Әбдібек Қалибек Жапонияда теңдесі жоқ қондырғылармен жабдықталған орталық ауруханада қызмет етеді. Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен ол сүттен жасалатын ұлттық тағам – құрттың суынан дәрі әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта Жапонияда жиған-терген тәжірибесін Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетуге қолданғысы келеді. Қазақ медицинасының тарихын зерттеп, әдеп-ғұрыптарымыздың медицинамен байланысы бар екенін алға тартып жүрген Әбдібекпен хабарласып, "Түркістан" газетінің тілшісі сұхбаттасыпты. Сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
–Қытайда медицина университетін бітірген соң, бірден Токиоға келдіңіз бе?
– Жоқ, Қытайда бір жыл дәрігер болып жұмыс істедім. Негізі, өзім Үрімші шаһарының тумасымын. Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығы бойынша білім алдым. 2004 жылы Жапониядағы белді оқу орындарының бірі – Juntendo университетінің магистратура бөліміне, кейін докторантурасына түстім. Әрі университет, әрі клиника саналатын бұл мекемеге алғашында жәрдемші болып жұмысқа тұрған едім, қазір осында көмекші профессор болып жұмыс істеймін.
– Дәрігерліктен бөлек, жеке кәсіппен айналысады екенсіз. Кәсібіңіз де медицинамен байланысты ма?
– Иә, кәсібім медициналық туризммен байланысты. Жалпы, науқас адам Жапонияға келмес бұрын көп ақпараттан хабардар болуы керек, жапон тілін білуі керек. Ең маңыздысы, медициналық виза алуы қажет. Оны әуежайдан қонақүйге алып келіп, сосын ауруханаға жол көрсетіп жүретін бір адам қажет. Біздің компания осындай қызмет түрлерін ұсынады. Жапонияға келіп, бір айға дейін сабылып, ауруханаға кіре алмай, қаражаты болса да, жөнді сервис ала алмай жүрген науқастардың жайын көріп, 2013 жылы осы кәсіпті қолға алған болатынмын. Десек те бұл кәсіп Жапонияда онша дами қоймаған. Байқауымша, жапондықтардың медициналық туризмді қолдауға «зауқы» жоқ, кедергі де көп. Жапония Түркия, Германия дәрігерлері секілді «Бізге тезірек келіңіз. Ақшаңыз болса кез келген ауру-сырқауды емдеп береміз» дейтін ел емес. Барлығы сақтандыру қағазын қолданады, емдеу процесі қатаң жүргізіледі, барлығы қауіпсіз әрі ұсынатын қызмет түрлерінің де сапасы жоғары. Сол себептен де Жапония медицинасы әлем бойынша бірінші орында тұр. Бізге көбіне Қытай, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Мексика, Үндістан елінің азаматтары жүгінеді. Ал Қазақстан азаматтары Жапониядағы Қазақстан елшілігі арқылы маған байланысқа шығады, бірақ оларға компания арқылы қызмет түрін ұсынбаймын. Осында келген қазақтарды жаныма жақын тартып, барлығын өзім түсіндіріп беремін. Сондай-ақ, оларға гуманитарлық көмек көрсетемін. Опық жеп қалмасын, екі есе шығынданбасын деп, тиімді жол тауып беремін. Қазақтар бірінші күні таныс болғанымен, екінші күні бір-біріне аға-бауыр болып кетеді ғой. Сосын үшінші рет кездескенде ерекше қарсы алып, үйге қонаққа шақырып, жақын араласып кетеміз. Сол себепті осында ем-дом алуға келген қазақтарға ішіміз жылып тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, біз дәрі-дәрмек жасап, оны Қазақстанға экспорттаймыз. Он жыл бойы клиникалық тесттер жасап, өзім ойлап тапқан үш түрлі биоқоспам бар. Осы жылдың соңына дейін лицензия алсам, алдымен Жапонияға сатылымға қоямыз, сосын «Қазақстанға арналған» деп жазып, елге жібереміз. Дәрі-дәрмек жасауға рұқсат беретін лицензиядан бөлек, медициналық аппарат сатуға лицензиямыз тағы бар.
– Қазір қандай дәрі әзірлеп жатырсыз?
– Мен ойлап тапқан биоқоспаның бірі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп атадым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар.
– Сонда құрттың суына он алты түрлі қоспа қосасыз ба?
