Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл
Алғаш Қазақ елі тәуелсіздігін алған кезден бастап Қазақстаннан тысқары әлемнің 40 шақты елінде өмір сүріп жатқан шамамен 5 миллионнан астам қандастарымызбен байланыс орнату мақсатында 1992 жылғы президенттің тапсырмасымен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізу дайындықтары басталған еді. Шетелде туып-өсіп, Еуропада жоғары білім игерген мен еліме бір пайдам тисін деген мақсатпен алғашқы қазақтардың бірі болып атажұртыма оралған кезім болатын.
Елбасы тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтетін болыпты деген қуанышты хабарды сонау Австрия астанасы Вена қаласында жүргенімде естіп, елге оралған соң Алматыдағы Жазушылар одағына барған едім. Дүниежүзіндегі қазақтардың алғашқы құрылтайын өткізу дайындығы жаңадан басталып жүріліп жатқан кез екен.
Құрылтайды ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, жазушы марқұм Қалдарбек Найманбаев және ұйымдастыру комиссиясының жауапты хатшысы, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев екеуін сонда кезіктіріп, өзімнің Моңғолияда туып-өскен қазақ екенімді, жұмыс сапарымен Австрияда жарты жылдай болып келгенімді айтқанымда, ол кісілер бірден Моңғолиядағы және Австриядағы жалпы, Еуропадағы қазақтар туралы, олардың тіршілік жағдайын, Еуропаға қалай барғанын, тұратын қалалары, істейтін іс-қызметтері жөнінде тәптіштеп сұрай бастады. Мен өзім білетін барлық мәліметтер мен мағұламаттарымды алдарына жайып салдым.
Моңғолия қазақтары жайында Кеңес заманынан бері біраз мәліметтер бар болғандықтан ол кісілер бұған дейін бейтаныс болып келген Еуропадағы қазақтар жайын көбірек сұрады. Менің қолымда 1986 жылы Стамбұлда жарық көрген «Kazak turkileri» деген кішірек анықтамалық кітапша бар болатын. Онда Түркияда тұратын және Еуропаның Вена, Берлин, Париж, Лондон, Брюссель, Стокгольм, Осло, Кельн, Мюнхен, Амстердам, Цюрих секілді басты қалаларында тұратын қазақтардың адрес, телефондары тіптен қазақтың қай руынан шыққандарына дейін толық жазылған еді.
Венада болған кезімде Еуропада жүрген осы қазақтардың біразымен де танысқан болатынмын. Міне, осының пайдасы енді тиді. Қолымда бар осы кітапшаны Қалекең мен Сұлтекеңе бере отырып, өзім көріп, естіп білген барлық жайттар мен деректерді тәпіштеп айтып бердім. Олар мұқият тыңдай отырып, бірін қалдырмай қағазға жазып алды. Сөз реті келгенде, жазушы ағаларым: Әлем қазақтарының құрылтайын өткізу ауқымды шара болғандықтан, шетелде жүрген әр қазақты әсіресе қазақ атын шығарып жүрген танымалы адамдарды құрылтайға шақыру, қатыстыру талабына сай құрылтайға кімдерді шақыру, қалай шақыру, келетін қонақтар тізімін қалай жасау мәселесінде қиындықтар барлығын ашық айтты. Расында, ол кез Қазақстанның шетелдерде елшіліктері әлі ашыла қоймаған кезі және шетелдегі қазақтар туралы дерек, ақпараттар тым мардымсыз аз болатын. Кеңес заманында шетелдегі қазақтармен байланыс жасау мақсатында құрылған «Отан» атты қоғамдық ұйымның шақыруымен бірлі жарым шетел қазақтары Қазақстанға келіп қайтып жүретінін еміс еміс естігенім бар.
Менің бір таңқалғаным осындай ірі, маңызды іс-шараны ұйымдастыру комиссиясының Алматыдағы «Жазушылар одағы» үйінің астыңғы қабатындағы алақандай кішкене бөлмеде орналасқандығы және онда бір үстел, екі орындықтан басқа ешнәрсенің жоқтығы. Қазіргі әркімнің қолында бар смартфон, ноутбук, үстел үстінде тұратын компьютер, принтер, басқадай электроникалық байланыс құралдары ол заманда атымен жоқ кез. Соған қарамастан, алыстағы ағайындар алғашқы құрылтай болатындығы туралы хабарды бірінен бірі естіп, қуана қарсы алды. Бұл барша қазақ үшін сүйіншісі мол, жақсы хабар болды.
