Әлкей Хақанұлы Марғұлан – сан-салалы ғылымның тарауын жүйрік білетін, араб-парсы, түрік тілдеріне жетік, латынша, ағылшынша, немісше, французша танитын, екі тілде еркін көсілетін, әр құбылысты егжей-тегжейлі ұшан-теңіз мысал-деректермен тексеретін білімі телегей-теңіз айтулы оқымысты. Жастайынан туған халқымыздың таңғажайып тамаша көркем мұраларынан нәр алып, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи сынды Шығыстың ойшыл алыптарының туындыларын түпнұсқадан оқыған көкірегі нұрлы жан.
1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман басқарған экспедицияның құрамында болуы оның ғылымға іңкәрлігін керемет оятты. Қазақ халқының материалдық мәдениетін, шаруашылық-кәсібін, қолөнерін, жазу-сызуын, ою-өрнегін, рухани мәдениетін, діни-философиялық көзқарасын, әлеуметтік-саяси құндылықтарын тексеруге біржола ден қояды. Сонымен бірге тарихи дәуірдегі аңыздар, қазақтың ерлік жырлары, жазба мұралары, музыка өнері, шешендік сөздері, сал-серілер, қазақ эпосының тарихы, мүсін тастар, тасқа бедерленген бейнелер, еліміздің ұлттық ойындары, халықтың күнтізбесі – Ә.Марғұлан зерттеулерінің алтын арқауы.
Бұл орайда оның қазақ халқының ақындық, жыраулық, орындаушылық, сал-серілік өнері жөніндегі ой-толғамдары айрықша назар аударарлық. Ә.Марғұлан «Қазақ халқының көне заманындағы ақындық өнерінің шеберлері» атты еңбегінде (1959) ұлтымыздың эпикалық жырлау дәстүрін өлшеусіз дамытқан, ақындық мәдениетін биік белеске көтерген жыршы ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серілерге, жырауларға, импровизаторларға, өлеңшілерге жан-жақты талдау жасап, тарихи-мәдени қызметін айқындайды. Бұл ғылыми жіктемелер танымдық тереңдігімен, байыптылығымен жарқырап көрінеді. Ұлт руханиятындағы кемеңгер тұлға Қорқыт Ата, Күлтегін, Аталық жыраудан (XIII ғ.) Тәтіқараға (XVIII ғ.) дейін асқан ойшылдардың мұрасын терең қаузайды. Қазақ мемлекеттігінің ішкі-сыртқы саясатына араласқан болжампаз жыраулардан бастап, Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Омар ақындардың шығармашылық еңбегіне, музыкалық-орындаушылық ерекшелігіне, ұлттық көркемдік дәстүріне, эпикалық репертуарларына, импровизаторлық табиғатына, өнерпаздық қабілетіне, синкретті тұтастығына соншалықты терең, нәзік талдаулар жасайды.
1974 жылдың 30 қарашасында М.Әуезов музей-үйіндегі Халық университетінде академик Ә.Марғұлан «Ескі тайпалар мен қазақ халқының құрылуы» дейтін күрделі тақырыпты кеңінен тарқатып, кемеліне келтіре ынтызарлықпен толғаған-ды. Ғұлама дәрісінің мазмұны мынадай еді: Ерте заманғы бабаларымыз ғұндардың тұрмыс-тіршілігін, бақташылық, егіншілік, кәсіп-машық тәсілдерін, мәдени-рухани болмысын, эпикалық аңыздарын латын, қытай, рум, Еуропа тілдерінде жазылған шежірелердегі мағлұматтарға жүгіне отырып, байсалды пайымдаулар өрбіткен-ді. Әсіресе Қытайдың бірегей тарихшысы Сыма Цяньның, ғұн, үйсін, қаңлы, түркі тайпалары турасында қисапсыз деректер қалдырған Н.Я. Бичуриннің («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена»), сондай-ақ XVIII ғасырда Қытай тілінен тура тәржімалаған И.Дегиннің тарихи жазбалары – академик Ә.Марғұланның ой-тұжырымдарының қайнар көзі деуге болады.
