2021 жылы 31 наурызда Түркістан қаласында Түркі кеңесінің бейресми саммиті өтті. Бұл саммит Түркі тілдес елдер мен халықтар, сондай-ақ Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Саммитті Түркі кеңесі ұйымдастырды. Түркі кеңесін толық түсіну үшін алдымен жалпы түркі халықтары мен Түркі әлеміне қысқаша көз жіберейік.
Түркі халықтары — Орталық, Шығыс, Солтүстік және Батыс Азияның, сонымен қатар Еуропа мен Солтүстік Африкада тұратын этнолингвистикалық топтардың жиынтығы. Түркі халқы Алтай тауларынан Шығыс Монғолияға дейін созылған аймақтарда қалыптасқан. Кейбір лингвисттер түркі халықтарының тамырын Манчжуриядағы Батыс Ляо өзені бассейнінен табуға болатыны жөнінде болжам айтады. Түркі тілдес халықтар түркі тілдері отбасына жататын тілдерде сөйлеседі. Олар әртүрлі дәрежеде белгілі бір мәдени ерекшеліктермен, жалпы ата-бабаларымен және тарихи шығу тектерімен бөліседі.
Түркі әлемі дегенді халқымыз кейде дұрыс түсіне бермейді. Түркілердің біздің заманымызға дейінгі 3000-4000 жылдық тарихы бар. Мұны кеңістік пен уақыт аясында қарастырған жөн. Халық болып даралануы Қола дәуірінен басталады. Шығысы - Манжурия, батысы – Қара теңіз, Қырым түбегіне дейін, бір сөзбен айтқанда Шығыс Еуропа, оңтүстігі Памирден басталып, солтүстігі Якутияға дейін созылған алып кеңістік. Бұл – Түркі әлемінің өмір сүрген кеңістігі. 3000-4000 жыл өмір сүрген және осы күнге дейін жалғасып келе жатқан халықтың тұрғылықты мекені. Осы мекенде өмір сүріп жатқан халық Түркі әлеміне жатады. Онда тәуелсіз жеті Түркі мемлекеті бар. Олар: Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы. Оның сыртында түркі тілдес халықтар Қытай Халық Респбликасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі мен Ганьсу провинциясының Сунаньуезінде (сары ұйғырлар), Ресей Федерациясының Тува автономиялық республикасы, Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Алтай автономиялық республикасы, Қарашай-Балқар автономиялық республикасында, Астрахан, Орынбор, Омбы облыстарында, Чувашия, Якутия (Саха), Хакасияда, Қырым автономиялық республикасында, Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда, Молдова Республикасы құрамындағы Гагаузияда, Моңғолияның Баян өлгей аймағында тұрады. Сондай-ақ Иран, Ирак, Болгария, Польша, Литва сияқты мемлекеттерде де тұрып жатқан түркілер мол.
Барша әлемдегі Түркі телдес халықтардың саны мөлшермен 300 миллион шамасында. Түріктер – 85 млн., әзербайжандар – 55 млн., өзбектер – 40 млн, ұйғырлар – 25 млн., қазақтар 16 – млн., татарлар – 10 млн., түрікмендер – 9 млн., қырғыздар – 5,5 млн., ноғайлар – 5 млн., башқұрттар – 2,5 млн., шуаштар (чуваштар) – 2 млн., қашқайлар – 1,7 млн., ахыскалар – 1 млн., қарақалпақтар –1 млн., қырым татарлары – 500 мың, сахалар (якуттер) – 500 мың. құмықтар – 420 мың, хорасандар – 400 мың, тувалар – 350 мың, қарашай-балқарлар – 300 мың, гагауздар – 300 мың, афшарлар –300 мың, алтайлар – 75 мың, хакастар – 65 мың, саларлар – 55 мың, шорлар – 10 мың.
Ерте Түркі мемлекеті дәуірінде, яғни Түрік қағанатының күшейген кезеңінде Солтүстік-Шығыс Қытай (Манчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Кавказ аймақтарына иелік еткен.
Түбі бір түркі жұртын бір шаңырақтың астына жинап Түрік қағанатын құрған ер Бумыннан бастап, Естеми қаған, абыз Тоныкөк, көне түріктің көк семсері атанған Күлтегін сынды батырлар Көк Тәңірге сыйынып, төбедегіні келтірген еді…
«Бек ұлдары – құл болмасын, Пәк қыздары – күң болмасын» деп күллі түркі әлемін қорғау жолында «бастыны – еңкейтіп, тізеліні – бүктірген еді» дейді шежіре-тарих…
Одан кейін тарих барысында, әсіресе Анадолы түркілері Көне Түркі мемлекетінің жалауын жықпай үш құрлықта желбіретті. «Мешіттер – қорғанымыз, Күмбездер – дулығамыз. Мұнаралар – найзамыз, Муминдер – әскеріміз» деп ұрандатқан түркі жұрты әлемнің жартысына билігін жүргізген ержүрек халық болған деседі…
Түркілердің тарихы терең, геограциялық аумағы кең, халық саны көп. Түрк тілдес халықтар соқтықпалы, соқпақсыз жерлерде өсті. Тебінгіге тер қатып, қабырғана қар тұтып, мыңмен алысып, өсіп өрбіді. Алуан тарихи кезеңді басынан өткізді. Мың өліп, мың тірілді. Түркия Республикасы тысындағылардың көбі үлкен империялық күштердің бодандығында қалды. Қаншама қырғын жасалып, ассимилияция саясаты астында болса да біртұтас түркі рухының мызғымас киесі жойылмады. Кезінде Кеңес Одағының өктемшіл саясаты түркі жұртының ағайын болып, аралас-құралас өмір сүруіне жол беру былай тұрсын, керісінше, бір-бірін жатсынып, жатырқайтын деңгейге жеткізіп еді. Алайда, өктем саясат түркі жұртының бауырмалдығын жоя алмады.
1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдығында Түркия Республикасының құрушысы, ұлы көсем Мұстафа Кемал Ататүрік: «Мәңгі өмір сүретін империя жоқ... Кеңес үкіметі де бір күні тоқырайды. Сол кезде оның құрамындағы түркі тілдес тайпалардың ұрпақтары да өз тәуелсіздігін алады. Біз олардың өтінішін күтпей, көмек қолын созуға міндеттіміз» - деген екен. Содан 58 жыл өтіп, Кеңес Одағы тарих бетінен жойылған кезде Түркі тілдес елдер тәуелсіздігін алды. Ататүріктің сөзін ұмытпаған Түркия елі осы елдердің тәуелсіздігін бірінші болып таныды. Әр ел дербестік алып, тәуелсіздігін жариялап, «өз қолы өз аузына жете» салысымен-ақ түркі ағайындар бір-бірін іздей бастады. Тәуелсіздік алу-Түркі тілдес елдер үшін үлкен тарихи оқиға болды. Осыдан бастап түркі тілдес елдер бір-бірімен қою байланыс жасап, қарым-қатынастар орнатты. Бабалардың «Түркі тектес түгел бол!» - деген аманаты тілге оралады. Түркі әлемінің береке-бірлігі үшін әртүрлі ісшаралар орындалды. Соның ішіндегі ең үлкені Түркі кеңесінің құрылуы болды.
ТМЫК немесе Түркі кеңесі Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі немесе қысқартып айтқанда Түркі кеңесін құру туралы келісімге 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахичевань қаласында өткен Түркі тілес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде қол қойылды. Ал кеңес құру туралы бастаманы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп, оған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан басшылары қолдау көрсетті. Түркі кеңесінің 1-ші саммиті 2011 жыл 21 қазанда Алматы қаласында өтті. Содан кейін 2012 жылдың тамызында Қырғызстанда, 2013 жылдың тамызында Әзербайжанда, 2014 жылы Түркияда, 2015 жылдың қыркүйегінде Астанада, 2018 жылы Қырғызстанда, ал соңғы 7-ші саммит 2019 жылдың қазанында Әзербайжанның Баку қаласында ұйымдастырылды. 2018 жылдан бері Венгрия байқаушы ел мәртебесін алса, 2019 жылы Түркі кеңесіне Өзбекстан Республикасы қосылды. Сол жылдан бері ҚР тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесінде. Айта кетерлігі, 2020 жылдың 10 сәуірінде Түркі кеңесінің төтенше саммиті бейнеконференция арқылы ұйымдастырылды. Саммитте COVID-19 пандемиясымен тиімді күресу мәселелері талқыланып, арнаулы декларация қабылданды. Жиналыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетудің маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан үн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтты.
Күлтегін бабамыз «Аспанда - күн, жерде – түркі» деген еді. Шын мәнінде, Түркі әлемі баршамызға ортақ. Біздің тарихымыз да, тағдырымыз да бір. Кешегіміз бір болған соң, келешегіміз де бір болмақ.
