Дала данышпаны

Уақыты: 2020-05-28 Көрлімі: 1331 Сипаттама

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, Егемен ҚазақстанӘрбір халықтың ұлт болып, қалыпты өмі...


Коллажды жасаған Амангелді Қияс, Егемен Қазақстан

Әрбір халықтың ұлт болып, қалыпты өмір сүруі, дамуы үшін оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін рухани ұстындар, тіреуіштер керек. Онсыз қазіргі жаһан­дану заманында ұлттың ұлт болып өмір сүруі қиын болып бара жатыр. Ұлттық құндылықтарымен өмір сүріп, ұлттық болмысын сақтай білген халықтар ғана ұлт болып, мемлекет болып өмір сүріп жатқан жайы бар. Мысалы, қытайлар Конфу­цийді, өзбектер Науаиды, түрікмен­дер Мақтымқұлыны, қырғыздар «Манас», якут­тар «Олонхо» жырларын ұлттық идео­ло­гиясының негізі етіп алған.

Қазіргі әлемдік өркениетте ресми түрде ұлттық идеология жоқ. Жоқ болатын себебі – ұлттық идеология бір ұлтты өзге ұлттардан жоғары қояды, мұның аяғы шовинизмге апарып соқтырады дейді батыс ғалымдары. Десек те, ұлттардың болашағына қауіп төніп тұрған қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір ұлт өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен аты басқаша аталғанымен де іс жүзінде ұлттық идеоло­гия саясатын барынша жүргізіп жат­қанының куәсі болып отырмыз.

Жаһандану дәуірінде оған қарсы бағыт­талған ұлт-азаттық, дінаралық, әлеу­меттік қақтығыстар күшейе түсуде. Адам­зат қоғамын жалпыға ортақ бақытты заман­ға жеткізбек жаһанданудың жалғасы әлем­нің астан-кестенін шығарып, ойға кел­меген қауіп-қатерлер алдан шығып жатыр. Тілімізді, ұлттық болмысымызды қалай сақтаймыз деп жүргенде, әлемнің бір шетінде пайда болған «індет» те жаһан­данып, әлемді жайлап, жалмап барады. Тәжтажалдан коронавирус қорыққандар қазір өздерінің жеке ұлт, мемлекет екен­дері есіне түсіп, өздерін сақтап қалу үшін жаһандық байланыстарын тоқтатып, ұлт­тық үйлерінің – мемлекеттерінің есік-тере­зелерін қымтап, ешкімді кіргізбей де, шығар­май да өмір сүруге көшіп жатыр. Басқа түскен ауыр жағдайда не істеуіміз керек, болашағымыз қалай болмақ деген сауалдар күн тәртібінде тұр.

Міне, осындай ұлттың болашақ тағды­ры күн тәртібіне қойылған жағдайда ұлттық болмысымызды сақтап, басқа алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін, жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де айнаға түсіргендей айқындап берген, адам болып, халық болып қалуымыз үшін не істеп, не қоюымыз керегін айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен Ата қазақ Абайдай ұлы тұлға керек. Абайдың ұлылығы сонда, қазақ қандай болу керек, ұлт тағ­дыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өзімізді сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауап­тың барлығын да Абайдан, оның қаламынан шыққан 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табамыз. Сонымен қазақтың ұлттық бейнесін Абайдың рухани болмысынан толық көреміз; Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай.

Абай ел болу үшін, өсіп-өркендеу үшін ең алдымен, бірлік керек дейді. Абайды оқиық: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай бол­ғанда, байлықтан не пайда, кедей­ліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес».

Әлеуметтанушы, психолог ғалымдар­дың анықтауынша, адамдардың, ұлттың бірлігі ойдың бірлігінен басталады. Ой бірлігі – жалпы бірлік атаулының бастауы. Идеялық бірлік болса, сөзде де, істе де бірлік болады. «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» (Ә. Бөкейхан). Нағыз бірлікке ұлттық немесе мемлекеттік идео­­логия­ның арқасында ғана қол жетеді. Демократиялық қоғам орнатуға кіріскен елі­мізде идеологиялық жұмыстардың жетім­сіздігінен ұлттық бірлікке қол жет­кізудің қиын болып жатқанын осылайша түсіндіруге болады. Абайдың ұлылығы сол, ғылыми жағынан да, жүзеге асыру жағы­нан да ұлт үшін аса маңызды болуы­мен бірге аса қиын осы бір мәселенің дұ­рыс шешімін осыдан бір жарым ғасыр б­ұрын айтып кетіпті. Абайдың «ақылға бір­лік» деп отырғаны ой бірлігі, идея бір­лігі бүгінгі қазақ қауымының алдына өткір қойылуда.

