«Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның өткен жолғы тақырыбы - Қытайдағы қазақтар мәселесі мен қоғамдағы орын алып жатқан өзекті оқиғаларға арналған еді.
Интернет-конференциясының қонағы «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әбілдекұлы болды. Порталымызға ұзын-саны 80-нен аса сұрақ келіп түсті. Спикеріміз келіп түскен сауалдарға тікелей эфирде жауап берді. Сұхбаттың толық нұсқасын порталымыздың «You Tube» желісіндегі арнасынан көре аласыздар.
Уақыттың тапшылығына байланысты сұхбат бір жарым сағат мөлшерінде шектелген. Эфирде жауап беріп үлгермеген кейбір сұрақтарға бүгін Омарәлі Әділбекұлы портал бетінде жазбаша жауап берді.
Омарәлі Әділбекұлының жауабын Abai.kz порталына сілтеме жасап, назарларыңызға ұсынамыз.
Үміт Жапай 2021-02-18
Қытайдың экспансиясы қазаққа пайда әкеледі деп ойлайсыз ба? Жоқ әлде, Тәжікстанның аяғын құшып қалмаймыз ба?
Жауап: Экспансия ешқандай елге пайда да, жақсылық та алып келмейді. Тәжікістан жөнінде айтылған әңгімелерде нақты факт жоқ, өйткені, ТМД-ның тұтас шекара қызметі бір орталыққа бағынады. Оның артында Ресей тұр!
Айдос Таңғытбек 2021-02-18 00:01
Менің бір түсінбейтінім Серікжан Білаштің артында тұрған күш осындай олақ ойындарды шалағай жобаны неге іске қосып отыр? Әлде қазақтардың ойлау-саралау деңгейін соншалықты төмен межелеген бе? Әлде Серікжан мақтаншақ, ұрдажық мінезімен қызыл сызықтан шығып кетіп ойынның шақ-шәлекейін шығарып жіберді ме? Әлде ойын шынымен де осылай өрбуі керек пе? Серікжан жақсы сомдап жүр ме рөлді?
Жауап: Негізенен өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріпсіз. Адвокат Абзал Құспанның айтуынша С.Бияши арнайы тәрбиеден өткен адам әрі қарапайым халықтың талмау жерін тауып, өз идеясын сіңіре біледі. «Суайттығы», атақ құмарлығы жеңгенде не айтып не қойғанын ұмытып қалады. Сондықтан арандатушылар үшін осындай адамдар керек, әрине. С.Бияшта өз рөлін жақсы сомдап жүр.
Zharhin Bolebai 2021-02-18
Қытайдың қазақ еліне жасап отырған экспансиясын мойындайсыз ба?
Жауап: Қазақстан ТМД-ға мүше әрі БҰҰ-ның заңды мүшесі. Барлық Халықаралық келісімдерге қол қойған сондықтан өзіңіз айтқан экспансияны дәлелдей аласыз ба?
Үміт Жапай 2021-02-18
Қызық, сыпайы, мейрімді, адамгершілігі мол, әдепті боп көріну Қытайдың тарихтан бергі дүниені жаулаудағы қанға сіңген тәктикасы екенін әбжен білетін шығарсыз?
Жауап: Қытайдың аталмыш 5000 жылдық тарихы, тіпті, 2000 жылдық жазба тарихын сараптасыңыз гуманитарлық ғылымдардың ерекше дамығанын байқайсыз. Қытайда билік институтының тамыры тереңге жайылған. АҚШ-тың экс мемлекет хатшысы Кесеңгір мырза «Қытай» деген кітабында осы тақырып тереңдетіп жазады. «Тарихта Қытай ғұндар және түріктермен соғысып жеңіліске ұшыраса да келіссөз кезінде алтын, жібектерін іске қоса отырып жеңілсін жеңіске айналдырып, өзіне пайдалы келісімге қол қояды» деп жазады. Мүмкіндігіңіз болса осы кітапты оқып шығыңыз.
Zharhin Bolebai 2021-02-18
Шығыс Түркістанның тәуелсіздік алғанын қолдайсыз ба?