– Жоқ, құрттың суын зерттеп көрсеңіз, ішінен он түрлі құрам табасыз. Соған өзім әзірлеген алты түрлі қоспаны қостым. Бұл дәріні әзірлеп жатқанымызға бес жыл болды. Жапонияда бір дәрі жасап шығару үшін кем дегенде төрт-бес жыл уақыт кетеді. Бұйырса, осы жылдың соңына дейін үш түрлі өнімді әзірлеп шығармақ ойымыз бар.
– Апа-жеңгелеріміздің құрттың сол сары суын көбіне сыртқа төгетінін көретінбіз. Алайда сол сары судың денсаулыққа пайдасы бар екені ойға да келмепті…
– Мен бұл сары судың пайдасы бар екенін қазақтың медицина тарихын зерттей келе түсіндім. Қазақ медицинасының тарихын ақтарсаңыз, таңдай қақтыратын деректер жетерлік. Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда жамбасы я белі сынған жауынгерлерді емдеу үшін дәрілерді қалай жасап шығарғанын оқысаңыз, таңғаласыз. Қазақтың әдет-ғұрыптарын да зерттесеңіз, медицинаға қатысы бар көптеген ілік табасыз. Мысалы, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін зерттеп, ол туралы ғылыми түрде мақала жазсаңыз, генетика әлеміне енесіз. «Туыс» генетика бір-бірімен қосылса, бала кемтар болып тууы мүмкін, тіпті денсаулығында ақау болмаса да, өсе келе аурушаң болуы ықтимал. Бала кезімізден үлкендеріміз «Туысқандардан қыз алуға болмайды. Осыны ұғынып алыңдар» деп миымызға құйып, санамызға сіңіріп тастаған ғой. Бастапқыда бұған үстіртін қарағанымызбен, есейе келе бұл дәстүрдің медицина тұрғысынан пайдалы екенін түсіндік. Тарихты ақтара берсек, дертке дауа, ауруға ем болатын көп нәрсені табуға болады. Мысалы, жылқының майының зор пайдасы бар. Біздің қыз-келіншектер Оңтүстік Кореяда әзірленетін косметикаға тапсырыс беріп, қала берді, сауда орталықтарында таласып, сатып алып жатады. Солар жылқы майының корейлердің косметикасынан да асып түсетінін білсе ғой, шіркін. Жылқының майын бетіңізге жақсаңыз, аллергия болмайды, әжім түспейді, қара дақ қалмайды. Сиыр мен қойдың майын жей берсеңіз, холестерин көтеріледі, тамырыңызға зиян келеді. Әсіресе, етке жабысып тұрған майдың бел ауруларын, омыртқа жарығын емдеуде пайдасы зор. Жылқы майының сүйекті жұмсартып жіберетіндей қасиеті бар. Сосын түйе жүнінің де пайдасы зор, ол инфекцияны таратпайды, ісікті қайтарады. Бұрынырақта аталарымыз түйе жүнін жылы суға салып, оған тұз қосып, жібіткен. Сосын оны науқастың сынған сүйегінің үстіне басып, гипс секілді қолданған. Сондай-ақ, аталарымыз тауық жұмыртқасын да гипс ретінде қолданған. Жұмыртқаның сарысын орамалға құйып, сынған жерге басқан.
– Сіз мұның барлығын арнайы зерттедіңіз бе әлде бала кезіңізден ата-анаңыздың айтқандарына құлақ түргендіктен жадыңызда жатталып қалды ма?
– Бала кезде көп нәрсені байыбына барып түсіне бермейміз ғой. «Құрттың суы несі тағы?», «Қойшы, осының да емдік қасиеті бар ма?» дейміз. Шыны керек, қазақтың тағамдарын жегіміз келмей, ауылдан әзірлеп әкелген сусындарды менсінбейтін едік қой. Бірақ, өмір көп нәрсеге үйретті. Медициналық білім алып, Токиода түрлі эксперименттер жүргізген кезде іздегеніміз мұрнымыздың астында тұрғанын көрсетті. Қазақтың салт-дәстүрі медицинаға тікелей байланысы бар екенін енді біліп жатырмыз. Айта берсек, құнды мәліметтер көп, бірақ құр сөзбен қуырдақ қуырғанша, дәлел келтіруіміз керек. Орыстар, америкалықтар, жапондардың алдына рецептерімізді жайып салып, «Міне, бізде мынадай дәрі бар. Мынау мына тағамнан алынған. Анау жылқының майынан жасалған. Біздің медицина әлемінде ашқан жаңалығымыз осы!» деп, нақты дәлелдерді ортаға алып шығуымыз керек. Қарап отырсақ, мұның барлығы тәрбиемен келеді екен ғой. Мысалы, қазақтар жаңа туған сәбиге қойдың майын жағады. Үлкендерден мұны не үшін жағатынын сұрасақ, баланың аяқ-қол буындары босасын, әйтсін, бүйтсін деген деректерді ғана айтады бізге. Ал бірақ тағы сол қазақ медицина тарихына үңілсеңіз, мұның мәні басқада жатыр. Сәби дүниеге келген соң, көп нәрсеге төтеп беруі керек екені айтпаса да түсінікті. Аталарымыз көшіп-қонып жүргенде киіз үйде жатқан балаға құрт-құмырсқа жоламасын деп қойдың майын жаққан. Қойдың майының иісі жаман екенін білесіз. Сол иіс арқылы ата-бабамыз нәрестені көп нәрседен қорғаған. Сондай-ақ, ол майды вирус, бактерия жұқтырмау мақсатында да қолданған. Сексеуілден жасалған қара сабынды да дәрі ретінде қолданған. Коронавирус кімдерге жұғады? Бала кезінен иммунитетіне дұрыс көңіл бөлінбеген, генетикалық әлсіздігі бар адамдарға жұғады. Сосын тәжірибе көрсеткендей, диабетпен ауыратын, семіздікке шалдыққан адамдар вирусқа төтеп бере алмай жатыр. «Коронавирус жұқтырмау үшін иммунитетіңізді көтеріңіз» дегенді жиі естиміз. Бірақ иммунитет бір-екі күнде көтеріле салмайды ғой, ол туа сала денемізге қойдың майын жаққаннан, тіпті ауылда балалармен бірге ойнап жүріп, арасында қатық тұрған дорбаның сыртын тілмен жалағаннан бастап көтеріледі. Жалпы, организм жасартуда ішек-қарынның рөлі орасан. Ішек-қарын дұрыс жұмыс істемесе, адам тез қартаяды. Біле білсеңіз, ішек-қарынның да жасы болады. Сол адамның қанша уақыт өмір сүретінін «белгілейді».
Ал сол ішек-қарынның жұмысын жақсартатын – осы сарысу. Өзім қалада өскен қазақпын, десек те каникул кезінде ауылға жиі баратынмын. Сол кезде апаларымыздың құрт жасаған кезде жиналған сары суды кішкентай балалар мен келіндеріне ішкізетінін үнемі көретінмін. Кейде сіз айтқандай құртын ғана алып, суын жерге төге салады. Бірақ дәрігер ретінде сізге айтайын, бұл сары судың пайдасы зор. Алдағы уақытта елдегі көпшіліктің бұған көзі жетеді деп ойлаймын.
– Қазақстанға жиі келіп тұратыныңызды айттыңыз. Қытай медицинасымен таныссыз. Қазір Жапония медицинасының сапасын арттыруға атсалысып жүрсіз. Ал Қазақстан медицинасының хал-ахуалын қалай бағалайсыз?
– Елде өз ісінің білгірі саналатын мықты дәрігерлер бар екеніне көзім жетті. Олардың кәбіи деңгейін көріп таңғалдым. Бірақ мені толғандыратын бір мәселе бар – бізде медицина жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мықты мамандар жетерлік, бірақ жұмыс сапасын арттыру үшін кемелденген жүйе керек. Байқап қарасам, елде Кеңес Одағынан қалған жүйемен жұмыс істейді екен. Оған қоса, дәрігерлердің жалақысы аз, аппараттар да жеткіліксіз. Жүйені өзгертпесе, мықты мамандарымыздан айырылып қалу қаупі бар. Дәрігерлер жыл сайын Америкаға барып, біліктілік арттырып келсе де, медицинаға деген жалпы көзқарас өзгермей, сапа көтерілмейді. Әлем жұртшылығы медицинасын мойындаған елдердің тәжірибесіне сүйеніп отырып, Қазақстан медицинасына реформа жүргізу керек. Мысалы, Жапонияда дәрігерлердің жалақысы жоғары. Дәрі-дәрмектің барлығы мемлекеттің қатаң бақылауында. Қулық жасап, артық дәрі-дәрмек алып қалу деген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, Жапония дәріханаларында дәрігердің рұқсаты болмаса дәрі берілмейді. Ал Қазақстандағы фармацевтер ел сұраған нәрсенің барлығын бере береді екен. «Осыны ішсем жазыламын» деп, өз бетінше тон пішіп, денесін дәрімен улай берсе, күннің бір күнінде ол адамның денсаулығында кінәрат пайда болады ғой. Дегенмен, Қазақстан – даму үстіндегі мемлекет. Билік басындағылар дамыған елдерден қалыспай, терезесін тең ету үшін тырмысып, әлемдік аренада өзін мойындатуға барын салып жатыр. Құдайға шүкір, қазір қазақ тілінің де мәртебесі жоғарылап жатыр. 2000 жылдары Алматыға барғанымда қазақша сөйлей алмайтын адамдардың қарасы көп болатын. Соңғы рет барғанымда қонақүйде қызмет ететін, үнемі орысша сөйлейтін қыздардың «Қазақша сөйлей беріңіз» дегенін естіп, қуанып қалдым. Шетте жүрсек те, Қазақстанның бірте-бірте дамып жатқанын байқап, бақылап жүрміз.
