ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов этникалық көші-қонды реттеу жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдалану керек. Осы мақсатта америкалық «Грин кардқа» ұқсас «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді сәтті іске асырған әрі оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықылас білдірген ұлты қазақ азаматтарға беріледі», - деді Ілияс Испанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, Еңбек министрлігі тарихи отанын дамытуға қосқан үлесі үшін қандастарды жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынды.
«Елге келетін қандастар көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру керек. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша қаржылай ынталандыру ұсынылады», - деді комитет өкілі.
Министрлік мәліметіне сәйкес, 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1 млн 105,7 мың этникалық қазақтар келген.
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тарихи отанына келіп қандас мәртебесін алған 17 888 қазақ бар.
Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5%) Өзбекстаннан болса, ҚХР-дан 8,6%, Түркіменстаннан 9,1%, Моңғолиядан 4,9%, Ресейден 9,9% және басқа да елдерден 4% қандас бар.
Биылғы 1 желтоқсан бойынша жұмысқа жарамды этникалық қазақтар үлесі 59,4%, жұмысқа жарамды жастан кішілері – 26,9% және зейнеткерлер – 13,7% құрады.