Жауап: Қазақстан мен Қытай дипломатиялық келісімге қол қойған ел әрі екі елдің территориялық тұтастығын қорғау міндеттемесін алған. АҚШ-тың өзі де осы келісімге қол қойған. Бұл күнде АҚШ қолдауына ие болған Далай лама, Рабия Қадір сияқты оппозиция көсемдері де Қытайдың территориялық тұтастығын сақтай отырып шынайы, жоғары автономияға қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан сіз де, біз де БҰҰ-ның жарғысын құрметтеуіміз керек.
Айдос Таңғытбек 2021-02-18
Омарәлі Әділбекұлы мырза Серікжан Білаш діттегеніне жетті деп ойлайсыз ба? Ол және оның артында тұрған күштің түп мақсаты не деп ойлайсыз?
Жауап: 2017 жылы Республикалық «Жас Алаш» газетіне сұқбат берген кезімде «Бұлардың бірінші мақсаты қазақ көшін тоқтату, екінші мақсаты қандастар арасында от жағу, үшінші мақсаты қандастар мен жергілікті халықтың арасында от жағу» деп ашық айтқан едім. Бүгіннің көзімен қарасақ екі мақсатына жарым-жартылай жетті. Ал қалған мақсаттары орындалмай қалды. Оның артында тұрған күштің түп мақсаты Қытайдағы қандастар мәселесін Халықаралық дауға айналдыру, сол арқылы қазақ билігіне қысым жасау болды.
Даулет Асқарбек 2021-02-18
Серікжан Білаш Қытайдағы Қазақтарды түрмелету тапсырмасын сәтті орындады, бұл жөнінде 2019 жылы елге оралған қандастарымыз айтып жүр. Ал Қазақстандағы миссиясын орындай алды ма? Орындай алса, неге қол жеткізді? Түркияға не үшін барды? Ол жақта байыз таппай, Америкаға не үшін кетті? Серікжан Білаштің, қожайындары тарапынан мойнына артылған міндет не деп ойлайсыз?
Жауап: Бұл сұраққа жоғары да жауап берілді. Ал миссиясы бар десек ол орындалған жоқ. Түркияға барудағы мақсаты сол жақтағы қазақ-ұйғыр арасына от жағу сияқты еді, ол ертерек әшкере болғандықтан ол мақсатына жете алмады. Ал Америкаға баруына келсек, жоғарыдағы сұраққа толық жауап бердік деп ойлаймын.
Әлімжан Әшімұлы 2021-02-18
Омарәлі дұрыс айтып отырсың, бірақ Қытай билігі дипломатиялық жолмен шешуге құлық танытпай отыр...
Жауап: Мен олай ойламаймын. Әрине Қытай үкіметі Шыңжаңда жүргізген қатаң саясатты жоққа шығарып отырған жоқ, кезекті терроризмға, экстремизмге қарсы қолданған шара деп есептейді. Бірақ, осы барыста кеткен асыра сілтеулер мен қателіктерді сезіп, біліп отыр. Сондықтан, еліміздің сыртқы істер министрлігінің сол кездегі орынбасары Үрүмжіге сапармен барды, соның нәтижесінде саяси үйренуге кірген, тіркеуі өшпеген сегіз Қазақстан азаматы шартсыз босап шықты. Өзім бастаған 18 адамдық делегация Пекин, Ухань, Үрімжі, Құлжада көп салалы кездесулер өткізіп, мәселені төтесінен қойдық. Осыдан кейін, ҚХР СУАР саяси кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмажин мырза Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында билік өкілдерімен және қандастармен кездесіп, аталмыш мәселе жөнінде пікір алмасты, арыздар қабылдады. Бірге келген екі қызмет группасы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында елшілік, консулдық қызметкерлермен бірлесе отырып екі жылдай арыз-шағым қабылдады. Осы жұмыстардың нәтижесін өзіңіз де көріп-біліп отырсыз.
