, қазір мықты жылқышы табу да қиын болып кетті. Олардың еңбекақысы кемі 200 мың теңгеден басталады. Осындай шығындарды есепке алсақ, субсидия міндетті түрде берілуі керек. Мысал үшін, Ақтөбе облысында жергілікті бюджеттен әр бие басына 40 мың теңгеден субсидия төленеді екен. Осыны бізде неге енгізбеске? Қазіргі заманда қазақ жылқысы әлемге танымал емес. Өйткені ол генетикалық зерттеуден өтпеген. Енді ғалымдар сол жұмыспен айналыспақшы. Біздің кафедраның ғалымдары бұл үрдістен қалыс қалған жоқ.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңірде асыл тұқымды жылқы өсірумен 16 шаруашылық айналысады екен. Оларда 11 160 қазақ жабысы бар. Ал оның 5268-і ғана бие, яғни облыстағы жалпы қылқұйрықтылардың небәрі 4,34 пайызын ұрғашы түлік құрайды. Асыл тұқымды жылқының басын тұрақты көбейту үшін бұл өте аз, олардың үлесі кемінде 7-10 пайыз болуға тиіс. Ал өнімді жылқы өсіретін шаруашылықтарда құлындайтын биелердің саны 60 пайыздан көп болуы керек.
Түптеп келгенде, жылқы шаруашылығының кенжелеп қалуына табиғи жайылымдардың азып бара жатқаны, асыл тұқымды базаның жетімсіздігі, жылқы еті сатылатын нарықтың шектеулі болуы, жылқы еті мен қымыз өндірушілерді экономикалық тұрғыдан қолдамау, білікті мамандардың тапшылығы себеп болып отыр.
– Әңгімеміздің соңында оқырмандарға айтар ақыл-кеңестеріңіз бар ма?
– Мен ғалым ретінде қымыз бен жылқы етін күнделікті дастарқанда мол пайдалануға кеңес беремін. Зерттеу көрсеткендей, жаңа сауылған саумал мен қымыздың пайдасы, химиялық құрамы бірдей. Сондықтан саумалдың пайдасы қымыздан артық емес. Мәселе оның жеңіл сіңуінде. Сүтінде С, А, Е, Д, В дәрумендер тобы, РР дәрумені өте көп кездеседі. Сонымен катар микро-макро элементтері - Сa, Сu, Mn, Mg жеткілікті. 1-1,5 литр қымызда С, А, В дәрумендер тобының адам ағзасы тұтынатын тәуліктік нормасы бар. Сондықтан иммунитетті нығайтуда одан артық сусын жоқ. Құрамындағы майлар, амин қышқылдары, ақуыздар, толып жатқан өзге де дәрумендер, әсіресе, жас балалардың толыққанды өсіпжетілуіне жағдай жасайды. Сондықтан балаға саумал-қымыз беріңіздер. Ал жылқының еті өт сұйықтығын реттеп, семіруден, қант диабетінен, сары аурудан, ұйқы безі ауруынан, басқа да түрлі сырқаттардан сақтайды. Үй жануарлары ішінде жылқының еті тез қорытылады. Жылқы сүтінен косметикалық өнімдер шығару, терісі мен жал-құйрығын, тұяғын өндірісте жарату да кәсіпкерлерге жақсы табыс көзі болар еді. Оны тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды, несеп-зәр шығару жүйесінде сырқаты бар адамдарды емдеуге, яғни иппотерапияда кеңінен пайдаланған да дұрыс. Жылқының қадірін танып-білуде ата-бабамыздан жалғасқан дәстүріміз үзіліп қалған. Бүгінгі мақсатымыз – осы жылқытану мектебін ортамызға қайта оралту.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
ПАВЛОДАР
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"