Көп кешікпей Алматыда өткен Әлем қазақтарының алғашқы құрылтайының шешімімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) атты қоғамдық ұйымның құрылғаны белгілі. Осы уақыт ішінде Әлем қазақтары құрылтайының шешімдерімен ДҚҚ-ын Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев басқарып, оның бірінші орынбасары қызметінде жазушы, қоғам қайраткері Қ.Найманбаев, бұрынғы мәдениет министрі, қоғам қайраткері Т.Мамашев және бұрынғы ішкі істер министрі, қоғам қайраткері З.Тұрысбеков қатарлы азаматтар әр жылдары Қауымдастық жұмысына басшылық жасап келді.
Атажұрт Қазақ елімен шетелдің 40-шақты елінде тарыдай шашырап жүрген 5 миллионнан астам этникалық қазақ бауырларымызбен арадағы рухани, мәдени ара байланысты нығайту, шетел қазақтарының атажұртқа көшіп келу, қоныстану мәселесінде сөз жоқ Қауымдастық тиісті министрлік, мекеме және шетелдегі қазақ қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп көп жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде 1 миллионнан астам қазақтар байырғы атажұрты Қазақ еліне аман есен көшіп келіп, қоныстанды. Осы жылдары Алматыдағы
«Қауымдастықтың үйі» шекара асып келуші барша қазақтар үшін атажұртындағы ең алдымен барып, бас сұғар, ақыл-кеңес алар негізгі орны яғни «қара шаңырағына» айналды. Енді міне биылғы жыл осы Қауымдастықтың құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Осы жылдары Қауымдастық тарапынан жүрілген көптеген іс шараларға (шетел қазақтарына және көші-қонға қатысты түрлі конференциялар, дөңгелек үстел жиындары, шетелдегі қазақ авторлары кітаптарының тұсаукесерлері, ақындар мүшәйрасы және концерттік бағдарламалар) бір кісідей қатысып, өз тарапымнан шама шарқымша қолдау білдіріп келгенімді айтқым келеді.
«Еуропадағы қазақтар» атты зерттеу кітабым ДҚҚ-ның қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы бойынша 2015 жылы 2000 данамен жарық көріп, оқырмандар қолына тиді.
2016 жылғы Әлем қазақтарының Астанада өткен 5-ші құрылтайы шешімен Қауымдастық Алматыдан Астанаға көшетін болды. Жаңадан бастық сайланды. Бұған дейін шетел қазақтарының мұң мұқтажына сай олармен тығыз жұмыс жасап келген Қауымдастықтың бұрынғы қызметкерлерінің бәрі Алматыда жұмыссыз қалды. Бұрын айына кемінде екі-үш іс шара өтіліп жататын Алматыдағы 4 қабатты «Қауымдастық үйі» иесіз бір орынға айналды. Әрине бұған соңғы жылдары шетелден келетін қазақ көшінің саябырсуы,
әлемде орын алған пандемия жағдайынан көрші мемлекеттер арасындағы шекараның уақытша болсын жабылуы және қазақтар мекендейтін кейбір мемлекеттерде қазақ ұлтына деген бұрынғы жайма шуақ жақсы саясаттың өзгере бастауы да өз әсерін тигізгенін жоққа шығармаймыз. Бұған дейін шекера асып келген әр қазақтың түстеніп, ақыл, кеңес сұрап, ат байлайтын орнына айналған Алматыдағы Қауымдастық үйінің бүгінгі жағдайының аса мәз еместігі кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Бұл шындық!
Әлемдегі қазақ қандастармен жұмыс жасайтын ДҚҚ-ның жұмысын барынша жақсарту, оған жұмсалатын қаражат мәселесін оңтайландыру тұрғысынан соңғы өткен әлем қазақтары құрылтайының шешішімен
«Отандастар» қоры құрылғаны белгілі. Бірақ та осы жылдары Қауымдастық пен «Отандастар» қор екеуінің жұмысы бір бірімен онша үйлеспей келгені кімді де болсын түсініксіз жағдайға қалдырып отыр. Қазекем баяғыда,
«Айдағаным бес ешкі ысқырығым жер жарады» деп айта отырып, «Қойшы көп болса қой арам өледі» деп те айтқан екен....
Сөз соңында айтарым, Қауымдастықтың 30 жыл бойғы елдегі және шетелдегі қазақ халқының руханият, мәдениет, көші-қон саласында жасаған еңбектері мемлекет тарапынан тиісті деңгейде ескеріліп, бағалануы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, Қауымдастықтың бұдан былайғы мәртебесі қалай болуы керек, өз жұмысын жүргізуі үшін қажет боларлық қаржылық мәселесі қалай шешілуі керек деген секілді көп жылдар бойы өзінің шешімін жақсы таба алмай келген сұрақтар төңірегінде үкімет тарапынан нақты жауап берілетін уақыт болған cияқты.
Досан Баймолда,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, ғылым докторы, академик.
*Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы.