Қытай Төрағасымен бірге «Дударайды» айтқан қазақ әншісі

Уақыты: 2020-10-01 Көрлімі: 1437 Сипаттама

Белгілі ғалым Григорий Потанинның қазақтың кең даласын аралап жүріп, «Маған бүкіл қаза...

201001102711515e.jpg

Белгілі ғалым Григорий Потанинның қазақтың кең даласын аралап жүріп, «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп тамсана айтқан асыл сөзі бар. Сол айтқандай аспанында әні әуелеген, көл-көсір қазыналы өлкенің бір пұшпағы Қытай жерінде жатыр.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани асыл мұраларының ішіндегі ең бір мақтанып айтатын, ұлттың бегзат болмысын әйгілейтін, өрелі мәдениетінің бірі – ән өнері. Қазақ бар жерде сол халықтың қазыналы жәдігерін дамытып, жалғастыратын мұрагер ұрпақтың да болатыны даусыз. Міне сондай өнерлі азаматтың бірі - Қытай елінде өмір сүрген қандасымыз, дара дауыс иесі, Қытай Халық Республикасының 1-ші дәрежелі әншісі Назар Сымайылұлы. Ол Қытай елінде және басқада шет мемлекеттер саханасында қазақ әндерін әуелете шырқап, талантымен талайды тамсандырған бұлбұл көмей әнші. Өкініштісі осы бір қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы өнердегі өрісі кеңіп, кемеліне келген шағында мезгілсіз дүниеден өтті. Әйтсе де елі қадірлеген өнерлі азаматтың артында халық көңіліне медеу болатын, сағына тыңдайтын әсем әуенді әндері, өнер жолындағы жемісті жетістіктері, қызықты өмір кешулерінің естеліктері қалды.


Назар Сымайылұлы –1959 жылы ҚХР, Шынжаң өлкесі, Құмыл аймағының Баркөл Қазақ автономиялы ауданында туған. Назардың анасы Нұрбәти де ауыл арасында әншілігімен жұртқа танылған өнерлі адам екен. Сол ана сүтімен, бесік жырымен дарыған әншілік өнер Назарды жас кезінен ел алдына шығарып, «бала әнші» атандырады. Ал Назардың ағасы Нияз Сымайылұлы да аудан, аймаққа белгілі әнші болған. Ағасы Назардың ән өнеріне деген ынтасын көргеннен кейін оған жолын беріп, өзі ата-анасына көмектесіп ауылда қалады. Осылайша Назар ерекше талантымен мектепте оқып жүріп-ақ, 16 жасында Құмыл аймағының ән-би ансамбліне жұмысқа тұрады. Осыдан бастап әншінің дара жолы, толағай табысты өнер сапары басталады.





Назар Сымайылұлы бір жолы Үрімжі қаласынада өткен ән байқауға қатынасып, саханада «Ауылың сенің іргелі» атты халық әнін орындап тұрғанында Шанхайдан келген мамандардың көзіне түседі. Олар әсілінде, Қытайдағы танымалы оқу орны Шанхай өнер институтына Шыңжаңнан студент қабылдауға келген оқытушылар екен. Сол жолы Назарға кезіккен мамандар оның ән орындау шеберлігін, өзгеше асқақ даусын жоғары бағалап, оқу орнына түсу үшін сынақ тапсыруын сұрайды. Межелі күні Үрімжі қаласындағы олар айтқан жерге барып, шығармашылық сынақ тапсырған Назар емтиханнан сүрінбей өтіп, оқу орнына жолдама алады. Осылайша, 1980-1984-шы жылдары Шанхай өнер институтында кәсіптік білім алып, өнер өресі кемелденіп, шыңдалып туған елінің ортасына қайтып келеді. 1984 -ші жылдан бастап Шыңжаң ән-би труппасының жеке актері болып жұмыс істейді.

Әнші Шыңжаң телеарнасының «Жұлдызды сәт, сол бір әуен» бағдарламасына сұхбат берген кезінде осы бір өмірінің елеулі кезеңін еске алады.

«Мен Шанхай өнер институтына оқуға қабылданып тұрып, бара алмай қала жаздадым. Енді ойласам бұл бір күлкілі жағдай болған екен. Шанхайдан келген мамандар менің әндерімді тыңдап, сенің даусыңда өз ұлтыңа тән ерекше тембр бар деп мақтап, оқуға қабылданатынымды айтты. Содан көп ұзамай маған Шанхайдан оқуға шақыру қағазы келді. Ол уақыттарда бұндай мықты оқу орындарына түсіп оқу сирек кездеседі. Тіптен сондағы қазақ ұлты үшін де, менің сол жерден білім алуым үлкен мерей еді. Тәлейім жанып оқуға қабылданып тұрсам, Құмыл аймағындағы жұмыс орным жібергісі келмейді. Ал менің оқуға барғым келеді. Содан Қытайдың халық әртісі Камал Қуанышқызының көмегімен, білікті басшы Жанабіл Смағұлұлының қабылдауына бардым. Басшы ағамызға білім алуыма жасалып жатқан кедергіні айттым. Ол кісі бірден, көз алдымда облыс әкіміне телефон соғып, Назарға жұмысынан еңбекақысын ала жүріп, Шанхайдан оқуына жағдай жасап беріңдер деп арнайы нұсқау берді. Міне менің оқуға түсуімнің өзі бір қызықты хикая болды ...», - дейді әнші.





Қазақтың киелі ән өнерін жанына серік еткен дарынды әнші 1984 жылы Шынжаң өлкесінде өткен «Тянь-Шань дауысы» атты өнер фестиваліне қатынасып, бас жүлдені жеңіп алса, 1985 жылы республикалық «Әсем әуен» байқауында II орынды еншілейді. 1987 жылы Қытайдағы солтүстік батыстағы 5 өлкенің «Бұлбұл көмей» атты халық әндері байқауында бас жүлдені қанжығалайды. Сондай-ақ, бұдан басқада көптеген өнер бәйгесіне қатысып сан мәрте жүлдегер атанып, марапатталған екен.

Сонымен бірге өнер көгінде еркін қанат қаққан сайыпқыран әнші Назар Сымайылұлы Қытай сахнасын ғана бағындырып қоймай, Жапония, Сингапур, Малайзия, Түркия секілді елдерге де өнер сапарымен барып, қазақ халқының әуезді әндерін өзінің ерекше асқақ үнімен әлем халықтарына тыңдатып, насихаттаған.

Назардың ән қоржынында «Ауылың сенің Іргелі», «Бипыл», «Ағажай Алтай», «Назқоңыр», «Маржан қыз» секілді халық әндері мен өзінің туған ауылына арналып жазылған «Көрікті Баркөл», «Баркөлім бақ мекенім» секілді көптеген әндер болды. Ол осы әндердің барлығын халық жүрегіне жеткізе айтып, дара дауысымен ән сүйер қауымның көңіл қалауын таба білді.

Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының 1-ші дәрежелі композиторы, профессор Бағдат Естемес өнердегі әріптес досы Назар Сымайылұлының шығармашылығы, азаматтық биік болмысы туралы телеарнадағы сұхбатында өз бағасын берген.

«Назар Сымайылұлы - халық құрметіне бөленген өнер адамына тән азаматтық болмысын биік ұстаған тұлға. Өнерді ерекше қадірлеп, қалтқысыз қызмет еткен, кісілігі мен кішілігі сай, қазіргі әншілерге үлгі-өнеге болатын азамат. Ол - өнердегі әріптесім әрі досым болды. Қашан көрсең күліп, жарқырап, жайдары жүретін жігіт еді. Кезіге қалсаң өнер төңірегінде әңгіме бастап, кеңесін айтып, өзі де сенің пікіріңді білгісі келіп тұратын. Көзі тірісінде Назардың әншілік өнерін де толық бағалай алмаған секілдіміз. Күрделі кейбір дыбыстарды ешқандай бөгеусіз еркін айта алатын, диапазоны кең, дауыс қуаты үлкен, дыбысқа күші еркін жететін әнші еді. Тіптен жоғары дыбыстан кейінде көмекейінен әліде толқындап ұрып тұрған екпінді аңғарасың. Осындай арыны басылмай тұратын дауыс көп әншіден кезіге бермейді. Назар Сымайылұлын жаратылыстың, табиғаттың халқымызға берген сыйы деп қарауымыз керек», - дейді профессор Бағдат Естемес.

