Салық кодексі һәм кәсіпкер мүддесі

Уақыты: 2024-09-06 Көрлімі: 91 Сипаттама

Қоғамға қай тұрғыдан да салмақ салып тұрған Салық кодексі оңайшылықпен қабылдана қой...

IMG_4335.jpeg

   Қоғамға қай тұрғыдан да салмақ салып тұрған Салық кодексі оңайшылықпен қабылдана қоймайтын сияқты. Үкімет биыл оны едел-жедел қабылдап жібергісі келгенімен, қоғам және бизнес-қауымдастық ыңғай танытпады. Ішінде шикі тармақтар әлі де көп деседі. Мұны Президент те байқапты. Жолдауда кодексті сапалы әзірлеу үшін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстырайық дегенді меңзеді.

 

    Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Салық режімдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн», деді Мемлекет басшысы.

Ел экономикасына тұрақты мониторинг жүргізетін «Ranking» жобасының хабарлауынша, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе жүргізілген «Деловой климат» әлеуметтік зерттеулер қорытындысында орта бизнесті мазалайтын проблемалар анықталған. Барьердің біріншісі – салық жүктемесінің артуы. Сауалнамаға қатысушылардың 36,6 пайызы осылай жауап берген. Сонымен қатар кәсіп иелері кодекс жобасымен танысып шығуға тым аз уақыт берілді деп есептейді. Сарапшы, экономист, кәсіпорын жетекшілерінің пікірінше, Салық кодексінің жобасы бизнес өмірін одан әрі қиындатып, салықтық әкімшілендіруді қатаңдатып жіберген.

Бұл ретте «Ranking» салық реформа­сы­ның оң және теріс тұстарын былай тізбелейді.

Корпоративті табыс салығы бо­йын­ша сараланған мөлшерлемені ен­гізудің артықшылығы:

Кәсіпорынның рентабельділігі және жиынтық салық жүктемесі ескеріле отырып, жүктеме деңгейі әділ бөлінеді. Яғни табысы көптер салықты көбірек тө­лейді, табысы аздар азырақ төлейді.

Кемшілігі:

Егер салық төлеуші экономиканың әр саласында жұмыс істейтін болса, бө­лек есептеу жүргізіледі.

Салықтың «егіз» стандарттары үшін негіз қалыптастыру салдарынан жемқорлық тәуекелі артады.

    Кәсіпорындар аффилирленген ком­паниялар арқылы табыстың бір бөлігін шығын түрінде қайта бағыттайды.

Арнайы салық режімдерін қалып­тастырудың артықшылығы:

Режім саны азаяды.

Салықтық әкімшілендіру жеңілде­тіледі.

Кемшілігі:

    Жылдық айналымы 500 млн теңге­ге дейінгі шағын бизнестің жағдайы қиын­дай­ды.

Шағын және орта бизнес үшін арнайы режімде кәсіпкерден тауарлар мен қызметтер сатып алу кезінде шегерімдер бойынша шектеулер пайда болады.

Салықтық әкімшілендірудің сер­вис­­тік моделіне көшудің артық­шы­лы­ғы:

Әкімшілік кідірістер төмендейді.

Салық жинау артады.

Цифрландыру жеделдейді.

Кемшілігі:

    Жаңа технологиялар дер уақытында енгізілмейді.

Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялануға мемлекеттік уәкілетті органдар дайын бол­майды.

«Әрине, біз басты оң нәтиже ретін­де және өзгерістің негізгі мақсаты деп – бюджет түсімінің ұлғаюын және мұ­най емес сектордың эконо­ми­ка­дағы үлесінің артуын айтар едік. Кәсіп­керлер де, консультативтік құ­жатты құрастырушылар да айтатын кем­шіліктердің ішінен көлеңкелі айна­лымның өсуі және бизнесті бөлшектеу тәуекелдері бар. Кодекстің  бірінші және екінші нұсқасында да кәсіпкерлік сек­тордың мәселелеріне терең анали­тикалық талдау жасалмаған. Мысалы, онда Қазақстанда басқа елдермен салыс­тырғанда корпоративті табыс салығы (20%) жоғары емес делінеді. «Take-profit» биржа порталының дерегінше,  Қазақстан былтыр КТС мөлшерлемесі бойынша елдер тізімінің орта шенінде тұрды. Және ол рейтингте біздің алдымызда КТС мөлшерлемесі төмен 46 ел тұрды. Арасында Швейцария (14,9%), Ұлыбритания (19%), Кипр (12,5%), БАӘ (9%), Беларусь (18%), Украина (18%), Өзбекстан (15%) және Молдова (12%) бар», делінеді ақпаратта.

Сонымен қатар құжатта мынадай фактілер келтіріледі: еліміздегі 20%-дық КТС кезінде де корпоративтік салықтың тиімді мөлшерлемесі 2,9%–3,8% шегінде құбылады екен. Осы салықтың жалпы жиналуы да тиімді мөлшерлеме деңгейінде қалып отыр. Бұл туралы Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы (OECD) сонау 2020 жылы айтыпты.

«Республика бойынша жасаған есеп­терінде олар Қазақстандағы КТС жиналуы басқа елдермен салыстырғанда тым төмен екенін мәлімдейді. Оның себебі – қызметтің жекелеген түрлері үшін тым жомарт салық жеңілдіктерінің ұсынылуы және мөлшерлеменің арнайы экономикалық аймақтарға тәуелділігі. Жинау құрылымы бұрынғыдай қала берсе, ШОБ пен экономиканың жекелеген түрлерінің кәсіпорындары үшін мөлшерлеменің өскеніне қарамастан салық түсімі жоғарыламайды. Салықтың төмен жиналуына қатысты негізгі түйткіл шешімін таппай отыр», дейді «Ranking» сарапшылары.

Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­­малар агенттігі төрағасының орын­басары Олжас Төлеуов елдегі салық өнім­ділігі көп елден тым төмен екенін айтып, нақты мысалдарды алға тартады. Мысалы, біздегі қосымша құн салығының (12%) жиналу өнімділігі қазіргі 12% жағ­дайында небәрі 0,3-ті құрайды екен. Грузияда 18% жағдайындағы өнім­ділік – 0,54. Көрсеткіш неғұрлым 1-ге жақындаған сайын, салықтың жиналу көрсеткіші де соғұрлым жоғары болмақ. Кор­поративті табыс салығы үшін елі­мі­з­де өнімділік небәрі 0,14. Ресейде сол 20% мөлшерлемемен өнімділік 0,19-ға, Әзербайжанда 0,18-ге жетеді. Эконо­мис­тің пікірінше, бұл қолданыстағы салық­тық әкімшілен­ді­ру­дің тиімсіздігін көрсетеді.





Абай Аймағанбет

egemen.kz сайтынан 

Пікір жазу
  • АЭС туралы ақпаратты онлайн алуға болады
    Қазақстан үшін бюджеттік кризистің ауылы жақындап қалды

    Ұқсас тақырыптар