Қытайда тұратын қазақ екі бетті ерекше домбыра жасады

Уақыты: 2020-11-09 Көрлімі: 1593 Сипаттама

Жақында әлеуметтік желіде шанағының екі беті бар домбыра шертіп отырған ақсақалдың ви...

201103113602a3713971d.jpg

Жақында әлеуметтік желіде шанағының екі беті бар домбыра шертіп отырған ақсақалдың видеосы тарай бастаған еді. Ұлттық аспапты жаңаша түрмен жасап шығарған шебермен ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасқан. Сұхбатты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

Екі бетті, екі тиекті, төрт ішекті, төрт құлақты ерекше домбыраның авторы Қытайдың Мори қазақ автономиялы ауданында тұратын Ерсін Батырханұлы атты қандасымыз.

Аталған аспапты жасаушы шебердің айтуынша, бұл электронды домбыра.

- Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз.

- Менің аты-жөнім Ерсін Батырханұлы. Қытайдың Санжы облысы, Мори қазақ автономиялы ауданы Бозтал ауылынан боламын. Қазір Мори қаласында тұрамын. Бала күнімнен музыка аспабын жасауға қызығатынмын. Әкем домбырашы, күйші адам еді. Сол кісіден үйреніп, домбыра шертуді кішкентай кезімнен бастадым. Сөйтіп, басында домбыра шертуге құмартсам, кейіннен осы қасиетті аспапты жасауды кәсіп ете бастадым. Алғаш рет 1997 жылы электронды домбыра жасаудан патент алдым. Өзім жасаған сол электронды домбыраны Қазақстанға да апарып, танымал күйші, өнерпаздарға көрсетіп қайтқан болатынмын. Осы екі бетті домбыраны ойлағалы 3-4 жыл болған. Соны былтыр жасап шықтым. Көбірек етіп өндіруге қаржы мәселесі қолбайлау болған еді. Енді бұл домбыраның санын молайтып жасауға ауданымыздың әкімі көмектесетінін айтты...




- Екі бетті домбыраны жасау идеясы қалай туды?

- Жалпы электронды домбыраны жасауға көп уақыттан бері қызығушы едім. Кейіннен басқа шеберлердің қолынан шыққан жұқа домбыраларды көрдім. Сосын өзгеше бір нұсқасын жасасам қалай болады деген ойға келдім. Сөйтіп, екі жағынан да шертетін домбыра жасап шықтым. Дәл қазіргі уақытта бұл екі бетті домбыраның 2-3 данасын ғана жасалды.

- Біз бір ақсақалдың шертіп отырғанын көрдік. Бірақ дауысы бізге сонша әсер ете қоймады?

Иә, ол видеоны менде көрдім. Ол кісі кішкентай дыбыс күшейткішпен (колонкамен) шертіп отыр ғой. Сондықтан дауысы ойдағыдай болмай тұр. Бұл электронды домбыра болған соң, сапасы тәуір дыбыс күшейткіш (колонка) болса дыбыс теңшегіш аспаптармен домбыраның қоңыр дыбысын да, ащы дыбысын да шығарып алуға болады. Рас, электронды домбыраны колонкасыз шертсе, дауысы ойдағыдай болмайды, дұрыс шықпайды. Бұл негізінен заман сұранысына орай жасалған, сахналық домбыра ғой.


- Сіздің бұл домбыраңыз үлкен сахналарға шықты ма?

- Қазіргі кезде аудандық, облыстық сахналарға шығып жатыр. Алдағы уақытта өлке көлеміндегі үлкен сахналарға шығарамын деген жоспарым бар. Сондай-ақ менің бұл домбырама сұраныс жоғары екенін де айтқым келеді.

- Бұл домбыраның әдеттегі домбыралардан тағы қандай өзгешелігі бар?

- Менің бұл екі бетті домбырамның әдеттегі домбыралардан көп артықшылығы бар. Өйткені электронды домбыра ғой. Ал, электронды домбырадан дыбыс теңшегіш аспаппен (дыбыстық компрессор) сан түрлі дыбыс шығаруға болады. Атап айтар болсақ, домбыраның, гитараның, қобыздың, т. б. дыбыстарды шығара беруге болады.


Автор Бейсен Сұлтан


Пікір жазу
  • Германияда қазақ сыныбы жұмысын бастады
    АҚШ-та тұратын отандастардың қатысуымен «Қандастар форумы» өтті

    Ұқсас тақырыптар