Кеше Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті қарсаңында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарды.
СІМ басшысы Қазақстанның түркі ынтымақтастық ұйымдары шеңберіндегі өз міндеттемелеріне берік ұстанымын әңгімелеп берді. Сонымен қатар еліміздің мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, экономикалық және мәдени өзара іс-қимылын нығайтуға, сондай-ақ Ұйымның тиімділігін арттыруға үлес қосуға дайын екенін атап өтті.
Отырыс барысында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттері басшыларының қатысуымен өтетін IX саммиттің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, осы іс-шара барысында қол қоюға және қабылдауға жоспарланған құжаттар мен шешімдердің жобалары бекітілді.
Айта кетерлігі, бүгін Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті басталды. Іргелі жиын барысында мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселесі талқыланбақ.
Ақпарат құралдарында таралған мәліметке сүйенсек, саммитте Түрікменстан ұйымның толыққанды мүшесі атанбақ. Сондай-ақ Түркі мемлекеттер ұйымының бас хатшысы жаңадан тағайындалмақ. Жоспар бойынша іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері, сондай-ақ Мажарстанның Премьер-министрі қатысады. Саммитте гуманитарлық ынтымақтастықты, экономикалық серіктестікті күшейту, кеден, көлік байланысы және цифрландыру мәселелері де талқыланбақ.
Жалпы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Оның Хатшылығы Ыстанбұл қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы мәртебеге ие.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға, ұйымның іргетасын құруға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Түркі интеграциясы бағытында алғашқы қадамдарды жасауда Түркияның бұрынғы Президенті Тұрғыт Өзал да көрнекті рөл атқарды. Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің басшылары 1991 жылдан бастап жиі-жиі кездесіп жүретін. Сол кездегі мемлекет басшыларының сапарларынан кейін өзара алыс-беріс, барыс-келіс айрықша қарқын алды. Кейінірек Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті.
Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу дәстүрге айналды. 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда кездесулердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақты Хатшылық құрылды. Алайда құбылмалы жаһанда бұл бастаманы бірден жүзеге асырудың сәті түспеді. Әзербайжан астанасында 2005 жылдың мамырында «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырының іске қосылуына байланысты өткен жоғары деңгейдегі кездесу түркітілдес мемлекеттер арасындағы қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.
Бес жыл үзілістен кейін түркітілдес мемлекеттердің VIII саммиті өтіп, оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия басшылары қатысты. Жиында Түркі кеңесін құру туралы бастама көтерілді. Сондай-ақ кездесудегі басты оқиға – түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құруға уағдаласты. Кешікпей ол да жүзеге асты. Жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде – Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сәуірінде Астанада өтті.
Түркі ынтымақтастығының дамуында Нахчыван саммитінің маңызы жоғары. Түркітілдес мемлекеттер басшылары 2009 жылдың қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында кездесті. Түркі кеңесін құру туралы ұсынысты осы құрылтайда жүзеге асырудың сәті түсті. Сөйтіп, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі және Түркі академиясы құрылды. Нәтижесінде, түркі интеграциясы жаңа белеске көтерілді.
Нахчывандағы келісім түркітілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесуге айналды десек, қателеспейміз. Мәселен, сол келісімге сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Кейінірек, 2010 жылғы 25 мамырда құжатта айтылған мәселелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.
Түркі академиясы көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми-зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналуды мақсат тұтты.
Тарих шаңына көмілген ортақ мұраларымызды аршып, жас ұрпақтың санасына біздің өзара бауыр екенімізді сіңіру бағытында бұл ұйымның атқарып жатқан қызметі зор. Тек қана «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі географиясы» жобаларын қарастырғанның өзінде, интеграциялық процестерге айрықша үлес қосылғанын байқаймыз. Бұл жобалар жас ұрпақтың санасына бауырлас халықтар туралы мәліметтерді сіңіріп, олардың кейін бір-біріне тілеулес болып өсуін қамтамасыз етеді. Яғни мәдени-гуманитарлық жобалар алдағы жылдардағы түркі интеграциясының іргетасын қалап жатыр.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі нығайтқан тағы бір бастама былтыр Түркияда, VIII саммит барысында қабылданды. Іргелі іс-шарада жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ортақ іс-қимылдың маңызына ерекше екпін берілген-ді. Сондай-ақ ұйымның болашағына қатысты бірқатар маңызды мәселе бойынша шешім қабылдады. Түркі кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертілді.
Бұдан бөлек, жиын кезінде үшінші тараптармен және институттармен ынтымақтастықтың жаңа әдістерін анықтау, Түркі инвестициялық қорын құру туралы айтылды. Сондай-ақ Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді.
Қысқасы, түркітілдес мемлекеттердің өзара байланысы нығайып келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Биылғы саммитте Түрікменстанның ұйым қатарына толыққанды мүше ретінде қосылуы бұл сөзімізді айғақтаса керек. Түгел түркінің төрге озатын, бауырлас халықтардың басы бірігетін күн де алыс емес.
Дереккөз: Egemen Qazaqstan