Айта кетер бір жайт, 2019 жылы қаңтар айында Үрімжіге жиынға барып, басқа қонақтармен бірге Н.Әбілмажинның қабылдауында болдым. Сонда, қонағасыда саяси кеңестің төрағасының орынбасары Мағауия мырза маған былай деді: «Бұрынғы қазақ басшылар ел ішіндегі (Қытай) халқымыз үшін қызмет істесе, Қазақстандағы қандастар үшін игілікті іс» деген Н.Әбілмажин болды. Сіздердің елге барып келгеннен кейін тиісті мамандарды шақырып, жиналған арыздарды екі апта мұқият қарап шығып, бас секретарь Cheng QuanGuo мырзаға мәлімет берді. Осыдан кейін қордаланған мәселелер шешілді. Мысалы: көші-қон парағынан шығу үшін азаматтар өзі тұрған елде өтініш бере алатын болды».
Үміт Жапай 2021-02-18
Оспан батырдың: «Қытай ағашқа түскен жегі құрт», дегенін қате түсінік деп ойлайсыз ба?
Жауап: Оспан батырды сыйлаймын, құрметтеймін. Әрине батырдың бұл сөзді қашан айтқанын білмеймін. Нашар адам, нашар топ, нашар қоғам, нашар партия болатын шығар, бірақ, бір ұлтты қарлауға болмайды.
Қазақ Ұлан 2021-02-18
Қытай елшісінен жалақы аласыз ба?
Жауап: Не үшін алуым керек? Жылы үйде отырып компьютердің алдында ғажайып қиялдарға беріледі екенсіз. Өсек тергенше, жұмыс істеп отбасыңызға көбірек көңіл бөліңіз.
Қазақ Ұлан 2021-02-18
Үш аймақ қазақтың жеры екені рас па? Сіз қалай ойлайсыз?
Жауап: Сақтар, ғұндар, көк түріктер заманынан есептесек, ата-бабамыздың атының тұяғының тимеген жері аз. Мына заманда барға қанағат, жоққа салауат дұрыс деп ойлаймын.
Шынкуат Байжанов 2021-02-18
Қытай елшісіне көзқарасыңыз?
Жауап: Елші дегеніміз ең әуелі өз елінің мүддесіне жұмыс істейді, одан кейін, өзі тұрған елмен жақсы қарым-қатынас орнатуға әрекет етеді. Сондықтан да халқымыз «елдестімек елшіден» деген. Осы кісілердің алдындағы бас елші Zhang HangHui мырзамен бас консул Zhang Wei мырзаға өте ризамын, қиын-қыстау кезеңде өз дипломатиялық миссиясын абыроймен атқарып, екі елдің қарым-қатынасының ырғақты дамуына, шетін мәселелердің шешілуіне үлес қосты. 2018 жылы өзім бастап барған делегацияның ойдағыдай іс атқаруына барлық кедергілерді жойып қолдады.
Мамай 2021-02-15 09:59:19
Еуропарламенттің Қазақстан жөніндегі қарарын 693 депутаттың 598-і қолдаған. 43 депутат қарсы дауыс берген. Қарар адам құқығын бұзылуына жауапты Қазақстан азаматтарына, мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады, депті Азаттық радиосы сайтында. Жауапты шенеуніктер мен олардың жақындарына санкция салуды өзім қолдаймын, ал сіз қолдайсыз ба?
Жауап: Осы хабардың растығына мен күмәндімін, өйткені, Қазақстан Тәуелсіздіктен бері тәуелсіз, дербес, көпвекторлы саясат жүргізіп келеді. Кезінде еуроодаққа төрағалық еттік. Саяси, экономикалық реформалар күн тәртібінен түскен жоқ. Билік бейбіт жолмен ауысты. Сондықтан еуропарламент ондай сыңаржақтылыққа бармайды.
jaqan 2021-02-13 16:39:17
Егер солтүстік аймақ әдейі «саботаж» жасауда болса, қандастарымызды суық үйге жіберіп, жұмыс бермей қорласа, қайта оралуға мәжбүрлесе, сол шенеуніктерге әлде олардың көленкесіңдегі жүргендерге қолданатын шара жоқ па? Сонда биліктің билігі әлсіз бе?
Жауап: Тәуелсіздіктен кейін елімізге миллионнан астам қандастар келіп орнықты бұл біз үшін үлкен табыс 2010-нан кейін бізде санақ жүрген жоқ. Егер санақ жүрсе, елімізге келген қандастар бала-шағасымен миллион жарымнан асып, екі миллионға таяуы мүмкін. Әрине, қандастарға арнайы салынған үйлерден көп дау шығып жатыр. Отандастар жанынан құрылған қоғамдық комиссияның басшысы сенатор М.Бақтиярұлы осы мәселемен арнайы айналысып отыр, бірнеше мәрте облыс орынбасарларын шақырып мәселені төтесінен қойды. Сондықтан, көші-қон ел саясатының басым бағыттарының бірі. Кемшіліктер дер кезінде түзетіледі деп ойлаймын.
Таным 2021-02-13 10:36:46
Қаражылғаға қонақ үй салу дұрыс па? Салса туризмге қан жүгіре ме?
Жауап: Сұрақ Бозжыра тұралы болу керек. Туризм Түркия ішкі бюджеттің 36%-ын береді. Бұдан сырт Қытай, Эмират, Сауд Арабия, Грузия сияқты елдер туризмге өте көп мән береді. Ақтаудағы Түркиямен бірлесіп атқарылып жатқан жобалар іске асса, елімізге шаш-етектен пайда алып келеді. Әрине, тұрғылықты халықтың мүддесі ескерілу керек. Бұл жөнінде ақын Светқали Нұржан фейсбук парақшасында «Боз Жыра» жыры деген мақаласында жеткізіп жазды. Туған жерге ту тіккен арқалы ақыннан асырып ештеңе айта алмаймын.
Өзім ғой 2021-02-12 22:51:55
Сендер өздеріңді қазақ еліндегі Қытай диаспорасы деп атайды екенсіңдер. Сонда паспортыңда «қытай» деп жазылған ба? Ондай мәртебені кім беріп жүр сендерге? Сен Қытайдың жағындағы ұлт сатқынысың... Сені жақтайтын басылымдарда сатқын...
Жауап: Біз атына заты сай, Қазақстан азаматымыз! «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі де еліміздің әділет министрлігінде тіркелген, сондықтан, жасырынған арандатқыштардың бұралқы сөздеріне мән бермейміз...
Максұт 2021-02-12 20:52:42
Омарәлі! Сіз саясатта жүрген жансыз ба, әлде, сайтанның сыбайласысыз ба? Бұл сұраққа түрткі болған - қазақ халқы ежелден құрмет тұтып келген қожа әулетін «ойнастан туғандар», дедіңіз. Қандай дәлеліңіз бар? Екінші - Қазақ ұлтына жасап жатқан Қытай зұлымдығын бүкіл әлем әшкерелеп болды. Ал сіз осы ақиқатпен және арғы беттегі бауырларымызды қызғыштай қорғаған кісілермен жауласып арпалысып келесіз. Себебі неде? Сіз құрған «жебе» кімге қарсы кезенген оқ? М-р, өтініш, өшірме.
Жауап: Саясатта жүргеніме аз жыл болса да күншіл, даукес, ниеті өзге, арандатушылардың пасық жаласына тап болған адаммын. «Жебеу» сайтында «қожалар дауы қайдан шықты» деген мақалада бұл мәселе нақты дәлелдер мен жеткізілген, сондықтан сол мақаланы оқып көріңіз. «Жебеу» қандастарымыздың құқығын қорғап, мәселесін шешуде өз миссиясын адал атқарып шықты әлі де атқара береді.
Dosimjan 2021-02-12 07:41:50
Нақты ұсыныстар, сөйлесулер болды ма? ҚХР-дің Алматыдағы елшілігімен, паспорт қию, «гражданство» алған соң тіркеу қағазынан шығу туралы... 10-15 жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алғандар паспорт қию, тіркеуден шығу туралы не істей алады? 2) сұрақ. Бұйырса пандемия аяқталып, қалыпты өмір салты орнап жатса, екі ел арасы виза маселесі оң шешімін табар, дегенмен де байырғы Қазақстан азаматы мен Қазақстан азаматтығын алған отандастардың виза рәсімдеуі неге әртүрлі? Қосымша Қытай құжатының «копиясы» сұралады.
