Қытайдағы қазақтардың kazakcnr.com сайтында Қытайдың теңіз жағалауындағы Шэньчжэнь қаласында жеке би студиясын ашқан қандасымыз биші Гауһар Бақытқызының сұхбатты жарық көрді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Шэньчжэнь қаласы (Shēnzhèn) - Қытайдағы алғашқы құрылған арнайы экономикалық аймақ. Ол қазіргі таңда дамып келе жатқан, ірі қалалардың бірі. Әйтседе осы экономикасы қарқынды дамыған, заманға сай бой түзеген жаңа қаланың ұлттық мәдениет пен дәстүрден алшақтай түскені анық байқалады. Сондықтан ел аузында бұл қаланың «Мәдениет шөлі» деген аты бар. Міне осындай жаһандық үрдіске жұтылып, адамзаттың төл мәдениетінен алшақтай түскен алып қалада жеке би студиясын ашып, «мәдениет гүлін» егіп жүрген қазақ қызының еңбегі зор», - деп жазды CNR.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, қазіргі күні Шэньчжэнь қаласында тұрып жатқан Гауһар Бақытқызы Қытайдың Алтай аймағының тумасы. 2014 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің би академиясын бітірген. Ол Шыңжаң бишілері одағының және Шэньчжэнь бишілері одағының мүшесі. Шыңжаң ән-би ансамблінде биші болған. Гауһар 2014 жылы Хух-Хото қаласында өткен Қытайда тұратын саны аз ұлттардың би фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен бірге 11-ші Қытай өнер фестивалінің, 15-ші «Вэньхуа сыйлығының», «Тяньшаньдағы махаббат» спектаклі қойылымның алтын медалдарын қанжығалаған. Гауһар Бақытқызы 2016, 2017 жылдары Қазақстан, Өзбекстан, Макао, Үндістан, Бутан және басқада көптеген елдерге өнер сапарымен барып қазақтың биін билеп, әлемге насихаттаған. Сондай-ақ, бишінің қазақтың ұлттық би өнері туралы қаузаған мақалалары Қытайдағы белгілі басылымдарда жарық көрген.
«Би мен үшін арман-тілек, тәуелділік, табандылық, ізденіс жолым. Менің әлемді танып, қабылдайтын ең үлкен терезем. Сондықтан мен әлемді би арқылы түсінемін деп айтамын. Өзім кішкентай кезімнен билегенді ұнатам. Би үйірмелерінде тәрбиелендім. Мен осы уақытқа дейін ұлтымыздың би өнерін өзге жұртқа танытсам, тамашалатсам деп мақсат қойдым. Өнер сапарымен әлем елдерін аралағанда көбінесе «Қара жорға» биін билеп шығатынмын. Сонда көремен ерекше қызығып, қайталап билеуге ұсыныс жасайтын», - дейді Гауһар Бақытқызы.
Сонымен бірге биші сұхбатында Шэньчжэнь қаласындағы би студиясының қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтып берген.
«Біз бала күнімізден қазақтың тойы мен түрлі мерекесіндегі ән мен биді көріп өстік. Бұл орта бізді мәдениетті , өнерді танып-білуге, оны жақсы көріп, әуестенуге үйретті. Ал мына Шэньчжэнь секілді әлемдік финансы, экономика, сауданың орталғы саналатын қалада адамдардың өмірі тым қарбалас өтіп жатыр. Менің шәкірттерім осында келгенде би үйреніп, сонымен бірге демалып, сергіп қалады. Шэньчжэнь қаласы Гонконгқа жақын орыналасқан. Сондықтан болар адамдар Еуропа мәдениетін көбірек қабылдап жатады. Соған қарамастан менің шәкірттерімнің арасында қазақтың «Қара жорға» биін өз болмысымен билеитін биші қыз бар. Биді үйрену барысында қиындық болды. Менде, шәкіртімде сол қиындықтарды жеңіп, үлкен құлшыныспен, қажырлы еңбекпен сәтті үйреніп шықтық. Соның арқасында Хунан телеарнасы ұйымдастырған аламан би байқауында сол қытай ұлтының 10 жастағы қызы «Қара жорға» биін билеп жүлдегер атанды», - дейді биші Гауһар Бақытқызы.