– Әңгімеңіздің ауанын байқап қарасам, елге келіп жұмыс істеуге ықыласыңыз бар секілді?
– Әлбетте, елге барып жұмыс істегім келеді. Бірақ тарихи Отанға дәрігер ретінде емес, елдегі медицина жүйесін өзгертетін білікті маман ретінде барып, еңбек еткім келеді. Барған кезде менің сөзімді еститін «құлақ» болса деймін. Осы салада жинаған жиырма жыл тәжірибеме сүйеніп, Қазақстан медицинасын ілгерілетуге мүмкіндік берсе екен деймін. Жапонияда жұмыс істеген жылдар ішінде жақсы байланыс орнаттым, үнемі ақылын аямайтын кеңесшілерім тағы бар. Одан бөлек, Америка мен Ресейде де көтерген бастамама қолдау білдіретін білікті мамандар баршылық. Бізде «Ресей медицинасы мықты ғой. Германияның медицинасын әлем мойындайды» дегенді жиі айтады. Бірақ маман ретінде айтайын, кейінгі он жыл бойы Ресей мен Германия медицинасы құлдырап жатыр. Қазір әлем бойынша медицинасы мықты елдердің көш басында Жапония тұр. Үздік үштікті Америка мен Франция елдері түйіндейді. Технология гиганты саналатын Жапонияның медицинадағы озық үлгісін алып, Қазақстанда қолдансақ жаман болмаймыз.
– Бір сөзіңізде «Жапонияда жалақы жақсы төленеді» деп айтып қалдыңыз. Біздегі көпшілік шетелде жұмыс істейтін қазақтардың жайлы ортасын тастап, жоғары жалақысын қиып, елге келетініне сене бермейді…
– Қазақта бір сөз бар еді ғой. «Айналып, айналып тұғырын табады» деуші ме еді? Қалай еді?
– «Ат айналып қазығын табады».
– Иә. «Ат айналып қазығын табады» дейді. Келешекте атажұртқа оралып, бір жерге қазық қағып, сол жерге қора-жай жасап, шаруашылық жүргізіп, өмірімізді соңына дейін сол жерде өткізсек деп ойлап жүрміз. Балалар оқуға түсіп, өз жанын өзі баға алатын жасқа жеткен соң, бізге бұл жерде не бар? Елге кетеміз. Сосын сізге мынаны айтайын: қаражат мен үшін бірінші орында емес. Қазақстанда маған жалақы бермей-ақ та қойсын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінен үлкен өзгеріс орнатуға құқық беретін лауазым ұсынса, жалақы алмай-ақ жұмыс істей беретін едім. Жалақыға келіп, тіреліп қалған дәнеңе жоқ. Біз табатын ақшамызды таптық. Алатын тәжірибемізді алдық. Бар түсінгенім – жас ұлғайған сайын қоғамға пайда келтірудің орайын іздеп, артыңнан із қалдыру үшін шәкірт тәрбиелеуді, білім мен біліктілікті дұрыс арнаға бағыттауды көп ойлайды екенсің. Жас кезімізде ақша табуды көздедік, жалақысы жоғары жұмыс істеуді жөн көрдік, ал қырықтан асқан соң, мұның барлығы қалады екен. Сондықтан елдегі көпшіліктің жоғары жалақыны қиып кете алмайды деп ойлауын ағаттық деп білемін. Әрбірден соң, бұл жерде тапқан ақшаны, тырысып-бақсаңыз Қазақстанда да таба аласыз ғой.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дереккөз: "Түркістан" газеті