Жауап: Әрине болды. Азаматтық алу үшін Қытай және Ираннан келген қандастарға көші-қон парағынан шығу және сотталмады деген екі анықтама талап етілген кезде үш жылдай қандастарымыз азаматтық ала алмай қалды. Осы кезде екі рет баспасөз маслихатын өткізіп үндеу жарияладық. Р.Айыпұлы, А.Мұқибекұлы және мен парламенттің сегіз отырысына қатысып, өз ұсыныстарымызды жазбалай жеткіздік. Қытайдағы жағдай ушығып тұрған кезде паспорт мерзімі өтіп кеткен жүзден артық адамның паспортын Қытай консулы арқылы жаңалап алуына көмектестік. Көші-қон билетінің уақыты өтіп, азаматтыққа өте алмай жүрген қандастарымыз жөнінде «Abai.kz» порталымен бірлесе отырып Үкіметке хат жазып, үндеу жарияладық. Бұл еске түскендері ғана. Шекара ашылған соң қандастарымыз көптеп келе бастайды, осы кезде Қытай жағынан электронды виза, топтық туристік виза алу мәселесі туындауы мүмкін. Бұл мәселемен бұрында айналасқанбыз, әзірде айналаса береміз.
Ауытбек 2021-02-11 18:38:50
Неге сізді оралман қандастарыңыз «қытайдың жұмсақ күші» деп атайды? Қытайдағы миллиондаған жазықсыз аз ұлттардың жаппай геноцидке ұшырауына көмектесіп жатқан, Қытайдың фашизм режиміне адал қызмет етуші қазақ пен ұйғырдың коммунист шолақ белсенділерін ұлт сатқындары, ұлт опасыздары деп санайсыз ба? Қытайдан қашып келген қандастарыңызды ұрып, пышақтап кеткендер қытайдың жалдамылары ма әлде үш әріп болуы мүмкін бе? Әлде жәй ғана бұзақылар ма? Олар неге ұсталмайды?
Жауап: Жаңа жылдың алдында «Жебеудің» үш мүшесі дүниежүзі қазақтар қауымдастығының басшысы жағынан алғыс хат алды. Мен және Р.Айыпұлы «Отандастар» қоры жағынан алғыс хат алдық. Алматы қаласы әкімінің орынбасарынан да алғыс хат алдым. Осыдан-ақ, біз кімнің «жұмсақ күші» екеніімізді бағымдай беріңіз. Қытайдан шекара бұзып өтіп келіп азаматтығы жоқ тұлға атанған екі қандасымыздың жағдайына келсек, мәселе құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында тексеріліп жатыр, жақын арада нәтижесі шығып қалар.
Бектас 2021-02-11 17:01:17
Қытайдағы қазақтарды қорғау деген Нобель сыйлығын алу науқаны емес пе?
Жауап: Бұлай айтуға келмес, Нобель сыйлығы дегеніміз әлде бір атаққұмарлардың итаршыларын айдап салып ұйымдастырған сәтсіз, орашолақ қойылым емес, әлем мойындаған, тұлғалар санасатын сыйлық. «Ақсақ иттің көңілі арғы жақта» дегендей, топас тобыр мен арсыз, суайт осылай қойылым қойып елдің күлкісіне қалды.
Бейсен Тұрарбек 2021-02-19 13:23:16
Омарәлі Әділбекұлы мырза, бүгінге дейін бейресми санақ бойынша 300 мыңның айналасында қандастар елге ат басын тірепті, бұдан кейін елге келуге Қытайдағы қандастар қаншалық құлықты? Келешекте елге қанша қазақ оралады деп ойлайсыз? Көш көлікті болуы үшін Қазақ үкіметі тағы нелерді істеуі керек деп ойласыз?
Жауап: 2018 жылы сол кездегі ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаев мырза қабылдағанда, «ендігі Қытайда қалған қазақтар көшіп келеді ме» деп сұрағанда: «Екі анықтаманы Елбасыға айтып шешсеңіз, алғашқы лекте 500 мың адам келеді» деп айтқан едім. Қазір екі анықтама шешілді, Қытайдағы қысым азайды, бірақ пандемия бар. Сонымен көш қаңтарылып тұр, бірақ алда көштің алтын дәуірі болады, біз соған ел болып дайын болуымыз керек.
Дереккөз: Abai.kz