Адамның адам болып өмір сүруі үшін екі түрлі азық – тән азығы мен жан азығы керек. Абайша айтсақ, «Адам ұғымы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» тұрады. Мұндағы тән азығы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етіп отыратын азық-түлік пен ыстық-суықтан қорғайтын киім-кешек болса, жан азығы дегеніміз – оның қоғамдағы қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын айқындап отыратын өмір сүрудің адамгершілік нормалары. Тән азығы негізгі қозғаушы күшке айналса, адам адамға қасқыр болып, қоғамды дүниеқоңыздық, жемқорлық, әділетсіздік, қылмыс жайлайды. Ал жан азығы алға шықса, адамгершілік салтанат құрғанымен де, елді кедейшілік жайлап, күнкөріс қиындайтын болады. Сондықтан да адамның дұрыс өмір сүруі, қоғамның қалыпты дамуы үшін осы екі түрлі – тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап отырудың маңызы зор. Абай былай дейді: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» (Жетінші сөз).

«Жас бала анадан туғанда, екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тән­нің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демек­лік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» (Жетінші сөз).

Ақынның ойынша, көпті көрген, көп ізденген, көп нәрсені ойына тоқыған, жақ­сы мен жаманды ажырата алатын адам – ақыл­ды адам. Ал ақылсыздық – «ойсыз, өнер­­сіз надан адамның ісі» болса, ақылды – жан қуаты күшті адам. Ақылсыздық, білім­­сіздік – адамның қоры. «Күллі адам ба­ла­сын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қаш­­пақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – ерін­­шектік, үшінші – залымдық деп білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқты­ғы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп бол­майды. «Білімсіздік хайуандық болады». «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» (Отыз сегізінші сөз).

Абай әлемде не болып жатқанынан бей­хабар халқын өзгелерден қалып қой­мас үшін өнер-білімге, ғылымға шақырды.

«Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (Отыз сегізінші сөз), «Ғылымның бір аты – ақыл» (сонда), «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» деп білген Абай елінің ертеңін білім-ғылыммен байланыстырды; сондықтан да халқын оқуға, білім алуға, ғылымды үйренуге шақырды. «Ғылым» Алланың сегіз сипатының бірі екенін еске салды: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат», «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (Онын­шы сөз). Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақ­тық» (Он сегізінші сөз), «Ғылым мал табу құралы емес, мал ғылымды дамыту үшін қажет» дейді. Демек, ғылым – өмірді танып­-­білу­дің бірден бір жолы; адам білімдар бол­ған сайын ақиқатқа қарай, яғни Аллаға да жақындай түседі деген сөз».

«Ақыл» (ой, идея. Д. Ы.) іске асуы үшін міндетті түрде жүректің сарабынан өтіп, жылуына оранып, қайраттанып, қуаттанып шығуы міндетті. Сонда жүрек кез келген «ақылды» қабылдай бермейді, оларды сүзгіден өткізіп, бойында жылуы, жігері бар өміршең, тиімділерін ғана қабылдайды. Жүректің мұндай қасиеттері тәрбиемен қалыптасады. Жақсы тәрбие алған жүрек­тер дұрыс шешімдер қабылдауға көмек­тессе, «қатып қалған жүректерде» кері­сінше болады. Сондықтан да адам өмі­рінде жас ұрпақ тәрбиесінің, яғни «жүрек тәр­биесінің» маңызы зор. Мұндағы «жүрек тәр­биесі» деп отырғанымыз – адам­герші­лік тәрбиесі. Міне, Абай ақыл бол­ғаны­мен де оны жүрек тәрбиесінсіз жүзеге асыру­дың мүмкін еместігін тағы да ес­кертіп отыр. Кезінде әл-Фараби де жүрек­ті адам­ның ең басты дене мүшесі деген.

Абайдың айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»; «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз, ондайларға сенбе.

«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас. Достық, қызық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәр­тебесі» деп жырлаған ақын жүректің адамның рухани өміріндегі шешуші рөлін дәл айтып отыр.

Ақын халқының көзі, сезімі, жыршысы дейтін болсақ, өмірдің әділетсіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көрген, барынша сезінген ақынның жүрегі «қырық жамау».

