Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасында «Қазақ елі: өсіп-өркендеудің тұжырымдамалық негіздері және жаһанданған әлемге бейімделу» атты халықаралық мерейтойлық форум өтті.
Оның мерейтойлық болатын себебі, форум жұмысы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына 30 жыл толуына арналды. Оған Алмания, Түркия, Ресей сияқты елдерден делегация келіп, бірқатар алыс-жақын шетелдерден белгілі тұлғалар онлайн режимінде қатысты.
Жиынды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жүргізіп отырды. Мінберден сөз алғандар Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізу бастамасының қалай туғанын, оған әзірлік қалай жүргенін, қандас бауырлардың алғаш тарихи Отандарына келген сәттері жайлы және сол алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғаны жөнінде туралы тартымды естеліктер айтты.
Осы мерейтойлық жиынның пленарлық отырысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков баяндама жасап, қадау-қадау дүниелерге тоқталды.
Ең бірінші жиналған қауымға 2017 жылғы 23 маусымда өткен Дүниежүзі қазақтары V-құрылтайында Қазақстан Республикасы Президенті жүктеген тапсырманың барлығы орындалғанын жеткізді. Ал, «Шеттен көшіп келген ағайындарды жаңа ортаға бейімдеудің, арнайы үйлер салып қоныстандырудың, қажетті мамандық алуына және жұмыспен қамтылуына қажетті әлеуметтік инфрақұрылым жасау» міндеті Үкіметпен бірлесе үздіксіз жүргізіліп жатқанын баяндады.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы қандастар үшін салынған «Асар» ықшамауданындағы амалмен Астана қаласы мен Ақмола облысының шектескен тұсында жаңа елдімекен салынуда. Ең әуелі бұған қандастар мен баспанасыз жүрген әлеуметтік топ өкілдері бірігіп, 196 гектар жер сатып алынды. Содан кейін ол жердің «жеке тұрғынүй құрылысы үшін» деп мақсаттық мәнін өзгертуге және жерді рәсімдеу мен тиісті құжаттарды реттеу шараларына екі жыл уақыт кетті. Бұл кезеңді игергеннен кейін, келесі күрделі шаруа күтіп тұр еді. Ол – болашақ елдімекеннің инфрақұрылымдық жүйесін жасау. Яғни, су, газ құбырларын, электр желісі мен жолдарын жүргізуге мемлекеттің рұқсаты мен жобасы болмай, құрылыс басталынбайды. Ал жобалаудың өзіне қаражат қажет еді. Сондықтан жер телімдері иелері есебінен 35 миллион теңгеге жаңа елдімекеннің инфрақұрылымдық жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Соның негізінде мемлекеттік сатып алу тендері өтті. Демек, жол мен инфрақұрылымға ұлықсат беріліп, жоба мақұлданды. Ал үйлерді асар амалымен тұрғындар өз қаржыларына көтереді.
Бұл жобадан бөлек қандастарымыз бен еліміздің еңбек күші артық аймақтарынан еріктілерді еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандыру ісі қолға алынған. Алайда, бұған дейін мемлекет осы тақылеттес жобаны бастап, оның кейбір тетіктері ескерілмегендіктен елді теріскей өңірлерге қоныстандыру айтарлықтай нәтиже бермеді. Бірінші, адам мөлшері аз және олар әр өңірдерден жиналған еді. Жаңа ортаға сіңісіп кете алмай, біразы қайта көшуге мәжбүр болды. Екінші, салынған үйлердің сапасы мен оған төленетін қаржының көлемі көңілге қонбады. Үшінші, жұмыспен қамту жүйеліліктен алшақ жатты.
Осыны ескеріп, Қауымдастық еңбек күші артық аймақтардан (Өзбекстан сияқты елден қандастарды), оның өзінде бір елдімекеннен кемінде 500 отбасыны апаруды көздеп отыр. Біріншіден олар, өз туған-туыстарымен барады, сонда жаңа ортаға тез бейімделеді. Әрі, тұрақсыздық мейлінше жойылады.
Жобаны қолдану мүмкіндігін саралау мақсатында Қауымдастық Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобымен бірге Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралағанын баяндады.
Солтүстік Қазақстан әкімдігі Петропавл қаласының инфрақұрылымы даяр тұрған «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарынан 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейді. Біріншіден, ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті жұрт өкілдері бар. Алайда, баршамызды облыс аумағындағы 500 мыңнан сәл асатын тұрғындардың көлемі алаңдатады.
Павлодар облысының Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жер босқа жатыр, тек жер кодексінің халықты қоныстандыру жөніндегі нормасына өзгеріс енгізу керек. Бұл мәселе қазір Парламент қабырғасында қаралу үстінде. Соның нәтижесінде мемлекет белгілеген алты аймақта қандастар мен ішкі көші-қонға қатысушыларға кедергісіз жер бөлу мәселесі реттеледі.
Қостанайда да осындай жағдай. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на 900 маман қажет. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-і 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Агромашхолдинг КЗ»-ке де 180 маман жетіспейді. Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны 2000 бақташының тапшылығынан қыжалат шегуде. Тек осы мекемелелерде ғана кадрға деген жалпы мұқтаждық шамамен 4200 адамды құрайды.
Егер осы жоба жүзеге асқан жағдайда кемінде алты күрделі мәселе шешімін табады.
Біріншіден, қоныс аударушы бақшаға қолайлы жерден сапалы әрі арзан баспана салады.
Екіншіден, жұмыс орны мен ауыл шаруашылығы бизнесіне қол жеткізеді.
Үшіншіден, жұмыс күші тапшы аймақтардағы бос жұмыс орындарын толықтырады.
Төртінші, қала ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
Бесіншіден, халық тығыз орналасқан аймақтарда жұмыссыздардың, аз қамтылғандардың саны төмендеп, әлеуметтік жағдай дұрысталады.
Алтыншыдан, елдегі демографиялық ахуал реттеледі.
Зауытбек Қауысбекұлы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына 30 жыл толуына арналған мерейтойлық форумда жұртшылық назарын осындай ауқымды жайттарға аударды.
Форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, алыс-жақын шетелдерден өкіл ретінде келген қандастар және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі