«Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Уақыты: 2022-11-29 Көрлімі: 310 Сипаттама

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымд...

220728171015707e.jpg

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

«Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескертілген. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралады. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық виза беріледі.

«Сондай-ақ, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталады», - деді ол.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау екендігіне назар аудартты.

«Отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандықтар жиі барып, жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.

«Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді. Жалпы тұжырымдамада ұсынылған іс-шаралар елдің көші-қон саясатын жақсартуға және осы салада оң нәтижеге жетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Осыдан кейін Үкімет басшысы тұжырымдаманы бекіту үшін дауыс беруді ұсынып, оны Министрлер кабинетінің мүшелері толық қолдады.

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақтылы бекітуді қамтамасыз етуі қажет. Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын қабылдауы тиіс. Өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте олардың жұмысына бақылауды күшейту қажет», - деп ескертті Премьер-Министр.


Пікір жазу
  • Басты мақсат – жаңа Қазақстан дәуірінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін жандандыру
    Ұлттық бірегейлену - заман талабы

    Ұқсас тақырыптар