17-28 шілде күндері «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 12 мен 17 жас аралығындағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь өтті. Қордың президенті Абзал Сапарбекұлы лагердің мақсаты мен артықшылықтары туралы айтып берді, деп El.kz-ке сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Жалпы «Отандастар Қорының» құрылғанына бүгінде 4 жыл уақыт болды. 2019 жылдан бері қор түрлі жобаларды жүзеге асыра бастады. Әрине, 2020-2021 жылдардағы пандемия біраз жобаларды іске асыруға кедергі болды. Бірақ 2022 жылдан бастап «Отандастар» қорының жұмыс жоспарында белгіленген жобалардың барлығы жүзеге асып жатыр. Жалпы қордың негізгі міндеті – сырттағы шетелде жүрген қандас бауырларымызбен байланысты жүйелі жолға қою. Соның шеңберінде түрлі ұлттық бірегейлігімізді, оның ішінде ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді, әдеби мұраларымызды сырттағы қазақтарға таныту және сақтап қалуға ынталандыру. Мысалы, ана тілімізді үйрету бойынша айтатын болсақ, «Отандастар Қоры» шетелдерде 8 елде офлайн, 12 онлайн курс ұйымдастырды. Оған 100-деген шетелдегі қазақтар қатысып жатыр», - дейді Абзал Сапарбекұлы.
Шетелдегі қандастарды қолдау мақсатында «Отандастар Қоры» бірегей жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – балаларға арналған жазғы лагерьлер. Биыл Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучье көлінің оңтүстік шығыс жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінің базасындағы жазғы лагерге әлемнің әр түкпірінен балалар келді. Қор президентінің айтуынша, лагерь бағдарламасы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұжырымдамасына сай талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым құндылықтарына негізделген.
«Балалар лагері биыл екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Бұдан бұрын 2019 жылы өткен болатын. Биылғы лагерге Иран, Түркия, Франция, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен балалар қатысты. Лагерді өткізудегі негізгі мақсатымыз – шетелдегі ең белсенді деген балаларға Қазақстанды, олардың атажұртын көрсету. Сондықтан Қазақстандағы ең көрікті, ең табиғаты сұлу, ауа райы да қолайлы деген Бурабай өлкесіне таңдауымыз түсті.
Жалпы бұл лагерден түйіндейтін қорытынды сөз, әрине, лагердің ішкі мазмұндық жағын ұлттық бірегейлігімізді дәріптейтін мазмұнды іс-шаралармен толықтыру болатын. Оның ішінде ана тілін үйрету, ұлттық салт-дәстүрімізді көрсету, атап айтқанда киіз-үй тігу, ұлттық спорт ойындары, садақ ату, асық ойнау, ақындық өнер сынды шығармашылық бағытқа да көңіл бөлінді. Сонымен қатар, заман талабына сай жаңа кәсіптер мен бағдарламаларды үйрену, оның ішінде мобильдік платформаларды қолдану, ІТ програмалауды үйрену, ағылшын тілін меңгеру сияқты жобалар да болды. Лагерге қатысып жатқан балалардың күн сайын алған әсерлерін қадағалап отырдық. Олардың ата-аналары мен сол елдердегі қазақ мәдени орталықтарының басшыларымен хабарласып, лагердің жоғары деңгейде өтуін қадағаладық», - дейді Абзал Сапарбекұлы.
Тарихи отанында бас қосқан балалар күн сайын еліміздің әнұранын тыңдап, ұлтымыздың салт-дәстүрімен етене танысып, қазақстандық балалармен достық қарым-қатынасты нығайтқан. Отанына деген сүйіспеншілігі оянған балалардың болашақта елімізге қоныс аударатыны сөзсіз.
«Лагердегі қысқа мерзім ішінде ана тілін білмейтін қазақ балаларға тілді толығымен үйрету мүмкін емес еді. Дегенмен, қазақ тілін толық немесе жақсы білмейтін балалар қайтып бара жатқанда қарапайым тілде ойын жеткізе алатын деңгейге жетті. Енді бұл жердегі негізгі міндетіміз – келген балалардың атажұрты Қазақстанға деген, тілі мен мәдениетіне, жергілікті қазақ балаларына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын, сезімін ояту. Біз осы мақсатқа жеткенімізге сенімдіміз. Себебі, қайтып бара жатқан балалардың бәрі бұрын киіз үйдің не екенін суреттен ғана көрген болса, енді өз қолымен ұстап, киіз үй тігуді үйреніп, атқа мінді, садақ тартты, асық ойнады. Бұлардың бәрі біздің салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Сол сезіммен елдеріне қайтып бара жатыр. Екінші мәселе, лагерге Қазақстаннан қатысқан балалармен достық қарым-қатынастары. Лагерь аяқталғаннан кейін қатысушы балалардың ортақ чат-платформасын құрып, соның шеңберінде байланыстарын одан әрі нығайтады деген сенімдеміз. Тағы бір түйгеніміз, келген балалардың бірқатары Қазақстанға қайтып келсем деген ниетпен кетіп бара жатыр. 11-17 жас аралығындағы балалар мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орындарына түсетін кезде Қазақстанды таңдайтыны сөзсіз», - дейді «Отандастар Қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы.
Қорытынды гала-концертте лагерьге қатысқан қандас балаларымыз өнер көрсетіп, бірі қазақ тілінде ән шырқаса, бірі ұлттық биімізді билеп, домбырамен күй тартып, көпшілікті тәнті етті. Олар осы екі аптаға жуық уақытта ұлттық ойын, салт-дәстүрмен(садақ ату, атқа міну, киіз үй тігу, асық ойнау), аспаптарымыз бен ұлттық өнер түрлерімен сусындады.
Франциядан келген Ебрар Апак лагерьде өте көңілді және пайдалы уақыт өткізгенін айтып, алған әсерімен бөлісті.
«Қазақстан туралы қанша естіп жүрсем де, мұнда келген соң бәрін өз көзіңмен көрген ерекше сезім сыйлайды. Әлеуметтік желіде көріп жүрген табиғаты әсем өлкеде таза ауамен тыныстап, ұлтымыздың айырықша әдет-ғұрыптарымен танысқаныма өте қуаныштымын. Болашақта туған жерімізге оралсақ деген арманмен кетіп барамын», - дейді Франциядан келген қазақ баласы.
«Отандастар Қоры» шетелдегі қазақтарды қолдауды жалғастыра бермек. Мәселен, қор президенті алдағы уақытта Тараз қаласында «Қасиетті қазақ елі» атты өнерпаздардың конкурсы өтетінін атап өтті. Сондай-ақ, жыл сайын шетелдегі жастардың басын қосатын «Киелі Қазақстан» жобасы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерьлер 2019 жылыдан бастау алған еді. Сол жылы 5 түрлі бағытта жазғы демалыстар ұйымдастырылып 600 ге жуық қазақ баласы Қазақстанға келген болатын. Екі жыл пандемия кесірінен ұйымдастырылмаған бұл шаралар биылдан бастап қайта жүзеге аса бастады.
Дереккөз: EL.KZ