Елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеуінде "бір терезе" қағидасы енгізіліп, құжаттану анағұрлым жеңілдеген. Бұл жайлы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде айтты.
"Ұлтаралық қатынас саласының үлкен бір бөлігі – шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесі. Бұл бағыттағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды қолға алдық. Өздеріңіз білесіздер, Үкімет тарапынан бекітілген «2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары» бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық ғана емес, бизнес іс-шаралар да өткізіліп отырады. Қандастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау мәселесі де жылдан жылға шешіліп келеді. Қазір олар елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға енгізілетін болады. Елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетіп, «бір терезе» қағидасы енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарды", - деді министр.
Министр шетелдегі қазақтарды қолдау шараларын да атап өтті.
"Азаматтық алғысы келетін қандастарымызға арналған "Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы" құрылып, оған былтырдың өзінде 5 мыңға жуық өтініш түскен. Сондай-ақ "Отандастар" қорымен бірлесіп қазақтар көп шоғырланған шет елдерде Қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылатын болады. Бұл ең алдымен Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия мен Түркия сияқты елдерге қатысты. Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде 12 елдің 23 қаласында 31 қазақ сыныптары онлайн режимде ашылды. Осы жылы бұл елдерде 2,5 мыңнан аса балалар ана тілін оқитын болады", деді Балаева.