Түріктер ежелден-ақ іргелі, қабырғалы ел болғанын Византия жазушысы Феофилакт Симокатта: «Күншығыста тұратын скифтерді біз Түріктер деп атаймыз» деп көрсеткен. Парсылар да осылайша құптаған. Ғұндардың аяғы Еуропаға да жеткен. Олар Арал теңізі, Орталық Қазақстан, Әмудария, Жайық бойынан келген. Кейбір тайпалар атақонысына оралған. Ә.Марғұланның мәлімдеуінше, Қытай мен латын тарихының жазуынша, Орхон қағанатын негіздеуші ғұндардың ұрпағы. Осы орайда мынадай деректерді ғұлама тізбектеп келтірген. «Китайцы называют тюрков VI в. потомками хуннов», хунны были тюрки. После их гибели на месте хуннской империи возникает новое тюркское государство» (Бартольд В.В. Т. V.С. 33,577. Т. II. Ч.I. С. 475.)
Ғұндар түркі тайпасының атасы болғанын сұңғылалықпен тәптіштеп жазған Абел Ремюзаның: «Ғұн – Гун екеуі бір сөз, ескі дәуірдегі ғұндардың атауы, олар тегісімен түріктер, бергі кезде олардың бөлігі моңғол бола бастаған» деген пікірін ұсынған.
Аспанасты билеушілері ғұндардың шынайы болмысын көрер көзге бүркемелеп, масқаралап «жабайы», «тағы», «әзәзіл» және т.с. атаулар таққан, қара күйе жаққан. «Ғұн» дейтін ұғымның өзін құбыжық қып сан рет түрлендіріп қолданған. Н.Я.Бичуриннің жазуынша, б.з.д. VIII-IV ғасырлар аралығында «тоғыз тайпалы» ғұндар Ортос пен Кансудан бастап, Жайық өзені мен Каспий өзеніне дейінгі аумақта, мұнан да кеңірек кеңістікте қоныстанған. Егер де ескі жазбалар сырына үңілсек, «қызыл түсті ғұндар», «ақ ғұндар» деп аталған. Ертедегі ғұндардың абыз ақсақалын, ой алыбын Шоң би (Шун-Вей) деген. Яғни Шоң биге дейін ғұндардың мыңжылдық тарихы және қырық сегіз ел әміршілерінің өмір тарихы баяндалған. Ойшыл деректанушы 1166-1982 жылдар аралығында Шыңғыс ханнан бастап жиырма сегіз атаға жеткенін көрсетеді.
Әу баста ғұндар отырықшылық кәсіп пен тұрмысты күйттесе, б.з.д. VIII ғасырдан бастап төрт түлік мал атаулымен түбегейлі айналысып, қоныс таңдап, өзен-суды жағалап, орман-тауды сағалап, емін-еркін байтақ кеңістікті шарлап, бағындырып, оңтүстік пен солтүстіктің арасында Тянь-Шань тауларынан бастап (Ортос-Өртөс, Кансу, Лобнор, Тарим өлкелерін қоса алғанда) Мұз теңізіне дейін барыпты-ау. Ә.Марғұланның осы бір тұжырымды пікірін Клавдий Птолемей мен Аммиан Марцеллиннің «ғұндар Мұз теңізінің (Ледовитый океан) жағалауына дейін барады» дейтін сөзіне сүйеніп айтқан (Латышев В.В. II, ч 2 с.337-339).
Ғұн заманының үздік ойшыл қаһарманы, ұлы қолбасшы Мөденің (б.з.д. 209-174 жылдар) дәуірін, берекелі елдік, мемлекетшілдік істерін, кемеңгерлік, данышпандығын, көрегендігін Ә.Марғұлан тарихи-шежірелік деректер негізінде түсіндіреді. Мөде – Қытайдың қаһарына, озбырлығына, мыстан пиғылына төтеп берген төтенше қайсар қайраткер. Жүйрік аттарын, сұлу әйелдерін сұраған қытай билеушілеріне оларды берген Мөде жерін қолқалағанда, соғыс ашқаны туралы аңыз бүгінде кең таралып жүр.
