"Солтүстікке көшу" деген оңтүстіктегі халық үшін "ақ қар, көк мұз жастану" немесе "елден безу" сияқты. Оқу бітіріп келген соң "суық жерде не бар?", "Ел арасында болғанға не жетсін?" деген секілді тосқауыл сөздерге кез болып, жарты жыл Талдықорғанда жүріп қалдым. Жәй жүрмедім, әрине. Білдей бір Облыстық театрдың (Бикен Римова атындағы талдықорған драма театры) қатардағы актері болып жұмыс жасадым. Оқыған мамандығым бойынша тапқан алғашқы жұмысым болған соң еш қиындығы жоқ. Ел қатарлы өнерімізді көрсетіп, ортаға салдық. Өз бағамызды да алдық. Бірақ, "үйі жоқтың күйі жоқ". Аз уақытта күйіміз кете бастады. Балалар жас, отанасы жұмыссыз. Оқу бітіргелі екі жыл болғанмен мамандығы бойынша жұмыс табылмады. Түйіндемес апарып, қанша мектептің есігінен көңілсіз шықты. Аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркелгенде "сіздің мамандық бойыша(Қазақ филологиясы) кезекте тұрған адам көп, сіз көп күтесіз..." деп шығарып салды. Бір күні отанасына хабарласыпты; "Аудандық акиматқа технишка керек, келіңіз, өтініш жазып кетіңіз" деп. Әйтеуір, "Жұмыс тауып бердік" деу үшін ғой...
Түркістанда актерлік мамандығы бойынша оқысам да, Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов ағадан өнеге көріп, дәстүрлі әннен қосымша сабақ алған жайым бар еді. Тамаша болмаса да шамаша ән салатын қабылет бар. диплом алып, ауылға тартып бара жатқан жолда Қажекеңе соға кеткем. Сонда: "әй, бала, өмір көрген, өнердің ортасында жүрген ұстазың ретінде, жақын тартсаң әкең ретінде айтар ақылым: атыңның басын тура солтүстікке бұр. естуімше сондай бір бағдарламалар бар дейді. Қапы қалма. Өнерге сусап жатқан орта ғой. Бізден алған өнердің дәнін сонда апарып егіңдер. Ол жақ сен секілді адамдарға мұқтаж. (Қазақшадан басқа тіл білмейтінімді айтып тұрғаны болса керек. Оңтүстікте сен секілді тоқсан тоқыз таз бар, өз орнын таппай, күн көріс үшін асыл өнерін де, өзін де той-томалақпен қор қылып жүрген. Онда барсаң, тым болмаса қазақтың санан көбейтесің...",- деп шығарып салған еді.
Отанасы жұмыссыз қалған соң, солтүстік туралы қайтадан ойлана бастадым.
Нұрбек болса менімен күнде хабарласады. Дипломы қолына тие салып, солтүстікке (Павлодарға) көшіп кеткен. Қазыр жұмысы бар (бір жарым ставка), қыркүйекте үй де алған.Үсіп-талған ештеңесі жоқ. Ел қатарлы өмір сүріп жатыпты. Жағдайы жақсы көрінеді. Түркістандағысынан жонданып семіріп алған. "Жақында екінші баламыз болайын деп жатыр, ей!",- деп сөз арасында көзін қысып, жымсиып күліп қояды. Жалғызсырап жүргенін білдіргісі келмейді...
_ Ол жақ қатты суық па?
_ Жоқ, сенің Өртекесіңнен, менің Қара жонымнан суық емес.
_ Қазақ көп пе? Орыс көп пе?
_ Орыс...
_ А? Сонда...Тілден қиналып жүрген жоқсың ба?
_ ... сен де көшіп келсеңші (бағдарламамен), орыстарға бірге қазақша үйретеміз,_ дейді қуланып.
Ойланып қалдым. Әзілдеп айтса да, әріден қайырып, Ақ-қарасын айырып айтты. Қажекең көрсеткен жол көз алдымда қайтадан көлбеп жатты. Тартынғам жоқ, бекініп, белімді будым да, бір аптада театрдағы жұмыстан шығып, буынып-түйініп, науырыздың алғашқы аптасында Павлодарға көштім де кеттім. Көп адам көзін алартып, ақымақ екенімді дәлелдегісі келді. Етегімнен тартып, ерлігімді ездікке балады. "Театрдан кеткенің өз жолыңды кескенің" деп жатты сол театрға кіре алмай қалған біреулер. Қойшы, бораған сөз, айтылған ақылда есеп жоқ. Елемедім. Еңсемді көтеріп, ел іші ғой дедім де алған бетімнен қайтпадым.
Павлодарға көшіп келдік. Құшақ жайып қарсы алған адам аз болған жоқ. Халқының пейлі қандай кең. Өз бауыры көшіп келгендей қуанғандары қаншама. Уақытша пәтер табылғанша көсіліп Нұрбектің үйінде жаттым. Екі күннен кейін аудандық мәдениет үйіне музыкалық жетекші болып жұмысқа орналастым. Қыркүйекте отанасы мектепке орналаспақ болды. Құжаттар жинап өткізсек. Тамызда дипломмен ауылға бағдарламасымен үй де берілмек. Оның сыртында, көшіп келу жол шығыны мен бір жылдық пәтер жалдау құны деп 900 000₸ көлеміндегі көмек қаражат алдық. Жыртығымызға жамау, сыртымызға қамсау болды. Жаңа ортаға жатырқай қарасақ та, жарқылдаған жастықтың буымен жан-жағымызбен қоян-қолтық араласып кеттік...
Міне, жеті жарым ай өте шықты. Үй де алдық, отанасы жұмысқа кірді. Балалар балабақшада. көйлек көк, Көңіл тоқ жүріп жатырмыз. Жұмыстан қолымыз босамайды. Өмір зырылдап өтіп барады.
Орыстарға отырып алып қазақша үйретпесек те, оларға Қазақша сөйлеп бастарын қатырып жүрміз. Әр күніміз қазақ тілі үшін қиан-кескі күреспен өтіп жатыр. Менен кейін де талай отбасы көшіп келген, орысша білмейтіндер көбейіп қалдық. Келетіндер әлі көп. "Осы көш тоқтамаса екен" деп күнде тілеймін.
Алматыда, Талдықорғанда несиеге белшесінен батып, дипломын сандыққа салып қойып, бәшәлшік сауда қуған, заводтарда ауыр жұмыс істейтін достарым осы жазбамды оқыса, ойланса екен деп әдейі жаздым.
Келіңдер, "суық жер" деп қашпаңдар. Қазақтың даласын Қазаққа толтырайық, қан жүгіртейік бойына деп келсеңдер, оттан ыстық отаның ғой, шуағын төгіп, жылуын береді.
Ия, Айтпақшы, бұл жақта 6 пайыздық несиені дипломсыз адамдардың артынан еріп жүріп береді.
Ербақ Иманбайдың фейзбук парақшасынан алынды