Түркі тілдес елдерінің президенттері Түркі Кеңесі құрылған сәттен бастап оның маңызды жетістіктерін атап өтті, Түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен үйлестірілген қызметті қамтамасыз етудегі, түркі халықтарының құндылықтары мен мүдделерін өңірлік және халықаралық аренада ілгерілету мен қолдаудағы кеңестің рөлін арттыру ниетін білдірді.
Мемлекеттер басшылары Түркі халықтарының татулығына, тұрақтылығына, қауіпсіздігі мен өркендеуіне ықпал ететін құрал ретінде көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын баса көрсетіп, Түркістан қаласының бүкіл Түркі әлемін біріктірудегі рухани маңыздылығын мойындады. Қорытынды декларацияда Қазақстанның тарихи Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астаналарының бірі болып жарияланды. Сондай-ақ болашақта Түркі әлемінің басқа да тарихи қалаларына ротация қағидаты негізінде осындай мәртебе беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Саммит құжатында Түркі Кеңесіне аса өр мақсаттар қоюға, әсіресе көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым салаларында стратегиялық өңірлік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін экономикалық жағдайлардың маңыздылығы атап өтілді.
Декларацияда Әлішер Неваи (белгілі ақын және мемлекет қайраткері), Юсуф Баласағұни (ақын, философ және мемлекет қайраткері), Низами Генджеви, Юнус Эмре, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейхан, Хусеин Қарасаев және басқада Түркі әлемі тарихындағы әдеби, көркем-өнер, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өмірдің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлғалардың есімдері арнаулы аталды. Декларацияда әсіресе Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани астанасының бірі болып жариялануы Қазақстан үшін тарихи маңызға ие үлкен оқиға болып табылады. Түркістан қаласы қаймағы бұзылмаған қазақтың қарашаңырағы, ерекесі ұйыған киелі мекен. Әйгілі ұлтжанды ақын Мағжан Жұмабайұлы Түркістан жайлы:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой.
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша – Түркістандай жерде туған.
Түріктің тәңір берген несібі ғой» деп жырлаған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан»-деген болатын. Саммит барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын» деп Түркі елдерінің басшыларына маңызды үндеу тастады.
Түркістан қаласының бүкіл Түркі әлемі үшін маңызы зор, себебі қалада Ахмет Яссауидің кесенесі орналасқан. Сондықтан қала бүкіл Түркі әлемінің рухани орталығына айналды. Түркістанның Түрік жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы-түбі бір бауырлас елдердің ынтымақтастық-бірлігінің артуына ықпал жасайды. Қазақстанның баырғы қаласы Түркістанның 2 мың жылға жуық тарихы бар, уақытында Қазақ Хандығының астанасы ретінде қызмет еткен қалада көптеген қазақ хандарының қабірлері орналасқан.
Түркістан облысында ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қатарлы талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер бар. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті-Қазақстанның озық көп салалы университеттерінің бірі. Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластықтың ең айқын нәтижесі осындай ортақ университеттің құрылуы. Бүгінде аталмыш университетте Түркі әлемінен келген 10 мыңнан астам түлек білім алуда. Университет алғашқы түлектерін ұшырды және бұл түлектер Қазақстан-Түркия және басқа түркі елдерінде де биік парасаттылықпен халқымызға қызмет етуде. Туған ағасындай бауырласы Түрік мемлекетінен үлгі алған Қазақстан Республикасы халықаралық қатынаста айтарлық жетістіктерге қол жеткізді.
Қорыта айтқанда, Түркі тілдес елдер кеңесі туыс елдерді топтастырып, ортақ мәдени-рухани жобаларға бастамашы болып келеді. 2021 жылы 31 наурызда өткен Түркі кеңесінің бейресми саммиті бейнеконференциясы Түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нағайтумен қатар, әсіресе Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты стратегиялық қарым-қатынастарды тың белеске көтереді.
Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын "Бірлік болмай тірлік болмас", "Бірлік түбі - береке", "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деп түйген. Қазіргі жаһандасқан әлемде түркітілдес елдер мен халықтарының бірлігі мен ынтымақтастығы өте маңызды.
Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев "Түркі Әлемі Біріккен Мемлекеттерін" құруды мақсат еткендерін айтты. «Түркі тектес түгел бол!». Өйткені бірліктен тірлік туады.
Зейнеш Смайыл (Түркия)
Қазақстан Ғылымдар Академиясының
құрметті академигі, профессор
Дереккөз: 6alash.kz