Үміт оты

Уақыты: 2022-11-09 Көрлімі: 414 Сипаттама

Соңғы елу жылда адамзат баласы ғаламат ғылыми-өндірістік жетістіктерге қол жеткізді. Ғ...


Соңғы елу жылда адамзат баласы ғаламат ғылыми-өндірістік жетістіктерге қол жеткізді. Ғарышты бағындырды. Жолаушы, жүк, қаржыны тасымалдау, ақпарат тарату жылдамдығы бірнеше есе артты. Өмір сүру ұзақтығы ұлғайды, тұрмыс деңгейі жақсарды. Әрине, бұл үрдіс жалғаса беретіні анық.

Бірақ осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық түпкілікті орнықпады, қауіпсіздік деңгейі төмендеп, күннен-күнге күрделеніп барады. Терроризм мен экстремизм оты өршіп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мемлекеттер арасындағы қалыптасқан сенім мен төзімділік құлдырау үстінде, әр мемлекет өз мүддесін қорғауға және алға жылжытуға көшті. Осындай жағдайда БҰҰ өзінің қауқарсыздығын, әлсіздігін, ықпалсыздығын көрсетіп отыр. Керек десеңіз, әлемдегі бейбіт өмірге, қауіпсіздікке жауапты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер кез келген мемлекеттің ішкі ісіне тікелей араласатын болды.

Кезінде жер бетіндегі ядролық қаруды біршама азайтуға ықпал жасаған Будапешт меморандумы (1994 жыл) іс жүзінде өзінің күшін жойды. Осы меморандумға сенім артқан, тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне, территориясының тұтастығына, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттерден кепілдік алған елдің бірі – Украинада қазір сұрапыл соғыс жүріп жатыр. Осындай кепіл­дік Қазақстанға да берілгенімен еліміздің тәуелсіздігі мен жері­міздің біртұтастығына күмән келті­рушілер қылаң бере бастады. Қарап отырсаңыз, халықаралық құ­қық­ты ұстану, әр мемлекеттің өзінің сыртқы саясаттағы мүддесіне, бағыт-бағдарына байланысты болып қалды.

Сонымен қатар ядролық қару аздай енді аса жоғары технологияға қол жеткізген елдер ғарышты да әскери мақсатқа пайдалануға көшті. Украинадағы жағдай көрсеткендей, енді ұшақ пен снарядтардың орнын айлашыл дрондар басатын түрі бар, қысқа мерзімде робот-атқыштар да пайда болуы әбден ықтимал. Осыған қарап соңғы жарты ғасырда адамзат баласының өмір сүру ортасы түбегейлі өзгергенімен, оның санасы, мәдениет деңгейі, өркениетке, болашаққа жауапкершілігі онша өзгере қоймағанын байқайсыз.

Осындай геосаяси күрделі кезең­де Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалу, ұлттық қауіпсіздігін нығайту, жерінің тұтастығын қамтамасыз ету, қорғау – елге де, елдің басшысы – Президентке де үлкен сын, орасан зор жауапкершілік. 15 мың шақырымнан астам шекараны қауіп-қатерден тек әскер күшімен аман сақтау қиын. Бұл тұрғыда біздің негізгі құралымыз – шекаралас елдермен ынтымақтастықты, достық қатынас пен сенімді арттыра беру, шекара сызығын достық белдеуіне айналдыруға күш салу.

Президентке қойылатын негізгі талап – үлкен халықаралық және дип­ломатиялық тәжірибе һәм терең білім мен біліктілік. Онсыз қазіргі заман ағымына, үрдісіне, қауіп-қа­теріне төтеп беру қиын, әсіресе ке­лешек ұрпақ алдындағы жауапкер­шіліктің жүгі ауыр. Осы ретте Қазақстанның қазіргі сыртқы және ішкі саясаттағы қадам­дары қоғам­дағы өзекті мәселелердің шешімін жедел ұсынып, халық сені­мінің үдесінен шықты. Осы жыл­дың қыркүйек, қаңтар айларында Ас­тана аса маңызды халықаралық форумдардың ордасына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі өтіп, оған Рим Папасының алғашқы рет қаты­суы, Азиядағы қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастықты нығайтуға бағыт­талған саммит, ТМД мемлекет басшы­ларының басқосуы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жеке кездесуі және т.б. Мұндай кең ауқымды іс-шаралар Қазақстанның да, ел басшысының да халықаралық қауымдастықтағы беделін асыра түсетіні анық. Бұл – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға қаланған берік кірпіш.

Мемлекетіміздің соңғы жыл­дардағы қолға алған маңызды бағыты – түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасты жан-жақты жандандыру. Осыған сәйкес өткен жылдың қара­шасында Ыстанбұлда мемлекет бас­шылары Түркі мемлекеттері ұйы­мына жаңа сипат, қарқын берді, болашаққа бағытталған «Түр­кі әлемінің келешегі-2040» декла­рациясын қабылдады. Осы ынты­мақ­тастық достық, бауырлықты дамыту түркі халықтарының ортақ тарихы, тегі, дәстүрі, тілі мен дінінен туындайтын шынайы үрдіс, ынта, көңіл екені айтылды. Шындығында түркі мемлекеттерінің бірлігі халықаралық қауымдастықта беделді күш ретінде бірлескен іс-қимыл жасауға мүмкіндік беріп, біздің өңірге қызығушылық танытатын мемлекеттердің ықпалын теңестіруге жағдай жасайды, жоғары инвестициялық ортаға жол ашады.

БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары ретінде Қ.Тоқаев осы ұйымның Орталық Азиядағы негізгі өңірлік орталығы ретінде Алматыны ұсынып, табандылықпен алға жылжытып келеді. Міне, осындай аса ауқымды әлемдік деңгейдегі іс-шаралар мен іс-қимылдар еліміздің дәрежесін, беделін көтерумен қатар, тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға зор ықпал, пәрмен беріп отыр. Әрине, Қазақстан отыз жыл тәуелсіз, бейбітшілікте, тыныштықта даму кезеңінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мұны Астана мен Алматының, басқа да қалалардың, елді мекендердің бет-бейнесінен анық байқауға болады. Керек десеңіз, көрші елден бойтасалап келген көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өзі біздің елдегі жарасымды тірлікке, көмек қолын созуға да­йын жергілікті халыққа, мемлекеттік органдардың, банктердің цифрлық жүйеде қызмет көрсету мәдениеті мен жылдамдығына таңғалысын білдіріп, әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр. Бұл – шындық. Бірақ осының бәрін бір мезетте тас-талқан етіп, елдің тәуелсіздігін, қауіпсіздігін құрдымға жіберіп, ойран салуға да жыл басында дайын болдық. Бұл да әлемдегі үрдіс сияқ­ты біздің санамыздың, саяси мәдениетіміздің осы бедерлі жылдар беле­сінде онша өзгере қоймағанын бай­қа­тады. Барымызды бағалаудан қа­лып бара жатқандаймыз, ең басты­сы – ол енді әдетке айналмаса жарады.

Осындай аумалы-төкпелі кезең­де, сындарлы сәтте мемлекет басында халық алдындағы антына берік Қасым-Жомарт Тоқаевтың болуы ел тағдырын тәлкек етпей, тура жолдан тайдырмай, болашаққа деген үмітті сөндірмеді. Алдағы кезеңдерде де Қазақстанның тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздігіне келетін қауіп-қатерлер, күн сайын шиеленісіп бара жатқан әлемдегі, өңірдегі геосаяси жағдайларды ескерсек, бұл сенімнің азаймасы анық.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу – уақыт пен заман талабы. Осындай күрделі кезеңде анау не айтады, мынау не айтты деп жалтақтаудың қажеті шамалы. Өзбек бауырларымыз айтқандай «әр кәл­ләда бір қиял», сондай әлеуметтік ортада – желіде өмір сүріп жатырмыз. Әрине, 30 жылда қорда­ла­нып қалған саяси-әлеуметтік мәсе­ле­лерді алдағы жеті жылда түбегейлі шешіп тастау оңай болмас, ол үшін Президент қана емес, барша ха­лықтың қолдауы мен бірлігі қажет. Дамыған демократиялық қоғам құру – еліміздің жарқын болаша­ғы­ның кепілі. Оның да жолы оңай бол­майтыны анық. Мысалы, популис­тік жолмен билік басына келген, ха­лықаралық саясаттан хабары шамалы адам екі жүз жылдан астам бұрын де­мократияның негізін қалаған, со­ның үлгісі іспеттес мемлекеттің өзін төрт жылда астаң-кестеңін шыға­ра жаздады, билікті бергісі келмей пар­­ламент үйіне шабуыл ұйымдас­тыруға дейін барды. Тек билік тар­мақ­­тарының тәуелсіздігі, халықтың са­на­­сының биіктігі, саяси мәдение­ті­нің жоғарылығы оған тосқауыл қойды. Олай болса, алдағы жылдар қарқынды еңбек пен жетістіктерге толы болатынына сенім мол. Ендігі жерде бекем бірлігімізден, тату тірлігімізден ажырамау – парыз.

 

Икрам АДЫРБЕКОВ,

Түркі мемлекеттері Ақсақалдар кеңесінің мүшесі,

Төтенше және өкілетті елші

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Қытайдағы қазақ актриса ең үздік актер атанды
    Түркі мемлекеттері ұйымының Инвестициялық қоры құрылады

    Ұқсас тақырыптар