Поэзия – адам жанының сыры, сезімі. Ал осы сыр мен сезімнің ұясы – жүрек. Абай лирикасында сезім мен сырға толы «жүрек» сөзі жиі қолданылады. Адам «Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» дейтін Абай жүректен жарып шыққан небір әсем теңеулерді, эпитеттерді, метафораларды шебер қолдану арқылы қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, өлеңнің поэтикалық, ойшылдық қуатын күшейтіп, көркемдік кестесін құлпыртып, сөзден сурет салған. Ақынның бұл сөзді өмірінің соңғы кезеңінде ішіне жиналып қалған мұң-шерін сыртқа шығарған көңіл күй лирикасында көбірек қолданғаны байқалады.

Абай «Он жетінші қара сөзінде» жүрек­ті былайша сөйлетеді: «Мен – адам­ның денесінің патшасымын, қанменен тарайды, жанмен де мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың жай-күйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің барлығы менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?».

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат», «Көжекбайға», «Көкбайға», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болы­сың», «Күлембайға», «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Ем таба алмай», «Заман­ақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Дүт­байға», «Жүрегім, нені сезесің», «Бол­ды да партия», «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?», т. б. өлеңдерінде өз зама­н­ы­ның кемшіліктері аяусыз сынала­ды. Осы өлеңдерінің аттарынан-ақ ақынның елдің ішін жайлаған әлеуметтік дерттерді дөп басып, ащы тілмен түйрей білгенін көреміз.

Абай қазақ халқын осындай күйге жеткізген үш түрлі жаманшылық туралы ескертеді:

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп, білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» (Отыз сегізінші сөз).

Абайдың ұлылығы өз халқының бо­йын­дағы кемшіліктерді сынаумен бірге, оны жоюдың жолдарын да көрсете білуі­нен көрінеді. Ақын адам қайткенде, адам болып, ұлттық болмысын сақтай алады деген мәңгілік сауалға жауап берді; ғасырлар бойы жинақталған адамгершілік нормаларын жүйеге келтіріп, тұтас бір «Толық адам» концепциясын жасады.

Абай қазақтың бойындағы қисық мінездерді сынаған өлеңдерінде иман­дылықты басшылыққа алып отырған. Құнанбай қажының шаңырағында өмірге келіп, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде мұсылманша дәріс алған Абай жастайынан діни білім, тәрбие алып, иманды болып өсті.

Ақын әбден кемеліне келген елу жасында: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес. Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса, тәңірі үшін» деп жырлапты.

Өмірінің соңғы жылдарында (1902) хатқа түскен мына өлеңінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас...», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деп адам өмірі­нің бақытқа бастар жолын имани тұрғыдан көрсетеді.

Әдетте біз махаббат сөзін екі жастың арасындағы сүйіспеншілік сезім ұғымында жиі қолданамыз. Абай бізге «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиет қалдырып отыр. Абайдың айтып отырған махаббаты – «әуел адамның адамдығы» (отыз сегізінші сөз) отбасынан – ата-анасын, құдай қосқан қосағын, бала-шағасын, бауырларын, туыстарын жақсы көруден басталып, одан әрі қарай жалпы адамдарды құрметтеп, өмірді сүюге ұласуы керек. Отбасының тыныштығы, ағайынның тату­лығы адамның бақытты болуына жағ­дай жасап, елдің тыныштығына, қоғам­ның өркендей түсуіне алып келеді. Осы сияқты сан-алуан тіршілік әрекеттері сүйіспеншілікпен суғарылып жүзеге асса, Алланың нұры жауып, ол адам өмірдегі шын бақытқа кенеледі. Өйткені, «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім» (Қырық бесінші сөз). Адамдарды сүйе білген адам ғана Алланы шын сүйе алады. Жүрегі адамгершіліктің, иманды­лықтың рухымен нұрланған адам – нағыз адам, кемел адам.

Хакім Абай «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ақыретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, біреу­дің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» деп, адам баласын ойлануға, мына «бес күндік» жал­ғанда сыйластыққа шақырады. Тағы бірде ол «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абай­дың имандылықпен суғарылған ой иірімдерін оқығанда мынау мың құбылған өмірдің қыр-сырларын енді ғана түсіне бастағандай боласың.

Абайды заманы атқа ерте мінгізіп, ерте есейткен. Ел-жұртына сөзін өткізе алмай, әбден қажыған Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп, қамыққанда, небәрі 41 жаста, ал «Ішім өлген, сыртым сау», «Атадан алтау, Ана­дан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсы­ның, Жал­ғыз қалдым – тап шыным» деп, торығып жүрген кезінде небәрі 43-те екен.

Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін жоғары бағалайды. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақын бір өлеңінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу тастайды. Мұны айтып отырған себебі – адамды адам қып, елді бірлікте сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, әрі қарай жүзеге асыру керектігін алға тартып отыр.

Абай оннан астам өлеңінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керектігі жайлы пікір білдіреді. Абайдың сөз өнері жайлы ой концепциясы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Базарға қарап тұрсам əркім барар», «Сегіз аяқ», «Сəулең болса кеудеңде», «Адамның кейбір кездері», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты өлеңдерінде мейлінше ашық айтылған.

 «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы. Өлеңді, өлеңнің теориясын өлең­мен жазған Еуропадағы атақты Буалоның «Поэтикасымен» салыстыруға болады. Сонымен бірге бұл өлең Абайдың сөз өнері жайлы айтқан ойларының шыңы, өлеңмен жазылған манифест іспеттес.

Абайды білгісі келген адам алдымен, оның «Сегіз аяқ» өлеңін оқуы керек. «Сегіз аяқ» – ақынның бүкіл адами, шы­ғар­машылық, дүниетанымдық болмысын аңғартатын философиялық толғау. Адамды бей-жай қалдырмайтын өмір жайлы терең толғамдар сырлы сөзбен салынған суреттер арқылы көркем кемелдікке ұласып, небір ғажайып ойларға жетелейді.

 Абай «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» атты өмірмен қоштасу, кейінгі­лерге өсиет мазмұнды өлеңінде: «Жүрегім­нің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтық­палы соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмес­ке кетер­мін түк өндірмей. Өлең, шір­кін – өсек­ші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқта­та­йын айта бермей» деп, өмірінің қандай жағ­дай­да өткені, нені атқарып, нені атқара алмай бара жатқаны жайлы ағынан жарылыпты.

Зымырап замандар, «кезекпенен» ұр­пақ­­тар ауысып жатыр. Бірақ та он то­ғы­зын­­шы ғасырда айтылған Абай сөз­дері біз­дің ғасырда да күні кеше ғана айтыл­ған­дай. «Өлді деуге сия ма, айтың­даршы, Өл­мей­тұғын артына сөз қалдыр­ған» деп, ақын­ның өзі айтпақшы, Абайдың келер ұр­паққа жазып қалдырған өсиеттері де – қа­зақ­пен бірге мәңгі жасайтын «өлмес сөздер».

«Единица – жақсысы, Ерген елі – бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол. Единица болмаса, Не болады өңкей нөл» дейді ол. Ақынның өзі жырлағандай, Абайдың өзі ғасырларда бір-ақ туатын «единица», біртуар ойшыл.

Шығыста «Барлығын білетін, білгенін іске асыруға ұмтылатын адам – данышпан, оны ұстаз тұт» деген сөз бар. Абай – қалың елдің ішінде жүріп, азып-тозып бара жатқан қазақты қайткенде адам болып қалатын, бақытқа жеткізер, надандықтың ми батпағынан шығарар жолдарын іздеп, «басын тауға да, тасқа да ұрған», оны халқының даналығынан, исламның имандылығынан, Батыстың ғылымынан тауып, «Толық адам» ілімін жасаған, жұртын осы адамзат дамуының сара жолына түсуге шақырған данышпан. Абай бастап, одан кейін алашшылдар жалғастырған қазақтың қасқа жолымен адаспай жүру бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған үлкен сын.

Абай – қазақ әдебиетін әлемдік дең­гейге көтерген ұлы ақын ғана емес, соны­мен бірге қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала даныш­паны да. Қазақтың халық болып жұрт қатарлы өмір сүруі үшін адал еңбек етіп, озық білім мен ғылымды игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен иман­­ды­лықтың асыл қасиеттерін бойына сіңір­ген «Толық адам» болуы керек­тігін ескерткен де – дана Абай. Абайдың ұлы­лы­ғы сол, оның сөз өнерінің інжу-мар­жаны­на айнал­ған поэзиясының әрбір сөзі ойымызға, бойымызға адамгер­шілік­тің, ұлттық рухтың нәрін сеуіп, сана­мызды жаңғыр­тып, өмірге деген құлшы­ны­сымыз­ды арттыра түсуінде жатыр.

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

 филология ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Абайдың «Ақтолқын» күйі
    Абай даналығы – ұлттық рухтың тұғыры

    Ұқсас тақырыптар