Өнер иесіне қатысты ел есінде қалған ерекше оқиғаның тағы бірі, қазақ әнінің биік мәртебесін көрсеткен Қытайдың сол уақыттағы төрағасы Цзян Цзэминьмен бірге қазақтың халық әні «Дударайды» асқақтата шырақауы болды. Бұл оқиға туралы әнші Бейжіңдегі Қазақ радиосының «Ән-домбыра» бағдарламасына берген сұхбатында былайша еске алады.

«1999 жылы ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь Шынжаң өлкесіне жұмыс сапарымен келді. Төрағаның келу құрметіне байланысты Үрімжі қаласында үлкен концерт ұйымдастырылды. Мен сол өнер кешінде «Дударай» әнін орындап шықтым. Бұл әнді таңдау себебім мемлекет басшысы осы әнді жақсы көреді деп естуші едім. Сол жолы мен әнімді айтып бола бергенде, үлкен кісі қолын көтерді, көпшілік тым-тырыс бола қалды. Енді бір сәтте ақырын орнынан көтеріліп саханаға қарай келе жатты. Мен өзімде абдырап қалдым, ол кісі саханаға шығады деп ойламаған едім. Төраға келіп қолымды алып, амандасып, әнді жақсы айтқанымды мақтап, өзінің бұл әнді жас кезінде Мәскеуде оқып жүргенде үйренгенін және осы уақытқа дейін ерекше жақсы көретінін айтты. Осыдан кейін әнді бірлікте қайтадан орындап шығайық деп ұсыныс айтып, «Дударай» әнін қайта бастап айттық. Ол кісі саханада әнге жан-тәнімен беріліп, өте көңілді болды. Сол уақытта Шынжаңның үкімет төрағасы Темір Дауамат бастаған басшылар мен әншілер де саханаға шығып әнге қосылды. Ертесінде Республикадағы барлық газеттер мен телеарналар бұл ерекше оқиға туралы жарыса хабар таратқанына куә болдық...», - деп еске алады Назар Сымайылұлы.





Өнердегі ерен еңбегімен, ел мойындаған талантының арқасында Қытай Халық Республикасының 1-ші дәрежелі әншісі атағын алған Назар Сымайылұлы өмірде өте қарапайым, көпшіл, ақкөңіл адам болған екен. Бұл туралы Жеңіс Ырысханұлы «Таусылмайтын жыр-әні, Күн тауының қыраны» атты мақаласында әншінің баладай аңқау, қапысыз көңілін ел ауызындағы аңыздай бір әңгімемен анық аңғартады.

«... Ол кісінің ақкөңілділігі соншалық, ықыласы түскенде қасындағы адамның мойынынан құшақтап, маңдайынан иіскеп тоқтатпайтын еді. Жасы кішінің барлығын «қарғам» деп сөйлейтін. Ертеректе Назар аға әйелімен бірге Үрімжінің көшесінде, маңызды бір шаруасына телефонмен сөйлесіп келе жатқанда қолынан телефонын ұрылар жұлып алып қаша жөнеледі. Сонда Назар аға ұрыға: «әй, қарғам-ау, мен сөйлесіп болып алайыншы?!» депті айғайлап. Ұрыға дейін «қарғам» деген кісінің көңілінде не кір болсын? Ешкімді ренжітпейтін, ешкімге ренжімейтін кісі еді», - деп жазады Жеңіс Ырысхан ұлы.

Міне осындай өнеріне жұрты тәнті болып қадірлеген, халқының аяулы әнші азаматы 2012-жылы ердің жасы 50 ден асқан шағында мезгілсіз жеткен ажалдан көз жұмады.





Автор Бақытжол Кәкеш

Дереккөз: "ҚазАқпарат"

Пікір жазу
  • Ықылас Оразбайұлы: Сауаты бар адамға интернет шексіз білім дариясы
    Талдықорғанда 200 орындық жаңа инфекциялық аурухана ашылды

    Ұқсас тақырыптар