Ол қару-жарақтарды (садақ оғы, селебе, қанжар, ысқырып ұшатын жебе оқтары, көбелер, үңгірлер), кен қазу жұмыстарын, металл қорыту, балқыту мен өңдеу өнерін, ұсталықты, мергендікті, шеберлік үйлерін көбейтті. Яғни өркениетті қоғам құрды. Ғұн әскеріне үйсіндерді, қаңлыларды, қыпшақтарды қосты, бауырластырды. Ол барлық тайпаны рет-ретімен 24 ұлысқа жіктеп, бір саяси орталыққа бағындырды. Мыңбасы, жүзбасы, онбасы дейтін лауазымдар тағайындаған. Сонымен б.з.д. IV – III ғасырлар арасында Шығыс ғұн мемлекеті шырқау биікке самғады. Мөденің әкесі Тұман да ғұн елінің ерекше кемеңгері, көсемі еді.
Мөде заманының тарихи-қаһармандық іс-қимылдары Ә.Х.Марғұланның ақылшысы, пікірлесі, мүдделесі, тағдырласы, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Әлпіге барғам Алтайдан, Балқанға барғам Қытайдан» («От»). «Асқан алып – ата затым сұрасаң, Асқан дана – ана затым сұрасаң» («Тез барам»); «Еркін ырғып шыққам асқар Алтайға, Қырда тұрып, садақ тартқам Қытайға» («Жер жүзіне...») лебіздерінде шынайы сәулеленген.
Сондай-ақ «Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі» дейтін сүбелі зерттеуінде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманының мәдени өркендеуін айшықтайтын атақты шеберлердің қымбат жәдігерлері, көркем суреттері (қанатты жыртқыштар мен жауынгерлердің бейнелері, бүркіттің таутекені жарып жатқаны, бұғының, еліктің жүгіргені немесе балбырап ұйықтағаны, толқынды рельеф суреттер және т.с.с.), әсем киімдері (кестелі қамқа шапандар, алтын зерлі телпектер, мамық ішіктер, кафтандар, тондар), қыз-келіншектердің әшекейлі бұйымдары, үй-ішілік заттар, ер-тұрмандар өнертану тұрғысынан (техникасы, композициясы, архитектоникасы) зерделенген.
Мұнда жер-су атауларының этимологиясы, қалалар тарихы, сәулет өнері, Ұлы дала өркениеті (халықтың қолөнері, әдет-салты, сөйлеу мәдениеті) туралы, ел басқарған төрт атақты ордалары да кешенді түрде әңгімеленген. Оқымысты Ә.Х.Марғұланның ұлттық тарихымыздың бастауларына байланысты археология, тарихтану, өнертану, лингвистика, этнография, мифология, космогония ғылымдары негізіндегі пайымдаулары мен жаңалықтары – теңдесі жоқ рухани олжа, қазына.
Мыңжылдықтардың шежіресі ұлан-байтақ сахарада тасқа қашалған төрт түрлі жазу үлгісі (көне ғұн, үйсіндер қолданған руна жазуы, Орхон, арамей, араб жазулары) болған. Бетпақдаланың солтүстік-батысындағы «Тамғалы таста» (немесе «Таңбалы жарда») XI-XIX ғасырларда қазақша тасқа айшықталып бедерленген мыңдаған таңба бар. Осынау тарихи-мәдени деректер мен құбылыстардың пәлсапалық-әлеуметтік мәнін жыға таныған оқымысты А.И. Шренк «Қазақтардың қария сөзі бойынша, ислам дәуірінде бұл қонысты мекендеген көп тайпа осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпаның ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерде қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа жазып түсірген. Біз бұл тамғалы тастан Сібірдегі қия тасқа түсірілген жазу үлгілері сияқты белгілерді табуға үміттендік, ол үмітіміз босқа кетпеді», деген.
Академик А.И.Шренктің барлық жазбасын түпнұсқасынан (неміс тілінен) оқыған Ә.Х.Марғұлан мұндағы «тарихтың зор куәлігі» жазулар сырына мұқият үңіліп, Түркі қағанаты заманынан бастап, қият, қаңлы, үйсін, оғыз, қыпшақ, қоңырат, найман, салар қазан, керей, жеменей, арғын, қарпық тайпаларының қымбат таңбаларын жіпке тізген моншақтай сөйлетеді. Яғни ескі ғұн дәуірінен бері таңбалардың энциклопедиясын барынша жинақтап, тарихи мағынасына жан бітіреді.
Тамғалы таста тарихи тұлғалардың есімдері, атап айтқанда, Ырыс ханның, Құйыршық ханның, Барақ ханның және оның балалары Әз Жәнібек пен Керей ханның аттары да бар. Мұнда тап-таза қазақ тілінде «Алты ұлысты сақтай гөр» деген сөйлем жазылған.
Ұлттық тарихымызда, төл мәдениетімізде XIV-XV ғасырларда тұңғыш рет арабша жазылған қазақ сөзі мынадай: «Қыпшақ, найман, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын, илахи кар расиге һамиша хайа рахмет қыл сен алтауың», екінші түрде айтқанда, « О, Ием, үмітіңе жету үшін осы алтауыңа рахметіңді бере гөр!».
Білімпаз ұлттық жазу өнерінің тарихын толғағанда, абыздардың, бітікшілердің («бітік» – «жазылған сөз», бұл ғұн заманында шыққан), бақсылардың тарихи қызметіне жоғары баға беріп, абыздар ерте кезден тасқа, ағашқа, теріге, қағазға, кигізге жазу түсіретін ханның білгіштері (бақсы), жазу жазатын бітікшілері дейді. Бұл ретте Дешті-Қыпшақ тарихындағы ең бір кемеңгер Қасым хан араб жазуын ресми хат жазатын абыздарға да, болат буын жастарға да үйреткен.
XVI-XVII ғасырларда «ұлы бітікшілердің ең атақтылары» Мәстек абыз, Сапақ абыз, Өтеміс абыз, Танаш абыз, Мұрат Баубек абыз, Сақи бақсы (Әлішер Науаи дерегі), Алтай, Тарбағатай, Жетісу тайпаларынан шыққан Сары бақсы, Қызыл бақсы, Қыпшақтың атақтысы Барақ бақсы, Шәшті бақсы (Баба түкті Шашты әзиз), Сары-Салтық бақсы, Сыншы бақсы... Ә.Х.Марғұлан: «Керей Онханның ұлы бітікшісі Құтты-Бұқа барлық Керей елін жазуға үйретеді. Шыңғыс ханның бітікші абыздары бір ғана Керей мен Найманнан не үңгіт болады. Мөңке ханның ұлы бітікшісі де Керей ұлысынан» деп Рашид ад-Дин пікірін келтіреді. «Тамғалы тас» жазуы атты ғылыми-тарихи шығармашылық еңбегіндегі ерекшелік ұлттық жазба әдебиетіміздің бастауы – Қазақ хандығы дәуірінен басталғаны. Бұған мынадай тарихи хаттарды атайды. Мәселен, Бұрындық билеушінің Бұхараға жазған хаттары, Тәуекел ханның Ресей патшасы Федор Ивановичқа жазған хаты, 1694 жылы Тәуке ханның I Петрге жазған хаты, Абыз Тәуекелдің (Мәметтің), Қайып ханның 1818 жылы I Петрге жазған хаты, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Ресей патшайымы Анна Иоаннаға жазған хаты және Қазақ өлкесінде қала салу жайында Патша үкіметінен жәрдем сұраған хаты, 1762 жылы Абылай ханның II Екатерина патшалыққа отырғанда, оны ардақтап, өздерін сипаттаған хаты және де сондай бір жүйрік хатты 1764 жылы Орынбор генерал-губернаторы И.Реинсдорфқа жазған. Осы және тағы басқаларын мейірленіп жазып, «мұндай қазақ білгіштердің ойымен айтылған әдеби әдемі сөздері архивте орасан көп» деп түсіндіреді. Сонымен қатар И.Н.Березин хрестоматиясындағы нұсқаларды да атайды.
Ә.Х.Марғұлан толық талдап, кемелдікпен түсіндірген «Тамғалы тас» жазулары – Тұран өркениеті, Ғұн заманы, Түрік қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірінің баға жетпес көркем қазынасы. Оның тарихи-этнографиялық, этнолингвистикалық зерттеулерінде ұлттық тарихымыз барынша жан-жақты көрсетілген.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор
egemen.kz сайтынан алынды