Бүгін, 22 тамызда сағат 21:00-де Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «Ұлы дала елінен» атты «TURAN» ансамблі әртістерінің онлайн концертін ұйымдастырады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Концерттің мақсаты – музыкалық өнер арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету, шетелдегі қандастармен байланысты нығайту.
Ансамбль қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен өздерінің үздік туындыларын орындайды. «TURAN» ансамблі ұлттық музыкалық аспаптардың дыбысын қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынып жүр. Он жылдық тарихы бар өнер ұжымы қазақ ұлттық музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен астам шет мемлекетте 600-ден астам жеке концерт берген. Ансамбльдің құрамында Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар бар. Қазақ халқының отыздан астам ұлттық музыкалық аспабы болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.
Онлайн концерт Otandastar channel YouTube арнасында көрсетіледі, баршаға қолжетімді. Бұл бастама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен жүзеге асып отыр.